Ол әрқашан өлеңге құштар еді

Әдебиетке өз үнімен келіп, жырсүйер қауымды жалт қаратқан Зордан Салықбаевтың да өмірден өткеніне де 30 жыл болыпты-ау. Зордан өзінің ақындық жолға қалай келгені жайлы: ... «Баяғыда бір қазақ: «Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында, қыздардың болдым таныс бәрімен-ен», – деген екен. Сол айтпақшы, бес-алты ауыз өлеңнің арқасында мен де әдебиеттегі адамдармен таныс болдым-ау. Олар ұстаздарым Ә.Қоңыратбаев, А.Тұрбеков, Г.Смағұлова, Р.Сәрсенбаев, О.Байжолов және ақын-жазушылар А.Тоқмағамбетов, З.Шүкіров, Д.Тасекев, Н.Сералиев, Қ.Сүйенішов, Қ.Дәрібаев т.б. Адамды осы орта өсіреді ғой. Егер мен оқымай ауылда қалып қойғанда жазбас па едім, кім біледі? Ондайлар аз ба?» – деп жазған екен 1965 жылдың күзінде.
Зордан Салықбаев өлең жазуға кездейсоқ келген жан емес. Арғы бабасы Балқы Базар,  одан кейінгі өзі аралас-құралас болған ағалары: Мырзағали Ақжолов, Байнияз Желдербаевтар жырау болатын. Ал өз әкесі Салықбай Күзеров те қаражаяу емес еді.  Жасынан өлең-жырдың ортасында өскен Зорданды Қызылордадағы педагогикалық институт қабырғасы ақындыққа баулыды десе болғандай.
Жоғарыда өзі атап өткен ғалымдардың кеңесімен әдеби үйірмеге, облыстағы Асқар Тоқмағамбетов басқарған кештерге қатысып, өлең айдынына еркін құлаш ұрды. Сөйтіп 1963 жылдан З.Салықбаевтың есімі институтта ғана емес, облыс жұртшылығына таныла бастады. Серік Сейітмағанбетов, Базарбай Исаев, Тыныштықбай Мұрынбаев, Балашбек Шағыров, Темірше Сарыбаев, Махмұтбай Әміреев, Балтабай Тәжімбетов, Әскербек Рахымбеков тағы басқа да замандастарымен бірге жыр додасына қатар келіп, қатар өсті.
Асқар Тоқмағамбетовтың айтуынша ХХ ғасырдың 60-70-шы жылдарындағы қатар шыққан 30-ға жуық жас ақындардың ішінде Зордан Салықбаев ерекше танылған.
Зордан Салықбаев 1944 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының «Жаңаталап» колхозында туып, осында алғаш мектеп табалдырығын аттаған. Ол 1-сыныпты апалары Жұмакүлден сабақ алып үйренсе де қатарластарынан  көп білетін бала болды. Сөйтіп, 1960 жылы онжылдықты бітіргеннен кейін 1-2 жыл колхозда радист болып жұмыс істеді. Осы жылдарда колхоз радио торабынан жаңалық хабар таратып, жұртшылықты жергілікті радио хабарын тыңдауға бағыттады. 1967 жылы алғашқы мұғалімдік қызметін №188 орта мектептен бастап, кейін мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болды. 1968 жылы Аққыр совхозының Ленин орденді шопаны Майтан Ахметовтің 60 жылдық мерейтойы өтіп, сонда Зордан «Дала перзенті» атты толғауын оқыды. Осы салтанатқа қатысып отырған Жалағаш аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы Исатай Әбдікәрімов оның талантына тәнті болып, аудандық газетке қызметке шақырады. Сөйтіп, «Жаңадария» атты аудандық газетте бөлім меңгерушісі, редактор болып 10 жылдан астам қызмет етті. Мұнда да абыройсыз болған емес.
Зорданның «құштарлық» атты өлеңінде:
Өлең, саған мен әрқашан құштармын,
Егер сені жаза алмасам, жасыман.
Бірте-бірте қаламымды ұштармын.
Жыр жазармын әлі талай тасыған, –деген ақын өлеңге адал болды.
Зордан қандай бала болды, балалық шағы қалай өтті дегенге келетін болсам, әкесі Салықбай, анасы Ақши колхозшы болды. Олардың үйімен қыста да, жазда да жақын тұрдық. Қыста арықтардың ішімен коньки теуіп, жазда асық, доп таяқ ойнаумен қатар қой айдап, қозыны байлап дегендей ата-анамызға көмектесетін едік. Жайлауда болғанда «Мәдениет» каналының аяғымен «Басар» арығына суға түсіп, жалақ ойнап, бір-бірімізді суға тұншықтырып та ойнайтынбыз. Бірде осылай ойнап жүргенімізде канал басында тұрған Зорданның анасының маған арнап айтқан сөзі күні бүгінге дейін есімде қалыпты. «...Әй,  Тиішжан, Зорданды суға тұншықтыра берме, ол зарығып көрген ұлымыз ғой», деп қайта-қайта тапсыратын.
Шынында да Зорданның есімінде үлкен мән жатыр. Ата-анасы зарығып күткендіктен Зордан қойған десе, екіншісінде баласы зор болсын. Зордан деп атаған болар дейтін.
1967 жылы жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітіріген З.Салықбаевты аспирантураға қалдырса да  отбасы жағдайымен ата-анасы тұратын «Аққыр» савхозындағы мектепте  ұстаздық жолын бастады.
Шамасы 1979 жылдың іші болса керек, бірде Аққыр мектебіне телефон шалған едім, телефонды мұғалім Шахмұхтар Жаңабаев алды. Мен ол кісіге Қызылорда облыстық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы М.Жанысбаев болып танысып, З.Салықбаевтың «Білім» қоғамының облыстық жиналысында баяндама жасау керектігін тәппіштеп айтып,  тақырыбын жаздырып, мерзімін де айттым.
Біршама мерзім өткеннен кейін тағы да телефон шалдым. Бұл жолы абырой болғанда телефонды Зорданның өзі алды.  Мен амандық-саулықтан кейін, баяндаманың жай-жапсарын сұрай бастағанда-ақ, «Әй, Тынышбек, сенің осы әзілің мені біраз ізденуге, оқуға  жұмылдырды»,- деп күліп жіберді. Мен де мына жақтан күліп,  біраз әңгімелескен едім.
Қатар өстік, қатар қызмет атқардық. Өзінің редакторлық жауапты қызметіне қарамастан шығармашылықтан қол үзбей,  өлең мен прозаны қатар ұстады.  Көзі тірісінде қолына «Үміт толқыны»  атты  жинаққа бірнеше әңгімелері енгенін көріп кетті.
«Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» деген. Алайда Зордан ақын ауылда туып, ауылда дүниеден озды.
Зордан Салықбаев газеттердегі мақалаларынан басқа: «Үміт толқыны» (1988), «Жазылып қалған жан сырым» (1996), «Армандап өткен ғұмыр»(2006), Зордан Салықбаев шығармалары (2009) баспадан  шығып оқырмандар қолында.
Зордан доссыз 30 жыл ішінде өмір өзгерді. Ел тәуелсіздікке қол жеткізді. Егер, З.Салықбаев тірі болса, еркіндікті ерекше жырлаған болар еді. Амал қанша, бәрі де бір Алланың құзыретіндегі іс қой. Халқымызда «орнында бар, оңалар», – демекші артында Динарадай жоқтаушы жары, Жанар, Гүлнар, Асан, Үсен атты балалары мен олардан туған немерелер бар.  

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
этногроф, жазушы.
ТАНЫМ 20 маусым 2019 г. 176 0