Соғыстың нүктесін қойған Қошқарбаевтың ұрпағы қайда жүр?

  360 метр. Бұл – Жеңіс туы тігілген Рейхстаг пен Гитлер үйінің арақашықтығы. Екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесін қойған қазақтың қайсар батыры, лейтенант Ра­қым­жан Қошқарбаев пен қызыл әскер Григорий Була­тов­тың жау ұясына жалау тігуі от пен оқ теспеген кеуделерінің  құрметке лайық екенін көрсетеді.

Даңқты батыр Ра­қым­жан Қошқарбаевтың дүние сал­ғанына 30 жылдан астам уақыт болды. Халық қаһар­манының аңызға айналған ерлігі мен табан­дылығын, кес­кі­лескен шай­қас­тар­дағы жауын­герлік келбетін дүйім жұрт жақсы біледі. Алайда батыр­дың бүгінгі жалғасы – тікелей ұрпағы туралы көпшілік біле бермейтіні даусыз.

Қошқарбаевтың 

екі не­ме­ресі бар

Отбасы туралы айта бас­тағанда Дәурен нағашы атасы Рақымжан Қошқарбаев пен батырдың қызы, өзінің анасы Әлияның арасындағы басты ұқсастықты тәрбие беру бағы­тымен байланыстырды.

Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқытушы болған Рахила Сейдахметқызы Яхина мен батырдың отбасында Әлия есімді  қыз тәрбиеленген. Әлия Рақымжанқызы Қош­қар­баеваның екі ұлы бар. Оның бірі – 29 жастағы Дәурен Қош­қарбаев.

Біз әңгімеге тартқан ба­тыр­дың бүгінгі жалғасы Дәу­рен «Алаш Медиа Груп» ме­диа холдингінде жоба­лар менеджері болып жұ­мыс істейді. Мамандығы ин­­тер­нет сауда саласында жаңа жобаларды жүзеге асы­румен тығыз байланысты. Мек­тепте оқып жүргенінде, түрлі ма­те­ма­тикалық олим­пиа­далардың жүлдегері болған екен.

«Алматы қаласында дү­ниеге келгенмін, сонда өс­тім. Он  жасқа толғанша, 1988 жылға дейін атамыз тұр­ған пәтерде өстім. Дос­тық, 42 деген мекен-жай­дағы сол үйде Рақымжан Қош­қарбаевтың тұрғандығы жөнінде мемориалдық тақта орнатылған», – дейді Дәурен.

«Атамның үйіне қонақ көп келетін болған»

 

Дәуреннен атасы туралы анасының естеліктерін сұра­ға­нымызда, ол Қошқарбаевтың соғыс туралы көп әңгіме қоз­ғамағандығын айтты.

«Атам адамдармен тез тіл табысқыш әрі бала күнінен бері еті тірі болған. Балалар үйінде өскен, сондықтан тентек болып өсті деуге болады. Жігерлілігі, тапқырлығы, кез келген уақытта нақты шешім қабылдай алуы сын сағаттарда өз көмегін тигізген. Соғыстан кейінгі жылдары Алматыда тұрған. Көзі тірі кезінде билік оның ерлігін ресми түрде мойындағысы келмеген. Өйткені «Халық жауының» ұлын, ұлты қазақ батырды құрметке бөлеуді биліктің саяси режимі қолайламады. Бірақ оған бола, менің атамның сағы сынбаған. Себебі ол өмір сүруге құштар, айналасын шаттық пен қуа­нышқа кенелтіп жүретін адам болды. Атамның үйіне қонақ көп келетін. Достарының қатарын Бауыр­жан Момышұлы, Қасым Қайсенов, ұшқыш А.Маресьев секілді сол дәуірдің алтын адамдары толықтырған», – деп өзі білетін мәліметтермен бөліскен Дәурен әңгімесін әрі қарай жалғады.

«Атам соғыс кезінде жү­ріп, ерлік туралы ой­лады деп айта алмаймын. Бұй­рықты орындап, тірі қалуды көздеген. Рейхстаг ала­ңын­дағы тоқтаусыз жары­лыс­тардың арасында батыл қа­дамға баруды елестетудің өзі қиын. Атам жағдайға қарай анық шешім қабылдай ала­тындықтан, нақты әрекет жасауға көшкен. Бұйрықты орындау барысында, тірі қалу­дың кішкене мүмкіндігіне үміт артқан. Алайда Рақымжан Қошқарбаевтың тұлғалық бол­мысына қарап, соғысқа дейін де, соғыстан кейін де нағыз батыр болғанын аңғару қиын емес».

Рақымжан Қошқарбаев «Алматы» қонақ үйін 21 жыл басқарған  

 

Рақымжан Қошқарбаев 1967 жылдан 1988 жылға дейін сол  кезеңдердегі ең танымал «Алматы» қонақ үйін басқарған.  Қызығы, бір кездері Дәурен атасы негізін қалаған және директор болған қонақ үйде уақытша жұмыс істеген.

Дәурен үнемі өзін-өзі же­тілдіруге, түрлі салаларда өзін шыңдауға көп күш жұмсағанды, сондай-ақ өз ісінің шебері болуды қалайды. Арқасүйер азамат, үлгілі аға, адал дос болу өмірлік мақсаты екенін айтты. Ал басты арманы – жақын адамдарын қорғау арқылы жанына жайлы өмір сүру.

«Анамның ұйғарымымен, атамның тегіндемін. Бола­шақта менің балаларым да осы фамилияда болатыны дау­сыз. Атамның тегі – мен үшін үлкен жауапкершілік. Елі­нің лайықты азаматы болу, жақындарына қамқорлық та­ныту, адамгершіліктен ат­тамау – барлық адамға ортақ парыз», – деп Дәурен өз ойын қоры­тын­дылады.

 

Гауһарай ЕСІМОВА,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы.

ТАНЫМ 08 ақпан 2020 г. 494 0