Көзге пайдалы жеміс-жидектер мен тағамдар

Адамның ең басты байлығы – денсаулық екенін бәріміз жақсы білеміз. Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі. Осы орайда біз сіздерге маңызды мүшелеріміздің бірі – көз туралы айтқымыз келіп отыр.  

Көз – адамдардың айналадағы нәрселерді көруіне мүмкіндік беретін энергиясы. Көру мүшесі арқылы біз қоршаған әлемді танимыз.  Темекіден бас тартып, компьютердің алдында ұзақ уақыт отырмаудың өзі көзімізді көптеген аурудан сақтап қалады. Және күн көзіне қарсы киетін көзілдірігімізді міндетті түрде тексеріп алуымыз керек. Өйткені оның да кері әсері көп. Ал ең бастысы дұрыс тамақтануымыз қажет. Назарларыңызға көз күтіміне пайдалы тағамдарды ұсынамыз. 

Сәбіз – түрлі дәрумендердің қайнар көзі. Әсіресе А дәруменінің арқасында көздің көру қабілетін жақсартуға болады. Аптасына 3-4 рет сәбіз салатын жеу қажет. Сәбізді үккіштен өткізіп, қаймақпен немесе кілегеймен араластырып, тіпті оларды қосып бұқтырма жасауға да болады. Қаражидек В1 және С дәрумендеріне бай. Оның құрамындағы лютеин көру қабілетті жақсартып, көздің шаршауын басады. Сондықтан да қаражидектен жасалған тосапты көбірек жеуге тырысыңыздар.
 
Қара шоколад  көздің қан тамырларын сақтап, мүйізгек қабығын қатайтады. Сонымен қатар көздің шаршауын басып, нұрландыруға да ықпал етеді. 

Саумалдық көзге ең пайдалы тағамдардың тобына кіреді. Үнемі саумалдық жеп жүретіндер көз ауруларынан сақтанады әрі көздері қырағы келеді. Ірімшік В2 дәруменіне бай. Оның құрамындағы рибофлафин зат алмасуды жақсартып, көздің алмасын нұрландырады. Ал В12 дәрумені көздің қанмен қамтамасыз етілуін бақылап, көру қабілетінің жақсаруына септігін тигізеді. 

Асқабақ С, А, В1 және В2 дәруменіне бай және құрамында лютеин мен зеаксантин бар. Оның бойындағы мырыш көз ауруларынан қорғап, жанарыңызды жасартатын қасиетке ие. Асқабақтан түрлі тағамдар әзірлеуге болады. Оны қалай қолдансаңыз да өз құнарлығы мен пайдалы заттарын жоғалтпайды.

 Жемістер көзге ғана емес, бүкіл ағзаңызға пайдалы. Күніне кем дегенде 2-3 түрлі жеміс жеуді әдетке айналдырыңыз. Соның ішінде ерекше киви, жүзім, апельсин, шабдалы, папайяны ерекше атап өтуге болады.

 Жұмыртқаның да көздің саулығына тигізер пайдасы орасан. Оның құрамында көзді суқараңғылықтан сақтайтын күкірт, лютеин мен аминқышқылы бар. Тауық жұмыртқасына қарағанда бөдене жұмыртқасының құрамында бағалы заттар баршылық. Көзді құрғап кетуден сақтайтын А, В1 және В2 дәрумендері мен темір және мысты да табуға болады. Сондықтан да жанарыңыздың саулығын ойласаңыз, жұмыртқаны көбірек тұтыныңыз. 

Брокколи лютеин, каротин және зеаксантин деген заттегінің арқасында көздің түрлі аурулардан қорғап, жанарын нұрландырады. Балық пен балық майы – Омега-3 майлы қышқылының қайнар көзі. Бұл қышқыл көзге өте пайдалы болып келеді. Көру қабілетін жақсартып, жанарыңызды мөлдір етеді. Әсіресе, майшабақ, скумбрия, арқан балықтарын үзбей жеп тұруды әдетке айналдырыңыз.

Пияз бен сарымсақты кез келген тамаққа қоса беріңіз. Оның пайдалы құрамының арқасында көздің көру қабілеті жақсарып, алысты да, жақынды да жақсы көретін болады.

ТАНЫМ 05 қыркүйек 2019 г. 225 0