ҚАРАБУРА

107

0

Жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Қарабура» тарихи романы бұдан үш жыл бұрын оқырмандар қолына тиіп, жақсы бағасын алған еді. Қаламгер бұл шығармасына қосымша тың мәліметтер жинақтап, жазып, жаңа тараулар қосты. Содан үзінді ұсынылып отыр.
Өткен тарихты таразылап отырсаң, Орта Азия елінде елді ел қылатын, ерді жер қылатын талай оқиғалар туындап, бірінің жағасына бірі жармасып, бірінің басын бірі алып, жанын қиған бақыт пен байлыққа, қыруар билікке жетпекші болған көріністерге таңдай қағып, кейде жиренішті өкінішпен қарайсың. Сол өкініштің көлеңкесінде талай мемлекеттер пайда болып, дамып, кейде келмеске кеткендей құлдырып, тасталқан болып қирап қалғандары қаншама?!
Ел мен ел, мемлекет пен мемлекет қарым-қатынас жасап, арада сауда-саттық жүріп жатқан сәтте, бір-бірінен рухани мәдениеттің жемісін де бойына сіңіріп, жаңа идеялар мен ойлар да жүзеге асып жатқаны мәлім.
Орта Азияның халқы түгелімен ислам дініне ден қойып, ұстанған уақыттар да  араб елдерімен ары-бері байланыста кең өрістеді. Олардан әдет-ғұрып, мәдениетін қопара алып келіп, санаға сіңірмегенмен, есіктен кірген діні төрге өрмелеп, билігі барлардың туына айналды. Осындай кезеңде араб елінен келген миссионер діншілдермен бірге саяхатшылар да қаптап, осы елден нені үйреніп, нені алу керек дегендей түпкі мақсаттары оянып, өрістеген сияқты.
Олай дейтініміз, осы аймақтар туралы саяхатшылар да жан-жақты, толық мәліметте ой-түйін жасап, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен психологиясына дұрыс баға беріп үлгіріпті. Араб саяхатшысы Иакут ХІІІ ғасырдың басында осы өңірлерді жаяу аралап, былай деп ашық пікір білдіріпті: «Әлемде дәл осындай, жері ұлан-байтақ, халқы жиын, адамы еңбекшіл, әрі қанағатшыл, қалалары еңселі базарлы, жалпы жұрты барақат тыныштықта ғұмыр кешіп жатқан ешбір ел жоқ», депті.
Бұл сол жылдардың шынайы қөрінісі, халықтың мінезі, күйбең тіршілігі, жағасы жайлаудағы тұрмысы. Осы өңір өте әріден адамзаттың өсіп, өркендеуінің айтарлықтай бесігі болса, беріде мұсылмандыққа айналған тұста, бұл жұрт гүлістан жерлердің біріне айналып, алыс-жақын елдерге танылып үлгірді. Мәуреннахр мен Ферғана, дала жұртының тіршілік өзегі болған Сырдария, Орталық-Батыс Азиядағы абат елдердің басын біріктіріп, сол дәуірмен қарағанда дамып, құлашын кең жайған елдерді біріктірген сәулетті, салтанатты, айдынды да алып мемлекеттер өмір сүрген болатын.
Талай мемлекеттер құрыды. Босағасы шайқалып құлады да. Сондай іргелі мемлекеттердің бірі де әрі бірегейі де, бір ғасырдан астам өмір сүрген қарахандықтар мемлекеті еді. Бұл Орта Азия мен Жетісу өлкесі  шегіндегі Қарлұқ қағанатының билеушілерін бейбіт жолмен ешбір қантөгіссіз 942 жылы алмастырған Қарахан-Елек хандар әулеті. Әлі күнге дейін осы әулеттің нақты шығу тегі  туралы дәйекті қолға ұстар ешқандай деректі кездестірмейміз. Шындығына жүгінсек, Афрасияб әулеті деп әйгіленген қалың топтан шыққан. Аяғымызды тіреп айтсақ,  Ежелгі Тұран патшалығының тұқымынан тарайтын, тарихи ұрпақ деуге ғана  негіз бар сияқты.
Қарахан мемлекеті дәуірлеп келе жатып, өзара іштей билікке таласып,1030 жылы екіге бөлініп кетті. Оның Шығыс қағаны чигили табы, ал Батыс қағаны ягма  табы деп аталды  да бір-біріне бағынбады. Осы тым-тырақай бөліністің салдарынан бүкіл Қарахан ұлысы ХІ ғасырдың соңында  тәуелсіздіктен айрылып, сол кездегі күшті  Селжүк империясының бодандығына түсіп, соның қоластына бағынады. Одан кейін де қарахандықтардың бас көтерерлері  әр жерден топтаса көтеріліп, қайта мемлекеттерін құрмаққа ұмтылады. Бұл жолда талай құрбандыққа да барады. Бірақ белсенді әрекеттерін жоғалтпайды.
ХІІ ғасырдың екінші жартысында Қарахан әулетінің Шығыс тармағы қайтадан күш жинап, ойлаған мақсаттарына қол жеткізеді. Ферғана мен Сырдарияның орта ағысы мен Мәуреннахр аймағының орасан зор бөлігін ғұзырына қаратады. Оның басы-қасында жүріп, осындай жеңіске жеткен Қарахан әулетінің ең соңғы  жұрнағы Осман ибн  Ибрахим еді. Ежелгі қала Самарқанды астана етіп, жан-жағындағы көрші мемлекеттермен иық қағыстырып өмір соқпағын бастайды. Бұл кезде Хорезм шаһ мемлекетінің бой жарыстырып, күшейіп тұрған кезі. Османға көз алартып, оның мұндай билік тұтқасын ұстағанына онша қайлы емес еді. Ақыры Османның түбіне осылар жетіп, қарахандықтардың енді бас көтермей құлдырап, құлауына бірден-бір түрткі болды. Одан кейін Отырардағы қарахандықтардың соңғы тұяғы – билеушісі де тақтан тайдырылды.
