Ортағасырдағы ойыншық қандай еді?

Ортағасырлардағы балалар әлемі, яғни өмірі мен олардың қызығушылықтары туралы ғылыми еңбектерде көп айтыла бермейді. Сол уақыттағы ойындар мен ойыншықтар туралы мәліметті көркемсурет миниатюралар мен археологиялық жәдігерлерден ғана көре аламыз. Оғыздардың астанасы болған Жанкент шаһарынан табылған ойыншық ат қазіргі балалар педагогикасы мен психологиясы, қолөнершілер үшін де таптырмайтын олжа болып отыр. Қазақ халқында «Баланы ойын өсіреді» деген даналық сөз бар. Бала ойнап жүріп ойланады, көңілі өсіп, ойы сергиді, денесі шымырланады. Ойын арқылы тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, дәстүр жайлы танымы қалыптасады.

Тарихи дәуірлерді бойлай ойын мен ойыншық адамзаттың рухани мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Олар – қоршаған орта, табиғат, адам туралы қалыптасқан ойдың айнасы. Ат бейнесіндегі ойыншықтар ортағасырларда балалар арасында үлкен сұранысқа ие болғанға ұқсайды. Қанша ғасыр өтсе де ер балалардың таңдауы ойыншықтың осы бір түріне түседі. Қандай заманда болмасын ер балалар батырлар ерлігін үлгі етіп, сол уақыттағы ердің қанаты болған атты дәріптеп, ой-қиялына ерік беру үшін ойыншық атпен ойнаған.

Ойыншықтар – адамзат қолы­нан шыққан декоративті қол­өнер­дің бастауында болған десек, қателеспейміз. Сыр өңі­рін­дегі ортағасырлық Жанкент қа­лашығына жүргізілген археоло­гиялық қазба жұмыс­тарының нәтижесінен табылған ойыншық ат – осының дәлелі.  Ойыншық ат Х-ХІ ғасырлардың мұрасы ретінде мерзімделеді.

М.Рабинович бастаған ға­­лым­­дар­дың классификациясы бой­­ынша саздан жасалған ойын­шық­тар бейнелеу ойын­шықтары (жа­нуарлардың зооморфты бей­несі, т.б.), ермек ойыншықтар (ысқы­рық-құстар, сылдырмақтар, т.б.) және елік­теу ойыншықтары – имитация (мыс., балалар ойын­шығы мен үй жиһаздары, т.б.)  бо­лып 3 топқа бөлі­неді. Орта­ға­сырлық ойыншық ат жыл­қы малының зооморфты бей­не­сін бейнелегендіктен бейнелеу ой­ын­шықтар қатарына жатқызы­лады.  

Ат бейнесіндегі ойыншық­тар­дың балалар арасында кең етек алуы – сол уақыттағы ел мен жер үшін болған шай­қастардың нәтижесі. Ата-ана, туған-туыс та­рапынан құлақтарына күнде сі­ңіріп отырған батырлар ерлігін қайталап, жаумен шайқасты көр­сету үшін ойыншық аттар пай­да­ланылған. Сол себепті де ер ба­лалардың ең сүйікті ойын­шығына айналған.

