АЛҒАШҚЫ АСТАНА

АЛҒАШҚЫ АСТАНАЕлбасының бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы рухани жаңаруға бет алған елдің өркениетті үлгісін танытты. Бағдарлама аясында Қызылорда қаласының тарихы жөніндегі құжаттарды іздестіру, көшірмелерін иелікке алу үшін ТМД елдерінің орталық мемлекеттік архивтеріне іс-сапарлар ұйымдастырылып, облыстың мемлекеттік архив қоры құнды құжаттармен толықты. Енді Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғаны туралы деректерді келтірсек.
1920 жылдың 26 тамызында РСФСР ХКК Қырғыз (Қазақ) АССР-ін құру жөніндегі қазақ ұлттық мемлекеттілігін заң түрінде бекітіп, декрет қабылдады. Соған қарамастан, Жетісу және Сырдария облыстары Қазақстан құрамында емес, Орта Азия территориясындағы халықтарды қамтитын Түркістан Республикасының құрамында болды. 1924 жылы Орта Азияда ұлттық мемлекеттік шекараларды белгілеу нәтижесінде Өзбекстан, Түркіменстан Республикалары, Қырғыз, Тәжік автономды облыстары құрылды. Осының негізінде Түркістан Республикасының құрамына кіретін қазақтар Қазақ Автономды Республикасына қосылып, ұлттың біртұтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Жер көлемі де артты. 
Қазақ автономды Кеңестік Республикасын құруға дайындық және ол құрылғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қазақстанның әкімшілік-саяси орталығы ретіндегі талапқа басқалардан гөрі Орынбор қаласы сай келген еді. Алайда, территорияның ұлғаюы, шығыс, оңтүстік облыстардың қашықтығынан республикалық, орталық органдар ондағы жергілікті халықтардың шаруашылық, мәдени өміріне толық басшылық жасай алмады. Астананың бір қиырда орналасуы Қазақстан Үкіметінің де жергілікті жерлердегі партия, кеңес, шаруашылық ұйымдарымен тығыз байланысына едәуір қиындық келтірді. Сондықтан астананы ауыстыру қажеттігі туындады. Осы жағдайларды ескере келе жаңа астананы іздестіру шаралары басталып, нәтижесінде таңдау Ақмешітке түсті.
Бұл мәселе 1925 жылы 9 ақпанда өткізілген Қырғыз орталық атқару комитеті президуымының кеңейтілген мәжілісінің күн тәртібінде қаралып, астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы қаулы қабылданды. Мәжіліске Н.Байсалықов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Орумбаев және тағы басқалар қатысты. Қаулы қабылданғаннан кейін орталықты көшіру жұмысы қауырт басталды. Астананы Ақмешітке көшіруге байланысты С.Есқараев, Ә.Досовтарды жолсапарға жіберу, аталған мерзімде тексеру жұмыстарын аяқтауға міндеттеген қаулы қабылданды. Ал 9 күннен соң 18 ақпанда астананы Ақмешітке көшіру туралы Қазақстан өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі С.Қожановтың жеделхатын тиісті орындарға жіберіп, іс нәтижесін секретариат мәжілісінде баяндау үгіт-насихат бөліміне міндеттелді. 
17-28 наурызда мемлекеттік орталық 58 мекемені көшіру жоспары мен кестесі жасалды. ХКК-нің астананы Ақмешіт қаласына көшіру мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеу, лайықты жабдықтау жөнінде арнайы комиссия құрылды. Комиссияның 1925 жылдың 10 наурызындағы бұйрығында комиссия төрағасы Т.Кенжин дайындық жұмыстарының қорытындысын баяндау үшін Орынборға жүріп бара жатқандықтан орнына комиссия мүшесі М.Тынышпаевты қалдыратынын көрсеткен. Оған басталған жұмысты жалғастыру, ғимараттарды жөндеу мен дайындауға байланысты қаржыны жұмсау құқығын тапсырады. Партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдары басшыларын өз жарлықтарын орындауға оң ықпал етуге міндеттеген. 
Орынбор губерниялық АК-нің, Орынбор губерниясын Қырғыз АССР құрамынан бөліп РСФСР құрамына беру туралы өтінішіне орай бүкілресейлік ОАК президиумы 1925 жылы 6 сәуірдегі мәжілісінде бөлу жұмысын орталық Ақмешітке көшірілгеннен кейін жүргізуге қаулы қабылдады. 1925 жылы 13 сәуір күні Үкімет басшылары, съезд делегаттары мінген пойыз Орынбордан Ақмешітке бет алды. Олардың қатарында С.Меңдешов, Ж.Мыңбаев, С.Қожанов, С.Есқараев, С.Асфандияров, Б.Аралбаев, Н. Нұрмақов, А.Оразбаевалар болды. 
1925 жылы 15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің 5-съезі ашылды. Онда екі мәселе қаралды. Біріншісі – «қазақ» атауын қайтару, Ақмешітті Қызылорда қаласы деп атау. Екінші мәселеге қатысты қаулы қабылданды Соған сәйкес Қызылорда уездік қалалық АК 1925 жылы 30 мамырда мемлекеттік мекемелер, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме мандайшаларындағы атауын бір ай ішінде түгелдей «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеді. 
Көп ұзамай Қазақстанның жаңа астанасы Қызылорданы абаттандыру жоспарын астанаға сай кең көлемді, жүйелі түрде жүргізуді суретші-сәулетші И.В.Рянгин қолға алды. Қала тұрғындарының даму динамикасын ескере отырып, жоспарды алдағы 40 жылға жасауды ұсынды. 1925 жылы 13 мамырда техникалық кеңес отырысында комиссия мүшесі, қазақтың тұңғыш инженері М.Тынышбаев И.Рянгин жасаған қаланың эскиздік жобасын баяндап, жобалау принциптерінің талапқа сәйкес келетінін атап көрсетті. 
Қаланың өркендеуі қазақтың ардагер азаматтарының, мемлекет қайтаркерлерінің есімдерімен тығыз байланысты. Қазақ АССР ОАК-нің председателі Е.Ерназаров осындай ардагерлердің бірі еді. Ол халықтың қалың ортасынан шыққан, ұйымдастырушылық қабілеті мол адам болды. Қазақ АССР ОАК-нің председателі бола жүріп, экономика мен мәдениетті өркендетуге күш-жігер жұмсады. Ал қазақ қыздарын еңбекке тартып, ескінің сарқыншақтарына қарсы күреске шақыруда бұл өңірде А.Оразбаеваның еңбегі аз емес. 
Халықтың әл-ауқаты, тұрмысы жақсарып, қыз-келіншектердің өнерге талпынысы артты. Қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушылар С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Шәріпов, Н.Анов, Қ.Әбдіқадіров, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, тағы басқа ақын-жазушылардың шығармаларын оқырман Қызылорда шыққан «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Социалистік Қазақстан»), «Советская степь» (қазіргі «Казахстанская правда») газеттерінен оқып, танысып отырды. Тұңғыш қазақ театрының да негізі осында қаланды. Ә.Қашаубаев, Қ.Жандарбеков, Ш.Жандарбекова, Е.Өмірзақов, өзге де өнер саңлақтары таланттарын осында ұштай түсті. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесалары тұңғыш рет Қызылордада сахналанды. 
Бұл жылдарда Қазақстанның әлеуметтік-мәдени, рухани өмірінде елеулі өзгеріс болды. Артта қалған республиканың мәдениеті өркендеп, өндірісі ұлғайып, сауатсыздық жойыла бастады. Қазақ қыздарына арналған өлкелік акушерлік техникум, милиция мектебі, әкімшілік-бухгалтерлік, киномеханик даярлайтын курстар жұмыс істеді. Халық комиссарлар кеңесінің 1927 жылғы 29 сәуірдегі мәжілісінде астананы Алматыға көшіру туралы шешім қабылданды. Алматыны Қазақстанның астанасы етіп шешім қабылдауға Түріксіб теміржолы құрылысының да ықпалы тиді. 
Қазіргі уақытта Қызылорда қаласы – Сыр өлкесіндегі мәдениет пен өнердің ғана емес, облыс экономикасының даму тарихында елеулі орын алатын тұғырлы мекен. Елбасының «Кешегі Қызылордасыз, бәлкім, бүгінгі әсем Алматымыз бен асқақ Астанамыздың болмауы да мүмкін еді. Демек, біз өткен тарихымызды қадірлеп, қастерлеп, одан тиісті сабақ алып, мән-маңызын жас ұрпақтың зердесіне құйып отыруымыз керек», - дегені сөзімізге дәлел. 

Н.ҚУАНЫШЕВА,
Қызылорда облысының мемлекеттік
архивінің директоры.

ТАНЫМ 09 ақпан 2017 г. 1 084 0