Осы оқиғалар Қарабура заманы тұсында да, одан кейін де  өмірде болған жайлар. Қарабура өз жолымен кетіп, ислам дінінің өрісін кеңітіп, өркендетуге Ахмет Яссауимен бірге тізе қосып, тер төккені бүгінгі ұрпақтарына да белгілі. Бұл дін мәдени, рухани кемелденудің жаңаша басы болатын. Көп нәрсеге қол жеткізгенмен, көп нәрседен айрылып, жетім қалған мемлекеттердің талайы бұл өңірге келіп бой көтерсе, талайы құлдырап, қирап тек тарихта  бұлдыраған өмір тіршілігінің ізі ғана қалды.
***
Қарабура жас кезінде өз қатарластарымен Сығанақ қаласына жолы түскен. Ежелгі шаһарларға қарағанда мұнда жаңа бір мәдениеттің ұшқыны бар сияқты еді. Тұрғындары да ислам дінін ешбір қарсылықсыз қабылдағандардың бірі. Шығыстан Батысқа дейінгі тартылған Жібек жолында орналасқан әлемнің түркі елінен әрі-бері ағылған сәудегерлер мен саяхатшылардың соқпай кетпейтін қаласы еді. Әлем шекаралары осы жермен түйісетін шығар деп ойлайтын. Әр түрлі тілде сөйлейтін, әр түрлі түстегі адамдар мұнда келгенде жан-жақтарына қызыға қарап, сәулетті мешіттер мен керуен сарайларға, ығы-жығы базарларына көздері жайнап тамсанатын. Халқының басқа өңірлерге қарағанда өресі биік, жаңалыққа құмар әрі қабылдағыш  қабілеттіліктерімен ерекшеленіп тұратын.
Араб діндарлары да мұнда көп жиналып, қоныстанатын. Жергілікті жамағатпен тіл табысып, сіңісіп, қыз алысып, қыз берісіп, осы жердің тұрғындарындай бауыр басысып кетті. Сығанақ қаласы бара-бара Сунақ атымен аталып, бұрынғы қимақтардың орнын қарахандықтар басқан дәуірде келіп жетті. Оның  экономикасы аз да болса да  көтеріліп, сауда-саттық кең етек жайып, қызып жүре берді.
Сыр бойындағы Түркістан, Сауран сияқты қалалардай бұнда да жергілікті халық отырықшылыққа  бейім болды. Сығанақта туып, өскен дана  ақын Хисамеддин Әл-Сығанақ туған жері жайлы былайша  жыр толғаған кезінде: «Болса Тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар едім қиналмай» деп ерекше тебіренгеніне қарағанда,  таңғажайып сәулетті қала болса керек.
Оғыз мемлекеті өркендеп тұрған шақта,  бұл қаланың атына сай заты да көпшілікке белгілі  болып қалды. Қала темір қақпалы, қуатты биік дуалдармен айнала қоршалған. Анау-мынау жауға, оның қару-жарағына  алдыра қоймайтын, сол замандардағы өте берік қамал еді.
Бұл өңірдің сырына қанық, әрі жақсы білетін Махмут Қашқари «Сығанақ – оғыздар еліндегі қала» деп оған ерекше мән беріп, жазып қалдырыпты. Сонда оғыз мемлекетінің тұсында да ерекше маңызға ие болып, осы өңірдегі басты қалалардың  көшбастаушысы болғанынан хабардар етеді.
Қала Сырдария өзеніне жақын, Сунақата қойнауына орналасқан, тоғыз жолдың түйісетін маңызды жерінде орын тепкен. Сол кездерде үлкен әскери-стратегиялық мәнге ие, айналадағылар үлкен сүйеніш, әрі қорған тұтатын айрықша орталық екенін Қарабура аралап жүріп түсінген еді.
Бұндағы діни оқу орындарынан талай ғұлама даналар білім алып, қанаттанып жан-жақта қызмет атқарған. Шет елдерден де оқу-білім іздеп, сол жерлерде тұрып қалып, керемет атын шығарған данагөйлері де жеткілікті қасиетті аймақтың бірі.
Қарабураға қала тұрғындарының еңбекқорлығы ұнады. Күн шықпай тұрып, қала айналасына әр түрлі бақшалықтарын егіп, гүлдендірсе, жазықтау  дарияға жақын алқаптарға  бидай мен басқа да дәнді дақылдарды орналастырып, бітік өсіріп, мол өнім жинайтыны таңқалдырды. Қаладағы сауданы қыздырып, әр түрлі кәсіппен айналысушылар да осы қаланың адамдары. Түн ортасына дейін қала тыныш таппай, тіршілігі қайнап жатады. Көрік басып, темір балқытып, қамырдай илеген ұсталардың небір шеберлері де осында. Қару-жарақ пен сауыт-сайманның небір түрін соғып, тоқып та шығарады. Шоқпар оймайтын, қылыш шаппайтын батырлардың небір дулығасы да осындағы ұсталардың қолынан өтеді. Жеңіл өнеркәсіппен айналысады. Қытайдың көздің жауын алатын тай-тай жібектері де базарда үюлі тұр.
Оғыз, селжүк, қарахан, қимақ заманында да бұл қалаға көз алартып, қызыққандар жеткілікті. Өркениеттің орталығына айналған мұндағы тіршіліктің көзі ешкімді де аш қалдырмайды. Қолы қимылдап еңбек істесе тамағы тоқ, көңілі хош жүретіні белгілі. Білімді жастардың саны да көп. Бұл өңірді жаңартып, жаңғыртуға деген талпыныстарында шек жоқ. Талапшыл батылдықтары мен болашаққа   деген сенімдері күшті. Бар жақсылық пен байлықты  өз қолдарымен атқаруға  тырысатын тәуекелшіліктері де басым.
