18 мамыр

1898 – жергілікті өзбектерден, қазақтардан, қырғыздардан құралған 2 мың адамдық көтерілісші топ Әндіжан казармасына қарсы шабуыл бастады. Қаруларының нашарлығынан жеңіліске ұшырады. Көтерілісшілерден 415 адам әскери дала сотына берілді, 380-і өлім жазасына кесілді.

1918 – Грузия өзін Россиядан тәуелсіз ел деп жариялады.

1919 – халық батыры Амангелді Иманов қаза тапты. «Қазақстан» энциклопедиясының 1 томында: «Аманкелді қазақ азаматтарын бір-біріне қарсы қойған аласапыран уақыттың алмағайып саясатының құрбаны болды», деп орынды жазылған.

 1920 – қазіргі Рим папасы Иоанн Павел ІІ дүниеге келді. Өзінің тірліктегі аты-жөні Кароль Войтыла. Поляк.

1936 – қазақтың көрнекті ақыны Олжас Омарұлы Сүлейменов дүниеге келді. Олжас жыры – қазақ рухының асқақтығының айғағы. «Ая и Я» атты зерттеу кітабымен кешегі кеңес дәуірінде қоғамдық жүйенің жүйкесін әжептәуір жұқартқаны да бар.

1956 – планетаның ең биік шыңдарының бірі – Лхоцзе бағындырылды. Оған алғаш көтерілгендер – швейцариялық Фриц Лухзингер мен Эрнест Райсс.

1974 – Үндістан ядролық сынағын сәтті өткізіп, атом қаруы бар елдердің қатарына алтыншы болып қосылды.

1989 – М.С.Горбачевтің Қытайға сапары аяқталды. Оның бұл келісі Пекиннің (Бейжін) Тяньаньмэнь алаңындағы шеруге шыққан студент жастарды одан сайын желіктіріп жіберді. Ол шерудің аяғы 4 маусымда қан төгіспен аяқталған.

 

1991 – британиялық ­тұңғыш ғарышкер-әйел Хелен Шармен советтің «Союз ТМ 12» кемесімен ғарышқа көтерілді.

 

2001 – әлемге әйгілі Күлтегін ескерткішінің көшірмесі Қазақ елінің ордасы – Астана қаласына жеткізілді.

«Адамзат күнтізбесі» кітабынан.

ТАНЫМ 19 мамыр 2019 г. 529 0