Жануар бейнесіндегі бұй­ым­­дар жануардың шынайы бей­несін не болмаса мифтік образын бе­реді. Музей экспозициясында орын алған ат бейнесіндегі бұй­ымды сол уақыттағы наным-се­німді білдіретін культтік бұйым немесе керамикалық ыдыс­тың қақпақтарында кезде­сетін жануартектес тұтқа болуы мүмкін деген тұжырым болған. Дегенмен, Жанкент қалашығынан та­был­ған ат бейнесіндегі бұйымға салынған ер жоғарыдағы тұжырымды жоқ­қа шы­ғарды. Көп жағдайда культ­тік сакралды бұйымдар нәзік әрі әсем жасалынады, қол­ға үйретілген жылқыны емес, даланың еркін жануарын бейне­лейді. Ал, «қақпақ тұтқасы» деуге де бұйымның белі астынан саусақты сала көтеретін тұсының төмен орналасуы  және үстіндегі жапсырма ері кедергі жасады. Атқа қосымша жабыстырылған ер екі нұсқаны жоққа шығарып, ортағасырлардағы балалар ой­на­ған ойыншық ат деген тұ­жы­­рымды алға шығарды. Ерт­тел­ген ойыншық ат керамикадан жа­салынған, бала қолынан шық­қанға ұқсайды. Дәулетті, орта жә­не төмен тұрмысты ортадан шық­қан бала­лардың ойыншығы да сәйкесінше сапасы, көлемі, бе­зендіруі жағынан әрқилы болған. Аталған ойыншық тұр­мысы төмен ортадан шық­қан баланың өз қолымен жа­са­ған бұйымы болса керек. Ойыншық ат облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Қа­сиетті Қазақстан және ар­хео­­логия» залы экспозициясында орналасқан. Сырт көзге кішкентай көрінген дүние қала қонақтары мен тұрғындарының қызығушылығын тудыруда.

Антикалық дәуірдің ойшылы Аристотель ойын мен ойын­шық­тың маңызына үңіле келе, ойыншықтың бала тәрбиесіндегі рөлін айрықша атап кетсе, Платон «ойыншық – баланың ақыл-ойын қалыптастыратын және сынайтын дүние» деген. Әр бала шынымен қызықты нәрсені және жаңа дағдыларды үйренуге ұмтылады. Ойыншықтардың мақсаты – ба­лалардың үйлесімді дамуына кө­мектесу. Бұл ежелгі дәуірге де, біздің уақытқа да қатысты.

Оғыздар заманынан сыр шертетін «Дирсеханұлы Бұ­қаш­жан туралы жыр», «Қазан Салор­дың ауылын жау шапқаны туралы жыр», «Байбөрі баласы Бәмсі Байрақ туралы жыр», «Қазан бектің баласы Ораздың жауға қа­лай тұтқын болғаны туралы жыр», «Оғыз Қазылық баласы Иекенк», «Бекіл ұлы Эмран батыр туралы жырларын»  естіп өскен бала Баяндүр ханның әділдігіне, Қорқыт бабаның көсемдігі мен данышпандығына, Ораз, Басат, Қан Төрәлі, ағайынды Екрек пен Секрек батырлардың ерлігіне елік­­темей қоймайды. Гәуірлер­мен (кәпірлермен) шай­­қасқан оғыз батырларының ерлігі жә­не олардың шабандоз аттары (жыл­қы) асқақтап, ауыздан ауыз­ға жыр боп тарап, ер балалар ойынының да басты кейіпкері болғанға ұқ­сай­ды.

Оғыздарға жүздеген жылдар бойы астана болған Жанкент шаһары VІІ-ХІV ғасырларда өмір сүрген. 1219 жылы Сыр бой­ындағы оғыз-қыпшақ қала­ла­ры­ның қирауына моңғол шапқын­шылығы қатты әсер етті. 400 жыл бойы қалалық мәдениет жа­саған оғыз-қыпшақ тайпалары та­ғы да көшпелі өмірге түседі. Де­ген­мен, Жанкент қала­сы ХІV ғасырда сауда мен қолөнер орта­лығының бірі ретінде қайта көте­рілді. Сыр бойындағы тарихы те­рең қалалардың бірі – Жанкент қалашығына археологиялық қазба жұмыстары жүр­гізіліп ке­ле­ді. Түркі дүниесінің ұлы абызы Қорқыт баба және басқа да оғыз хандары өмір сүрген Қаза­лы аймағында орналасқан орта­ғасырлық қаладан оғыз мәде­ниетінен мәлімет беретін балаларға (жастар) қатысты археологиялық олжалар (ойын­шықтар коллекциясы) шығады деген үміттеміз.


Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.

ТАНЫМ 22 тамыз 2019 г. 647 0