Атам еккен бақ еді...

Қолыма қалам алып ұзақ ойландым. Нағашы атам Жолдасбек Адаевтың өмір жолын кейінгі ұрпағы бағамдай жүрсін деген ниетпен қағазға түсірдім.

Атам жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұрған, балаларын жанындай жақсы көретін, елдің ішінде абыройлы ақсақалдардың бірі болатын. Денелі, бидай өңді, келбеті келісті, биік бойлы, етжеңді, көзінен от шашып тұратын.
Нағашы атам 1922 жылы Шаған ауылында туған. Ол кісі өзінің ауыр кезеңдегі балалық шағын еске ала бермейтін еді. Десе де өте сауатты, жан-жақты, әрі бағбан, әрі ұста кісі болған. Оның әрбір сөзі мен ісіне, балаларына берген тәрбиесіне қарап, құдды бір дала университетінің профессоры дер едім. Себебі, кейінгіге отансүйгіштік, ата-анаға құрмет, кішіге ізетті болу, қызметте адал болуды үйретіп, оны сөзімен емес, ісімен дәлелдеген жанның бірі.
Жолдасбек ата төрт ағайынды болған. Үлкен ағасы Ергеш Адаев қазіргі Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының түлегі (мектеп музейінде Ергеш Адаев туралы мәліметтер сақталған). 1940-шы жылдары бұрынғы «Қазақстан пионері» газетінде тілшілік қызмет істеген. Журналистер Одағының мүшесі болған. 1941 жылы соғысқа аттанып, 1943 жылы әскери тұтқындарға арналған Stalag 327 (Шталаг 327) лагерінде тұтқында болып, 1943 жылы қаза тапқан. Атам үнемі ағасы туралы естеліктер айтып отыратын, бауырына деген сағыныштан «Ажал құрсауында» деген кітап та жазды.
Ал інісі Смайыл Адаев Вильнюс қаласындағы милиция мектебінің түлегі. Шымкент қаласындағы аудандық милиция бөлімшесінің басшысы болды.
Нағашы әжем Жеңісбике ақжарқын, адам жатырқамайтын жан ретінде есімде қалған. Ол кісі өте қонақжай, қолы ашық, берекелі дастарханды болды. Қай кезде барсақ та айран-сүті, дәмі тіл үйірер сары майы мен ағарғаны үзілмеуші еді. Осындай қарапайым отбасынан үш ұл, екі қыз тәрбиеленіп өсті.
Қандай да бір азаматты бағалаған кезде алдымен оның қоғам алдындағы атқарған қызметі, елге сіңірген еңбегі басты өлшем болмақ. Атам ұрпағының тәрбиелі, саналы, өнегелі, сауатты азамат болып қалыптасуына төккен терінің зая кетпегендігіне куә болып кетті.
Үлкен ұлы Төрехан 1978 жылы Алматыдағы ҚазМУ-де Заң факультетіне түсіп, 1984-2012 жыл аралығында прокуратура саласында әр түрлі қызметте болды. Полковник. Қазір отставкада. Үлкен ұлы Әкім Адаев та осы салада қызмет істеген, отставкадағы полковник.
Екінші ұлы Уәлихан Жолдасбекұлы Шымкент қаласында ҚазХТИ-ді бітіріп, еңбек жолын фосфор зауытында электрдәнекерші, слесарь, инженер болып бастады. 1985 жылдан мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде лейтенанттан полковник дәрежесіне дейін өсіп, осы салада басқарма басшысы қызметін атқарды. Қазір отставкада. Ұлы Шоқан әке жолын қуған офицер - майор.
Қара шаңырақтағы Нұрлан аға да мәуелі бәйтеректің ошағын сөндірмей, ұл-қыз тәрбиелеп отыр.
Балалық шағымдағы тәтті кезеңдердің әдемі тұстарын еске алсам, сөзсіз көз алдыма нағашы ата-әжемнің үлкен жеміс бағы түседі. Алма баққа кіріп, әр түрлі жемістерді теріп жеп, ағаштың қалыңдығынан үйдің қай тұста екенін таппай адасып жүретінбіз. Шие піскеннен бастап қара күзге дейін өрік пен жиде төгіліп тұрған бақтан шыққымыз келмейтін. Немерелерінің топырлап жеміс жеуге бара жатқанына сүйсініп қарап отыратын атам «бұдан артық бақыт бар ма?» деп отырушы еді.
Менің есімде атамның бейнесі қарапайым тіршілік жасап, ұрпақ өсіріп, қаламын жанына серік етіп, жан-дүниесі ізгілікке толы, біреуге қиянат жасап көрмеген жан ретінде қалды.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
ТАНЫМ 21 маусым 2019 г. 509 0