Алпыс деген бір асу

2373

4

Қаншама жыл жаныңа жақын, үзеңгілес жүрген әрі жасы кіші әріптесіңнің кемел 60 жасқа толуы көңілге ой салмай қоймайды екен. Мазмұнды өмір сүруге ұмтылған адам баласына әрбір өткен күнге есеп беріп отыру тән. Табиғи жасына сәйкес мінез желісін бойға сіңіру мен ұстануды кез келген адамның пешенесіне жазбаған. Пешенесіне жазылғандары – өзінің өмірлік жүгін лайықты арқалап келе жатқандар. Мен білетін әріптестердің ішінде отбасылық, тұрмыстық және азаматтық жүгін лайықты көтеріп келе жатқандардың бірі тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті Айтжан Оразбақов деп ойлаймын.

Ол қырқында қамал алған жігіт ­ағасы, елуінде нағыз ердің жасына лайық болды, енді міне 60-қа толып, ел ағасы мәртебесіне жетіп отыр. Бұл міндетін де абыроймен атқаратынында күмән жоқ.

Оразбақовтар – дәрігерлер мен педагогтардан тұратын зиялылар әулеті. Таным үдерісінде белгілілік, солай бола тұра толық танылып болмағандық дейтін ұғым бар. Осы бір құбылыстың кейбір жайттары Айтжанға да тән көрінеді маған. Айталық, оның 1978 жылы қаладағы №212 мектепті бітіргеннен кейін үш жыл ағаш ұстасы болып істегенін әріптес жастар тұрмақ мен де білмейді екенмін. Өмірдеректік тағы бір құнды мәлімет – 1983 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық инс­титутының «Тарих және француз  тілі» мамандығына оқуға түсіп, 1 курсқа бірге түскен курстастарына оқытушы болғанының өзі сирек кездесетін жайт демеске амал жоқ.

Осы бір деректі кейінгі жастарға айт­саң, күмәнмен қарайтындар көп. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, тарқатып айтайын: Айтжан – әскери міндетін атқарып келген студент, қатарының үлкені. Курстастарының арасында армияға бармағандар көп болады да, оқу тобының үш-төрт жігіті бірінші, екінші курстардан кейін болуы керек, армияға алынып кете барады. Екі аралықта ол әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне ауысып, 1989 жылы бітіреді. Өз институтының төл кафедрасына оқытушы болып келсе, жігіттер әскерден оралып, оқуын қайта жалғастырып жатыр екен. Бұрынғы курстастары осылайша студенттеріне айналады. 

Айтжан – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тірі куәгері. Кеңес армиясында қарапайым сарбаздардың КОКП мүшелігіне өтуі жеңіл (керісінше, офицерлер құрамы оған құлықсыз және қажеті аз). Сол мүмкіндікті пайдаланып, КОКП мүшелігіне өтіп келген. Болашақ мансап үшін бұл өте қажет. Сол кездегі дәстүр бойынша факультет партия жиналысында әрбір коммунисттің Желтоқсан оқиғасына қатысты жауапкершілігі мәселесі дербес қаралады. «Ұлттық университет студенттерінің көтеріліс болған алаңға бармауына ықпал жасай алмағандығы үшін» партия мүшесі ретінде ол да кінәлі болып, партиялық есеп кітапшасына жазылған қатаң сөгіс алады. Дәстүр бойынша сөгіс алған коммунист бір-екі жыл көлемінде ерен еңбек етіп және жеке лайықты есеп беріп, сөгісті алдырып тастауы керек.

Іздегенге – сұраған. Көп ұзамай университетте Чернобыль атом электр станциясы жарылысының зардаптарын жоюға ерікті жасақтар ұйымдастырылып, Айтжан соған жазылады. Қазіргі жастар үшін мұны түсіну өте қиын, бірақ партия мүшесі ретінде бұл заңдылық еді.

Қазақ Ұлттық университетінде Бек Сүлейменов, Манаш Қозыбаев, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков сияқ­ты атақты ғалымдардан дәріс алды. Диплом жұмысының жетекшісі белгілі қоғам қайраткері, марқұм Кәрішал Асанов болды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұрболат Масановтың кеңесімен кандидаттық диссертациясының тақырыбы таңдалып тиянақталды. Содан Айтжан Оразбақов 1991-1995 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық университетінде аспирантурада оқып, 1997 жылы тарих ғылымдары бойынша «ХХ ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысы мен тоқсаныншы жылдарының бірінші жартысындағы Арал төңірегіндегі экологиялық дағдарыс аймағындағы әлеуметтік-экономикалық үдерістер тарихы (Қызылорда облысы материалдары негізінде)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. 1999-2015 жылдар аралығында «Тарих және құқық», «Тарих және қазақ филологиясы» факультеттерінің деканы, «Дінтану» зерттеу орталығының директоры, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

Әріптестері үшін маңыздысы – оның декандық қызметі. Барлық нәрсе «қызмет менікі, айттым біттімен» шешілмейді. Студенттермен өзара сенімді қатынас орнату, кейде студенттер мен оқытушылар арасында туындап отыратын кикіл­жіңдерді дер кезінде шешіп отыру – әдептілікті талап ететін жайт. Өрісі тарлығынан профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер, одан қалды ата-аналармен тіл табыса алмай күлкі болған талай декандарды көргенбіз. Он жылдан астам уақыт декандық қызметінде оның лауазымын пайдаланып қарамағындағыларға дауыс көтергенін көрмеппін. Барлығы емеурінмен орындалып жатады. Бұл – әрине қарамағындағылардың деканына деген құрметі, адами сыйластығы.

Сан салалы декан қызметінің құрамдасын  кафедра меңгерушілері, оқытушылар құрамы мен жұмысы құрайды. Өйткені шығармашылық пен ғылымға қабілеті бар магистранттарды кафедраға жұмысқа қалдыру, әдіс­темелік, ғылыми бағыт-бағдар беру, жинақтап айтқанда кадр мәселесі Қызылорда жағдайында ғана емес, ел көлемінде ең күрделі мәселеге айналып кетті. Мәселе қазіргі отандық ғылымда, ғылымға қызмет етуді емес, оны күн­көрістік кәсіпке айналдырғандардың үстемдік құрып кеткенімен түсіндірілсе керек. Тарих кафедрасын талантты ғалым, қазір Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті Күлпаш Ілиясова басқарған жылдары жағымсыз тенденцияны жеңуде орасан зор жұмыстар атқарылды. Осы жылдары мемлекеттік емтихан төрағасы болып келген елімізге белгілі М.Қойгелдиев, Қ.Атабаев сынды ғалымдар кафедрадағы шығармашылық әлеуетімізді өте жоғары бағалағаны есімде. Шынында да, осы жылдары кафедрада, әжептәуір танылып қалған А.Еспенбет­ова, Б.Еңсепов, У.Ибраев, С.Тоқболат, т.б. жас тарихшылар тәрбиеленді. Айт­жан Жұмабайұлы кафедраға меңгерушілік еткен 2020-2021 оқу жылында қандай ауқымды жұмыстар атқарылды десеңізші! Тәуелсіз аккредитациялау мен рейтингтеу агенттігі шешімі бойынша кафедра мамандығының бакалаврлары 3-орынды, магистратура 2-орынды иеленді.

Айтжан ҚР Президентінің Алғыс хатымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен бірнеше рет марапатталған. Білікті ­ұйымдастырушы ретінде таныла білген әріптес ініміздің биік беделі кафедра, институтпен шектелмейді. Ол университет оқытушылары мен қызметкерлерінің қолдауымен 2018 жылы кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланды. 2019 жылы университетте өткізілетін оқытушы-профессорлар құрамының білім беру қызметіндегі рейтингін анықтау ережесіне сәйкес университеттің «Үздік оқытушысы» атанды. Қазір Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі ретінде нақты жұмыстар жүргізуде.

Сөз соңында үзеңгілес әріптес інімнің үлгілі отбасы екенін, жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі Зейнеш Омарқызы Атеева екеуінің екі ұл тәрбиелеп, немерелі болып отырғанын айту абзал. Халқымыз алпыс жасқа ел ағасы мәртебесін берген екен. Мырзатай Жолдасбеков бірде жол-жөнекей «Заман өзгерді, онымен бірге адамның өмір жасы да ұзарды, құдайға шүкір, осы сексен жасты абыз жас деп атасақ қайтеді?» деп ұсыныс тастаған еді. Олай болса, Айт­жан ініміздің абыз жасқа жетуінің және оның жаңа жетістіктерінің куәсі бола­йық дегім келеді.

Дастан Сәтбай,

тарих ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<