Алтын бесік– туған жер: Аманкелді ауылы

158

0

Облыс орталығына жақын орын тепкен Аманкелді ауылының тарихы тым әріде жатыр. Бүгінде Сырдария ауданының құрамына кіретін елді мекеннің құрылғанына тоқсан жылға жуықтап қалды. Кеңес үкіметінің дүмпуі 1928 жылы өз алдына бірнеше серіктес болып отырған ауыл тұрғындарын №3-ші ауылдық кеңес қамтуына біріктірді. Ол кездегі «Иіркөл» сағасын Сырдариядан алып, үнемі суға толып тұратын-ды. Сол «Иіркөл» серіктестігіне Сайыпназар ахунның дария жағалауындағы қыстау, Иіркөлдің  шығыс жақ бетіндегі жайлау мешіттері, «Боз»,»Жүнтөбе»,»Қарашоқы» жерлері кірген. Кеңес үкіметі қыстау мешіт иелерін конфискелеп, қуғындады. Мешітті бұзып, оның ағашын мектеп құрылысына пайдаланды. 

 

Алтын бесік– туған жер: Аманкелді ауылы

 

Жергілікті билік өкілдері жайлау мешітті айналасындағы бейіттерімен қоса тоғанға тегістеп жіберді. Тарих қойнауына көз жіберсек, бұл өңірде «Ақкөл», «Аяқкөл», «Қасым көлі», Сулы көл», Сарыкөл», «Домалақ көл»,»Көктің көлі», «Зіңкетер», «Құлакөл», «Қайырсуат», «Терісөзек», «Тораңғыл сай»,  «Тақыркөл», «Балықты көл» секілді көлдермен қатар колхозшылардың қол күшімен қазылған  «Бестөбе», «Мирзоян», «Қырықбайтақ» атты каналдар да болған. Сағасын «Бекпенбет жармасы» арқылы дариядан алатын жеті көлден құралған  үлкен айдын көл жүйесі болғаны қазір ертегі іспетті. Тек тарих бетінде «Жетікөл» деген атау ғана қалды. Асау Сырдарияның тасуынан пайда болған Қалғандарияның суы  көктемгі және күзгі тасуынан ернеуінен асып, Қайырсуат арқылы жоғарыдағы бірқатар көл арналарын толтыратын. Солардың бірі «Көктің көлі» арқылы келген тасқын су Аманкелді ауылының шығыс жағындағы «Алдасүгір» тоғанына тірелетін-ді. Көл суларын халық еркінше пайдаланып, балығын аулап, құсын атып, күн көретін. 

 

Алтын бесік– туған жер: Аманкелді ауылы

Қазіргі Аманкелді кеңшарының негізі 1929 жылы құрылған «Құмшығанақ» артелі еді. Оның алғашқы құрушылары Садуақас Оразбаев, Әкімбек Қобақов, Кенен Бейісов, Ақайдар Шалжанов, Жағалтай, Оралбай Тәукеновтер, Әубәкір Қалабаев, Әкімбек Аралбаев деген кісілер болатын-ды. Өкімет артельге жәрдем ретінде 40 қой берді, оның бағушысы Жәкебай  болды. Ұйымның алғашқы төрағасы Жолтай Арыстанбаев деген кісі еді. Алғашқыда бар-жоғы 27 отбасыны біріктірген артель уақыт өте келе үлкен күшке айналды. Кеңес үкіметінің саясатына қарсы шығып, бір ұжымға біріккендер арасында алауыздық тудырушылармен күресу мақсатында Әліпбай Бөкеев жетекшілік ететін комсомол ұйымы құрылды.  Алғашында төрт-бес жаспен ғана ашылған ұйым мүшелерінің саны көп кешікпей 37-ге жетті. Комсомол мүшелері   ұжым  жұмысын ілгері бастыруда көп еңбек сіңірді. «Шолақ арық» колхозының төрағасы Әділбай Түктібаев ел есінде қалатындай істерді жүзеге асырды. Оның басшылығымен 22 бас ірі қара сатып алынды. Төраға «Қайырсуатқа» ау салдырып, мемлекетке 1,5  вагон  балық тапсырды. Сөйтіп колхозға 22 мың сом таза пайда түсірді. Бұл ақшаға колхоз белсенділерінің бірі Ерғали Сексенбаев Монғолиядан 20 түйе сатып әкелді. Ол ең басты жұмыс көлігі болды. Бұдан кейін де бірнеше серіктестіктер бірігіп, артельдер құрылды. Тағы бірер жылдан кейін сол артельдер  ірілендіріліп,  Ленин колхозына айналды. Алғаш рет колхозға 2 ХТЗ тракторы келді. Оның алғашқы жүргізушілері Сұлутөбедегі үш айлық курсты бітіріп келген Бәкеш Найманов пен Н.Қошқарбаев болды. 
 

