«Ақүйік» өзенінің бойындағы Ақ Ата, Сам Ата, Ұзын Ата, Бала Әулие, тағы басқа әулие-әмбиелердің зираттары, «Үңгіртас», «Қатын қамал» үңгірлері, бағзы заманда өзен бойында ата-бабаларымыздың су тиірмендерінің, жемісті бауларының өзіндік тарихы бар. Заманында Қожамберді, Қияқ, Желкілдек сияқты қазақ батырларымен қатар жүріп қалмақтарға ойсырата соққы берген Ақбай батыр да осы ауылдың тумасы. Ол кісінің ұрпақтары Ержігіт, Дәумен, Есет аталарымыздың ұрпақтары әлі де осы Бірлік ауылында өмір сүріп жатыр. Дәумен ақсақалдың ұлы Бектұрсынның үйінде Ақбай батырдың жәдігерлері осы күнге дейін сақтаулы.
Туған жерге деген табиғи сезім өлкенің жоғарыда айтылған тарихымен, осы өңірден шыққан атақты адамдардың тарихымен ұштаса түседі. Бірлік десе Оңтүстік өңірде МТС-тің негізін қалаған, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерінің иегері Нұрғали Түршеков, қоғам және мемлекет қайраткері Нәлғожа Ергешбаев, әділет генералы Әбдіқадыр Нұрмағамбетов еске түседі. Осы аймақтан ғылым докторлары Әбибулла Әбсадықов, Қадыр Жаманбаев, Рахматулла Тұрғанәлиев, Еркін Әбілов, ақын-жазушылар Дүкенбай Досжанов, Тынымбай Нұрмағамбетов, Мұхтар Сейсенұлы, Жолтай Әлмашов, Нұртас Исабаев, «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім бастығы, Талдықорған облысында бас редактор болған Ғайс Егембердиев бастаған журналистердің үлкен шоғыры және Гүлшат Нұрлыбаева, Бибіажар Махамбетова сияқты өнер саңылақтары шыққан. Біз елдің өркендеп, өсуіне үлкен үлес қосқан еңбек адамдары-жүгеріші, Ленин, Октябрь революциясы ордендерінің иегері Әбдірахым Ақбалаев, кезінде Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған Шырын Нарымбетова, сондай-ақ Асан Мәмеков, Найманбай Құрбанов, Оразбай Жолшиев, Әубәкір Бейсенбаиевтердің есімін мақтанышпен атаймыз. Осы адамдарды елге әйгілі еткен еңбегінің бастауы туған жерге деген сүйіспеншілік, азаматтық парыз.
Осыдан 15-20 жылдай бұрын Бірліктегі үш қабатты мектептің қаржы тапшылығына байланысты құрылысы тоқтауға айналды. Осындай кезеңде 2001 жылы Бірлік ауылындағы мектепте әр жылдарда оқыған соғыс және еңбек ардагері Сейітхан Байдүйсенов, Жаңақорған қыстағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Сүгірбаев, жазушылар Тынымбай Нұрмағанбетов, Жолтай Әлмашов, облыстық қаржы басқармасының бастығы Колхозбек Әжібеков, Бірліктік азаматтар Әріпбек Асанов, Рақыш Мәмеков, тағы басқа мектеп түлектері , ел азаматтары болып, «Қолыңнан келсе, көмек бер» тақырыбында осы ауылдан шыққан азаматтарға арнап облыстық газет бетінде «Ашық хат» жариялады. Жаңақорғандық көп ағайындар құрылыс материалдарынан, мектеп айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізуден көп көмек жасады. Қызылордада тұратын Төлеш Пшанов, Мейірбек Ерназаров, Амангелді Молжанов, Колхозбек Әжібековтардың ұйымдастыруымен 100 мың теңге тұратын спорт, сыныпқа арналған құрал-жабдықтар жеткізілді.
«Әркімнің туған жері Мысыр шаһары» дегендей адамның туып-өскен, кіндік қаны тамған жер ешуақытта да ұмытылмақ емес. Мұндай сүйіспеншілік атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын қасиетке айналуы тиіс. Осындай үрдісті, қасиеттерді кейінгі ұрпақтың бойына сіңдіру әрбір азаматтың парызы болса керек.
Жаңақорған ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!