ЖАУЫНА БҰЛТТАЙ ТҮЙІЛГЕН

Жанқожа батыр жайлы жырларда азаттық идеясының көрініс табуы

Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан халық ХІХ ғасырдың басынан-ақ Қоқан және хиуалықтар мен орыс патшалығының езгісіне тап болды.Әрине, бұл төтеннен бір күнде тап келген, бірден болған оқиға емес. Сан ғасырлар бойы көршілес болып келген хандықтардың қазақ елінің жері мен байлығына құмартумен, ашкөздік мақсаттарынан туындаған еді.

Орта Азияда Бұхара, Хиуа, Қоқан хандықтарының тұрақты әс­кері, өз шекара-қонысы болды. Олардың бір-бірімен өзара жаула­суынан хандықтар билігі бірінен-біріне алмасып, күштісі әлсізін қа­ратып, басып-жаншып отырған ке­зеңдер жиі-жиі болып тұрған осы тұста Ресей әскерлерінің қа­зақ жеріне сұғына ене бастауы басталған-ды.

Талай ұрыс-соғыстарды басы­нан өткізіп келген қазақ халқының жауынгерлікпен аты шыққанымен, біртұтас хандыққа бірікпеген әрбір жүздің өз хандығы, өз биі мен батырлары болды. Бір орталықтан басқарылып отырылмады. Тұрақты әскерлері болмады және қару-жарақтары да нашар-ды. Осындай жағдайларды анықтап білу үшін керуенші болып келген Қоқан жә­­не хиуалықтар қазақтардың жай-жапсарын байқап көрді. Кең да­лада еркін жатқан қазақ хал­қының тұрмыс-тіршілігін, қор­ға­ныс қабілетін осы бір ұрымтал тұс­та дұрыс пайдалана білді де. Керуеншілердің сөзімен айтылатын жырда:

...Арқаның құба жолында,

Өнерге шебер, малға бай.

Әрі шаруа, һәм момын,

Алдануы өте оңай –

Қазақ деген осындай, – деп сипаттаған.

Осылайша қоқан ханы Әлімхан (1809-1822) Ақмешіт, Шымқорған, Қармақшыға дейінгі жерлерді өзіне бағындырады. Екінші жағынан, басып алған жерлерінде бекініс-қамалдар жасап, қазақ ауылдарын аяусыз шауып зобалаңға түсіреді. Осындай тар жол, тайғақ кешу за­манында халық арасынан Жан­қо­жадай батыр шығып, бас­қын­шы жаулармен күресе бас­та­ды. Жанқожаның ерлік істері ақын-жыр­лардың хикая, дастан, тол­ғау­ларында көрініс берген.

Ең алғаш Жанқожа батыр ту­расындағы жырды таратқан қаза­лылық жырау Мұсабай (Мысыбай) (1820-1909) Аманқұлов болатын. Одан ең алғаш орыс ғылымы Н.Г.Веселовский 1893 жылы Қа­залыда жазып алып, 1894 жы­лы Пе­тербургте "Киргизский рас­сказ о русских завоеваниях в Тур­кес­танском крае” атты кітапта жа­риялаған. Жырдың көлемі 170 жол. Ал бұдан кейін Қазалыдағы сот қызметкері И.В.Аничков 1894 жы­лы Мұсабайдан сол жырды жа­зып алып, Қазан баспасында "Кир­гизский герой Джандхожа Нур­магамбетов (очерк из первых шагов русских на Сыр-Дарье)” атты кіта­бында бастырған. Мұндағы өлең жолы – 200. Екі кітаптағы жыр да өз­геше, іргелі өзгерістері жоқ, кейбір өлең жолдары болмаса. Бұл, әрине, екеуінің де бір адамнан жазылып алынғандығынан болар.

