Біреудің фотосуретін рұқсатсыз жария еткендерге қандай жаза қолданылады?

Белгілі бір отбасының мүшелері жасырын сақтауға тырысатын мәліметтерді де рұқсатсыз жариялауға тыйым салынады.

Заңгер Жангелді Сүлейманов адамның жеке өміріне қатысты мәліметті жария еткендерге қандай жаза қолданылатынын түсіндірді.

ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабының 5-бөлігі бойынша “адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмiрi туралы мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз тарату не өзге де дербес деректердi заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесiнде адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiру, мұндай мәліметтерді көпшiлiк алдында сөйлеген сөзде, көпшiлiкке көрсетiлетiн шығармада, бұқаралық ақпарат құралдарында немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып тарату” үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

Жеке құпияға мынадай мәліметтер жатады:

  • интимдіктен басқа да жеке қарым-қатынастар туралы;
  • жеке әдет-дағдылар туралы;
  • жеке өмірдегі оқиғалар туралы;
  • жеке кездесулер туралы;
  • жеке көзқарастар туралы;
  • жеке құмарлық туралы;
  • жеке бейімділіктер туралы;
  • дене кемістігі туралы;
  • сотталғандығы туралы;
  • жазысқан хаттар;
  • психикалық және басқа да аурулары туралы.

Отбасы құпиясы – отбасы мүшелеріне қатысы бар, отбасы мүшелері жасырын сақтауға уағдаласқан және сол үшін күш салатын деректер мен жағдайлар туралы кез келген мәлімет. Бұған тұтас отбасының да, оның жекелеген мүшелерінің де мәліметтері, отбасы мүшелеріне қатысы бар, олардың жеке өміріне жататын мүліктік сипаттағы және басқа да мәліметтері жатады.


Сондықтан әлеуметтік желілерде бір адамның мейрамханада, спортзалда, жағажайда, әлгі адамның өзі көпшіліктің көргенін қаламайтын басқа да жерлерде түсірілген, біреумен кездесіп тұрған фотосуреті немесе сол туралы ақпарат оның келісімінсіз жарияланса, ол адам полицияға соны жариялаған адамның үстінен шағымдана алады. Заң бұзғандардың кінәсі дәлелденсе, 7 жылға дейін түрмеде отыруы мүмкін. Дәлелдер міндетті түрде қажет. Ең жақсы дәлел – нотариус куәландырған скриншоттар, – дейді заңгер.


Дереккөз: baribar.kz
ТАНЫМ 21 қаңтар 2019 г. 564 0