Алтын бесік– туған жер: Аманкелді ауылы

 

Ұлы Отан соғысы жылдарында колхоз мүшелері  майданға 15 мың сом көлемінде көмек берді. 1943 жылы қой саны 65 мыңға жетті. 1950 жылы  Ленин, Калинин, Қызыл ту колхоздары бірігіп, Ленин колхозы болды. 1946 жылдан бастап беріге дейін колхоз басшылығында Оспан Байжанов, Пірман Жарқынбеков, Мақаш Қалымбетов, Н±рыш Ж±дабаев, Қасымбек Ыбыраев, Қалмақ Сексенбаев, Мәжит Зұлқарнаев, Нұрхан Дайырханов, партия, кәсіподақ, шаруашылық және ауылдық кеңестің жұмыстарында Сүйіпбергенова, Балабай Оралбаев, Маханбетжан Елкеев, Тұрсынбай Ахметов, Сейіт Құлманов, Ишат Кенбаев, Қайып Омаров, Әбдірәсіл Сейдалиев, Ләтіш Әбдіқайымов, Шәпи Тілеубеков, Уәлихан Миянов, Әбди Рахменов, Ералхан Айдынбаев, Айдарбек Қожахметов, Ғинаят Сұңқарбаев, Мәжит Бәкіров, Рысбай Құдайбергенов, Нұрмахан Әбенов, Мәжит Жүсіпов сынды азаматтар басшылық жасады. Олардың бірқатары Ұлы Отан соғысының ардагері  болатын. Ауылда өзінің ерен еңбегімен Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болған Арыстан Рүстемовтің, түйе түлігін түлетуге көп күш сіңірген Әбсаттар Әбдірәсіловтің, шопандар Қайып Оразов, Камал Жағалтаев, Жалғас Жүсіповтің  есімдері де құрметпен аталады.
 Сонымен 1963 жылы бірқатар колхоздар бірігіп, Аманкелді совхозына айналды. Совхоз директоры Әбутәліп  Алтыбасов, кейін Әбсәми Оразәлиев, партия ұйымының секретары  Төлеген Дүйсебеков, ауылдық кеңес төрайымы Жаңыл Оспанова халықты партия съездерінің шешімдері мен бесжылдық жоспарларын орындауға, ауылдың әл-ауқатын көтеруге жұмылдыра білді.
 

Алтын бесік– туған жер: Аманкелді ауылы

 

Совхоздың тасы өрге домалаған жылдары 1974 жылдан бастау алды десек, артық айтқандық емес. Бұл жылы «Айдарлы»  өз алдына бөлінді де Аманкелді атындағы совхоз қаракөл қойының тұқымын асылдандыру бағытындағы ғылыми тәжірибе шаруашылығы болып құрылды. Совхоз директоры, биология ғылымдарының кандидаты Нұрман Әлиұлы Жүндабеков    шаруашылықты көркейту, алғашқыда Сұрхандария, сосын Бұқар сұрларын өндіру барысында көп жұмыстар атқарды. Латвиядан ет бағытындағы ірі қаралар әкелініп, ерекше күтімге алынды.  Алғашында қиыншылықтар да көп кездесті. Дегенмен, ертеңіне сенген ауыл еңбеккерлері тынымсыз еңбек етіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. 1974  жылдың тағы бір ерекшелігі, сол жылы Шәкен Байжанова директорлық ететін №42 Ленин атындағы орта мектептің бітірушілері ауданда алғашқылар қатарында комсомолдық жолдамамен мал шаруашылығына бет бұрды. «Толқын», «Жұлдыз», «Жауқазын» атты комсомол жастар бригадаларына топтасқан жастар мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосты. Әрине, олардың жақсы табысқа жете қоймағаны аян, алайда, жастар бірлесіп еңбек етудің, жалпы маңдай термен табыс табудың қадірін жан жүрегімен сезіне білді. 
Иә, шаруашылықты ірілендіру, көркейту барысында шет елдік озық іс-тәжірибелер кеңінен пайдаланылды. Түркия, Германия, Болгария сияқты елдерден, көрші республикалардан арнайы мамандар келіп, өз білгендерін үйретті. Совхоз 1984 жылды 500 мың сомнан аса таза пайдамен қорытындылады. Әр жүз аналықтан114 қозы, 45 бота, 70 құлын алынып, қаракөлдің бірінші сорттылығы 90 пайызға жеткізілді. Қой саны 45,5 мыңға, сиыр 170, жылқы 660, түйе 445 басқа жетті, мал басы 98 пайыз аман сақталды. Совхоз облыстың мал шаруашылығымен айналысатын 31 қой совхозын 1990 жылға дейін тегіс сұр  қаракөл тұқымымен қамтамасыз етті. Шаруашылықта зоотехниктер курсы ашылып, облыс мамандары дәріс алып отырды. Осы жылдары ауыл ажары адам  танымастай өзгерді. Жаңа мектеп, заман талабына сай салынған тұрғын үйлер, байланыс үйі, өрт сөндіретін депо, өзге де ғимараттар ел игілігіне ұсынылды.  1986-2013 жылдар аралығында ауылдық кеңесті Төлеген Дүйсебеков, Шайзада Қаратаев, Нұртай Құдайбергенов, Мырзағали Кенбаев  басқарды. Ал 2013 жылдан бастап халық қалауымен сайланған Құрманғали Құлымбетов ауыл әкімі болып жемісті еңбек етіп келеді. 
Ауыл тарихын айтқаннан  кейін ондағы өмір сүрген тарихи тұлғаларға тоқтала кеткенді жөн санадық. Ауылда негізінен Қажы Мәдіден (лақап аты Дуана) тарайтын қожалар тұрады. Қажы Мәді Түркістан өлкесінде Қожа Ахмет Яссауиден кейінгі екінші тұлға, керемет білімді кісі  болған. Оның қабірі Түркістан-Кентау жолының үстіндегі «Құсшы ата» мазарында. Қажы Мәді өзінің  Киік, Бүркіт, Жолбарыс бейнесіндегі үш кереметімен,  ерекше әулиелігімен Қазақ жерін қалмақ ханы Қалдан Цереннің ширек ғасырға созылған зорлықшыл өкімінен азат еткен. Қажы Мәдінің төрт баласының үлкені Қожа Жақанға (Қожжан қожа) әкесінің үш кереметі дарыған деседі. Қожан қожа күмбезі Аманкелді-Айдарлы тас жолының  бойында орналасқан. Қожан қожаның екінші ұлы Заман әрі ақын, әрі жырау, діни сауатты, он саусағынан өнері тамған ағаш шебері, соғыс қаруын толық меңгерген жан болған екен. Заман ақын кезінде Абылайханның ақ ордасын өз қолымен жасаған. Ақ орданың астына дөңгелекті арба, шана, үстіне тақтайдан төсеніш төселіпті. Заман ақын үш күн, үш түн тоқтамай жыр жырлайтын көрінеді. 1935 жылы Алматы қаласынан латын әрпімен шыққан «Тарту» деген кітапта  Заманның Шортанбаймен айтысы және «Заман ақын зары» деген толғауы басылған.
Сейіт батыр – Қожан қожаның немересі. Ерен батырлығына қоса соғыс өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген, қолбасшылық қасиеті мықты болған жан. Сейіт батырдың батырлығы мен  шебер қолбасшылығы жөнінде Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» романында толық суреттелген. Сейіт батырдың елу жыл бірге болған қару-жарағы өзінің өсиеті бойынша қабіріне бірге көмілген көрінеді. Қожжан қожаның шөбересі, Заман ақынның немересі, соғыстың бес қаруын жетік меңгерген, алып күштің иесі, жүрегінің түгі бар Нарбай батыр – осы ауылдың төл тумасы. Ат үстінде шауып келе жатып, ат бауырынан айналып, екінші жағынан шығады екен. Жылдамдығы сондай бір мезгілде аспандағы құсты атып, судағы сазанды шаншып, екеуін де қайыққа қатар түсіретін көрінеді.  
Ел жадында қалғандардың бірі – Басықара датқа, ол  кіші жүз Байұлы, оның ішінде  Жаппас аталығының достияр тармағынан. Әкесі – Алтыбай би,  атасы – Көбек би. Алтыбай биді кезінде Кенесары хан орысқа жақтасқаны, мұсылман қыздарын алтынға сатқаны және төрелерге жер үшін төлем төлемей қойғандығы үшін ауылдың «Қырықбайтақ»   атты жерінде биік құмның үстіне сексеуіл үйіп, сонда өртеп жіберген көрінеді. Әкесі өлгеннен кейін Басықараны орыс патшасы қамқорлығына алады. Алдымен арабша, сосын орысша оқытқан. Басықара датқа өз баласы Жүсіпбекті Петрбургтегі ақсүйектер университетіне оқытқан. Одан кейін Жүсіпбек «Кеңтүп» болысында 25 жыл болыс болған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Орта Азия университетінің проректоры болып қызмет еткен.  Алайда, оның үш баласы бірдей халық жауы ретінде атылған. Қазақ халқының атақты бишісі Рамазан Баповтың анасы Әсия Жүсіпбектің туған қызы. Ол 1993 жылы 80-нен асып, қайтыс болды. 
Сайыпназар ахун Өтен ұлы 1810 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласы маңындағы «Қара өткел» деген жерде өмірге келіп, 1873 жылы қазіргі Қызылорда облысы Сырдария ауданы Аманкелді ауылының  «Иіркөл» елді мекенінде қайтыс болған. Ол «Хазіреті әли», «Мұхаммед Қанафия»,  «Қожа Ахмет Яссауи» дастандарын жазған, араб, парсы, түрік тілдерінен ғылыми және дін туралы кітаптарды қазақшаға аударған. Ахун  «Иіркөл»  маңынан 500-600 адам еркін сиятын намазханасы, 300 адамдық қонақ үйі,  300 балаға арналған медрессесі, кітапханасы,  дәретжайы және 11 бөлмелік асхана, диірменхана, астық, ет сақтайтын қоймасы, жұмыс адамдары үшін жатын жайы бар қыстау мешітін, үш гектардай аумақты алатын гүл алаңдары, су бассейндері, тынығатын орындары бар жеміс бағы, жартылай жабылған үйлері бар жайлау мешітін салдырған. Алайда, бұл құнды диниелер кеңес үкіметінің солақай саясаты негізінде бұзылып, тегістеліп кеткен. 
Өзбекстандағы «Көкілташ» медрессесін бітірген, Меккеге қажылыққа үш рет барған, араб, парсы, шағатай, өзбек, неміс тілдерін жетік меңгерген Әбдісадық ишан – Сайыпназар ахунның үлкен ұлы. Әбдісадық ишан Мұхаммед пайғамбардың  соңғы патшалық қазынасындағы қасиетті  заттарын алуына байланысты  мұсылман әлемінде  тарихи орны бар ірі тұлғалардың бірі саналады. Қажылыққа үшінші рет барғанында Мұхаммед пайғамбардың патшалық қазынада сақталған ең соңғы 2 тал қасиетті сақалын,»Мой муббаракты», алтын тәспіні және қасиетті жайнамазды алған. Бұл қасиетті заттарды иеменденуге 400 адам арыз берген көрінеді, солардың ішінде  Әбдісадық ишанның арызы дәлелді болып шыққан. Ишан әкесі Сайыпназар ахун дүниеден өткеннен кейін мешітке өзі имам болып, медресседе бала оқытқан. Сонымен қатар ол өте ірі денелі, батыр тұлғалы, ерен күш иесі болыпты. Бұқарада оқып жүргенінде  күресте Әмірдің бас палуанын жеңіпті.
Әбдіқайым – Әбдісадық ишанның немересі.  Ақмешіт қаласында күндіз арабша, түнде орысша оқыған, Араб, парсы, орыс тілдерін меңгерген. 1917-26 жылдары Ақмешіт қаласында революциялық үкіметтің Жаңақорған-Шалқар арасындағы билерінің үстінен қарайтын аға биі болып сайланған. Сонымен қатар ол Мұстафа Шоқай басқаратын республикалық «Шорай Исламның» облыстық бөлімінің төрағасы болған.
Ауылдағы Қайырсуат көлінің жағасында 1913 жылы дүниеге келген  Мәжит Айтбайұлы – Қазақтың Абай атындағы пединститутының тұңғыш бітірушісі, Қызылорда пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, «Ленин жолы» газеті редакторының орынбасары, облыстық жас ақын-жазушылар бөлімінің жетекшісі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1940 жылы армияға алынып, Ұлы Отан соғысында неміс тұтқынына түскен. Мұстафа Шоқаймен Түркістан легионын басқарған. Шет елдегі қазақтар үшін 1 газет, 2 журнал шығаруға атсалысқан. Оның бірнеше кітаптары неміс, француз тілдеріне аударылған. Сонымен қатар тарихта Мәжит Айтбайұлының  Абылай ханның суретін салғаны туралы да әңгіме айтылады.   
Әрине, ауыл тарихы, оның кешегісі мен бүгінгісі, онда өмір сүрген тамаша адамдар жайлы толық айтып өту, барлығын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Солай болғанымен де бірқатар деректерді қамтуға, ауыл тарихын жеткізе айтуға ұмтылдық. Оның қай деңгейде орындалғанының төрешісі де, бағалаушысы да халық екені даусыз.
Гүлнұр  РЕЙМБЕРГЕН.
***
    Тақырыпқа тапсырыс: «Алтын бесік – туған жер»
Облыстық «Сыр бойы» газетінің сайты бәйге жариялайды. Бәйге «Алтын бесік – туған жер» тақырыбында өткізіледі. 
Атамыз қазақ «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дейді. Десе дегендей, әркім өзінің кіндігі кесілген, ат жалын тартып мінген, азамат болып ержеткен туған топырақты жүрек түкпірінен мәңгілік өшіре алмайды. Осы орайда біз әрбір азаматтың өзінің өмір есігін ашқан құтты мекені жайында жылы лебізіне құлақ түру мақсатында аталмыш бәйгені қолға алуды дұрыс көріп отырмыз. 
Оған әрбір азамат қатыса алады. Мейлі, ол оқырман туған жерден жырақ жүрген, ауылда тұратын азаматтар болса да  бәрібір. Қойылатын талап төмендегіше. Бәйгеге қатысқысы келген кісілер сол жердің тарихы, ол елді мекеннен шыққан атақты азаматтар және өзге де дүниелер қамтуы тиіс. Сондай-ақ, ауылдың өмірі жайындағы суреттердің болуы да қажет етіледі. Оларды газеттің электрондық  поштасына жолдаңыздар. Бәйгеге келіп түскен шығармалар «Сыр бойы» сайтында жарияланады. Үздік деп танылғандары газеттің қағаздық нұсқасында жарық көреді.
Үздік деп танылған шығармаларға арнайы сыйлығымыз бар. Сіздерден хат күтеміз.  Шығармалар тек электрондық нұсқада қабылданады. Электронды поштамыз: syrboyі@maіl.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз