Ұшқан ұя

Уақыт шіркін қандай жылдам еді! Байырғы басылымға тоқсан жыл толды. Ал, кешегі жастық дәуірдің алғашқы бас­палдағына қадам басқан біздің де сексеннен асып, тоқсанның ауылына қарай бет бұрып бара жатқанымызға таңырқаймын. Өмір есікті ашып-жапқандай болып тұр. Әрине, тағдыр әміріне бас имей болмайды.
Ой отыз бөлек. Әңгімені қалай бастарымды білмей отырмын. Бәрі көкіректе сайрап тұр, тек қағазға түсірудің қиындығын қараңызшы?! Енді есіме түсті, менің еңбек жолым осы қара шаңырақта басталды. Ал, сіз тыңдаңыз оқырман, мен баяндайын.
Бұл сонау елуінші жыл­дардың орта кезі еді. Қаладағы кеңселерді жағалап жүрмін. Бәрі де коммунист емес екенсің, орын жоқ дейді. Қызметке мұрын тығудың болар түрі жоқ. Ауылға тарттым. Туған жерім қазіргі «Қоғалы» еді, соған бет бұрдым. Ал­уаддин деген ағамыз ауылдағы мектепке бухгалтер еді, жағдай айттым. Мектеп директоры Мүсілім Құлахметов деген кісі екен. Құлағы қалқиған сары кісі көрінді.
Директор ә дегеннен:
– Бала, мектепте пионер­вожа­тыйлық орын бар, қалай қарайсың?
– Жалақысы, қандай, аға?
– 60 сом!
Ол кезде алпыс сомға бір бұзаулы сиыр алатын кез. Өмірі пұл ұстап көрмеген маған 60 сом көп көрінді.
Сонымен, мектепте пионервожатый болып шыға келдім. Тәртібі қызық екен, мойынға қызыл галстук тақтым. «Вожатый кітабы» деген көктүсті кітап қолыма тиді. Дружина советі, отряд, звено деген белгілерді оқушылардың жеңіне тағуды бас­тадым. Таңертеңнен кешке дейін мектептемін. Кешке сүріне үйге келемін. Пионер жұмысының жоспарын жасаймын. Директордың шегелеген тапсырмасы мүлде көп. Кейде педсоветте талқылайды.
Уақыт өтіп жатыр. Қолым қалт еткенде «Ленин жолы», «Қазақстан пионері» және «Лениншіл жас» газеттеріне мақала жазатынды шығардым. Жазғандарыма ауылдағы пошта арқылы қаламақы келе бастады. Әкем жалақыға қоса қаламақы алғаныма қуанып, «Менің балам журналист болатын түрі бар» деп гуілдетеді, мақтанады. Содан бір күні жалақыма Шамшат деген ағадан бір баспақ сатып алып, әкеме жетектеп келдім. Сондағы әкемнің қуанғаны-ай! Сол баспақ кейін бұзаулап, үй-ішіміз айран-қатыққа молайып қалды. Баяғы «Қызылқасқа» баспақ көбейіп, қора малға толған еді.
Байқаймын, аға вожатыйлық жұмыс менің қолым емес секіл­ді, жігітпін, бойжеткендер­ден ұялғандай боламын, мой­ным­дағы қызыл галс­тукке ар­сын­ған­даймын. Қалаға барып, газет­ке жұмысқа тұрсам деймін. Бірақ, таныс жоқ,  қалай болады?
Жылдар жылжып жатыр. Кезекті жазғы демалысқа шығып, қалаға тарттым. Арман – газеттің маңайына жұмысқа тұру. Ол кезде облыстық газет қазіргі қалалық парк тұсындағы Дзержинский көшесі №8 үй еді. Жүрексініп, бөлмелерді жағалап жүрмін. Біздің ауылдан Сыдық Алдабергенов деген аға газетте жауапты хатшы деуші еді. Сол кісіге сәлем беріп, жағдайымды айтсам деймін.
Аға алдымнан шыға келді. Шылымын бұрқыратып тұр.
– Қызмет мәселесін редактор ше­шеді. Қарағым, біз бұл мәселеге аралас­паймыз. Тамыр-таныс, ауылдас деген баспасөзге болмайды, – деп бас сұққан аға қиындатты. Еңсем төмен түсті.
Редактор Хамза Сыздықов деген жазуды көріп есік қақтым. Кірдім, жүзі жылы, иманды адамдай көрінді.
– Аға, газетке жұмысқа тұрғым бар. Тіпті осы кеңсеге вахтер болсам да арсынбаймын.
