Бұқараға белгілі Бозжан би

Таңсәріде Қызылорда қаласынан күншығысты бетке алып жолға шықтық. Бағытымыз – кезінде ел жайлап, атақоныс болған  Мойынқұм, Қарақұм. Жол талғамайтын көлікте сегізбіз. Алдыңғы көлікте 82 жастағы қария Кәрібай Аяхметов, облысқа белгілі кәсіпкер Алмаз Рахмет, еңбек ардагері Мектепбай Бошқаев және жүргізуші Бауыржан бар. Ал екінші көлікте ҚР мәдениет саласының үздігі Сансызбай Сәдуақасов, кезінде Іңкәрдария қой сов­хозында зоотехник болған Уәли Қонақбаев және жүргізуші Мұрат төртеуміз. Бұл кісілердің жолға шыққандағы мақсаты – атажұртқа табан тіреп, Сыр және Арқа өңіріне белгілі болған Бозжан би басына белгі қою.

Қаладан ертерек шыққанда таң енді ғана қылаң берген еді. Облыс орталығынан ұзай бергенде күн ұясынан қызара шықты. Күншығысқа қарсы жүрген соң көз аштырмай, шағылысып келеді. Жан-жақты барлап, ен даланың ой-қырына көз жү­гірт­кенмін. Қариялардан естуімше, ау­данға қарасты Қарақұм, Мойынқұм, Арысқұм жері – бұрынғы атажұрт. Мұнда ел қоныстанып, аудан халқы көшіп барып, тіршілік қайнаған. Ерте көктемде қойшы, малшылар қырға қарай шығып, жаз жайлауын өткізіпті. Жері сулы, нулы болған соң бұл маңды Арқа жақтың елі де қоныстанып, екі ел ауылы аралас, қойы қоралас тіршілік кешкен. Ал қысқа таман қырды жай­лаған жұрт Сырға құлап, дария бойын мекен еткен. 

Жол үстінде бұл әңгімені мәдениет сала­сының ардагері жандандырды.

– Біздің бара жатқан бағы­тымыз – бұрынғы атақоныс. Ке­зінде Қараөзек дариясы бойымен ел Қарақұмға келіп, қоныс тепкен. Осындағы Мо­йын­құм, Арысқұм бойында Арқа хал­қы мен Сыр жұрты тіршілік еткен. Міне, сол заманда көптеген елге белгілі тұлғалар өмір сү­ріп, халықтың мұң-мұқтажын түгендеп отырған. Солардың бірі – Найманұлы Бозжан би. Ол кісі жас кезінде Арқа, Қостанай, Қоянды жәрмеңкесіне дейін барып, сол жақтағы ағайындармен араласып-құраласқан. Діни са­уатты, табиғатынан елгезек Боз­жан би сол кездегі аты аңызға айналған Бұқарбай, Сейіл батыр­лармен, Шортанбай, Қыр­ғи билермен, Бәймен, Қалжан ахун­дармен, Құнанбай қажы­мен сый­ластықта болған, – деді. Бозжан бидің елге белгілі Құнанбайға берген батасын тарқатып айтты.

Аға сұлтан мұсылмандық парыз – қажылықты өтемекке барар жол­да қазақ даласына есімі белгілі Мырқымен Сыр бойында кездеседі. Бұл кезде Құнанбай діни біліктілігімен елге танылған Қалжан ахунды сырттай естіген. Осы сапарда Абайдың әкесі ахунмен дидарласуға ықыласты болып, ауылына келіпті. Қалжан ахунның уағыздарына көңілі толған Құнанбай:

– Ау, шырағым Қалжан, баратын жеріміз алыс. Сен бізге шариғаттан үлкен өнеге айттың, Алла разы болсын! Біз тұралық, бата беріңдер! Батаны Қалжан шырағым, сен бересің және батаны берген кезде «менің сүйегім Меккеде қалсын» деп бергін. Иләһи әмин? – дейді.

Аға сұлтанның бүкіл сұра­ғына мүдірместен жауап беріп отырған Қалжан ахун осы сәтте ұмтылып барып, іркіліпті. Батада «өл» деген жүрмейді. Мұны байқаған Бозжан би:

– Ау, шырақтарым, бұған кідіріп болмас. Бұл батаны біз берейік. Ер тілегі болса, қалсын, ел тілегі болса, келсін, – деген екен. Бұған Құнанбай қатты риза болыпты. Құрметті меймандарды шығарып салып тұрған шақта Қалжан ахун Бозжанның қолын қыса беріп:

– Ау, ағажан! Өзіміз сияқты от оттап, су ішіп жүргеннен кейін қадіріңді білмеппіз ғой. Бес уақыт намазымда саған Алладан рақмет тілесем болады екен. Тұншығып бара жатқан жерде дем бердіңіз ғой,  – деген екен.

Қажылық сапарда халық тілегі қабыл болып, Құнанбай еліне келеді. Қайтар тұста да осы Сыр бойымен жүріп, бабаларға тәу еткен. Сол сапарда қасында Бозжан би жүрген деседі.

ХІХ ғасырда өмір сүрген от ауыз­ды, орақ тілді Бозжан Найманұлы қарапайым халық­тың тілеуқоры бо­лып, әркез әділ төрелік айтып отыр­ған. Ел ішіндегі болыстардың озбыр­лығына қарсы шығып, орыстың ояз­дарына тікелей талап қоя білген. Осындай қасиетімен бай-болыстарға жақпай, Арқада Құ­нанбай елінде ағасы Шаншармен бірге өмір сүреді. Кейіннен елге оралып, Қарақұмның Нұра табанында тіршілік етеді. Міне, сол жерге барып, баба рухына тағзым етіп, белгі қоюды қос көліктегілер мақсат етіп келеді.

Жолаушылардың ішінде жол бас­таушы – Мектепбай Бошқаев пен Уәли Қонақбаев. Алғашқысы Қарақұмда туылып, ер жеткен. Бірақ 1992 жылдан кейін атамекенге бара жатқаны осы. Ал Уәли аға бала кезінен сол топырақта қой баққан, сайы мен қырқасын жақсы біледі. Бұл кісінің де Қарақұмға табаны тимегелі отыз жылға жу­ықтаған. Бір қызығы, екеуі де кезінде Жалағаш ауданына қарасты Қаракеткен ауылы ар­қылы Қараөзек дариясын бойлай Қарақұмға жететін жолды жақсы біледі де, қала арқылы барып көрмепті. Бірақ Құмкөлдің жолымен Қызылқияға жетсе, әрі қарай оңай табатынын айтты. Оған қоса, ауылдан шығарда Сансызбай аға осы маңның әрбір төбесін білетін Төлебай ақ­сақалдан және Басқынбай ақ­сақалдың зайыбы Зейнекүл әжейден Бозжан бұлағына баратын жолды сұрастырып, қағазға түсіріп алған.

Жол бастаушылардың нұс­қауы­мен Тұзкөл, Ақша­бұлақты артта қалдырып, Арысқұмның Қызылқия шетінен бір-ақ шық­тық. Құтты мекен қазір мұнайлы аймаққа айналған. Өйткені жол бойы мұнай бұрғыланып, сам­саған ауыр көліктермен «қара алтын» тасымалдануда. Тіпті, ен далаға арнайы пост орнатылып, әрбір көлік тексеріледі екен. 

Қызылқияға жеткеннен кейін ба­тысқа қарай жүрдік. Межелі жерге төтелеп салу үшін алды­мен Тыныш­тықбай жеріне жету керек болды. Мұнда мұнай­шылар әр жерден жол сала берген. Содан болса керек бұрынғы сүрлеу жолдардың ізі білінбейді. Тыныштықбайда кезінде әскери бөлім болған екен. Уәкең соны тапсақ әрі қарай төтелеп жол саламыз деді. Айтқанша болған жоқ, бірнеше аттың күші бар алып көлікті тізгіндегендер әп-сәтте тек жұрнағы қалған әскери бөлім орнына жеткізді. Содан солтүстікке бағыт алып, ойлы- қыратпен Мойынқұмға жол салдық.

Тақыр жол. Теп-тегіс. Кә­дімгі асфальт жол секілді. Күні бойы ойлы-қырлы жолдан шаршаған жүргі­зушілер тақыр­да жылдамдықты арт­тыра түсті. Осыны аңғарған Сансыз­бай аға:

– Кезінде қойшыларға ауыл­дағы екі-үш шопыр қатынап тұ­ратын. Оның ішінде Ахмет деген шопыр болды. Ұлты – шешен. Жұртшылық «Ахмет шешен» дейді. Қайда барса да асықпайтын көрінеді. Сол кісі осы жолмен жүргенде «Ай, бір тақырда 30-40-пен бастым» дейтін көрінеді, – деп көлік ішін­дегілерді күлкіге қарық қылды. Содан кейін:

– Ә-ә, сүрлеу жолға түстік, – деді. Артта 200 шақырым жол­ды қалдырғанбыз. Күн қақ төбеден ылдилай түскен уақыт. Шаңдатып отырып Жыңғыл­дыбұлақ басына келіп тоқтадық. Мектепбай аға көліктен түсе салысымен:

– Мынау – өзіміздің Жыңғыл­дыбұлақ. Бұрындары бұл жердің бәрін су алып жататын. Қайран, атақоныс! – деп кең тыныстап, осы маңдағы скважинадан шө­лін қандырды. Бәріміз де суды рахаттана ішіп, әрі қарай жолымызды жалғадық. Жолбастаушылар әр төбені таныстыра бастады. Сансызбай аға жазып алған қағазына қарап басын изеп қояды. Қоғалыкөлден асып, Табақбұлақ, Төлегентөбеден өттік. Со­дан кейін екі-үш төбенің маңайына келіп, Бозжан бұлағын іздей бастадық. «Осы болар» деп бір биігіне шықтық. Ауылдағы Төлебай ақсақал «Бозжан бұлағының басында сексеуілден қаланған екі-үш бейіт болу керек» деп айтқан. Төбенің аласарған тұсынан Мек­тепбай аға сол бейіт орнын тауып, қуанғаннан «Бозжан бұлағы осы» деп айқайлап жіберді. Баба рухына тағзым еткелі келген жолаушылардың бәрінің көңілі жайланды. Бозжан бұлағының негізін де тапты. Әлі де ылғалданып жатыр екен. Төбе басында жол бастаушы ашыла сөйледі.

– Бұл – әкелеріміз атын суарып, аналар су алған қасиетті жер. Кімнің табаны тимеді дейсіз бұл жерге?! Жақсылар мен жайсаңдар бас қосқан мекен. Солардың ішінде Бозжан би осы елге мәшһүр болған. Осы маңды мекен еткен. Енді ата-баба алдындағы парыз ретінде «кейінгі ұрпақ білсін» деген ниетпен белгі қоюды мұрат еттік. Сол біздің буынға бұйырып, абыроймен атқарып отырмыз, – деді.

Біз барған тұс – Мойынқұм жері. Расында, табиғаты тамаша! Шөбі шүйгін, нағыз малжайылымдық жер. Табаны сулы, нулы болғаны аңғарылады. Қазір кезіндегі көлдер тартылғанымен орны бар екен. Жерұйық іздеген Асан қайғы осы маңға келіп «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен» деп баға берген секілді.

Бұл маңды «Мыңбұлақ» деп атайды екен. Себебі бұлақ көп. Теңізбай құдығы, Байболат құдығы, Жалмауыз құдығы, Қара құдық, Итқара құдығы, Сәрсенбай бұлағы, Қарға бұлағы деп жалғасып кете береді. Осы­ның ішінде жол бастаушылар Жалмауыз бұ­лағының тарихын тарқатты. Бұ­ған бір отбасы түсіп кеткен деседі. Құдыққа өгіз құлаған. Соны шығарамыз деп қыз түседі, артынша атасы, әжесі түсіп, шықпай қалады. Ол кезде құдықта метан газы бола­тынын білмесе керек. Со­ған тұншығып, бір отбасыны жалмаған құдық жалмауыз атанған екен. «Одан кейінгі Қара құдыққа да таңғалмасқа болмайды» дейді қариялар. Себебі, төбе басына дейін, яғни жерден біршама биіктікте су шығып тұр екен. Бұл да – бір Құдайдың құдіреті.

Жалпы, айта берсе киелі, құт­ты атажұрттың тарихын тауыса алмайсың. Топырағын түр­те қалсаң, тарих. Мұны бір ма­қала шеңберіне сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан тағы бір жол түскенде кеңінен тарқа­туға уағдаластық. Ал төбе басында Кәрібай ақсақал Бозжан бидің өмір жолын айтты. Одан Тайлақбай, Құдайберген, Алдаберген, Тәңір­бер­ген тара­ғанын жеткізді. Құдайбер­ген­нен тараған Нұрмұхамбет ел егемендігінің негізін қалауға елеу­лі үлес қосып, мемлекет және қоғам қайраткері атанғанын айтты. Ал Жол­мұхамбет (Жол­тай) Бозжанов қа­зақтың қаһар­ман батыры Ба­уыржан Момыш­ұлының қандыкөйлек қа­рула­сы, политругі болғанын тілге тиек етті.

Ақсақал осындай игілікті іске ат­салысқан бауырларына ризашы­лығын білдірді. Сондай-ақ, барлық істі ұйым­дастырып, 300 шақырымдағы ата­қонысқа жеткізген белгілі кәсіпкер А.Рах­метке алғыс айтты. Төбе басына белгі қойылып, баба рухына Құран бағышталды. Ой­дағы іс орындалған соң құт мекен қонысты артта қал­дырып, қалаға қарай бет алдық.

Бір қуанғаным, бұл кісілер ата-баба алдындағы парызды абыроймен орындады. Ал аудан төңірегінде іздеушісіз жатқан қаншама тұлға бар екенін кім білсін?! Оларға да осындай құрмет жасалып, белгі қойылса, кейінгі толқын ата-баба ерлігін еш ұмытпайтыны анық. Тек елге еңбегі сіңген сол қайраткер тұлғалар іздеушісіз қалмаса игі.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ.

Сырдария ауданы.

ТАНЫМ 14 қараша 2019 г. 247 0