Бұл шаһар үшін тартысты шайқастар талай болған. Бірақ қала жұртшылығы қорғана да, шабуыл жасап, жаудың осал тұстарын біліп, соққы беріп, ойсырата білетін, ержүрек батырлықтарымен де  аты шыққан. Сондықтан да мұны астана етуге  тырысады билік жасаушылар.
– Мені қызықтырғаны  ізденгіш, білімді жастары болды. Бір діни білімнің айналасында шектеліп қалмай, түрлі ғылым сырларын ұғып, меңгеруге тырысады. Мұндай ортаның келешегі де нұрлы. Бүгінгімен шектеліп қалмай, құлашын алысқа сілтеуі бәріне де ортақ тағылым, – деп Қарабура басын шайқап, ерекше таңғалғаны бар.
– Білім жағынан кез келген алға өрлеген шаһарлармен жарысып, терезесін тең ұстай алады. Керек десең, кейбір жағдайларда  Отырар, Түркістан, Сауранды да артқа тастап, шаң қаптырып кете алады, – деген Ахметтің бағасы Қарабураның ойынан шықты.
– Әскери жаттығу мектебін де ашыпты. Оған қала басшысы қаржы да бөліпті. Жаттықтырушылары да кілең шетелден алдырылған  сайыпқыран әскери білімдарлар. Олар түрлі қару жасаудың құпия-сырына қанығып, үйренетін көрінеді, – деп қаладан ұзап, Созаққа қарай жүрер жолда  Ахметпен айрылысып, қоштасты.
Отырықшылыққа бейімделген қала  ішінің тіршілігінен болса керек. Басқа қатынасып отырған қала жұртшылығымен салыстырғанда  мұндағы өмір сүру әлдеқайда артық па деген ой түйіп, ризалығын танытты. Жолда талай шұбатылған керуендерге ұшырасты. Олардың бағыты да өзі шыққан шәкарға қарай бет дүзеген. Алыс-беріс саудадан түсім түсіп, пайдасы болмаса ит өлген жерден осылай қарай шұбырар ма еді? Әйтеуір, бір ерекше қасиеті бары анық. Оған осы сапарында Қарабураның да көзі жетті. Әсіресе ислам дінінің бұл аймақта да  орнығып, нұрын жайып, халықтың басын сәждеге тигізетініне бұл да марқайып ат басына ерік берді. Жүйрік ат әп дегеннен қамшы  салдырмай, еңсесін көтеріп, құлашын жазып, айдаланы тұяғымен тасырлатып, көсіліп шауып барады.
Жүсіп Баласағұнның;  «Сығанақта да ақындар жеткілікті  ауыздығымен алысқан» деген сөзі есіне түсті. Құдай талант пен білім бермеген жерде  ақын шыға ма? Білімнің нағыз алауын жаққан ортасынан отауызды, данышпан ақындардың  көптеп болғаны, онда негіз барлығынан ғой» деп іштей ой түйді.
Билік иесі де, ел басқарушысы да  сол аймақтан шығатынына  себепші қайнар  осы Сунақата екен-ау деген пікірін тағы  бір дәлелдегендей ішінен берік тоқтамға келді. Мұнда көптен бері сәті түсіп, жолы бұрылғаны екен. Үлкен әсер алып, марқайып қайтты. Ислам дінімен бірге әлемдік рухани жаңарудың жаңа бір лебі нұр болып тарап, жергілікті халықтың өмірге деген құлшынысын арттырып, алыс-жақын елдерге  еркін қатынап, өркениет көшіне  ілескен озық ойлы ұрпақтар жаңғырып шыға бастады. Осындай қозғау  бұл аймақтарды тегіс қамтып, өрісін кеңейте түсті. Білімге деген құштарлық артты. Бұйығып қалған ел құлашын кең жазып, дүниенің түкпір-түкпіріне  сапарлап, арман-мақсатын жүзеге асыруға ұмтылды. Болашақтан бір жылы самалдай кең тынысты жақсылық күтті.
Мұны Ахмет Яссауий, Қарабура және  Жүсіп Баласағұн да сезді. Талантты жастардың жаңа толқыны қалыптасып, жаңаша өмір сүруге, бұдан да жақсы тіршілік етуге  ұмтылыс жасады. Әлемнің қыр-сырын меңгеруге  деген ынта-жігерлері артты.
***
Қараханның сол кездердің өзінде  өзінің тұстастары арасында әлемге деген көзқарасы  жаңаша оянып, талай елдердің тарихи  қалыптасканынан терең мағұлматы бар болатын. Олай дейтініміз, Орта Азия  шындығына келгенде басқалардан ертерек даму жолына түсіп, мемлекет құрылымын жасаудың қыры-сырын терең меңгерді. Орыс халқы христиан дінін  қабылдамай жатқаннан әлдеқашан  бұрын Орта Азия  мәдени даму жолында жүріп, сол заман ағымымен салыстырғанда өркениетке бет дүзеп, басқаларды өзіне қызықтыра түсті.
Әсіресе топырағы құнарлы, суы мол, күні шуақты Сырдария  өзені мен Амудария өзенінің аяғы осы мәдени дамудың бастауынан орын алды. Қарақұм мен Қызылқұм арасы бір-біріне қосылып, Арал теңізіне барып тіреледі. Бұл шұрайлы алқапты жерлерде отырықшы өмір қалыптасып, көрші елдермен, одан да алыс елдермен жан-жақты араласып, сауда ісі жолға қойылып, қанатын кеңге жайды.
Парсы мемлекетінің Дарий шахиншахы  біздің эрамызға дейінгі өзі өмір сүрген 522-486 жылдары осы Орта Азиядағы ұлы өзгерістерге қызыға қарап, бұл жерлерде жаугершілік сапарымен болып, көзімен көрген де еді. Әсіресе Әмудария түстігін ала созылған  шығыс Бактрия мемлекеті осы бір кездерде атын әлемге жайды.
Оның бер жағында 304-995 жылдар аралығында Орта Азияда  құрылып, кейін тарап, құрып кеткен мемлекеттерді жиырма бір патша басқарған болатын. Осы есепте қарахандықтар мемлекеті де бар. Осыншама елде кезінде суармалы егіншілік, қала құрылысы жолға қойылып, өркендеді. Көркемөнер, қолөнер дамып, оның болашаққа деген үмітті  бастамалары қөршілерге де орасан зор әсерін тигізді.
Орта Азияда түркілер VІ ғасырда жартылай көшпенді мемлекет болды. Алтайдан шығып Ұлы мұхиттан Қаратеңізге дейінгі ұлан-байтақ жерді мекендепті. Осы мемлекеттің негізін Или-хан Тумын қалаған. Ол 555 жылы дүниеден қайтты. Ол кездері керуен жолдары Ферғана мен Қашқарға соқпастан Самарқаннан солтүстік-шығысқа қарай созылып, Ташкент пен Әулиеата арқылы  Жетісудан шығып Шу жағасына жетіп, Ыстықкөлдің оңтүстік жағасын жағалап, Бедел асуынан Ақсуға тура өтетін.
Ал VІІ-VІІІ ғасырларда Араб халифатын бұл өлкедегі осындай тағылымды шарықтап өсу тіршілігі қызықтырды да  жауынгерлерінің алғашқы легі басқыншылықпен келе бастады. Батыс-түрік империясы құлап, Мәуреннахрдағы арабтардың табысқа жетуіне ықпалы тиеді. Бұл 737 жыл еді. Олар жаңа дін – исламды таратуды  Хорасан мен Соғдыдан бастады. Ислам дінін мойындатып, енгізу, сендіруі оңайға соқпады. Бас қолбасшысы Қутейба ибн Мүсілім бүкіл Хорезмді  орасан көп күшпен басып алып, бағындырды. Одан соң ислам діні мойындалып, қабылданып, өмірлік мақсатқа бірден айнала қойған жоқ. Бір мемлекеттер жойылып, екінші бір мемлекеттер пайда болып, аласапыран тұрақсыз замандар Орта Азияны жайлап кетті. Халық кімге бағынып, кімге мойынұсынарын білмей қалған уақыттар бірінен соң бірі өтіп жатты.
Бұл алай-дүлей кездерде қырғыз тайпасы Енесейдің бас жағын мекендеп, айналасындағы тайпалардан көп тегершін көрді. Ақыры Орта Азияны бетке алып, Ыстық көл маңайына бір бөлігі ығысып, орналаса бастады. Жері шүйгін, тіршілік етуге өте қолайлы еді. Шу алқабын иелік еткен қарахандықтар әулетінің бір тармағы ягмалармен тіл табысып,  солардың қоластына кірді.
Осы бір аралықтарда Қарлұқ-Қарахан билеушілері одақтасып, Самали мемлекетін жеңіп, жаңа бір қоғамдар құрылып, пайда бола бастады. Сөйтіп, 977-1186 жылдары Хорасан, Ауғаныстанның бір бөлігі, түстік-батыс Үндістан қуатты Ғазнауи мемлекетіне бағынып, қарайды. Селжүк немересі Тоғырылбек ғазнауилермен қырғи-қабақ араздасып, Ирак пен Әзербайжанды күшпен басып алады. Сөйтіп, Рей /Тегеран/қаласын астана жасайды. Арал теңізінен Ирак, Византияға дейінгі жерді қарамағына қаратып, 1055 жылы Бағдат пен Иерусалимге жауынгерлері жетеді. Қашқардан Жерорта теңізіне, Тұран ойпатынын Үнді мұхитына дейінгі алапты үш түрік мемлекеті үш ғасыр билегенмен  өзара соғысып, бір-бірін басып ала алмайды. Бұлар саманидтер, қарахандықтар, ғазнауиліктер мемлекеттері еді. Осы кезеңдерде Орта Азиядағы рухани  мәдениет кемеліне келіп, гүлденіп, шарықтау шегіне жеткенін аңғарамыз. Ол әлемдік ғылымның аса ірі  тұлғалары Мұхаммед Хорезми, Әбу-Райхан әл Бируни, Әбу-Ғалииби Сина, Әбу-Насыр әл-Фараби өмірге келіп, небір керемет деген ғұламаларды мойындата бастады.
Осындай аласапыран заманда  Қарахан әулеттері де  өз үлесін өзгелерге жіберіп алмайды. 942 жылдан басталған  алғашқы мемлекеттің құрылымы  бірден екі аяғын тең басып кетпегенмен, осы жойқын жаугершілік ортада  ұзақ уақыт тынысы кеңіп, өмір сүріп, ХІІ ғасырдың екінші жарымына дейін мемлекеттігін  сақтап тұрады. Ол кездерде  қарахандықтарға Ферғана мен Сырдарияның орта ағысы, Мәуреннахрдың көпшілік бөлігі құзырына қарап, ақ дегені ақ, қара дегені қара болып, ислам дінін мемлекеттік деңгейге  көтеріп, ой мен санаға сіңірген кездері еді.
Бограхан Осман ибн Ибрахим Қарахан әулетінің ең соңғы  жұрнағына айналып, бұл мемлекетті басқару дізгінін  қолдан шығарып алды. Отырар қаласы патшалығының ең соңғы әмірі  Тәж-әл-Дин Білге хан да алпауыт күш иелеріне билікті жеңілісімен беріп, ақырында өз басын жұтты. Бір кезде күшті, алпауыт мемлекетке айналып, ислам дінін таратып, өмірге енгізген қарахандықтардың ақыры келмеске кетті.
Осындай ортада Қарабура да аз қызмет етпей, мемлекет басқаруда  халқына таршылық жасаған жоқ. Өз еркімен хандықтан бас тартып, жолын қарахандықтардың басқа ұрпақтарына берді. Ислам дінінің шамшырағын жағып, өміршеңдігін жұртшылыққа түсіндіруге белсене атсалысты. Имандылық жолын сілтеп, адамгершілікке, өркениетті мәдениетке бастайтын бірден-бір насихаттық қару – ислам діні екенін айқындап, көзеді. Оны басқалар да түсініп, көздері жетті.
***
Қанша дегенмен өмір өз ағымымен ағып жүре береді. Бірақ осы өмірдің қайнаған ортасындағы болған оқиғалар бұрмаланып, біреулердің пайдасына шешіліп, түпкі мақсат саясат ойыншығына айналатыны бар. Бірақ тарих солай жазылып, адамзаттың санасына бойлап еніп кетеді де шындық бүркемеленіп, әділеттіліктің күл-талқаны шығып, болашақ ұрпақты адастырады.
Сол күні жауын себелеп жауып тұрған. Биыл құрғақшылық болмас деп болжаған. Көшіп-қонып жүрген мына халықтың көктемгі тіршілігі енді басталып, мал-жанның да берекесі келіп қалар деген қуанышты  оймен далаға терең көз тастады.
Ахметтің сауалына жауап ретінде  керуенмен бағалы заттар жіберген. Онда алтын, күміс, бағалы жауһарлар да  бар болатын. Дүниенің төрт бұрышын кезіп, исламның нұр сәулесін таратып жүрген тәләбилер  қаржысыз қалай әрекет жасайды? Қалтаңда пұлың болмаса  жүріп-тұруың да оңай емес. Діннің қамқорын соғып, қаржылай қолдау жасап жүрген Қарабураның да шамасы  бұған қашанғы жетеді. Анау арабтан келген сақабалар да  діни білімнен басқа, асып-тасып жатқан пұлдары да  жоқ. Оны о бастан ұққан. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» дегендей жартықұрсақ жандар қай Құдайыңды  мойындап, қабылдай қояр дейсің. Соны ойласа әлі қанатын жазып, халқын толық қамти қоймаған ислам дінінің жағдайы  мұны да мазалайды. Жан-жақтан қосарлана еніп, қабырғаны қысып жатқан  әр түрлі діндер де жеткілікті. Оларға да тосқауыл қоя алмайсың. Қаруды да ретсіз жерде шошаңдатып жұмсай да алмайтының тағы бар.
Түріктің Қарлық тайпасы билік еткен  Қарахандар мемлекеті Шығысы Қашқардан, батысы Арал теңізіне дейінге  кең алқапты алып жатса да, әлі дінге сенуде  ала-құлалық бар еді. Оңтүстік шекарасы Әмудария  өзені болса, осыдан оңтүстіктегі күллі Хорасан мен Солтүстік Индия да осы алқаптың тұтас бір бөлшегіне айналған.
Кезінде түрік текті Махмут Ғазнауи өз мемлекетін құрған тұста  Лахар қаласын астана етіп, енді елінің даңқын асырғысы  келіп, істемеген айла-амалы қалмады. Иранды ұстап, уысына қысқан  кездері осы  қарахандықтармен талай алысқан. Жолы болмады.
Бір сәтсіздік қанша талпынса да  орға жығып, әскері жеңіліс таба берді. Оның айласын асыруға шамасы жетті. Атағы аспандап тұрған парсы тілді талантты ақын  Фирдоусиді шақырып алды.
Жас ақын сұм Махмұттың құрығына түсіп қалдым ба деп қатты сасып, қорықты.
– Атақты ақыным-ау, түсің қашып кетіпті ғой. Жай ма? Ақынды өлтіргенмен, оның өлеңін өлтіріп, үнін өшіре алмайды. Ол халық ортасына жайылып кетеді. Қай ақылдың да, ақымағың да оның аузынан шыққан жыр маржанын толық жинап, тосқауыл қоя  алмайды. Сен басқаға керек болмасаң да,  маған керексің, – деп сұмпайы кейіп танытпай, қулыққа басып, қамқорлық жасардай күлімдеп, ортаға тартты.
– Рахмет! Мен ханым саған ризамын, – деді сасқанынан Фирдауси жанын қазір көзіне  көрсетердей қорқып, алдына еңбектеп барып, басын иді.
– Сондай атақты ақынға бұл қылығың жараспас. Көтер басыңды, – деді Махмұт. – Біле білсең мен сенің қамқорың болуға бел байлап отырмын. Қашанғы парсы халқы Тұран ұрпағы қарахандықтардың аяғына таптала береді.
– Сонда не істеймін, ханым?
– Е,е, енді жөнге келдің. Тұранды Ираннан жеңілдірген халық деп қойып, иланатындай шығарма жаз. Бұл тек сенің ғана қолыңнан келеді. Мен саған ғана сенемін, – деп мақтауын келістіріп, бірталай өзіне іштартып, көтермелеп тастады.
Бұл әңгіменің бас-аяғына Қарабура бұрыннан қанық. Тұранды Ираннан масқара етіп жеңілдірген, құшақ толы қалыңдықтағы «Шахнама» шығармасы осылайша жазылып, өмірге келді. Бұл Махмұт Ғазнауидың арнайы тапсырмасымен жазылған, жалған оқиғасы басым  жыр-нама еді.
Тұранның аты аңызға айналған  қағаны Афрасияб тұсында арабша Мәуреннахыр атанған күшті, құлашын кең жайған  мемлекет болып, соны басқарды. Ол уақытта Сырдария мен Әмудария өзендерінің аралығы, Шығыс Түркістандағы  Қашқария, қазіргі Қазақстандағы Жетісу  өлкесі, осы қағанның қол астында. Қарахан мемлекетін осы Афрасияб ұрпақтары құрып, керегесін кеңейтті. Талай жеңістің дәмін татты. Жауына бас имей, қабырғасын қаусатып, бас көтерместей әңгір таяқтарын ойнатты. Амудариядан оңтүстіктегі Бадахшан, Балық, Ғазна аймақтары да осыған бағынышты еді.
Ягма тайпасының бас көтерер ұрпақтары бұл мемлекетті бірінен соң бірі басқарып, ұзақ жылдар бойы даңқын арттырумен бірге ислам дінінің орнығуына есік ашып, жағдай жасады. Алғаш рет ислам дінін қараханның богра ханы Сатук қабылдады. Түсінде асппаннан бір кісі келіп, түрікше тіл қатып: «Өзіңнің осы және о дүниедегі амандығың үшін Исламды қабылда?!» деп бұйырыпты. Бұл Сатук Богра-хан Абдәл Керім еді. Оның немересі Харун Сатук Богра хан. Осы тұста қарахандықтардың астанасы Баласағұн. Ал Харун 992 жылы қайтыс болды. ХІ ғасырда Сатук Богра ханның екі немересі Али мен Харун келісе алмай, қарахандықтар империясы екіге бөлінеді. Бұл жолда талай шайқастар мен қан төгулер болмай қалмады. Түптің түбінде өміршең діннің  нұрлы сәулесін таратып, болашақта бұл өңірдің  халқына жаңаша өмір бастаудың жарқын жолы ашылып, қолдаушылар мен дінге деген сенім күшейіп, сана мен жүректі жаулап, мықтап орнығып алды.
Әділдік пен шындықтың  ақ туын желбіретіп, қол астындағы жұртын жаңаша тәрбиелеуде қарахандықтар көсемдерінің іс-әрекеті келімсек дін таратушы араб оқымыстыларымен үйлесім тауып, түсіністі. Жергілікті жер бұл діннің тамырын терең жайып, бәйтерек болып аспандап өсуіне қолайлы жағдай жасады. Насихатына қаржылай көмекті богра хандар беріп отырды.
Алла тағаланың қайырымында шек жоқ қой. Осы жайлар Қарабура жадына оралып, есіне түсірді. Талай зұлымдықтар бұл өлкені жайлаған. Бәрі де бақытты өмір сүргісі келеді. Сонда Жүсіптің мына өлең жолдарының жаны барлығы байқалады.
Бақыт па өзі? 
Елес пе елдің ермегі?
Кім бақытты? 
Кім зұлымдық көрмеді?
Кімдер жомарт – сол бақыттың иесі,
Бақыт берген жанға бақыт тиесі.
«Жақсылық қыл!» –  бұл дүниенің сабағы,
Сонда адам шын бақытты табады.
Құдай оңдап, бақыт қонса кісіге,
Мейірім-мерей ұя салар ішіне.
Жаратушы Мұхаммед әлейһиссаламға былай депті: «Сені жеті аспаннан өткізіп, аршынның үстіне  алып шықтым. Басқаларды бір тайпаға  пайғамбар қылған болсам, сені барлық әлемге, барлық нәрсеге елші қылдым. Енді пенде мұсылмандар сенің атыңды менің атыммен  қосып айтады», депті. Тағы да «Күнәсі аз болсын деп, үмбеттеріңнің өмірін қысқа қылдым», деген.
Сонда да пайғамбар былайша жалынып, жалбарыныпты-ау: «Әй, Алла, сен рахметіңмен жүрегіме жақсылық салғын, ісімді сергелдең қылмай, тура жолға салғың, үміт қылған істерімді жөніне келтіргейсің, амалымды таза қылғайсың, достығымды берік қылғайсың, мені барлық жамандықтардан сақтағайсың», депті.
Бұл өсиет Қарабураның басына да келіп тұр. Ақыретті ойлап, пайдалы істерге жұмсаса, одан жақсы атқа, кісілердің құрметіне ие болады. Сондықтан ішкі пиғыл да кіршіксіз, жүректе мөлдір таза болғанға не жетсін?
Таң намазынан кейін жайнамазын жинап, орнында ұзақ отырып қалыпты. Терезеден жарық сығалайды. Айналадағы тіршілік оянған. Абыр-сабыр жұмыс басталған. Әр жан өз жолымен әрекет жасап, өлместің күйін кешіп жатыр. Қаладан сыртқа қарай беттеген төрт түлік мал жайлауға қарай бет дүзесе, кейбір топтар  базарға асығулы. Әркім өз кәсібімен әуре. Аяқ-қолы қимылдаса, өлместің күнін көретінін түсінген. Сан-салалы жолдар адамдарды әр жаққа қарай  еріксіз жетектеп бара жатқандай сезіледі. Бірақ бұл тірі жанның  іс-әрекеті. Иә, қайнаған өмірдің ортасында  алаңсыз күн кешіп, күніңді жаймашуақ жағдаймен батырғанға не жетсін?! Сосын жанұя аманшылығы бәрінен де ардақты. Соған жеткенше де асығасың.
***
Бұл жарық, жалған дүниеден кім өтпеген. Кім билік жүргізбеген. Бірақ қай-қайсысы да осы өмір сүрген дүниесінен бүгін, ертең немесе әйтеуір кетем деп көп ойланбаған. Адамзат осылайша өз ойы, өз тіршілігімен алданып  жүріп, өмірінің де таусылғанын сезбеген.
Солардың бірі әрі бірегейі, кемел ойлы хан-Оғыздың орны бөлек еді-ау. Мына жыраудың жырына елітіп отырып, көп нәрседен хабардар болды. Оғыздардың ата-мекені – Сыр, Арыс, Талас бойы, Жетісу өңірі  көз алдына келеді. Мұның бір пұшпағын бүгінде  өзі де мекендеп, хандық құрып отыр.
Оғыз  хан кімнен кем еді. Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз атты бір-бірінен озып туған ақылды да батыр ұлдары болды. Аңға шығып, серуендеп, мына тіршілікті қызықтап жүріп үш алтын оқ және үш алтын садақ тауыпты. Адал ұлдары әкесіне әкеліп беріпті. Ол ұзақ ойға батыпты. «Қалай бөлсем екен?» дейді. Ақыры бір тоқтамға келеді. Жыршының айтар ойы біртіндеп  шешімін тауып, қызықтыра түседі. Оғыз хан қалайша жасар екен деп жыршы аузына қарады. Алтын садақты үлкен үш ұлына, үш алтын оқты  кіші балаларына ұсынады. Сөйтеді де іштей тон пішіп, тілек тілейді. «Алтын садақ алған ұлдарының ұрпағы Бізоқ болсын, деп оқ алған ұлдарының ұрпағы Үш оқ болсын» деген тұжырымға келеді.
Оғызханның дүниеге келу тұстарын да  жыршы құлаққа қонымды етіп, құлпыртып айтты. Күндердің бірінде көк  өңді, от ауызды, қызыл көзді, қара шашты, қара қасты, өте көрікті ұл туылады. Сәби анасының уызына әбден тойып, тілге келеді. Қырық күнде тез өсіп, бұқа санды, бөрі белді, иықты, аю кеуделі, денесін түк басқан  жас бала атқа мініп, аң аулауға аттанады. Елде ұшқан құсқа, жүгірген аңға бай өзен, көл, қалың жынысты орман бар екен. Осы жерде елге қасірет салған Қият атты тажал аң пайда болыпты. Осы аңды қалайда ұстап, қолға түсіруді мақсат етіп, Оғыз жарамды атқа  мініп, аттанып кетеді. Айнала қалың жыныс. Содан шапшып секіріп жүрген бұғыны ұстайды да, жас талшыбықпен жуан ағаш діңгекке байлап кетеді. Таңертең қайтып келсе, бұғы жоқ. Қият алып кеткен. Сол жерде аңтарылып тұрса  дәу аю кездеседі. Күші басым Оғыз оны да қимылдатпай ұстап, беліндегі алтын белбеумен ағашқа тас қылып байлайды. Ертеңіне не болды екен деп оралса, Қият оның да қарасын құртқан. Неде болса  өзім онымен күш сынасайын деп ағаштың түбіне  өзі тұрады. Көп ұзамай Қият көрінеді де мүйізімен Оғыздың  қалқанын қағып өтеді. Сол кезде найзамен түйреп, қылышпен шауып басын кесіп түсіреді.
Тағы да сол жерді байқайын деген ниетпен  таңертең қайта соғады. Дәу сұңқар өлген Қияттың жемтігін жұлмалап тартып, жеп отыр. Қорамсақтан жебе алып садақ тартады. Сұңқардың басы жұлынып, жерге түседі.  Сонда жыр жолдарын құлаққа сіңіріп отырып байқап, ой қорытым жасайды. «Қият бұғыны да, аңды да жеді. Ал Қият сұңқарға жем болды. Сұңқар садақ оғынан ажал тапты. Өмір деген, міне, осы. Көз алдыңда бәрі де түс сияқты өте шығады» деп ауыр толғанып, сабақ алғандай болады.
Күндер осылай зырлап өте береді. Түнде көк аспанға қарап, Тәңірге жалбарынып, шалқалап жатады.   Аспаннан айдай анық, күндей жарық бір сәуле  үзіліп түседі. Сәуле түскен жер жап-жарық. Барып қарайды. Сәуле ішінде алаулап, ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қыз отыр. Табан астынан есінен адасып, қызға өлердей ғашық болады. Ақыры соған үйленеді. Келіншек бала көтеріп, бірден үш ұл туады. Олардың атын Күн, Ай, Жұлдыз қояды.
Тағы да Оғыз аңға шығады. Көлдің ортасындағы жалғыз шынарға  көзі түседі. Қасында мөлдір көзді, толқын шашты, інжу тісті сұп-сұлу қыз. Сұлулығына таңырқап, ғашықтықтан басы айналады. Шоқ түскен жүрегі ынтығып, оған да үйленеді. Мерзімі келгенде қыз толғатып, үш ұлды дүниеге әкеледі. Оғыз аттарын  Көк, Тау, Теңіз деп қояды. Айналаға ат шаптырып ұлан-асыр той жасайды. Қымыз, шарап буына балқыған  жұртшылық мәз-мейрам болады. Той аяқталар тұста бектері мен халқына ұрандатып сөз айтып: «Жаратушы Тәңірімнің бұйрығы, маған берген бақыты шығар. Хан болдым. Береке – таңбамыз. Көк бөрі – ұранымыз, темір найза – тоғайымыз, аулағанымыз – құлан болсын. Теңіз шалқып, өзен ақсын. Көк тәңірін қорғанымыз дейік. Қолдарыңа найза алып, қалқан ұстаңдар?!» деп әмір етеді. Дүниенің төрт бұрышына елші жібереді. Өз еркімен маған бағынған елге  сый тартып,өзіне  дос санайтынын, бағынбағанды дұшпан тұтып, жау санайтынын білдіреді.
Елдің оң жағын жайлаған Алтын деген хан елші жіберіп, алтын, күміс, жақұт тастарын сыйға тартып, бағынады. Оны өзіне дос тұтады.
