Еңбекқорлық – ерек қасиет

Бір баланың өнерін, жақсы ісін байқаса «тұқымында бар» деген сөзді халқымыз жиі айтады. Ол жақсы не жаман қасиеттердің тұқым арқылы беріліп жататынын байқатса керек.

Алайда, ата-бабасы қойшы болса, оның тұқымынан ешқандай атақты немесе лауазымды тұлға шығуы мүмкін емес деуге болмайды, әрине. Өйткені, небір ақын-жазушы мен ел басқарған басшылар осы малшының балалары. Қой бағып жүріп ой баққан шопаннан туған балалар елден ерек болып, дара дарынымен, елден ерекше қасиеттерімен бөлектеніп жатады. Ондай талантын ол мойнына бұршақ салып, әулиеге түнеп, қорасанға қой айтып тілеп алмаған болар, сірә.

Жалпы таланттың екінші аты – еңбек, содан соң адал ниет. Түймедей талантың бола тұрып оны дамытпасаң азамат болып алға шығу қиынның қиыны. Ал бір іске ындының артып, оны жан-тәніңмен сүйіп, тер төге еңбек ететін болсаң, сенен қадірлі Адам болмайды. Осы жерде Оралхан Бөкейдің «шын талант жетекшісіз-ақ мұратына жетер» деген сөзі ойға оралады. Ал одан әрі алсақ, Абайдың том-том кітапты көзмайын тауыса оқып, неше түрлі поэмаларды жатқа айтқанын білеміз. Міне, ол «әкем болыс екен» деп жатып алмады. Үнемі жетілу үстінде жүрді. Бұдан шығатын қорытынды: бір істің маманы болғыңыз келсе, салаңызға байланысты қандай да бір істі күнде істеңіз әрі әдетке айналдырыңыз. Біздің әр күніміз – баға жетпес байлыққа тең. Осы байлығымызды қоғамға пайда келтіруге жұмсау – естілердің міндеті.

Думан КЕҢШІЛІК.

ТАНЫМ 07 қаңтар 2020 г. 350 0