"Жанқожа батыр” жырлары­ның ішіндегі толымды жырлар қа­тарына Лұқпан Кенжеевтің қис­сасы мен дастаны және ырғыздық ақын Жөкей Шаңғытбаевтың "Жан­қожа батыр мен Бабажан сарт” деп аталатын дастаны жа­та­ды. Л.Кенжеевтың қисса­сы – 900, дастаны 500 жолдай. Ж.Шаң­ғытбаевтың дастанының кө­лемі 2000 жолдай. Жалпы Жанқожа батыр турасында кү­ні бүгінге дей­ін 10-нан астам шы­ғарма жи­нақталған. Олардың әрқай­сысына тоқтап, талдау негізгі мақсатымыз болмағандықтан, әңгіме Жанқо­жа батыр жырларындағы басқын­шылық саясатқа қарсы азаттық идеясының көрінуі хақында болмақ. Батыр бастаған көтеріліс Сыр бойындағы өзге қарсылықтардың ішіндегі ірісі. Сондықтан да бо­лар, Жанқожаның ерліктері жыр­ға айналып, бүгінгі ұрпаққа же­тіп отыр. Сыр еліндегі болған кө­рі­ністі Ресей зерттеушілері зерт­теп, ол турасында өз пікірлерін біл­дірсе, кеңестік дәуірде қазақтың бел­гілі әдебиетші-ғалымдары, та­рих­шылары қалам сілтеп, Жанқожа батыр бастаған шаруалар қоз­ға­лысын зерттеп, өздерінің пі­кір­лерін жазған-ды. Дегенмен, Жан­қожа туралы жырлардың ком­позициялық құрылымы мен ай­тайын деп отырған ойы, ондағы басқыншылық саясатқа қарсы кү­рес идеясы, азаттыққа шақырған үні бүгінге дейін арнайы түрде ғы­лыми негізде талданбады. Біз бүгін осы мақаламызға Жанқожа батыр турасындағы жырлардағы азаттық идеясын талдап көрмекпіз.

Жанқожа батыр турасындағы дастан, толғаулар ішіндегі шоқтығы биігі – Лұқпан Кенжеевтен қал­ған мұра. Жазушы, зерттеуші Мол­дахмет Қаназ біраз жылдардан бе­рі Жанқожа батыр жырларының нұс­қаларын салыстырып қарап, бір жүйеге түсіру жолында жұ­мыстар жүргізді. Осы бір сөз етіп отыр­ған жырдың үш нұсқасы бол­ғанын, біріншісі Лұқпан Кен­жеев, екіншісі Нағымбек Қара­батыров, үшіншісі Қобылан Кү­ре­геновтің қолжазбаларының бір-бі­ріне өте жақын екендігін дә­­лел­деп, осы үш нұсқаны қай­та қарапты: "Сонымен, үш қолжаз­баны салыстырып, бірінде жоқты біріне қайтарып, бірінде жоқты екін­шісіне толықтыра келе, қолы­ңыздағы нұсқа шықты” деп жаз­ған "Жұлдыз” журналының 1999 жылғы №1 санындағы мақа­ла­сында Молдахмет Қаназ. Авторы Л.Кенжеев болып табылатын жыр­да қарақалпақтық Тықы батыр мен Жанқожаның ұрысы бейнеленіпті:

"...Қайт!” дегенге қайтарылмай,

Ұмтылды батыр арланға.

Айқасып қалған кезінде,

Айбалтамен ұрғанда,

Жалаңдаған Тықының

Тұрмады жаны бұл маңда.

Ақбоз аттың саурынан

Аунады Тықы ақ шаңға.

Атын алып шығарды.

Иесін шалып құрбанға.

Міне, осы өлең шумақтарын­дағы "қайт” дегенге қарамай, өзі жас бола тұра, ел намысы үшін айбатты батыр Тықымен жекпе-жекте шығып, оның өлтірілгені өлең­ге арқау болған. Жанқожа ба­тыр қырда жүргенде мұның ағай­ындарын шауып, Бабажан бек есіреді. Түрікмен батыры Әй­імбет пен қарақалпақ Нұртайды Жанқожаға қарсы дайындайды. Жырда Әйімбет пен Жанқожаның бір-біріне қарсы келген ұрысы былайша жырланған:

... Екі батыр сол жерде

келе қалды жекпе-жек.

Балтасы мен қылышын

Қағып тастап Жанқожа

Жетіп барды дүркіреп, – деп.

Әрине, Қоқан және хиуа­лық­тардың бір-екі батыры өлті­ріл­генімен, олардың қорған-қамал­да­ры бұзылмағанын, оған қарсы дайындықтың қажеттігін сезінген Жанқожа батыр елдегі батырлар мен білікті билерге хабар тастайды.

Осынау кең құлашты жырда Жанқожа батырдың Созақ қамалын алуға аттануы, Кенесарымен ке­ліс­сөздері баяндалады. Созақ жы­рының басталуындағы өлең жол­дарында:

... Ойда – қоқан, қырда – орыс,

Қазақтың кетті мазасы.

Еркімен көшіп жүруге

Таршылық болған сияқты,

Екі жаудың арасы, – деп, ақын сол кезеңнің нақты жайын, қазақ халқының жан-жақтан теперіш кө­ріп келгенін дәл көркемдеп, кес­телеген. Осы Созақ ұрысында Тө­ремұрат жырау сарбаздарға дем беріп, үн қосып былайша тол­ғанады...

Атаның арын арлайтын,

Мінекей, ерлер, күн жетті.

Атаға ұқсап ұл туса, бүгінгі ұрыс­тың шешуші майдан екенін сез­діре рух береді.

"...Дарбазасы ашылса, кейінгі әскер қол бастар, Ежелден абырой үлгі алған, қамалды бұзып жол салған, қандыкез туған қасқырлар, екпініңнен жау қашар”. Осы төгіліп тұрған толғау жыр Төремұрат жы­рау­дың екпінді даусымен сар­баздарға ерекше жігер мен қажыр беріп, Созақ жеңісіне батырлармен бірге Төремұрат жыраудың зор үлес қосқаны дәлелдене түспек. Қа­шанда дауылпаз сөз ерлерге қа­­­нат беріп, намыс шоғын қыз­дырады. Жанқожа батыр бастаған ұрандаған сарбаздар Созақ қама­лын осылайша ерлікпен алады.

Дастанның аяғында хиуалықтар мен қоқандықтардан кейінгі жағ­дай баяндалған. "...Ұзамай-ақ ара­сы, орыс келіп Арқадан, біріне-бірі жамалды” деп жырлауы қо­қандықтың басқыншылығы орысқа жалғасқаны әдемі де өткір тілмен өрнектелген. Одан әрі дамыта түскен ақын өзінің "Жанқожа батыр” жыр-дастанының қоры­тын­ды шумақтарында:

... Екі басты бүркітке

Жұмыла жұртты түнеткен.

Мың шүкірлік қыларсың

Құтылған соң сол дерттен.

Тақысы жоқ таза сөз –

Тыңдаған сайын шөлдеткен.

Қалам алған бес саусақ,

Сен де құтыл міндеттен.

Молла Лұқпан Кенжеев,

Ерініп қалған жері жоқ

Қиялдап жазған ермектен, – деп, үлкен шабытпен қорытындылаған.

Қорыта айтар болсақ, бір ма­қа­ла аясында Қоқан және хиуа­лық­тардың басқыншылық саясатына қарсы күрескен Жанқожа батыр туралы ғана жырды сөз еттік. Болмаса, Сыр өңірі мен Қаратау қой­науында, Жетісу өңірінде бас­қыншы жауларға қарсы күрескен батырлар мен қайраткер азаматтар турасында шығарылған басқа да көптеген жыр бар.

Тынышбек Дайрабай,

зерттеуші жазушы.


ТАНЫМ 11 қазан 2014 г. 1 251 0