ЖАНҚОЖА АТАМНЫҢ АРУАҒЫ

1943 жылдың бас кезі, 5 жастамын. Анам саууға барған сиырын таппай, зарлады да қалды. Сиырды алып кеткен екі адамның ізі жатыр. "Батыр атам-ау, енді мына жетімдерді қалай асыраймын?” – деп анам жылап жүр. Негізі Әлімнің келіндері Жанқожа батырды "Батыр атам” деп сыйынатын. Үйде атам бар еді. Бір жағында жан жоқ, тіл жоқ. Кезінде Арал-Қазалыға белгілі суырып салма ақын болған. Балаларының үшеуі де соғыста. Менің алдымда 7 жасар қыз, мен 5 жастамын, менен кейін 3 жастағы қыз бар. Бір үйлі жанды қалай жеткізерін білмей дағдарған анам Жанқожа батырға сыйынып бір уыс дәнді жанып тұрған отқа шашып жылайды. Кенеттен Әбу деген мұғалімнің "Балқия, тез киіз күйдір, сиырыңды әкелдім”, – деп, кіріп келгені...

Үйдің жанындағы мешіттің екі бөлмесі мектеп еді. Таңертеңгі уақытта мектепке келе жатқанда арықта орналасқан көпірдің астынан екі адамның қашқанын көріп ізінен барады. Көпір астында төрт аяғы байланған сиыр тұр екен. Маңдайынан балтамен шапқан, бірақ сүйегі аман екен.

Марқұм анам: "Батыр атамның аруағы жебеп, ұрының балтасынан аман қалған сиырдың ізімен сендерді жеткіздім”, дейтін. Уақыт өте анамнан "Отқа неге дән шаштың? – деп сұрадым. Анам: "Ол заманда май қайда, дәннің күйген иісі барсын деп шашқан едім” – деп жауап берді.

Тірісінде жұртын қылышпен қорғап, көзі жұмылған соң, аруағымен желеп-жебеген киелі бабамның мерейтойынан шет қала алмадым. Батыр атындағы қорға 3 айлық зейнетақымды аудардым.

Өзипа Тілеуқызы.

Белкөл кенті.


ТАНЫМ 11 қазан 2014 г. 1 024 0