Алланың разылығы – ата-ананың разылығында

417

0

Алланың разылығы – ата-ананың разылығындаАдам баласын жаратып, оған сана мен ақыл беріп, Жаратқанға құл болу секілді ұлы жауапкершілікті жүктеген Алла тағала оны мына фәни дүниеде де ескерусіз қалдырмады. Барша адамзаттың жаратылу мақсаты – Алла тағаланы тану және Оған құлшылық жасау. Өмірдің ең басты ақиқаты осы.
Құранда бұл ақиқат, яғни Алла тағаланы танып, Оған лайық түрде құлшылық ету жайлы баяндалған соң, ата-ананы сыйлап, оларға жақсылық жасау міндетті айтылады. Ұлы жаратушы иеміз адамдарға өзіне құлшылық жасаумен қатар, ата-анаға құрмет көрсетуді бұйырады.
Алла тағала Құран кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық, ата-анаға жасауды бұйырды»  -деп, Алла тағалаға құлшылық жасау тәрізді ата-анаға жақсылық жасаудың да парыз екенін мәлімдейді.
Алла тағалаға құлшылық ету мен ата-анаға жақсылық жасаудың бір аятта, бірінен соң бірі баяндаулы – Алла тағаланың ата-ананы қадірлеуге қаншалықты мән беретінін көрсетеді. Әрі бұл аятта Алла тағалаға құлшылық пен ата-анаға жақсылық жасау арабшадағы «қада» етістігі арқылы берілген. «Қада» етістігінің мағынасы «нақты үкім берді, бұйырды» дегенді білдіреді. Демек, Алла тағалаға құлшылық қылу адамдарға нақты үкіммен бұйырылған парыз болса, ата-анаға жақсылық жасау да сондай маңызды парыздың бірі. Бұл аятта «нақты үкім берді» деген етістіктің қолданылуының да өзіндік сыры бар: Алла тағаланың алдында құлшылық жасамау үшін адамдардың айтатын ешқандай сылтауы жоқ. Себебі адам баласын жаратып, өміріндегі барлық нәрсені оған нәсіп еткен Алла тағала.
Сондай-ақ, ата-ана ақысын аяқ астына таптауға да  ешкімнің құқығы жоқ. Себебі адам болып жаратылған күннен бастап өмірінің соңына дейін оған жанашырлық танытатын осы абзал жандар.
Алла Тағала құлдарына: «Тек қана Аллаға ғибадат етіп, оған еш серік етіп қоспаңдар. Ата-анаға, туысқандарға, жетімдерге, кедейлерге, жақын көршілерге, алыс көршілерге, жол серігіңе, ғаріп пен жолаушыларға, қол астындағыларға да жақсы қарым-қатынаста бол. Алла тағала өзімшіл және мақтаншақтарды жақсы көрмейді»- деу арқылы ата-анаға құрмет көрсетуді бұйырады.
Алланың ақысынан кейінгі ата-ананың ақысы Құран кәрімде былай баяндалады: «Сендерге Алланың нені харам еткендігін білдірейін. Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар! Кедейліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларға да, сендерге де ризық береміз. Жасырын болсын, жария болсын, жамандыққа жуымаңдар. Нақақтан адам өлтірмеңдер. Ойлануларың үшін Алла сендерге осыларды өсиет етеді» – деген аятта да ата-ана ақысы Алланың ақысынан кейін айтылады.
Бұл аятта адам баласына жүктелетін екі ақы бірінен кейін бірі баяндалады. Алғашқысы – Алланың ақысы. Алланың ақысын дегенде ең бірінші ойға оралатыны – оның жалғыз, дара екеніне сеніп, оған еш қандай серік қоспау. Екіншісі – кісі ақысы. Ал кісі ақысында бірінші орында адам баласы үшін ата-ана алдындағы борышы тұрады. Осыған орай аятта ата-анаға жақсылық жасап, қайырлы ұрпақ болу міндеті дереу Алланың ақысынан кейін айтылған.
Үлкен күнә ретінде белгіленген жәйт – ата-анаға қарсы шығу болса,  адамның адамгершілігі оған ең көп еңбегі сіңген ата-анасынан деген қарым-қатынасынан байқалады. Ата-анасына жақсылық жасай алмаған адам басқаларын қалай қарық қылсын? Өзін осы дүниеге әкелген, әлсіз күндерінде қолынан жетектеп өзі жемей жегізген, өзі кимей кигізген екі жанды қадірлей алмаған адам алдағы уақытта басқа адамдарға жақсылық жасап жарытпас. Мұндай баланың халық үшін тигізер пайдасы жоқ. Керісінше зияны болмаса.
Ата-анаға қарсы шығу мен туысқандармен байланысты үзу де Алла тағалаға серік қосу, адам өлтіру, зина жасау секілді адамдық қасиеттерге жат күнәлармен қатар айтылады.
Кісі өлтірген адам Алла тағаланың мейірімінен мақұрым қалатыны секілді, ата-анасына қарсы шығып, оларға құрмет көрсетпеген перзент те Алла тағаланың рақымы мен мейірімінен мақұрым қалады.
Күнәлардың үлкені – ата-анаға тіл тигізу. «Адам ата-анасына тіл тигізуі мүмкін бе?» – деп сұрайтын болсақ, көпшілік бұл сұрақты орынсыз көретіні белгілі. Бірақ адам баласы кейде байқамастан өз ата-анасын балағаттап қоюы мүмкін.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір күні сахабаларына: «Кісінің өз әке-шешесін балағаттауы – үлкен күнә», – деді. Сахабалар таң қалып: «Адам өз ата-анасын балағаттай ма екен?» – деп сұрады. «Иә, кісі егер басқа адамның әкесін балағаттаса, әлгі адам да ашуланып оның әкесін балағаттайды. Біреудің анасын балағаттаса, ол да әлгі кісінің анасын балағаттайды» .
Демек, біреудің әке-шешесін балағаттаған адам шын мәнінде өзінің ата-анасын балағаттағандай болады. Ал бұл адамды үлкен күнәға батыратын жайт. Қазақта «аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген ғибратты сөз бар, сондықтан бұған аса сақ болған жөн. Асылында бұл мүмінге жат қылық.
Алла тағаланың алдында ең сүйкімді істің бірі ретінде ата-анаға жасалған жақсылық екені баяндалады.
Сонымен қатар, адам баласының ата-ана ақысын өтеуі мүмкін еместігі, бірақ соған қарамастан жақсылыққа қарай талпынып, олардың ақысын өтеуге барамызды салуымызды, сонда бұл әрекетімізге қарай Алла тағаланың бізді сүйікті құлдарының қатарына қосатынын мәлімдейді.
Алланың елшісі (с.ғ.с) хадистері арқылы біз ата-анаға жасалған жақсылықтың реті келгенде қажылыққа да жиһадқа да тең келетінін үйренеміз. Олардың напақасын тауып, қамқорлық көрсетуіміз Алла тағаланың жолында жүргендігіміздің белгісі екенін түсінеміз. Көңілімізді күпті етіп, ар-ожданымызды жегі құрттай кемірген күнәларымызды жоюдың ең оңтайлы жолдарының бірі ата-анаға жақсылық деген мәліметті аламыз.
 
Улжаев Бақыт
Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз