Жай оты

Ұялы телефонымызға «112»-ден күнара ауа-райына бай­ланысты ес­кер­тулер ке­ліп түседі. Оның бірін ашып қарасақ, екіншісін оқи да бермейміз. Әсіресе біздің облыс климатының жазда өте ыстық және желді күндерінің көп болуымен ерекшеленетінін ескерсек, мұндай ескертулер екі күннің бірінде айтылады. Мәселен, маусым айында 16, шілде айының өзінде 25-ке жуық хабарлама келіпті. Ал еліміздің өзге өңірлерінде найзағай ой­нап, жаңбыр жауатыны туралы хабарламалар жиі ескертіледі. Анығында мұн­дай ескертулерге құ­лақ асқан жөн. Өйткені, найзағайдың адам өміріне қатер төндіріп, ажал құш­тыратыны жайлы оқи­ға­ларды жиі естиміз. 

Жыл сайын әлемде 3 мил­лиард­қа жуық найзағай ойнап, күн күркірейді. Бұлтта электр заряды жинақталып, нә­тижесінде алып электр ұшқыны пайда болады. Оның орнына ауа қызып әрі кеңейіп, осының не­гізінде біз ас­паннан қат­ты, күркіреген қор­қы­­нышты дыбысты ес­ти­міз. Найзағайлар элек­тростан­ция­дан да мың есе күшті электр жарқылын шығарады. Бұл ғажа­йып құбылыстардың барлығы Ұлы Жаратушының ұлы­лығын дә­лел­дей түседі.

Аталған құбылыстар қас пен көздің арасында, бірнеше се­кундт­ың ішінде болып өтеді. Мұндай өмір­лік мысалдар өте көп. Мәселен, осыдан 4-5 жыл бұрын Шығыс Қазақ­стан облысында мал бағып жүрген 49 жастағы азаматқа най­зағай түсіп, астын­дағы аты мерт болса, өзі­нің кеудесі мен ті­зе­сін күйік шалған. Сонымен қатар, Та­разда аялдамада автобус күтіп тұрған 23 жасар жігітке жай түсіп, ол да аурухана төсегіне таңылды. Ал Атырауда болған қатты жауын сал­да­рынан най­зағай ойнап, бір үйдің шатырын отқа ораған болса, Павлодардағы трам­вайға жай оты түскені туралы ақпарат ғаламтор беттерінде жарық көрді. Иә, расында оның адам өміріне тигізетін зар­дабы мен қаупі өте жоғары. Әсіресе шетелде жылына торнадоға, қат­ты борасындарға және басқа да табиғи апат­тарға қарағанда, жай отынан көз жұматындар саны әлдеқайда көп. Австралияның Квинс­ленд штатында жай оғынан өлу қаупі жоғары. Америкада бұл көрсеткіш жағынан Фло­рида штаты алға шығады.

Найзағай сағатына 96 км жылдамдықпен қозғалатын және 30 мың градус жылу бөлетін энер­гияның қайнар көзі болып саналады. Бір найзағайдың энер­гиясы 3 ай бойы 100 ваттық шамды жағу үшін жеткілікті. Сондай-ақ бір ғана жарқылы 10 млн 100 ваттық шамнан да күштірек. Жылдамдығы секундына 150000 км және оның қалыңдығы ша­ма­мен 2,5-5 см болып табылады. Уақыт өте келе найзағайдың пайда болу сыры жақында ашылды. Біздің заманымызға дейінгі ке­зеңнің ұлы оқымыстысы Арис­тотельдің метеорологияға қатысты болжамдары, ұсы­нысы басты мәселе ретінде қарастырылды. Алайда қа­сиетті Құран Кәрім 1400 жыл бұрын осы мәселенің құпиясын әлдеқашан ашып қойған еді. Табиғатта болып жатқан әрбір құбылыстың белгілері адамзатты ойлан­дыруға тиіс.

Профессор Стивен А.Нель­­сонның ойынша най­зағай отынан бола­тын өлімнің 26%-і ашық ке­ңістікте орын ала­тын көрінеді. Сіз үй ішінде мұржа жанында, жылыт­қыш батареяның қасында, электрлік құрыл­ғылардың, теле­дидардың қасында немесе теле­фонмен сөйлесіп отыр­­ғанда найзағай ой­най­­тын болса, алдын ала сақ­тық шараларын жасаған жөн. Ең алдымен, электр желісіне, антеннаға, те­резе жанындағы орнық­тыр­ғыштарға, үйдің тө­бе­сінен су ағатын жер­лерге жа­қын­дамаңыз, сонымен қатар теледидар, радио және т.б. электрлі қондырғыларды қоспаңыз. Егер орманда болсаңыз, қысқа талдар өскен жерлерді паналаңыз. Биік талдардың қасына, әсіресе қайыңның, еменнің жа­нына тығылмаңыз. Су жиналатын жерде немесе оның жағасында тұрмаңыз. Жағадан алысырақ, яғни жоғары жерден төменге тү­сіңіз. Жазық далада бол­саңыз егістікте немесе қор­ғанатын жер болмаған кезде жерге жатпаңыз, қа­зылған жердің шетіне ая­ғы­ңызды қолыңызбен ұс­тап отырыңыз. Найзағай дауылы сіз спортпен ай­на­лысу барысында бол­са, дереу тоқтатыңыз. Ме­­тал­дан жасалған зат­тар­ды  шетке қойыңыз және 20-30 метр алыс тұ­ры­­ңыз. Көліктің ішінде отыр­са­ңыз, машинадан түс­пей, те­резені жауып, радио­қабыл­дағыштың антеннасын тө­мен тү­сі­ріңіз. Бұл жай ға­на сақтық шаралары сіздің кә­­деңізге жарап қалар деп үміттенеміз.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 

 

 

ТАНЫМ 18 тамыз 2019 г. 683 0