ЖАПОНИЯДАҒЫ БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ СЫРЛАРЫ

ЖАПОНИЯДАҒЫ БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ СЫРЛАРЫЖапондықтар бала тәрбиесіне аса назар аударады. Олар «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөздің шындық екенін өздерінің ерекше тәлім-тәрбие беру тәсілдерімен дәлелдеуде. Мұнда бала туылған бойдан анасы оны көкірегіне не арқасына арнайы орамалмен байлап, үнемі қасына алып жүреді. Бұған қоса, өзінің не істеп жатқанын, ойларын, сезімдерін, эмоцияларын бала еститіндей дауыстап айтып жүреді. Бұл тәсіл баланың ойлау жүйесінің тез дамып, қоршаған ортаға бой үйретуге баулиды. Сол себепті бұл елде бала алдымен сөйлеп, содан соң барып жүруі жиі кездеседі.
Жапондықтар бала тәрбиесінде мынадай ұстанымды негізге алады: «Балаңа 5 жасқа дейін Құдайдай қара, 5 жастан 15 жасқа дейін құлың¬дай көр, 15 жастан бастап досыңдай сырлас». Енді әр кезеңді толығырақ қарастырсақ. Жапонияда анасы баласына ешқашан дауыс көтермейді. Мәселен, бала бір ойыншықты сындырып қойса, ұрысып, қолынан алып қоюдың орнына, жай ғана «Сен оған зақым келтіріп жатырсың» дейді. Бала бес жасқа дейін ешқандай шектеулер сезінбейді. Әлемді қалай танып білгісі келсе, барлығына жол беріледі. Яғни бала «болмайды» деген сөзді естімейді, тек «бұл қауіпті», не «бұл дұрыс емес» деген сөздерді естиді. Егер баласы күйіп қалса, не құлап қалса, анасы одан ескертпегені үшін кешірім сұрайды. Бала бес жасқа толғаннан бастап, керісінше тәртіп күшейе түседі. Себебі Жапониядағы мектептерде оқушылар өздерін сабырлы түрде ұстауы, үлкенге құрметпен қарап, мектеп белгілеген тәртіпке мүлтіксіз бағынуы тиіс болады. Бұл жастағы бала тәрбиесінде мектеп басшылығының ұстанатын басты қағидасы – баланың материалдық, физикалық жағдайына қарамастан бәріне бірдей қарау. Жапондықтар мектептің алғашқы үш жылында академиялық білім емес, балаға қоршаған ортаны аялауды, адами қасиеттерге баулып, бойындағы сыпайылылық пен сыйластықты дамытуды маңыздырақ деп есептейді. Сондықтан мектептерде 4-ші сы¬ныпқа дейін ешқандай бақылау алын¬байды және баға қойылмайды, бала қысқаша ойтолғау арқылы өзінің не түсінгенін жазып береді.
Жапония мектебіндегі оқушы¬лар сыныптарды, дәлізді, тіпті дәретхананы өздері жинайды. Осы талап арқылы балалар мектепті таза ұстауды, өзгенің еңбегін құр¬меттеуді үйренеді. Оның үстіне өздері жинағандықтан, мектепті лас¬тамайды. Мектепте балаларға бірдей тамақ беріліп, сынып ішінде бәрі бірге тамақтанады. Осылайша баланың бойында қарапайымдылық пен ауызбіршілік қасиеттері жеті-леді. Балалардың сабаққа қатысу деңгейі 99,99 пайызды құрайды. Балалар сабаққа ешқашан кешікпейді. Сонымен қоса, мектепке де ата-анасының көмегінсіз өздері ке-леді. Ата-ана тек баланы үйдің та¬балдырығынан шығарып жібере алады. Бұл бала бойында өз өміріне және өзге балалардың уақытына жауапкершілікпен қарауды үйре¬теді.
Ал бала 15 жасқа толғаннан бастап, ата-анасы оған ақыл тоқтатқан, өзіне жауап бере алатын, өзі қатарлы адам ретінде қарайды. Бала мектепте не қоғамда белгіленген тәртіпке бағынуы тиіс, бірақ бос уақытында өзін қалай ұстағысы келсе, не кигісі келсе өзі біледі. Ата-аналары ешқандай ескертулер айтпайды. 
Жапондықтар әркез бірінші орынға қоғамды қояды, ал өздерін сол қоғамның бір бөлшегі ретінде қарастырады. Сол себепті баласына да топтың ішінде біріге жұмыс жасауды, үлкенді құрметтеп, өзі¬¬нің қызығушылықтары мен ұста¬нымдарын тұтас топтың мақса¬тынан жоғары қоймауға үйретеді. 
Жапондықтардың қоршаған ортаны таза ұстауының, табиғатты қорғап, үлкенге құрметпен қарауы¬ның, ата-дәстүрлерін сыйлап, оны ұр¬пақтан-ұрпаққа жеткізе білуінің басты себебі – ғасырлардан келе жатқан осы тәлім-тәрбиенің нәти-жесі деп айтуға толық негіз бар. 

Әсел БЕГМАН,
ҚазГУ-дың 4-курс студенті.

ТАНЫМ 21 ақпан 2017 г. 1 870 0