Туған жердің ыстық құшағы

Қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер, Сыр елінің перзенті Айжарық Сәдібекұлы биыл 80 жас­та. Жуырда жазушыны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы қабылдап, құттықтаған болатын. Қабылдауда облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген қаламгердің екітомдық «Парасат майданы» және «Жұмыр жерде біз бармыз» атты кітаптары оқырманға жол тартқан еді. Осы аптада жазушының мерейтойы туған өңірі – Арал ауданында жалғасып, мәдени-көпшілік және кездесу шаралары өтті.
Қаламгерді алдымен аудан әкімі М.Оразбаев қабылдап, құрмет көрсетті. Онда жазушы­ның қазақ әдебиеті мен журналистика саласына сіңірген еңбегі сөз болды. Сондай-ақ, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі, өнер, мәдениет саласындағы жетістік­тері әңгіме арқауына айналды.
Мұнан кейін мерейтой иесі мен келген қонақтарға жаңадан салынған келісті «Рәміздер ала­­ңы», Ә.Нұрпейісовтің әде­биет үйінің жұмысымен танысу шарасы ұйымдастырылды. Аталған нысандар қазір Арал қаласының ажарына айналған. Ондағы балалар ойын алаңы, жаңа үйлердің қаз қатар бой түзеуі шын мәнінде, жаңашыл­дықтың жарқын үлгісіндей әсер қалдырады.
Туған жерге табан тіреген қаламгерді ұлықтауға арналған негізгі шара аудандық мәдениет үйінде жалғасты. «Тарихқа қалам тербеген» атты шығармашылық кеште аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз сөйледі.
– Қалың оқырман өзіңіз­ді талантты жазушы-журналист ре­­тінде жақсы біледі. Шығар­маларыңыз халық жүрегіне же­тіп, ықыласына бөленіп жатса, ол, бірінші кезекте, өзіңіздің ең­бе­гіңіз­дің, мамандыққа деген адалдығыңыздың, шынайылы­ғыңыздың жемісі дер едім. Біз сізді ұлтымыздың ұлы қа­сиеттерін бойында сақтап, үл­кен­діктің әдемі үлгісін көр­се­тіп келетін азамат ретінде мақ­­тан етеміз. Сондықтан, бү­­гінгі мерейтой өзіндік мән-маз­­мұнымен, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбиесімен құнды деп есептейміз, – деді аудан басшысы. Сонымен қатар, Құрмет грамотасын табыс етіп, сый-сияпат жасады.
Айта кетейік, Айжарық Сә­дібекұлы өңірдің журналистика саласына үлкен еңбек сіңірген аға буын өкілдерінің бірі. Әсі­ресе, «Сыр бойы» газетінде жиырма жылдың үстінде атқарған қызметі талантты қаламгердің еңбек жолындағы жоталы же­тістігі саналады. Осы тұрғыда кездесуде дербес зейнеткер, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ­стан Журналистер одағы­ның мүшесі тоқсанның төріне шық­қан Шәкірат Дәрмағам­бетов мағыналы сөз саптады. Әріп­тес інісінің бітім-болмы­сы, еңбекқорлығы, қызметке адалдығы жайында есте­ліктер айтты. Сонымен қатар, қалам­гердің өмірі мен шығармашы­лықтағы шынайы болмысын, өз­геге ұқсамайтын жазу мәнерін филология ғылымдарының кан­дидаттары Шанжархан Бек­мағамбетов пен Алдажар Әбі­лов, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабиди­нов жақсы жеткізді. Ақын, Ж.Әб­дірашев атындағы әдеби сый­лықтың иегері Толыбай Абылаев арнау өлеңін оқыса, ҚР Мә­дениет қайраткері, күйші-ком­позитор Мұрат Сыдықов та жүрекжарды лебізін жеткізді. Осындай керемет кештегі сүбелі сөз бен ыстық ықыласты әнмен әрлеп, бимен байытып отырған аудан өнерпаздары да жұрттың ризашылығына бөленді.
Айжарық Сәдібекұлының 80 жылдығына арналған шара орталықпен шектелген жоқ. Арал қаласынан Қамыстыбас арқылы жүріп отырып «Көкаралды» көк­тей өткенде барлығы 300 ша­қырымға жуықтайтын жол сонау Ақбастыға алып барады. Міне, осы ауыл жұрты да жазушының мерейтойына дай­­ындық жүргізіпті. Мұнда осыдан жеті жылдай бұрын № 22-ші орта мектеп жаңадан салынған болатын. Осы мектептен «А.Сәдібекұлының әдебиет бөлмесі» ашылып, мерейтой иесі мен қонақтарға таныстырылды. Білім ұясында ауыл жұртымен жүздесу ұйымдастырылды. Он­да аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов, ауыл ақ­сақалы Сәуелхан Смағұлов, ауыл әкімі Кенжебек Жанназаров туған жер перзентіне деген ыстық ықыластарын жеткізді. Сондай-ақ, Бақыткүл Қадырова басшылық ететін мектеп оқу­шылары арнайы бағдарлама ұсын­ды. Әсіресе, жазушының ең­бектерінен үзінділерді жатқа айтқан шәкірттер кездесудің көз­деген мақсатын дөп басқандай болды.
Біз бұл мерейтойды ұйым­дастыруға аудан әкімдігімен қа­тар қаламгердің қанаттас інілері Қуанышбай Ердіқалықов, Талап Шалманов, Асылхан Нұрқожаев, Зағаладдин Өтенов және Айбек Әлімжановтардың елеулі үлес қосқанын білдік. Бұл алдымен қаламгерге құрмет болса, мерейтой аясында әрбір өткізілген шара елдің рухын көтерудің айқын айғағы деп түйдік.

Қ.НАРКЕН.
ТАНЫМ 25 мамыр 2019 г. 554 0