Телевизия: аналогтан цифрға дейін

Біз бүгін «Фантастика» жанрындағы фильмдерді көреміз, ал ертең-ақ сондағы технологияларды өзіміз күнделікті пайдаланатын боламыз. Біздің әжелеріміз телеграфтың өмірге келгенін көрсе, біз, бұйыртса, кванттық компьютердің пайда болуын, ақпаратты кубитпен өлшеп, ғарышкердің аяғы қандай да бір экзопланетада із қалдырғанын тікелей эфирде көреміз.

Ашылған және ашылатын жаңа­лықтардың алыс та болса жақын, жа­қын да болса алыс болатын себебі, коммуникациялар ғаламдық сипатқа ие болып, экономика мен технологиялардың дамуында шешу­ші факторға айналуда. Бұрын БАҚ қызметі белгілі бір өңірмен шек­те­ліп, бәсекелестік орта бір ғана ақ­­параттық қауымдастықтың шең­­бе­рінде құрылатын еді. Енді ға­лам­­дану дәуірі әлемдік эко­номи­ка­ның бірыңғай нарығы – геоэкономиканы қалыптастырып жатыр. Сон­дық­тан барлық коммуникативтік ба­­й­ла­ныстардың ішіндегі ең көп таралған сала – телевизияның дамуы маңызды басымдылыққа ие болып келеді.

Кескінді алысқа жібере алуды адамзат қай заманнан аңсады. Экранда  адамдар мен тарихқа жан біткенше, арада талай жүз жыл өтіп те кетті. Сірә, 1884 жылдың ең тамаша өнертабысы неміс инженері Пауль Нипковтың дискісі болған шығар. Оның көмегімен кескін электр импульстерге айналды. Құрылғы механикалық телевизия деп аталатын дәуірге жол ашты. Ал 1925 жылы швед инженері Джон Бэрд қозғалатын кескіндерді жібере алатын алғашқы тележүйені ойлап тапты. Кескін желіде тігінен сканерленіп, секундына бес кескін жіберілетін. Тарихта алғаш рет берілген кескіннің бөлшектері ажыратылып көрінетін болды. 1928 жылы Джон Бред жіберілетін суретті түрлі-түсті жасап, шынайылыққа бір табан жақындата түсті. Бұл жүйеде Нипков дискісі үшеуден пайдаланылды. Камера ішінде әр дискінің алдында негізгі үш түстің біреуін ғана өткізетін сүзгі тұрды. Ал телевизиялық қабылдағышта әр дискінің артына оған түсі сәйкес келетін шам орнатылды. 

1930-жылдардың ортасында меха­никалық телевизия дәуірі аяқталып, оны электрондық телеқабылдағыштар ауыстырды. Алғашқы данасын Владимир Зворыкин басқарған «Radio corporation of America» деп аталатын америкалық ғылыми зертхана дайындап шығарды. В.Зворыкин электрондық телевизияның болашақ жүйе­сінің негізіне айналған жіберу түтікшесінің құрылмасы – иконоскопты жасап шығарды.

КСРО-да электрондық теле­визия дәуірі 1939 жылы Мәскеудегі Шаболовка көшесінде жаңа телеор­та­лықтың ашылуымен басталды. Сол жылы наурызда аптасына төрт рет екі сағаттан шығатын тұрақты телехабар  тарату жолға қойылды. Дегенмен 1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты телевизия тоқтатылды. Трансляциялар тек 1945 жылы ғана қалпына келтірілді.

Соғыстан кейінгі уақыттың өзінде телевизияның стратегиялық маңызын түсінгендіктен, телехабар таратуды дамыту индустриясы басым болып қала берді. 1950-жылдардың басында теледидарлар сәл де болса қазіргі теледидарларға ұқсай бас­тады, радиобөлшектер азайып, экран­дардың диагоналі үлкейтілді. 1951 жылы маңызды оқиға – Мәскеу телеорталығы базасында Орталық Телевизия студиясының ашылуы болды. 1958 жылы 8 наурызда Қазақстанда Алматы телевизиялық студиясы – қазіргі «Qazaqstan» телерадиокомпаниясы өз жұмысын бастады. 1965 жылға қарай телевизия Өскемен, Қарағанды, Жезқазған, Петропавловск, Нұр-Сұлтан (Целиноградта), Орал, Балқаш, Семей мен Павлодарда пайда болды.

1960-жылдары Алматы теле­студия­сы ОТ (орталық телевизия) хабарларын трансляциялап қана қоймай, өз бағдарламаларын да шығара бастады. Бұл нағыз кәсіби мамандардың үлкен еңбегінің арқасында мүмкін болды, өйткені камералар тым үлкен әрі зілдей еді, олардың салмағы 100 келіге жететін. Үйдей телеаппараттар залға кейде сыймай қалатын, телевизиялық таспаның жуан-жуан орамаларымен жұмыс істеген кездер еді ғой.   

Қат әрі бағасы қымбат болған­дықтан, телевизиялық қабыл­дағышы бар адамдар көп болған жоқ. Алматыда 4000-дай, ал басқа өңірлердің бәрін қосқанда бар-жоғы 2000-дай адамда теледидар болды. Дегенмен олардың есігі қашан да айқара ашық, телехабарларды көруге теледидар экранының алдына көршілер мен достар үймелей жиналушы еді.

Телевизия мәдени-ағарту­шылық мақсаттарды көздеді. Алматы телестудиясы «Ғылым мен техника әлемінде» бағдар­ламаларын дайындап, студияға Қазақстанның ғалымдары мен инженерлерін жиі шақыратын. Қазақстан ТВ дамып бастағанда, сонымен бір мезгілде Кеңес космонавтикасының дәуірі де басталды. Қазақстандықтар, әлемдегі миллиондаған адамдар сияқты, теледидар экранының алдында отырып, Байқоңыр айлағынан ғарышқа ұшқандарды тамашалаушы еді.  

1967 жылы Алматыда «Орбита» қабылдау жерүстілік станциясы жұмысқа кірісті. Ал 1969 жылы түрлі-түсті телевизия дәуірі басталды. Алматы ОТ хабарларын түрлі-түсті кескінмен қабылдайтын болды. 1970-жылдары ең алғаш рет теле­визиялық сигналды магниттік таспаға жазып алуға арналған құрылғы – бейнемагнитафондар пайда болды. Алматы телевизиялық студиясында төрт бейнемагнитофон жұмыс істеп, бейнежазбаларды сақтап отыруға мүмкіндік туды. Ал жаңалықтар студиясына телетайптар орнатылды. Журналистер шұғыл жаңалықтарды эфирге телетайптан оқитын еді.    

Телевизия халықты барынша көп қамтып, олардың ойлау сипа­тына, елдегі саяси және эко­но­мика­лық жағдайға орасан зор әсер етуде. Телевизия жасап шығар­ған образдар қоғамдық пікір қалып­тас­тыруда шешуші күшке ие. Маңыз­ды оқиғалардың бірі Мәс­кеуден Олим­пиада-80-нің репортаждарын беру болды. Қазақстандықтар теледидар арқылы 1980 жылғы Олим­­пиаданың бірінші чемпионы Жақ­сылық Үшкемпіровтің жеңісіне куә болды.

1984 жылдың аяғында Алматыда Көктөбе жотасындағы Радиотарату телевизиялық станциясы пайдалануға қабылданды. Ол Желтоқсан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында орналасқан кәдімгі металл құрылмадан тұратын ескі Алматы телемұнарасын ауыстырды. Биіктігі 372 метр жаңа телевизиялық мұнара астананың көркі әрі визит карточкасына айналды. Оның жабын аймағы 4 есеге ұлғайды. 

Телевизия қарқындап дамып жатты. 1958 жылдан бастап 1988 жылдар аралығындағы кезеңде 1036, оның ішінде 78  қуатты телевизиялық станция салынып, 1400-ге жуық таратқыш пайдалануға берілді. Халық арасындағы телевизиялық қабылдағыштардың саны 1988 жылға қарай 5 млн бірліктен асты. 1990-жылдардың аяғын­да Қазақстанда «Жарық» телевизиялық жерсеріктік хабар тарау желісі іске қосылды. Ауыл мен жетуге жолы қиын өңірлердің тұрғындары «Қазақстан» телеарнасына қолже­тімділікке ие болды. «Жарық» жүйесі КСРО-дағы ең алғашқы Ku-диапазонды жерсеріктік телехабар тарату желісі болғанын атап өту керек. Осының арқасында Ұлы дала елі ғарыш жерсерігінен сигнал қабылдауға қол жеткізді.    

1991 жылы Қазақстан теле­визиясы Қазақстан Рес­публи­касының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ант қабылдау рәсімін трансляциялады. Тәуел­сіз Қазақстанмен бір мезгілде «Хабар» жаңалықтар арнасы өмірге келді. Мемлекет қана емес, сонымен бірге, жаңа ақпараттық кеңістік те құрылып жатты. Мемлекеттік телевизиямен қатар «Азия ТВ», «Отырар», «Дала», «Гульжан ТВ», «Крамдс Твин» тәуелсіз телекомпаниялар да ашылды, бірақ ХХ ғасырдың аяғына қарай олар хабар таратуды тоқтатты. 1994 жылы халықаралық жоба – «Алма-ТВ» телекомпаниясы пайда болды. «Алма-ТВ» телевизиялық хабар тарату жүйесіне бірінші абонентті қосқан 1995 жылдың 16 мамырын коммерциялық кәбілдік және жерсеріктік хабар тарату дәуірінің басталуы деуге болады. Дәстүрлі ТВ-мен салыстырғанда кәбілдік және жерсеріктік хабар таратудың мүмкіндіктері шексіз болып көрінеді. Кәбілдік телевизияның жаңадан дамып бастаған кездерде сигнал аналогты болатын, яғни ол кескін мен дыбысының сапасы  аса жоғары емес ескі теледидарлардың мүмкіндіктеріне толығымен сәйкес келетін. Нәтижесінде сигналды жіберу­дің аналогты тәсілі цифрлық тәсілмен толықтырылып, кейде толығымен ауыстырыла бастады.

Қазіргі теледидар, күн-түн демей, әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған арналарды бір мезгілде трансляция­лайтынын білсе, 30-жылдардағы адамдардың не дейтінін кім білсін?! 2000-жылдары алға жаңа – цифрлық хабар таратуға көшу міндеті қойылды. Қазақстанның ірі қалалары жиіліктік «аштықты» сезіне бастады, яғни жиілік жетіспейтін болды. Бір Алматының өзінде аналогты пішімде 12 телеарна мен 11 радиостанция хабар таратты. Шамамен саны сол мөлшердегі электрондық БАҚ астанамызда да жұмыс істеп тұрды. Эфирлік телевизия жаңа заман телекөрерменінің біртіндеп ішін пыстырды, бірақ телеарналар санын көбейтудің мүмкіндігі тағы жоқ, өйткені аналогты телеарналар жұмыс істейтін 50-850 МГц диапазонының жұмыс істейтін жиілігі жетпейді. Хабар тарату торына жаңа арналарды қосу дыбыс пен кескін жіберудің сапасына әсер етеді. Проблеманы тек цифрлық хабар тарату пішіміне көшу ғана шеше алатын еді. Ол жіберілетін сигналдың сапасын жақсартып қана қоймай, хабар тарату торындағы арналар санын да көбейтуге мұрсат береді. Бір аналогты арнаның орнына он бес шақты цифрлық арнаны трансляциялауға жол ашылады.

2012 жылы Қазақстан аналогты хабар таратудан цифрлық хабар таратуға көшуді бастады. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату жобасы аясында 827 станцияның құрылысын салу мен  жаңғырту жүр­гі­зіліп жатыр, олардың басым көп­ші­лігі қазірдің өзінде пайдалануға енгізілді. 

Тарихқа аз-маз саяхат цифрлық пішімнің өзі де бір күні өткен ғасырдың тренді болып қалатынын көрсетіп отыр. Сондықтан енді бір-екі жылда телевизия жаңа технологиялар және ақпараттық платформалармен селбесе конвергенттік медиалардың жаңа нысандары мен революциялық өнертабыстарға жол ашса, таңғалуға болмайды. ТВ автокөліктің мульти­медиа ойнатқышымен, смарт-сағат­тар­мен бірігуді бастап кетті, ал біз көп ұзамай қалаларда фантастикалық фильм­дердегі таңғажайып технологияларды көретін боламыз. Ең бастысы – ештеңеге жалтақтамай, уақытпен қатар жүру.

Р.Арыстанбай.

ТАНЫМ 19 қыркүйек 2019 г. 265 0