БАРСАКЕЛМЕС ҚОРЫҒЫ

БАРСАКЕЛМЕС ҚОРЫҒЫ1991 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстан Республикасында 7 қорық ғана жұмыс жүргізген. Тәуелсіздік алған жылдан бастап  Елімізде  табиғатқа ерекше көңіл аударыла бастады. Алыс-жақын шет елдердің тәжірибесін пайдалана отырып еліміздегі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар» түрлері көбейе бастады. Ұлттық табиғи парктер мен мемлекеттік табиғи резерваттар түсінігі кіргізіле бастады. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақ дегеніміз – табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар, өзінің аумағындағы табиғи процестер мен құбылыстардың табиғи барысын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілерін, өсімдіктер мен жануарлардың жекелеген түрлері мен қауымдастарын, әдеттегі және бірегей экологиялық жүйелерді сақтау мен зерделеу және оларды қалпына келтіруге арналған табиғи аумақтар болып табылады.
Солардың бірі де бірегейі Арал ауданында орналасқан - Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы туралы биология ғалымдарының докторы Муса Исаевич Исмагилов 1973 жылы  өзінің «Остров куланов» атты кітабында – «Мен, оңтүстік Балқаш өңірінде, Мойынқұмда, сазды топырақты Бетпақ далада болу мүмкіндіктеріне ие болдым. Алайда, ерекше  тамаша естеліктерім Барсакелмес қорығында, құландар аралында  қалды. Солардан кейін, Орталық Қазақстанның кең байтақ боз селеулі жазығында, әсем көріністі Баянауыл тауларында, таяз сулы керемет Зайсаң көлінде де,  Тянь-Шаньның биіктерінде болған кездерімде де – Барсакелмес аралы туралы естелігім ең қымбат болып қала берді. Бұл тамаша жер түкпірі менің есімде мәңгіге сақталған және мені әр кез өзіне тартып тұрады, себебі ол менің жастық шағыммен, алғашқы ғылыми зерттеулеріммен және бақылауларыммен байланысты – деп жазған». 
 «Барсакелмес» аралы – арал мәртебесінен айрылған мен өзінің әсемдігі мен құндылықтарын сақтап қалды. 
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы өз тарихында талай жетістіктер мен қиындықтар басынан өткізді. ХХ ғасырдың 20 жылдарының  соңында аралдағы ақбөкендердің санын арттыру мақсатында ақбөкендер әкелініп жіберілді. 1929 жылы «Союзпушнина» аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылды. 
Қазақ ССР Халық комиссарлар кеңесінің 1939 жылғы  10-желтоқсандағы №973 Қаулысымен осы құрылым негізінде мемлекеттік табиғи қорығы құрылды, яғни Барсакелмес аралы Ерекше қорғалатын табиғи аумақ дәрежесіне ие болды. Сол жылдары аралдың жалпы көлемі 16795 га жерді құрады.
1929 жылдан бастап есептейтін болсақ Барсакелмес қорығына 7 түрлі аң (ақбөкен, қарақұйрық, құлан, жабайы шошқа, құм балпағы, толай қояны) жерсіндіруге жіберіліп, жақсы нәтиже берді. Солардың арасында 1953 жылы Түркменстанның «Бадхыз» қорығынан Дүниежүзілік Қызыл кітапқа енгізілген 9 бас құлан жерсіндіруге әкелініп жіберілді. Құландар Барсакелмес қорығының табиғатына жақсы бейімделіп көбейе бастады. 1980 жылдарда құлан саны 300-ге жетті. Алайда, Арал теңізінің тартылуына байланысты негізгі суат көзі болған теңіз суының тұздылығы артты. Осыған сәйкес ғалымдар Барсакелмес құландарын еліміздің басқа өңірлеріне жерсіндіруге ұсыныс жасады. 1982 жылдан бастап құландарды басқа өңірлерге, атап айтқанда «Алтын емел» мемлекеттік ұлттық паркіне және Каспий маңына жерсіндіру жұмыстары басталды.  Қазіргі таңдағы Қазақстанның аумағындағы құландар Барсакелмес қорығының құландарының ұрпақтары болып саналады.
Жақсы жайылымдар мен суаттар іздеген тұяқты жануарлар Қасқақұлан, Тоқпан, Ұзынқайыр, Ахат, Бегімана, Төртқопақ аумақтарына қоныстанды. 
Теңіз деңгейінің түсуі жалғасып, суы құландардың ішуіне мүлде жарамай қалды. Дегенмен, 1998 жылы Барсакелмес аралының Шығыс бөлігі үлкен материкке жалғасып кетті. Бұл өз кезегінде құландардың Арал теңізінің бұрынғы шығыс жағалаулары мен аралдарына  өз бетімен қоныстанып, көбеюіне мүмкіндік тудырды. 
Осыған орай, 2005 жылдың 25 қарашасында Қазақстан Республикасының Үкіметінің №1162 санды  қаулысы бойынша қорыққа   2 негізгі  кластерлік участіктер қосылып, 16795 гектардан  160826 гектар жерге ұлғайды. 
Қазіргі таңда Барсакелмес қорығында жоғары сатыдағы 298 өсімдік түрі, олардың 3 түрі Қазақстан Республикасының қызыл кітабына енгізілген  (Пратов көкпегі, Борщев сарғалдағы, қосжарнақты қызғалдақ). 27 сүтқоректі олардың арасында құлан Дүниежүзілік қызыл кітапта, қарақұйрық және шағыл мысығы ҚҚК енгізілген. 12 бауырымен жорғалаушы, 2 қосмекенді және 2000-нан астам жәндіктің түрі кездеседі.
Қорық қызметкерлерінің нәтижелі жұмыстарының арқасында құлан саны 2005  жылғы мәлімет бойынша 179 бас болса, 2016 жылғы санақ нәтижесімен 518 бастан асты.

Е. Қосымов,
Барсакелмес МТҚ мемлекеттік инспекторы.

ТАНЫМ 10 ақпан 2017 г. 3 538 0