Қымыз құнары

Қымыз – халқымыздың ұлттық сусыны. Қазіргі уақытта қымыз және саумалмен емдеу түрлері жолға қойылған. Себебі, сан ғасырлар бұрын бұл сусынның пайдасы жайлы бабаларымыз білген. Желмен жарысып жүйткитін жылқының еті, терісінен бөлек сүті де дертке дауа. Бие сүтінен ашытылып даярланатын сусын сауға қуат, сырқатқа шипа болған. Бүгінгі күні де саумал мен қымызды түрлі аурулармен күресте пайдаланады. Жаңадан дайындалып, бабына келгенше сапырылған қымызды «бал қымыз» деп атайды. Көп жандар осы бал қымызды сүйсініп ішеді. Сусын сапырылған сайын дәмі өзгере түседі.  Одан бөлек қымыздың құнан қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз деген түрлері бар. Олар сусынның ашыту мерзімі мен технологиясына қарай ажыратылады. Қымыздың дәмі мен бабы сапыруына байланысты. Қаншалықты көп сапырылғанын дәміне қарап оңай білуге болады. Сусын шөлді қандырып, күш-қуатты арттырады, ал құрамындағы көптеген дәрумендер ағзаның жұмыс істеу қасиетін жақсартып, физикалық шапшаңдық береді. Қымыздың құрамында жиырма сегіз түрлі ағзаға аса қажетті микроэлементтер бар. Буын аурулары, сүйектің қақсауы, жүрек аурулары, бауыр мен бүйректің түрлі ауруларына қымыз сусыны ем. Асқазан ішек жолының ауруларына, ішек жарасы, жүйке ауруларына да қымызды  емдік мақсатта пайдаланады. Қан айналымын жақсартып, жүректің соғысын қалыпқа келтіреді.  Қымызды да шұбат секілді бірнеше уақытқа созылған күйде арнайы курспен тұрақты түрде ішу қажет. Сонда ғана ол өз нәтижесін көрсетеді. Қымызды қабылдау алдында арнайы мамандармен кеңескен жөн. Олар науқастың қаншалықты мөлшерде қабылдау керектігін айтады. Өте аз немесе тым көп мөлшерде де ішуге болмайды. Аса көп мөлшерде ішкен жағдайда көптеген дәрумендер бір-біріне қарсы белгілерін беруі мүмкін.  Қымыздың құрамында шамамен 1,8-2%  ақуыз, 1,0-2% май бар, 6,7% сүт қанты бар. Төрт түлік малдың ішіндегі құнарлығы жөнінен жоғарғы көрсеткіштердің бірі осы бие сүтінде. Бұл сусынның құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтіне қарағанда 10 есе көп.
Биенің жеген жем-шөбі де қымыз құнарлығына әсер етеді. Сондықтан қымызбен емдеу орталықтарында биенің немен қоректенетіндігіне, жайылымына көп көңіл бөлінеді. Бұл ең негізгі факторлардың бірі болып табылады. Жылқы жануары табиғатынан талғампаз келеді. Лас суды, таза емес шөпті жемейтін жануар тектіліктің символы ма дерсіз. Қазіргі таңда тез дайындалатын тағамдар, түрлі сусындарды ересектермен қатар балалар да ішетіндігі жасырын емес. Соған байланысты түрлі асқазан, қан аурулары көбеюде. Сондықтан осындай жаз мезгілдерінде балаларға қымыз бергеніміз абзал. Сары қымыз сүйекке сіңсе, сан ауруға ем екендігі қаперіңізде болсын.

Д.Ибрагимов,
«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты»
«Қызылорда ғылыми-зерттеу ветеринария стансасы»
филиалының меңгерушісі, ветеринария
 ғылымдарының кандидаты.
С.Қызылбаев,
Аға лаборант, ветеринария
ғылымдарының магистрі.
ТАНЫМ 15 тамыз 2019 г. 805 0