Туған жердей жақын, ұядай жылы

 Алаштың анасы атанған киелі өңір баспасөзінің қара шаңырағы, сүйікті газетіміз «Сыр бойы» тоқсанға толып жатқанда тебіренбеу, толқымау, қолға қалам алмау мүмкін емес екен. Өйткені көптеген әріптестерім сияқты менің де жазу-сызуға төселіп, осынау қиындығы мен қызығы қатар жүретін жорналшылық жұмыс­тың қыр-сырына қанығуыма, маман ретінде қалыптасуыма бұл басылымның ықпал-әсері аз болған жоқ. 

«Журналистиканың мектебі – аудандық газет» деген сөз бар. Осы орайда мен айтар едім, облыстық газет – журналистиканың университеті. Иә, расында солай. Бейнелеп айтқанда, мектеп бітіріп келген арманшыл жас жоғары оқу орнында білімін жетілдіріп, біліктене түсетіні секілді. Мұнда қойылар талап күшті, тақырыптар аясы ауқымды, географиялық өріс кең. Аудандық басылымнан аймақтың ата басылымына ауысқанда өз басым осындай хал кештім. 

Негізінен, «Ленин жолына» (қазіргі «Сыр бойына») орналасуда менің жолым болды. Ол кезде, сексенінші жылдары, облыстық дәрежеде бір ғана газет, бір ғана радио бар. Осындай, ақпарат құралдары саусақпен санарлық уақытта атынан ат үркетін бірегей басылымға бас сұғу дегеніңіз... айтпа... айтпа! Қолына қаламды енді ұстаған шикі өкпе, сары ауыз тілші түгілі осы кәсіптің жілігін шағып, майын ішкендердің де оңайлықпен орындала қояр арманы емес. Ал менің «Шіркін, «Ленин жолында» жұмыс істесем» деген ой-арманым көп күттірмей орындалды. Ойламаған жерден.

Облыс басшылығына Еркін Әуелбековтің келуі өңірімізге жыл құсындай жаңалықтармен демократиялық жаңарулар ала келгені белгілі. Қалыптасқан әдет бойынша, «Ертең анау ауданға, арғы күні мына мекемеге барам» – деп жарияға жар салып, аралап көретін нысандарын сақадай сай еткізіп, адамдарды алашапқын қылмай, қарапайым киініп көздеген жеріне бір өзі ғана ың-шыңсыз бара салатын бірінші хатшы журналистермен жүздесіп, хал-жағдайларын білу үшін бір күні газет редакциясына соғады. Сөйтсе «сатырлаған солдаттар». Яғни, бірыңғай ер адамдар. Солтүстіктен келген демократия­шыл басшы аң-таң қалып: «А где женщины?» – дейді ғой... Әрі қарай белгілі. Редакция дереу жолы жіңішке жорналшыларды іздей бастайды. Мен Сырдария ауданында радио­хабарын ұйымдастырушымын әрі газетте істеймін. Хабарды облыстық радиодан таратамыз. Тасбөгеттен қалаға келе жатып кіреберісте тұрған «Ленин жолына», ондағы жастардың жанашыр қамқоршысы, жауапты хатшы Шәкізат Дәрмағамбетов ағайға соғып, жазғандарымды беріп кетемін. Көп ұзамай жарық көреді. Соның нәтижесі шығар, Алматыдан радиохабар ұйымдастырушылардың бір ай­лық курсынан келсем, шақырып жатыр екен.

Редакция толы мүйізі қарағайдай қаламгерлер. Қара мақалалары мен көркем шығармаларын қызыға да құмарта оқитын өңкей сөз шеберлері. Осындай ортаға тап болғанда қуанасың ба, қорқасың ба? Әрине, жүрексінуім басым болды. Редакторымыз – Нұрділдә Уәлиев. Уақыт өте келе білгенімдей, темірдей тәртіптің, иік талаптың, ақты – ақ, қараны қара дейтін әділдіктің адамы. Байыптылығы, байсалдылығы, сырбаздығы өз алдына. Базбір басшылар құсап, қит етсе қабақ шытып, ойбайын салып айқайлап, стол сабаламайды. Тіпті, қатты да сөйлемейді. Жәймен, баппен салмақтап айтып отырып-ақ, сөзін сүйегіңнен өткізіп, санаңа жеткізеді. Қызығы, айналасына  «әскери тәртіп» орнатқан осынау қатал жетекшімен туған жерім бір екен. Сонан да бір әріптес ағамыз пыш-пыш әңгіме айтып:

– Білеміз, сені осында әкелген Нұрекең, екеуің де тереңөзектіксіңдер, – деп күйдірмесі бар ма. (Бейнебір мен ол кісіні танитындай).

– Жоқ, жоқ! Мені мұнда әкелген Әуелбеков. Еркін Нұржанұлы Әуелбеков! – деймін шыр-шыр етіп.

Табалдырығынан осылайша қорқасоқтай аттаған ата басылымнан үйренгенім, көргенім, білгенім, көкірегіме түйгенім аз болған жоқ. Тағы бір жақсы орайласқаны – өзімнің оңтайыма келетін «мәдениет» бөліміне алынғандығым еді. Бұл бөлім әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым, білім бағыттары бойынша жұмыс істейді. Менің қызыға, құштарлана, сүйсіне, қуана-қуа­на қалам тербейтін салаларым. Соның ішінде әсіресе өнер жағы өте жақын. Жас­тайымнан, тіпті бала кезімнен өнер десе, өлең десе құстай түлейтін іңкәр көңілім енді біржола, алаңсыз осы әлемге ауды. Ал, сонан кеп жазайын. Ықыластана, рахаттана, зыр жүгіріп тынымсыз ізденіп жүріп жаздым. Бұлайша шабыттанып, тынысымның ашылуына өз өлкеміздің өнер иелері ғана емес, сонымен қатар мәдениеттің, руханияттың ордасы Алматыдан әдебиет пен өнер тарландарының ат басын жиі бұруы да себеп болды. Иә, ол кезде облысымызға қазақ өнерінің хас шеберлері көп келетін. Осы реттегі ең әуелгі сұхбатым Кеңес­тер Одағының халық артисі Бибігүл Төлегеновамен болды. Әуежайдан өзінің алғашқы шәкірті, әнші Қаракөз Ақдәулетова екеуміз күтіп алып, қонақүйге бірге келдік. Аты аңызға айналып, даңқы шартарапқа жайылса  да әнші апамыз өте қарапайым, ашық-жарқын, тілшілерге тыжырынып емес, түсіністікпен, құрметпен қарайтын жан екен. Әңгімесінің арасында жарасымды әзілдері де бар. Осындай жылы жүздесудің, пейілді лебіздесудің, театрда өткен керемет концерттің әдемі әсері болар, интервьюім жаман шықпаған сияқты. «Бұлбұл үні тербеді Сырдың бойын» деген тақырыппен, суретімен беріліп, төртінші беттің әрін кіргізіп, мазмұнын байытып, едәуір бөлігін алып жарқырап тұрды.

Мұнан соң... мұнан соң мұндай интервьюлер мен мақалалардың қатары көбейе берді. Роза Бағланова, Байғали Досымжанов, Шолпан Жандарбекова, Қалтай Мұхамеджанов, Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Гүлжан Әспетова, Лидия Кәденова, Сұлтанәлі Балғабаев, Марат Омаров, Нұрлан Өнербаев және басқалармен сұхбаттасудың сәті түсті.

Айтып отырмын ғой, ол уақытта өңірімізге әдебиет пен өнер өкілдері жиі соғатын. Ал олардың келуі көрермендер мен оқырмандар қауымымен қоса біздің газетіміздің ұжымы үшін де үлкен қуаныш, мерейлі мереке. Неге десеңіз, келген қонақтардың көбі редакция­ға бұрылмай кетпейді. Сонда бұл мерейлі мереке емей не?! Расында, саңлақтарды сахнада көріп, өнерін тамашалаған бір басқа да, дәл жанында бетпе-бет отырып шүйіркелескен бір басқа.

Театрлардың гастрольдік сапарлары бір айға созылады. Ай бойы тілшілерге тыным болмайды. Күн сайын қойылым. Спектакльдер көріп, қарық боп қаламыз. Алған әсерімізді және жекелеген актерлар мен актрисалар туралы жазамыз.

1986 жылдың тамыз айында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры өзінің 60 жылдық мерейтойлық гастролін театрдың шаңырағы көтеріліп, тұсауы кесілген жер – Сыр елінде өткізді. Әртістер келетін күнгі нөмірге «Хош келдіңіздерден» бастап айшықты айдарлармен айқайлатып тұрып материалдар бердік. Осы жерде бір «қызық» болды. Үшінші бетке СССР халық артистерінің суреттерін қатарластырып қойып басқанбыз. Сәбира Май­қанова, ­Хадиша Бөкеева, Ыдырыс Ноғайбаев, сонан кейін тұрған Шолпан Жандарбекова. Осы кісіні Шара Жандарбекова деп жіберіппіз. Қателескенімізді газет қолымызға тигенде бір-ақ білдік. Қатты өкіндік. «Өте ұят болды» – дедік. Бәрібір амал қайсы, шығар газет шығып кетті. Сонда редактордың бірінші орынбасары, әдебиет, мәдениет жағына жетекшілік жасайтын Әскербек Рахымбеков ағайдың жәймен ғана:

– Әй, Құрекең де (Құрманбек Жандарбековті айтқаны) аттары кілең «Ш»-дан басталатын әйелдерді алғанын қарашы. Екі ортада біз жаңылыстық, – дегені. Сол-ақ екен, қынжылып, көңіл-күйіміз түсіп тұрған біз сылқ-сылқ етіп, жадырап, күліп жібердік.

Сапарларының тәмамдалар тұсында әуезовтік артистердің бір тобымен редакцияда кездесу ұйымдастырылды. Шолпан Жандарбекова да келді. Сахна шеберлері өнер мен мәдениет турасында мазмұнды әңгімелер айтып, аймағымыздан алған әсерлерімен бөлісті. Жастар жағы жарыса жыр оқып, сызылтып ән салды. Қысқасы, бұл ұжым мүшелеріне рухани ләззат сыйлаған әдемі бір кеш болды. Ал мен Шолпан апамыз бірдеңе деп қоя ма деп жүздесу аяқталғанша қылпылдап, иненің ұшында отырдым. Абырой болғанда, әйтеуір ештеңе демеді. Гүлдерін ұстатып, ескерткішке суретке түсіп, қайта-қайта алғысымызды айтып, ризашылығымызды білдіріп шығарып салғаннан кейін барып, «уһ» деп демімді бір-ақ алдым.

Келер жылдың көктемінде Райымбек Сейтметов бастаған Қазақ Мемлекеттік жастар мен балалар театры, онан кейін Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жолы түсті. Газетіміздің беті тағы да өнер мен өнер иелері жайлы сырлы жазбалармен толықты. Тағы да таланттармен дидарласып, жан-дүниеміз жасарып, және бір байып қалдық.

Ал бір күні... бір күні «Ленин жолына» Фариза... Фаризажан... Фариза қыз келді. Ақынды бұған дейін де, студент кезімізде, университеттегі кездесулерде, Жазушылар одағында, кітапханаларда өтетін әдеби жиындар мен поэзия кештерінде талай рет көрдік қой. Бірақ, бүгінде сондай шығармашылық ортадан, өлеңді ортадан жырақта жүргендіктен бе, мына жүздесу мүлдем басқаша әсер етті.

Басқосуды өзі қанша қатал болғанмен жүрегі нәзік, жақсы жырға, әуезді әнге құмар Нұрділдә ағай поэзия падишасының:

Халқымның нәрін іздесең,

қасиетті қанын іздесең,

анамның тілін іздесең,

бабамның жырын іздесең:

уақытқа көнбей сары далам,

ұрпағым мәңгі мәнімен,

қанымен, әрлі әнімен

қалса деп жанды қармаған

өлкені жерден іздесең,

іздейтін ұрпақ біз десең –

Қызылордаға барғайсың! – деп басталатын әйгілі «Қызыл­орда» өлеңін оқып ашты.

Кез келген уақытта, кез келген қауымға жылы қабақ танытып, жарасып кете қоймайтын асқақ рухты, Махамбет мінезді өр ақын сол күні жақсы шешілді. Кесек, кесек кемелді ойлар мен жасындай жарқылдаған найзағай жырлар күнделікті күйбеңмен кіреукеленіп, көрбілтеленіп бұйыға бастаған сана-түйсігімізді осып-осып тілгілеп, сілкілеп оятқандай болған сонда...

Ал ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртаза мен тек қазақтың ғана емес, түгел түркінің бас ақыны атанған Мұхтар Шахановпен өткен кездесуді қаламдастар көпке дейін тамсанып айтып жүрді. «Қазақстан әйелдері» журналының редакторы, жазушы Алтыншаш Жағановамен жүздескенде нәзік жандыларға немқұрайлы қарамайтын кейбір жігіт-ағаларымыздың ол кісінің өзгелерге ұқсамайтын болмыс-бітіміне, келісті келбетіне кірпік қақпай қадалып, көздері тұнып, дем ала алмай қалғандары есімде. Былайғы қыз-келіншектерден даусы да, қимыл-қозғалысы да ерек, бидай өңді жүзінен бір бекзаттық есетін жазушының сол кездегі (қазіргі емес!) түр сипатын мен де ұмыта қойған жоқпын. Ер болсын, әйел болсын, жанды болсын, мейлі жансыз болсын, әйтеуір әдемілік, сұлулық көрсек қызыға да сүйсініп көз суарып, сезім-тереземіз сәулеленіп, содан кішкене, үтірдей болса да бір ой түйіп, әсерленіп қалатын әпенде-қиялилар емеспіз бе?

Міне, облыстық басылым осындай тағылымды шараларымен де адам тәрбиелейтін, қауырсын қаламдарды ұштай түсуге ықпал ететін.

Газетте мен жұмыс істеген уақыт нағыз дүбірлі кезең болды. 1985 жылы Кеңестер Одағында, елімізде қайта құру басталды. Онан соң дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасы. Азаттықтың осы алғашқы қарлығаш-қозғалысының теңдессіз, баға жетпес нәтижесі – еліміздің тәуелсіздік алуы! Осынау ұлы өзгерістердің бәрі басқа да ақпарат құралдары сияқты біздің басылымда да тиісінше жарияланды. Бұл тарихи оқиғаларды бекерге тізбектеп айтып отырған жоқпын. Себеп – бұл кезең журналистер қауымына оңай соқпады. Үнемі тілге тиек ететін халықтың басына түскен экономикалық, әлеуметтік ауыртпалықтар емес, жо-жоқ, мүлдем басқа. Ең бастысы – жазуымызды, яғни негізгі жұмысымызды жаңалау, өзгерту қиын болды. Өзіңіз ойлаңыз­шы: «КПСС XXVII сьезінің шешімдерін жүзеге асыруға лайықты үлес қосу үшін күндік нормасын 120-150 процентке орындады», «Лениндік коммунистік партия Совет халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуді басты міндеті санайды» немесе «Бүкілодақтық социалистік жарысқа қосылған коллектив еңбек өнімділігін арттыра отырып бесжылдықты табысты қорытындылады» деген сияқты сірескен сөйлемдермен жазылатын, жазылуға тиісті, материалдарға бейімделген басымызды, ойлау жүйемізді қасаңдықтан арылтып, жаңалау, жаңа талаптарға сәйкестендіру үшін уақыт керек қой. Ал газет уақытты күтпейді. Күнде шығады. Аптасына бес рет. Десе де, қыраулы қыстың соңынан қашанда шуақты көктем келетініндей, сол уақыттағы газетіміздегі оң өзгерістер мен орынды жаңалықтар бұл қиындықтарды нөсерлеп құйған ақ жауындай жуып-шайып, жеңілдетіп жіберді. Жеңілдеткеніңіз не, ол жаңалықтардың әрбіріне «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай» қуандық. Ең әуелі айдың аттары қазақшаланды! Бұл игілікті істің бұлайша жеделдетіліп жүзеге асуына кабинеттес ақын Мұхамеджан Нұрханов екеуміздің Әскербек ағайға:

 

– Әсеке, тыңдаңыз­шы, нау­рыз, сәуір, маусым, қараша, желтоқсан деген сөздер қандай әдемі, тұнып тұрған поэзия емес пе?! Осыны Нұрділдә ағайға түсіндіріп айтыңызшы (ол кісіге өзіміз де бір-екі рет айтқанбыз, үнемі алдына бара беруге батылымыз жетпейді), – деп қайта-қайта құлаққағыс қыла беруіміздің септігі тиді.

Ол ақжолтай сәт – 1990 жылдың алғашқы күні! Қараңыз: басылымның мұның алдындағы саны «№250 (14139) сенбі, 30 декабрь, 1989 жыл» деп шыққан тұғын. Ал келесісі «№1 (14140) дүйсенбі, 1 қаңтар, 1990 жыл» болып  жарқ етті! «Ақ түйенің қарны жарылды» деген осы шығар. Иә, сондағы көл-көсір қуанышымызды, селдеген сезім-толқынысымызды сөзбен жазып жеткізу мүмкін емес.   

Сол күні газет бетіне ұлан-ғайыр далада қилы-қилы жол жүріп адасуға айналған, әбден шаршаған, қап-қара көздері көгіс тарта бастаған ұлтымыз­дың тіл-көшінің кішкене бір ауылы кеп қонғандай болды. Қазақтың қоңыр үнінің қоңырауы қағылғандай болды. Сол кішкене ауылға ат шалдырып, қоңыр үннен қуат алып, көп ұзамай басылымның бірінші бетіне ірі-ірі қаріптермен баттиып терілетін «Информация­лық хабар» деген сөзді «Ақпараттық хабар» деп жаздық. Бұл күнгі қуанышымыз алдыңғыдан асып кетпесе бір мысқал да кем болған жоқ. Ал арада бір жыл тоғыз ай өткенде, яғни 1991 жылдың 24 қыркүйегінде газет паспортындағы күн көсемнің есімін күресінге лақтырып, ежелгі «Сыр бойымен» көз­айым болдық. Бұрынғыдай қатып қалған қара түсті ресми жазу емес, көгілдір бояумен айшықталып таңбаланған жаңа да байыр­ғы атауды көргенде жүрегіміз жарылуға сәл қалып, төбеміз көкке бір-ақ елі жетпеді.  

Міне, ғасырға жуық уақыттан бері Сыр шежіресін шертіп келе жатқан басылымда еңбек еткен кезеңде біз осындай сәр­уар сәттерді бастан кешірдік. Газет тарихында алтын әріптермен жазылатын қадау-қадау оқиғалардың куәсі болдық. Осы үшін де, осында өткен жастық жігерге, құштарлыққа толы жалынды, шабытты, думанды да дүрмекті жылдарым үшін де «Сыр бойы» маған қымбат. Жүрегіме туған жердей жақын, ұядай жылы.

Несібелі РАХМЕТ,

Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі,

Қазақстанның  Құрметті  журналисі.

ТАНЫМ 05 қазан 2019 г. 79 0