– Вахтер, жасы ұлғайған адамның қызметі. Бұл жұмыс саған обал болады. Партияда барсың ба?
– Жоқ.
Редактор хатшы қызға қоңырау шалды. Жауапты хатшы Алдабергеновті шақыр дегендей болды. Сәкең келді.
– Мына бала газетке жұмысқа тұрсам дейді, вахтер болғым келеді деп тұр, ықыласы жақсы. Бізде қандай қызметтің орны бос, іздестірші!..
– Корректор бюросында тың­даушылық орын бос тұр. Бұған сауат­ты адам керек. Газеттегі құпияны сақтауы және бар.
– Мақала жазуға қабілетің қалай?–деді редактор.
Қолымдағы «Ленин жолы», «Қазақстан пионері», «Ле­нин­шіл жас» газеттеріне жария­лан­ған төрт-бес мақа­ламды көр­сеттім. Редактор газет қиын­дыларын оқып болды да:
– Сынақпен бұйрық жаз, Сыдық!
«Сынақпен» деген сөзге таңырқап, зәрем ұшты. Сөйтсем, редакцияға қызметке тұңғыш кіргенде сынақпен қабылдау бар екенін кейін білдім.
Арада бірер жыл өтті. Редактор Хамза Сыздықов қызметінен төмендеп, орынбасар болды. Редактор болып Шымкенттен обкомның идео­логия жөніндегі хатшысы болған, Мәскеудің партия мектебін бітірген Зейнулла Жарқынбаев келді. Түсі сұсты көрінді, қаталдау ма деп қалдық. Кеңседе шыбын ызыңы естілмейді. Қабылдауда отыратын келіншек дек­ретке кетті де соның орнына менің кандидатурам ұсынылды. Бұл, сірә, Сыдықтан болған шешім екенін кейін білдім. Редактордың қабылдау бөлмесіне ауыстым, қоңырауы шылдырласа, әскерде жүрген солдаттай кіріп барам, ананы шақыр, мынаны шақыр... тағысын тағы. Сонан соң редактордың қаламсаптарына сыя құямын, қарындаштарын шығарып, газет тігінділерін тігемін, бұйрықтар жазамын. Қабылдау бөлмесінде тапжылмай отырамын, селтең жүріс жоқ, жинақы, тап-таза жүруім керек. Уақыт жүйткіп барады.
Бөлмелерде думанды Бөлебай, Орман аға әзілді жаңғыртады. Аңғал Әбділда Құрманаев деген ағамыз қы­зық адам еді. Түс кезінде үйіне барып, шөлдегенде сусын деп уксус ішіп, ауруханада жатқаны бар. Ал, Әбсадық аға зейнетке шығарда: «менің ертеңгі о дүниеге кеткендегі пұлымды жинап беріңдерші» деп тұрып  алғаны бар.
«Еңбекші хаттары» бөлімін ақын Ә.Оңалбаев көп жыл бас­қарды. Әңгімешіл, әзіл-оспағы мол қызық адам еді, жарықтық. Бір қызық оқиға ойымнан қалып барады екен, аруағы риза болсын еске сала кетейін.
Редакторымыз жоғарыда айтқан З.Жарқынбаев. Екеуі Жалағаштан, бірі – «Жаңа­талаптан», екіншісі – «Мәде­ниеттен». Жастық шағы бірге өткен. Әбекең дария жа­ға­сындағы Школьная деген көшеде жеке үйде тұрады. Зекең Некрасов көшесінен үй салғанына көп болмаған. Түскі үзіліс кезі. Жаңбыр құйып тұр. Редакторда «Победа» атты машина бар. Әбекең далада жаңбырдан малмандай су болып, түскі үзіліске шығып бара жатты. Редактор басын изеді де, көлігімен ол да түскі үзіліске бара жатты. Отыр, үйіңе апарып тастайын Әбеке деген қабақ танытпады. Ақын ызаланды. Суыт үйге қайтпай, кабинетіне кіріп, редакторға арнап «Машина зары» деген өлең жазды. Сол өлең біраз дүрбелең туғызды.
Редактор түстен кейін өлеңді оқып, ақыннан жұрт  алдында кешірім сұрағаны бар. «Ұлық болсаң – кішік бол» деген сөз содан шыққан болар.
Партияға өту. Бірақ бұл жердегі қызметімнен КПСС мү­­шелігіне өтудің қиындығы бай­қал­ды. Не істеуім керек? Ойым отыз бөлек, қалай коммунист болам!..
Бір күні қаладағы үлкен поштаның алдындағы көшеде келе жатқан Исатай Әбдікәрімов ағаға кезігіп қалдым, сәлем бердім. О кезде Исекең Шиеліде бірінші хатшы еді.
– Иә, қандай қызмет істеп жүрсің, Қожеке?
– Жарқынбаевтың секретарымын.
– Қызметің тәуір екен.
– Исеке, тәуір болғанмен, партияда жоқпын. Сол жағы қиындау болып тұр.
– Ә, онда былай ет. Шиелінің «Өскен өңір» газетіне кел. Мен редактор Қалқабайға айтайын. Жарай ма?
Куанып кеттім. Араға бірер апта салып, Зекеңе жұмыстан босатуды сұрандым.
– Неге кеткің бар?
– Шиелінің аудандық газеті шақырып тұр.
– Дұрыс. Аудандық газетте істеп шынық қарағым, содан соң бізге келуіңе жол ашылады.
– Рахмет, Зеке!
Арыз жазып, Шиелінің «Өскен өңір» газетіне қызметке орналастым. Үш жылдай жүріп, партияға өттім. Со­дан еңбек жолымда өзгеріс басталды.
Жақсының шарапаты, қам­қор құшақ адамға үлкен демеу бо­лады екен. Кейін Исекең обкомға хатшы болып келгенде осы күнгі «Южныйдан» үш бөлмелі пәтерге қолым жеткені есімнен кетпейді. Алпыс жылдығымда «Каракөз» кафесінде Исекең бастаған ағалар төрде отырып, ағыл-тегіл тілек айтып еді-ау. Қайран Исекең!
Еңбек жолым «Ленин жолы» газетінде жалғасып, осы басылымда елу жылдай еңбек еттім, зейнетке шықтым. Сейілбек Шау­хамановтың «Қарадан шық­қан хандай» деп бағалаған Зейнулла Жарқынбаевтың тәрби­е­сін көрдім, есейдім, отбасы құрдым. Бірде Зекеңнің баспасөз күніне орай, мақаласын газетке жария­лап, батасын алғаным әлі есімде.
Әр жылдарда бірнеше редакторлармен қызметтес болғаным өзін­ше жыр-дастан, есте қалар­лық оқиғалар көңілде сайрап тұр.
Мен еңбек еткен байырғы басылымда көп жыл басшылық қызмет жасаған Қалқабай Әбенов пен Жақсылық Рахматулла. Сонан соң Нұрділдә Уәлиев, Ұзақ Бағаев болды. Қалекеңнің газет қызметіне бейімінен гөрі ұстаз – мұ­ғалімдік табиғаты басым еді. Неге? Мамандығы мұғалім еді. Қалекең тұсында талай арыз шағымдар көп болды. Журналист Мәкең – Мырқы Исаев Мәскеудің «Журналист» журналына арыз жазды. Сол арыз редакцияда талқыланды. Арыз мазмұны: жазғандарымыздың көбісі жарияланбайды. Редак­тор­дың мамандығы – журналист емес.
Мәкеңнің арызын талқы­лау­ға обком хатшылары И.Әбдікәрімов, Қ.Жарқынбеков қатысты. Көптеген адамдар сөйледі. Сындар айтылды. Исекең бір кезде маған:
– Жолдас Мырзахметов, сіз неге сөйлемей отырсыз? Сөйлеңіз!
– Сөйлемеймін, Исеке!
– Сөйлеңіз, Мырзахметов!
– Исеке, Мырқы Исаевтың осы арызы бойынша Қалқабай Әбенов қызметінен босатылатын болса, сынайын, ал қалатын болса әңгіме басқа деп едім, жұрт ду күлді.
– Әбенов редактор болып отырады! – деді Исекең.
Содан біраз әңгіме қозғалды. Мен газетте сын жағы аз екенін, жанрлық та­қырыптарға орын жоқ, мал мен күріш­тен басқа әңгіме жоқ деп пікір айттым.
Ертеңіне Қалекең:
– Кешегі сөзің не сөз? Әбенов қалатын болса, әңгімені басқаша айтайын  дегенің не? – деп ренжіді. Содан редактор маған оң қабақ танытпай жүрді. Пендешілік-ай!
Бірде обком шақырып жатыр деді.
– Не жазып қалдым, – деп обкомның бөлім меңгерушісіне бардым. Жүзі суықтау.
– Сені облыстық радиоға жіберуге келістік.
– Бармаймын.
– Барасын, ойланып кел. Мәселе Қалекеңнен болғанын білдім. Бірақ, кейін неге екені белгісіз қызметімде қалдым. Кейін обкомға Е.Әуелбеков келді. Қалекеңнің орнына Н.Уәлиев тағайындалды.
Жаңа редактор Н.Уәлиевпен бес жылдай бірге қызметтес бол­дық. Сырын сыртқа алдырмайтын. А.Сәдібеков, Н.Рах­ме­това, С.Бихо­жалардың жазу қа­білетін бағалады. «Аралға 100 мың сом аудардым» дей­тін бір алаяқты барлық баспасөз жабыла жазғанда өзі басқарып отырған баспасөзге жариялатпады. Мұнысы көрегендік болды.
– Жұмыс болған соң кем-кетік болмай тұрмайды. Бірде менің «Ленин жолына» «Шөптің басы неге қозғалып тұр?» деген сықақ әңгімем шықты. Әңгімеде бір сауда басшысы жеке үй сатып алғанда ақша орнына бірер қап ұн, костюм бергені жазылды. Иә, сықақта шөптің басы «Шиелі жақтан қозғалды» деген сөз бар еді. Сол сөзге бола Шиелі ауданынан 5-6 адам редакцияға келіп, сықақты біраз талқыға салғанымыз бар еді.
Нұрекең алпысқа келді. Адресат жаздық. Суретінде шашы тым сирек көрінгенін байқады. Шашымды қоюла­тың­дар деп тағы отырып алды. Суретіне өңдеу жасап, шашын қоюлаттық. Өңдеуден соң Нұрекеңнің суреті мүлде ұқсамай қалды. Мұны өзі байқамады, біз аң-таң қалдық.
Сырбаз аға Нұрекең – Нұрділда Уәлиев баспасөз тарихын зерттеп, кан­­дидаттық диссертация қорғады. Га­зеттің шығу тарихы 1929 жылдан басталатынын дәлелдеп, өмірін ұзартты.
Редактор Ұзақ Бағаев – шебер журналист еді. Тәуір дүние болса қуанып, нөмірге шұғыл салдыратын. Обкомның жиын-бюроларында отырып, газет­ке баратын дүниелерді сол жерден оқып, шоферінен шұғыл жөнелту дәстүрі еді. Сонан соң өзі әр жанрда қалам тербейтін. Зейнолла Шүкіров жайында жазғанын тамсана оқыдық. Әр іссапарда қаламы ұшқыр журналистерді іздестіре жүретін. Тілші Ш.Дәрмағамбетұлы мен фототілші А.Мәдединовтердің келуіне себепші болғаны бар.
Бір бөлімде Қомшабай үшеу­міз онбес жылдай қыз­меттес болдық. Қомшекең бөлім меңгерушісі. Мен сол кезде «Сыр­ласу беті» деген бөлімді жүргіземін. Тақырып мазмұны – тәрбие, мектеп туралы. Бөлім апта сайын бір бет болып шығады.
Бір күні «Сырласу бетінің» кезекті санын әзірлеуге кірісіп отырғанмын. Кенет бөлмеге үсті-басы қан, беті көгерген бір азамат келді. Өзін Елғанов деп таныстырды.
– Түнде үйге жақындағанда бір бұзақы ұрып кетті. Ол көршімнің баласы, фамилиясы Асанбаев. Осыны айтуға келдім. Ал, баяндайын, тыңдаңыз, – деп отырып алды. Арызын жазып, қолын қойып қойды.
Осыдан соң оқиғаны қаз-қалпында тақырыбын «Түнде­леткен көршімнің баласы екен» деп әзірлеп, жарияладым.
Ертеңіне төрт-бес адам редакцияға келіп тұр. Орталарында кешегі Елғанов, өзін түнде соққыға жыққан Асанбаев және ата-анасы. Елғанов: «Мен кеше байқамай, ашумен айтқан едім. Мені ұрған Асанбаев емес, басқа» деп қарап тұр. Содан сәлден соң редактор Ұ.Бағаевқа кіріп, ашу білдірді.
– Бұларың не, Мырзахметов! Ұят жасадыңдар, газет беделін түсір­діңдер, – деп Ұзекең зілді қабақ танытты.
– Ұзеке, біріншіден, Елғанов­тың арызы менің қолымда тіркелген. Бұлар босқа мені кінәлап тұр, – деп жылап жібердім.
– Анықтаңыз. Газетке сілтеме беруіміз керек!
