Ауыр сыннан өткендер

Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің жұмысы құпия бол­ған­дықтан, зейнеткерлері мен арда­герлері туралы ашық жазуға мүмкіндік болған жоқ. Сол себепті, басым көпшілігінің есімдері елге танылмай, еңбектері еленбей келгені рас. Қанша жыл өткенімен, ґлдеқашан дүниеден озған алдағы буын ағаларымыздың атқарған құпия жұмыстарын бүгін де көпшілікке жария етуге болмайды. Өйткені, тґуелсіз еліміздің қауіпсіздік орган­дарына кесіріміз тиіп кетуі мүмкін. Дегенмен, өмірден өткен ардагер ағаларымызды еске алып, ізгі қасиеттері мен өне­гелі өмір жолдарын баян етуді жөн көрдік.

Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінде 25 жылдай жұмыс істедім. Бұл жұмбақ мекемеге жетпісінші жылдардың орта шенінде келдім. Басқарма бастығы полковник Қозеке Бишім­баев жылы қабылдап, бө­лім бастықтары, подпол­ков­никтер Мұрат Берғалиев және Қуандық Пікір­бековпен таныс­тырды. (Сол кезде басқармада екі-ақ бөлім болатын). Олар мені бірден қамқорлығына алды. Екеуі де сауатты, білімді кісілер екен. Ақыл-кеңес беріп, жаңа қыз­метті тез меңгеріп алуға кө­мектесті. Айта кету керек, қауіпсіздік органдарында ұс­таз­дық немесе жетекшілік деген болмайды. Қызмет­кер­лердің жұмысына, тікелей бас­тық­та­рынан басқа адам ара­ласып, көмек көрсетуге тыйым са­лынған. Себебі, оларға тап­сы­рылған жұмыс құпия болып саналады. Әріптестері бір-бірінің немен айналысып жат­қанын білмеуі керек. Тіпті, тәжірибелі  қызметкерлер ка­бинетіне біреу кіріп келсе, жазып жатқан бетін көрсетпей, қағаздарын аударып қоятын еді. Дегенмен, жас қызметкерлердің қиналып жүргенін көріп, аға­ларымыз қызметіне бай­ланысты оларға бағыт-бағдар беріп, жаз­ғандарын түзетіп, кейде тү­гелдей өздері жазып беретін. Пікірбековтің жаңадан қабыл­данған жас қызмет­кер­лерге осындай «жасырын» ұстаздық көрсетіп жүргенін талай көрген едік. Сонымен қатар тамаша әңгімеші еді. Біз білмейтін, естімеген, сыры ашыл­маған әңгімелер айтатын. Қауіпсіздік ­орган­дарының қо­лы­мен жүр­гізілген репрес­сияның себебі мен салдары туралы алғаш рет осы кісіден естідік. Кезінде Балтық жаға­ла­уындағы «Орман бауырлары» бандаларымен бет­пе-бет со­ғыс­қан (1945-1947 ж.ж.) және Тәжікстанның Таулы  Бадахшан аймағындағы Кеңес өкіметінің жауларымен және Ұлы Отан соғысы кезіндегі дезертирлер мен Қызыл әскерге шақырудан бас тартып, қашқан адамдарға қарсы жүргізілген операция­ларға қатысқан. Қа­уіпсіздік органдарында 37 жыл жұмыс жасаған, тергеуші болған, кадр бөлімінде жұмыс істеген, кейін басшылық қызмет атқарған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері. Қазір қамқорлығын көрген ардагерлер кездескен кезде Пікірбеков ағамызды еске алып, мақтанышпен айтып отырады.             Басқарма қызметкерлері қарсы барлау бөлімінің бастығы Берғалиевке ерекше ізет көр­сететін еді. Әріптестері оның ізгі қасиеттерін жоғары баға­лайтын. Расында, ұзақ жылдар бойы облыстық басқармада жұмыс істеп, елінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында адал қызмет етті. Осы саладағы жетістіктері де аз болған жоқ. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда КСРО Қорғаныс минс­трлігінің әскери поли­гон­дары көп болатын. Қазір Арал теңізіндегі «Возрождение» ара­лында био­ло­гиялық қару сы­нақтан өткені жалпыға мәлім. Бұл полигонға АҚШ-тың барлау органдары барынша  қызы­ғушылық таны­тып оты­р­ды. Олар агенттерін жіберіп, полигондағы болып жатқан жағдай туралы бар шындықты білгісі келді. Бұл жайында КСРО КГБ органдары  облыстық басқарманы уақы­тылы хабардар етіп, іздеу жұмыстарына бағыт көрсетіп отырды. Нәтижесінде, «Возрож­дение» аралының құ­пиясы сақталып қалды. Кейін АҚШ-тың барлау органдары «Возрож­дение» аралындағы өтіп жатқан сынақ туралы толық мағлұмат ала алма­ған­дарын мойындауға мәжбүр болды. Есімде, шетелдік аза­ма­ттың бірі Байқоңыр және Арал теңізі маңайындағы шағын станцияларға тоқтаған жолау­шылар пойызынан түсіп, ауа жинастырып және жер қыр­тыстарынан топырақ алып (пробы воздуха и почвы) шыны сауытына салып жатқаны. Әрине, бұл жағдай дереу Мәс­кеуге хабарланып, сезікті кісіге бай­ланысты мәскеулік чекис­термен бірге тиісті жұмыстар жүргізді. Өкінішке қарай, қауіпсіздік органдарының қыз­меті құпия қызмет болған­дықтан Берғалиевтің атқарған жұмысын, қанша уақыт өтсе де, ашып жазу мүмкін емес. Біз жасымыздың айырмашылығына қарамастан жақсы қырым-қатынаста болдық. Әйелі, екі баласы болды. Жастықпен үйленген шығар, әйелі орыс еді. Кейде үйге келіп, кішкентай балаларымды көтеріп, ерке­лететін. Бірге ас ішіп, кетерінде: «Ана тілімде сөйлесіп, рахат­танып қалдым!» дейтін еді марқұм. Отставкаға шығып, туған жері Оралға қоныс аударып, сол жақта дүние салды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ақай Әлменов, Николай Шастов және Алексей Кузьменкомен бірге жұмыс істедім. Кейінірек отставкаға ертеректе шыққан соғыс арда­герлері Төлеген Ыдырысов, Сергей Галкин, Пірмағамбет Үдербаев, Николай Прачкин, Мадеш Арынғазиева және Әбдібек Кәрібаевпен таныстым. Олар басқармада өтетін іс-шара­ларға қатысып, жас қызмет­керлерді тәрбиелеуге бел­сенді араласып жүрді. Айта кету керек, олар өте мәдениетті және сыпайы болатын. Қан майданнан келдік деп еш­уақытта өздеріне жеңілдік сұраған емес. Антына берік, ісіне адал азаматтар еді. Жалпы соғыс туралы көп әңгіме айта бермейтін. Ұлы Отан соғысы кезіндегі олардың жанкешті ерліктері туралы қауіпсіздік органдарында сақ­таулы, жеке істерінен оқып білген едік. Отставкадағы ка­питан Әбдібек Кәрібаев соғыс кезінде барлаушы болған екен. Бірде барлаушылар тобы­мен бірге жау тылына ба­рып, фашистердің қарсылық көр­сетіп, оқ жау­дырт­қанына қарамастан, жоғары шендегі вермахт офицерін бай­лап алып келген. Осы ерлігі үшін Кәрібаев «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Бұл жайында майданда бірге болған қарулас достарының бірі Ш.Қалабаев «Подвиг разведчика» атты мақаласында былай деп жазды: «Наша войс­ковая часть подошла к Одеру, где развед­группа получила задание достать «языка» с западного берега. Темной ночью, переждав артобстрел, мы переправились через реку, где нас ждала сильно укрепленная крепость фа­шистов. Все открытое прост­ранство простреливалось, что затрудняло выполнение за­дания. Вдруг мы обнаружили провод связи и решили, что он может «привести» к какому-нибудь пункту. Абдибек увидел, что в метрах в шестидесяти движется какая-то тень. Когда мы схватили немецкого офицера и проверили его документы, то оказалось, что нам очень повезло: он оказался полко­вни­ком немецкой армии. Вскоре вернулась и группа захвата, ведя за собой двух пленных. Когда мы переправлялись через реку, фашисты открыли ярос­т­ный огонь, под которым погибли два разведчика и два «языка». На берег был доставлен только один пленный пол­ковник. Он дал ценные пока­зания...».

Кейде соғыс ардагерлерін әңгімеге тартатын едік. Бір қызығы, ағалары­мыз көп жағ­дайда өздері жайлы емес, Жуков, Василевский және Рокос­совский сияқты армия қолбасшылары жайында ай­татын. Бірде ардагерлер ара­­сында орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты кітабы тал­қы­ланды. Кезінде кітап «Арпалыс» деген атпен қазақ тілінде жарыққа шыққан болатын. Бұл кітаптың кейіпкері есімі аңызға айналған атақты Бауыржан Момышұлы екені белгілі. Жазушы кітапты соғыстан кейін емес, соғыс қызып тұрған кезінде Бауыр­жан ағамыздың жанында жүріп жазған еді. Баукең оған ескерткен: «Кі­таптың әрбір тарауын әкеліп көрсетесің. Соғыс туралы шындықты жазбасаң, қолыңды қылышпен шауып тастаймын» деп. Расында, бұл кітапта соғыс туралы барлық шындық жа­зылған. Соғыстан кейін «Воло­колам тас жолы» бірнеше шетел тіліне аударылып, Бауыржан Момышұлының тұлғасы үлгі-өнегеге айналған еді. Осы уақытқа дейін Финляндия мемлекетінің әскери академия­сында осы кітап оқу құралы болып есептеледі, курсанттар міндетті түрде оқу керек. Куба револю­ционерлері Фидель Кастро, Че Гевара және басқалары кітапты қолдарынан тас­тамаған. Из­раиль мемлекеті 1946 жылы құрыл­ғанда, «Воло­­колам тас жолын» әрбір жауынгерге таратып, оқуға міндеттеген. Олар жауын­­герлерін рухтандыру үшін осылай істеген көрінеді. Ке­зінде атақты орыс жазушысы Константин Симонов: «Бұл кітап әлі дұрыс бағасын алған жоқ» деген екен. Расын айтқанда, кезінде кітап түгіл, кейіпкері де өзіне лайықты бағасын ала алмады. Орыстар генерал және Кеңес Одағының Батыры атағын бермеді. Қазақстанда Баукеңді ұлтшыл деп айыптады. Тек Елбасы Н.Назарбаевтың табан­дылы­ғы­ның арқасында, 1990 жылы 12 желтоқсанда оған Кеңес Одағының Батыры атағы (посмертно) берілді. Әрине, адам­ның еңбе­гін тірі кезінде бағалап, лайықты құрмет көр­сеткен дұрыс. Өкінішке қарай, көп жағдайда дүниеден өткен­нен кейін тұлғаларды еске алып, құран оқылып, ас беріліп жатады.  Десе де, бұл игілікті іс-шаралар марқұмдар мен ұрпақтарына керек. Діни кітаптардың бірінде: «Артында қалған ел-жұрт рухыма құран бағыштап, мені еске алса екен. Жақсы­лықтарым туралы айтса екен. Құдайдан мен үшін рахым тілесе екен!» деп үміттенеді. Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті департаментінің арда­герлер кеңесінің бастамасымен Жеңістің 70 жылдығына байланысты дүниеден өткен ардагерлерінің құрметіне ас беріліп, марқұм­дардың аруақ­тарына дұға оқылып, құран бағышталған еді. Департаменттің бұрынғы басшысы отставкадағы пол­ковник Нұрахмет Ерали олардың есімдерін жинал­ғандарға жария етті. Олар Ахай Әлменов, Қабаш Ақшалов, Николай Шастов, Алексей Кузьменко, Мадеш Арынғазиев, Әбдіғали Бәкіров, Нури Бисимбаев, Бодық Жұпаров, Зұлқарнай Құлжабаев, Төлеген Идрисов, Пірмағамбет Үдер­баев, Орынбасар Ахметов, Сейтағзам Ахметов, Жармахан Ахметов, Нұртай Әбуов, Серік Болдықов, Мұхтар Бекенов, Тұрғанбай Ділдабеков, Сапа Жаппас­баев, Әділ Сүгірбаев, Сейтмұрат Саткеев, Қабыл Мақашев, Абылай Мырзабаев, Төрехан Нұрымов, Рафкат Насибуллин, Кеңес Елімбаев, Зәмір Кобландин, Болат Қаражігітов, Байдалы Тыныш­тықбаев, Абибулла Шалғын­баев, Марат Әбенов, Шәріп Сардаров, Фарид Ибрагимов, Сабит Қуандықов, Қайрат Ибраимов, Тельжан Қуанов, Берік Суюнов, Ақәділ Смайлов, Аббат Елеуов және Марат Шілманов. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлері мен зейнеткерлерінің есім­дері бас­па бетінде алғаш  рет  жария­ланып отыр. Ес­те­лік асқа облыстық және қа­лалық ардагерлер кеңе­сінің басшылары, қауіп­сіздік ор­ган­дарының қызмет­керлері мен еске алушылардың жақын туыс­тары қатысты. Аса ­құр­метпен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері аталды. Олардың ерлік істерін ешқашан ұмытуға болмайды. Алда Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтеді. Осы маңызды датаға байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ар­да­герлер кеңесі соғыс ардагер­леріне арналған мемориалдық тақта орнату туралы басшыларға ұсыныс жасаған болатын. Департамент ғима­ра­тының алдындағы алаңға соғыс ардагерлерінің есімдері қашап жазылған мемориал ескерткіш орнатылды. Бұл игілікті іс-шараның кейінгі жастарға үлгі болатыны, бойына патриоттық сезім ұялататыны сөзсіз.              

 

Әмірхан БӘКІРҰЛЫ,

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің

Құрметті ардагері,

отставкадағы полковник.

ТАНЫМ 14 наурыз 2020 г. 223 0