Көктемгі сән: ұлттық әшекей бұйымдар

Қазақтың ұлттық бұйымдары алтынмен апталып, күміспен күптеліп, мыспен мықталған. Мыс-тас дәуірінен бері металлдарды өз қажеттіліктеріне жаратқан ата-бабамыз бертін келе мыстан, күмістен, алтыннан әшекей бұйымдар соға бастаған.
"Шебердің қолы ортақ" демекші, он саусағынан өнер тамған небір зергерлер (қазіргінің дизайнерлері) әшекейдің түр-түрін жасаған. Сондықтан бір-біріне ұқсамайтын сан алуан бұйым бүгінге дейін жеткен. Бұл тек әсемдік бұйымдары ғана емес, әшекейлердің тәрбиелік мәні де зор. Қазақ қыздары бет-жүзін бүркемей, ашық ұстаған. Алайда бойжетіп келе жатқан қызына шолпы тағу арқылы "қырық үйден тыю" жасай білген, яғни, шолпысы сылдырлап, қыздың қайда жүргенінен хабар беріп отырған. Шолпы сылдырынан жасқанған қыз бала бейсауат жүрмеген.
Асыл аналарымыз бұйымдарды қыздарына, келіндеріне мұраға қалдырып отырғандықтан, олар бүгінге дейін жетіп отыр. Солардың біріне назар салайық. Бұл бұйымның барлығы да күмістен соғылған.
Сырға. Сырғалардың түрлері өте көп. Қазақ үшін сырғаның атқаратын рөлі өте маңызды болған. Себебі халқымызда бүгінге дейін сақталған "сырға салу" дәстүрі бар. Сырға салынған қыз енді өз "статусына" сәйкес жүріп-тұрып, үй шаруасын меңгере бастаған. Сырға анадайдан "мен мұндалап" тұратындықтан, оған басқа жігіттер көз салмайды. Кейбір сырғалар ауыр, ұзын етіп жасалған, оларды қалыңдық сәукелесіне қадаған. Суретте - осындай сырғаның бір нұсқасы.
Жүзік. Ұлтымызда сақинамен қатар, жүзік түрлері де көп. Жүзікті көп баланың анасы атанған бәйбішелер, құдағилар тағады. Суретте - құдағи жүзік, оның екі саусаққа киілетін түрлері де бар. Жүзікке күмістің қомақты бөлігі жұмсалғанын көріп отырсыздар. Көзі ақықтан жасалған. Мыңжылдық құдалар басқа да рәсімдермен бірге бір-біріне асыл бұйымдар сыйлап, киіт кигізген.
Білезік. Білезіктің осындай жалпақ, сондай-ақ топсалы, сақинамен шынжырлар арқылы жалғасқан және жіңішке түрлері мұражайларда көп кездеседі. Көз орнатылған да түрлері бар. Барлық жастағы әйел заты таға береді. 
Қазіргі кезде осындай көненің көзін заманауи киімдермен үйлестіріп киюге бола ма? 
 Әрине, болады. Суреттегідей осындай этникалық бұйымдарға еліктеп шығарылған заманауи аксессуарлар да көп. Ұлттық бұйымдар дресс-код қатаң сақталмайтын жұмыс орнында, көрмелерге, қонаққа барғанда немесе шетелдіктермен кездесуде киюге таптырмайтын аксессуар. Бірақ сән сарапшылары этникалық бұйымдардың бір ғана элементін тағуға кеңес береді. 
Осыған ұқсас ұлттық әшекейлеріңіз болса, көктемгі жаңа трендтегі киімдермен үйлестіріп тағуларыңызға әбден болады. Мұндай әшкейлер сіздің ешкімге ұқсамайтын жеке тұлға екеніңізді даралап көрсетеді.

massaget.kz
ТАНЫМ 11 мамыр 2019 г. 539 0