Содан қалалық прокурордың орынбасары А.Сапарбековтің қолын қойғызып, «Елғановты ұрған, соққыға жыққан Асанбаев екені рас. Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылып, тергеу амалдары жүріп жатыр» деген қатынас әкелдім.
Редактор сабасына түсті. Менен кешірім сұрады. Кінә­лілердің кейін жауапқа тар­тылғаны туралы соттың шешімі тағы келді. Кейін Ұзекеңмен ортақ тіл табысып кеттік.
Тағы бір қызық. Газеттің келесі бір нөміріне Қомшабай екеуміз кезекші едік. Күн батты. Байқаймын, газет кешігетін түрі бар. Хрущевтің 9 беттік баяндамасы келмей жатыр. Содан Қомшабай екеуміз Садовая көшесіндегі №6 үйге барып, тынығып, екеуміз де ұйықтап қалыппыз. Шұғыл таң ата баспаханаға келсек, баспагер Б.Қайымов:
– Сендерді таба алмадым. Содан Ұ.Бағаевтың үйіне телефон соғып, өзін шақырттық. Өзі  келіп, сендердің орындарыңа өзі қол қойып кетті, – деп қарап тұр.
– Масқара, құрыдық, Қом­шеке! Ол қарқ-қарқ күлді.
– Тәуекел. Бар күнәні мен аламын, – деді.
Ертеңіне редакцияға мо­йны­мызға су құйылғандай  кел­дік. Байқаймын, Қомшекең кінә­сін шыбын шаққан құрлы көретін емес.  Мен жұмыстан кететін шы­ғар­мын деп үрей үстінде отырмын.
Редактор шақырды.
– Шырақтарым, бұл газет ғой. Ұят жасадыңдар. Мұндай істі қайта­ламаңдар!
Басқа біреу болса сөгіс беріп, біреуімізді жұмыстан босатар еді. Ұзекең осы сөз арқылы екеумізді ашу шақырмай, пара­сат­тылық байқат­қанына риза бо­лып, айтумен жүрдік. Жа­ның жаннатта болғыр, мұндай ке­шірімді адамды тұңғыш көруім.
Бұл өмірде бәрі болады ғой. КазГУ-дағы ұстазым «Өмірде не болмайды» атты кітабы шыққанда бір көре алмайтын сыншы «Өмірде мұндай да болады екен-ау» деп газетте өткір сын жазғаны бар. Бір кездері редакцияда өңшең әскерден оралған ағалар болды. Д.Тасекеев, Ә.Жанұзақов, Қ.Алдоңғаров, Қ.Ажаров, А.Нұрекеев, Б.Әлменовтер көп жыл басылымның қиын сәттерін бастан өткізді.
Әскерден оралған, содан соң үйленген ағалардың ұл-қыздары жас, бәрін оқыту керек болды. Содан қызметте отырып қалды. Мұны қызғанатын, ішіне ине айналмайтын базбіреулер жоғары жаққа арыз жазып, «бұлар отыра бере ме, бізге орын босатпай ма?» дейтіндер  кезікті. Бірақ басшылар жауынгер ағаларды қозғамай, қамқорлық жасады.
 Не дейін. Өмірде болмайтын нәрсе жоқ деп ой түйдік. «Ленин жолы» қазіргі «Сыр бойы» есею жылдарымыздың куәсі, жастық шағымыздың ұмытылмас кезеңдері. Сол бір қызығы мен қиындығы мол жылдар естен кетпес шежіре секілді.
Бұл күндері баяғы «Ленин жолы» өзінің байырғы аты «Сыр бойы» атанып, кең форматпен, түрлі-түсті бояу­мен, отыз мыңға жуық таралыммен шығып тұр. Бүкіл баспасөздің басын біріктіріп отырған  «Сыр медиа» ЖШС-ның бағыт-бағдары қуанарлық. Басылымда қаламы жүйрік Д.Аяшұлы, Ы.Тәжіұлы, Г.Жалғасова, А.Батталова, А.Қарапаева, Н.Са­­ния­­зова, Ш.Бекбан, Г.Діл­дә­­­­бек­о­­­ва, С.Адайбаева, Д.Қыр­­­­дан, А.Жұ­­мадинова, М.Қа­­лым­бет, М.Дауыл­байқызы сынды жур­на­листердің аға ұрпақтың сара жолына дақ түсірмей жалғастырудағы қадамдарына сүйсінбей болмайды.
Ұшқан ұя – ыстық. Қара­шаңырақ мерекесі бәрімізге ортақ.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
ардагер-журналист.
ТАНЫМ 31 тамыз 2019 г. 895 0