Сырдың сыршыл ақыны

 Қазақстанның халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдығына арналған кеш осылай аталды. Жаңақорған ауданындағы «Арман» кенттік мәдениет үйіндегі жиынға оқырман қауым көп жиналды. №1 кенттік кітапхана кіре беріс фоеден бастап сырдың сыршыл ақынының кітап көрмесі ұйымдастырылып, Ә.Тәжібаевтың өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейнебаяны көрермендерге ұсынылды.
Кештің барысында Әбділда Тәжібаевқа «Арнау» өлең оқыған Әсел Мәуленнің таланты оқырман қолдауына ие болса, мектеп оқушыларынан құралған бишілер де ыстық ықыласқа ие болды. Тәжібаев  туған жеріне деген сүйіспеншілігін зор шабытпен жырлаған ақын. Өзінің «Сырдария» деген өлеңіне жерлесіміз компазитор Бексұлтан Байкенжеев ән шығарып, оны ақын ағаның алдына шырқаған кезде тебіреніп кеткен Әбілда ақын Бекеңді құшағына қысып: «Бексұлтан інім мен осы өлеңнің анасы болсам, сен бүгіннен бастап бұл ән әкесі болдың»,– деген екен. Сол уақыттан бері де қырық жыл сырғып өтіпті. Бұ күндері арамызда сол әуеннің сөзін жазған ақын да, әннің авторы да арамызда жоқ, бақилық болған. Алайда, Сырдария» әні әлі шырқалады. Осы әнді компазитордың ұлы Әбсұлтан Байкенжеев сахна төрінде зор ықыласпен орындап шықты.
Әбділда Тәжібаев атамыздың шығармалары өте ауқымды. Ол жазушы, ол ақын, ол кісі драматург. Оның көзін көрген, оқырманының бірі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрмахан Елтай сахна төріне көтеріліп, абыз аға жайлы естеліктермен бөлісті. «Оқырмандарына 40-тан астам кітабын ұстаған сөз зергерінің ең әуелі қайраткерлігін және өзінен кейінгі жастарға деген қамқорлығын айту керек, –деді ол. «1979 жылы ақынның 70 жылдығы Қызылорда облысында тойланғанда арда ағадан батасын алып, үлкен әдебиетке етене араласып кеттім», дейді. Одан ары №125 орта мектептің бір топ оқушылары көркем сөз оқу ерекшеліктерін байқатты. Ал Гүлжан Шерубаева болса ақынның туған жер туралы толғауын толғана орындап берді. Қызықты әңгімені «Жаңақорған тынысы» газетінің ардагері Ерубай Қалдыбек өрбітті. Мұқағали Мақатаевтың Әбілді ақынды  «Поэзия маршалы» деп атап құрмет көрсеткеніне куә болғанын әсерлі баяндады.
Кеш барысында «Арман» кенттік мәдениет үйінің өнерпаздары  белсенділік танытса, кітапханашы Сәбира Тотаева қатысушыларға алғыс айтып, құрмет жасады. Ал Жаңақорған аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Әсел Тілеубергенова кештің жоғарғы дәрежеде ұйымдастырылғандығына ризашылық танытып, түрлі байқауларда жақсы жетістікке жеткен қызметкерлерді атап, алғыс хаттар табыстады.
Иә, Әбілда Тәжібаев есімі ұлықтала береді. 110 жылдығы Сыр өңірінде кең көлемде атап өтілетін болар. Жаңақорғандағы мына аталмыш кеш соның бастауы деп ұғындық.
Н. Назымханұлы,
Жаңақорған ауданы
ТАНЫМ 03 маусым 2019 г. 643 0