Сол жағындағы Үрім қағанның әскері де, қаласы да көп еді. Ол Оғыз жарлығына мойын бұрмайды. Ашуланған хан қалың қолмен  соларға аттанып, Қаратауды қиып өтіп, Мұзтаудың етегіне жетіп, шатыр тіктіріп, ат шалдырып, әскерін әбден тынықтырады. Көк бөріге жол бастатып, Еділ өзенінің жағасына жеткенде  жау алдынан шығып, кескілескен айқас басталады. Өзен суы қып-қызыл қан болып ағады. Оғыздар жеңіске жетіп, Үрім қағаны қашып құтылады.
Сөйтіп бағынбағандарды қылышымен шауып, найзамен түйреп, талай елді өзіне қаратып, көп жылын жаугершілікпен өткізіп, жасы ұлғайған шағында туған елге оралып, осыдан сабақ алады. Білікті де білімді, ақсақалды, ақ шашты шешен Ұлық Түріктің кеңесімен  қарамағындағы  халқын жинайды. Отыз күн ойын, отыз түн тойын жасап, халқына ерік береді. Артынан ел билеушілерімен кеңеспекке құрылтай шақырады.
Одан Оғыз ханның түйгені мынау: «Көп жасап, көп көрдім. Талай шайқасты бастан өткердім. Досымды қуанттым, дұшпанымды қайғыға батырып, жылаттым. Тәңірім алдында ойымдағымды іске асырып, парызымды өтедім» деп мұрагерлеріне қарайды. Қай-қайсы да ел басқарардай келімдері келген. Көңілі толады. «Қалған билік өздеріңде» деп бар қазынаны тең бөліп беріп, өзі бағындырған байтақ жеріне  ұлдарын ие етеді. Қас батыр, өжет мінез, ерлік қимылдар көрсетіп, ұлы даланың бірден-бір әміршісі атанып, ел билігін  ақылдылығының арқасында өз қолынан береді.
Жырау өмірде болған бұл оқиғаны жырлағаны да шабыттанғаны соншалық, қаратерге түсіп, беріле шырқап, тыңдармандардың жандүниесін тебірентіп жібереді. Бұл әуенге Қарабурада балқып, жырдың керемет әсерінен үмітті қуат алғандай көпке дейін үндемей отырып қалады. Жыраудың ақындық өнері, ойшылдығы, білімдарлығы тәнті етеді. Осы бір сиқырлы үнмен өрнектелген жыр жолдары мұны да біраз баурап алып,  «Бұл қай ел басқарушысының болмасын басынан өтетін оқиғалар-ау. Дәл бұлай қайталанбағанмен, өмір құбылыстары бір-біріне  ұқсас келеді. Жырдың түп тамырында шындық жатыр. Ол адамзаттың басынан өтпесе  бұлай ой тастап, иландырмас еді-ау»  деп басын көтеріп алды.
Хаққа табын, сеніп адал құлқыңа,
Бауырмал бол, түзу қара жұртыңа.
Құмарлықты ақылыңмен қиғайсың,
Білігіңмен нәпсіңді сен тыйғайсың, – деген досының өлеңі ойына оралды.
Айналасындағылар да жыр әуенімен балқып, сиқырланып қалғандай біртіндеп жан-жақтарына қарап, тақ үстіндегі ханды, оның жанындағы жыршыны іздеп, жыр құдіретіне бас иіп, мақұлдасып тарқасты.
«Бұл да өмірлік сабақ. Тыңдар құлақ, содан түйер  бас болса, бұл аз ақыл, аз өсиет емес. Тек түйіп, нәтиже шығара біл» деген шешімге келгендей Қарабура орнынан жайлап  көтеріліп, сарай төріне қарай беттеді.
Жүсіп Баласағұн «Орхон» жырын бұрын да бірнеше рет тыңдаған. Ал мына  «Оғыз-нама» жыры одан да өткен бе деп ұзаққа ой шомды.
Осын-ау өткенді Қарабура тағы бір көз алдына елестеткен.
***
– Ұлы Жүсіп Баласағұн. Мен сені қадірлеп, құрметтеймін. Айтқан сөздерің, айтқан ақылдарың жүрек сырын шеріткендей, ойға қонады. Бірақ әлдебіреулер айтып жүргендей барлық өнеге, бірілік, шешендік, ел басқару ауқатты адамнан ғана шығады дегенге келіспеймін, – деді маңғазданып, көңілі жайланып отырған Қарабура. – Бірақ мына ақылдариясына толы өлеңіңе көңілім толады.
Шыншыл, сара басшы керек халыққа.
Халық үшін түсіп шығар тамұққа.
Халыққа жақ, көңілі – тоқ, көзі – оқ,
Ойы терең, тілі – майда, сөзі – шоқ,
Жасай алар ізгілік пен ірілік,
Заң, ұятты сақтай білер жүгініп.
– Мұныңыз орынды ханым. Қарсы дау жоқ. Халық іші терең қазына, түбіне жетпес ақыл-ой. Соны ұғып, ескеріп жатқан жан болса жан-жағына қарар еді ғой. Адамдардың көбісі қолға қарап, жем жеп үйренген әлдебіреулерге ұқсас жандар ма деп қаласың. Бүгін тоқ болса, мәңгі тойып жүретіндей қысқа ойлайды. Алды-артына назар аударып, жіті қарап, тұрмысына қарамай баға беріп, нағыз асылды танығанға не жетсін?! – деп мойнын бұрып, билеушім не айтар дегендей  ақырын тосты.
«Бас уәзір – ақынның сөз саптауының өзі  кім екенін айтпай-ақ танытып тұрған жоқ па? Бірақ мұндайларға іштарлық қылып, көре алмай, астына су жүргізетініміз бар. Сені жақтағандай, бұндайларды боқтағандай  көзіңше  жамандай салып, айналаңа жолатқысы келмейді. Ай, пендешілік-ай!» деп іштей толғанды да сөз бастап кетті.
– Баяғы заманда да аяқтыға жо

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз