Қаратау тастарындағы құпиялар

104

0

Байтақ даламыздың басты байлығы тау тастарында қашап жазылған жазулар екені белгілі. Қазақ даласының қадым заманнан бергі қалың қатпарлы тарихы бар. Есте жоқ ескі кезеңдерде біздің кең-байтақ жерімізді ежелгі адамдар мекен еткен көрінеді. Көне заманның көзі тірі куәсі саналған киелі орынның бірі қарт Қаратау екені белгілі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жердегі адамдар бағзы заманнан бері қоныс етіп келеді. Шамамен 500мың жылдай бұрын осы маңда адамдар тіршілік еткенге ұқсайды. Қаратау қойнауында тасқа салынған суреттер жетіп-артылады.

Облыс басшылығы тарапынан өлкеміздегі тарихи мұраларды түгендеуге ерекше мән беріліп отыр. Соның нәтижесінде көптеген келелі істер қолға алына бастады. Әйтпесе, бүгінгі күнге дейін аталмыш тақырыпта күрделі мәселелер баршылық болатын. Көкейімізде «Сол бағалы байлығымыз бен қымбат қазынамыздың қаншалықты қадіріне жете алдық” деген сауал көкейде жиі қонақтайтын. Біз осындай тарихтан тамыр тартқан, түп-төркінімізді түгендейтін, талай кезеңнің шежіресін тарқататын көне жәдігерге кезінде қаншалықты назар аудардық?

Ғылым тілінде тасқа жазылған жазулар петроглиф деп аталады. Әлем ғалымдары оның пайда болу кезеңін соңғы палеолиттің кейінгі шағымен байланыстырады. Мұндай дүниелер жер-жаһанның бірқатар елдерінде көрініс береді. Мәселен, Еуропа құрлығының Швеция, Норвегия, Италия, Португалия, Испания, Азияда – Үндістан, Пәкістан, Қытай, Корея, Жапония, Арабия аумағында, Американың – Канада, АҚШ, Аргентина, Чили, Бразилия және Австралияда да кездеседі. Қысқасы, төрткүл дүниенің төрт бұрышынан мұндай орындар көзге ұшырасады. Ежелгі жазбалар ТМД елдерінің аумағында да бар. Атап айтқанда, Қап тауында, Орта Азияда, Сібірде, Оралда, Қиыр Шығыста көрініс береді. Қысқасы, петроглиф адамзат мәдениетінде маңызды құбылыс екенін аңғару қиын емес.

Шындығын айтқанда, бұл дүниелерді өнер туындылары ретінде қарауға әбден болады. Есерткіштердегі сызбалар сан түрлі тәсілдермен қашалып, оған көп бейнелер салынған. Тас ғасырдан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген тәрізді. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жол-жоралғы, дүниетаным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балықшылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінеді.

Қазақстанда тау-тасқа қашалған 200-ден
ас­там бейнелер бар. Солардың қатарында Сыр өңірінің Шиелі ауданында орын тепкен
Сауысқандық жотасындағы суреттер саналады. Бұл маңда мұндай ескерткіштер өте
мол. Ауқымы да үлкен. Археолог Мадия­р­ Елеусінов бұл жотадағы тасқа қашалған
таң­балардың молдығы әйгілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түспейтінін
айтады. Алайда Қаратау қойнауындағы көне жәдігерлердің насихаты кемшін болып
тұр.

Жалпы, бұл өңір – көне заманның
түп-тамырына үңілетін археолог ғалымдарға әлі де ашылмаған арал тектес. Себебі
аталмыш орындарға күні бүгінге дейін өз деңгейінде назар аударылған жоқ. Оның
түрлі себептері де баршылық. Кезінде қаражат жоқтығы қолды байлады. Осының
салдарынан жұмыс кейінге ысырылып келеді. Бұл қашанға дейін созылмақ? Әзірге
бізге белгісіз.

Көне ескерткіштерді адамдар тарапынан
бүлдіру жағдайы орын алды. Ғалымдар ескі жәдігерлердің оннан сегізі жұмыр бас­ты
жандардың қолынан бүлінетінін тілге тиек етеді. Қалғаны табиғаттың әсерінен
бастапқы бейнесін жоғалтады екен. Өкінішке қарай, Сауысқандық жотасындағы
тастағы жазбалардың біршамасы бүлінген. Тау басына барған жандар өткеннің ескі
шежіресінің бағасын білмейді. Тасқа қашалған суреттерді қорғаудың орнына өз
«қолтаңбасын» да қалдырып кетуді дұрыс көреді. Олардың үстіне өздерінің
аты-жөнін баттитып жазғанды өзіне «мәртебе» санайды. Осыған қарай отырып, бұл
тастағы жазбалар неге арнайы қорғауға алынбай отыр деген ой туады.

Тау тастарына қашап жазылған сол
дүниелерді көргенде еріксіз өткен шаққа ойша оралып, ата-бабалар аманатын
көзіміздің қарашығындай сақтау басты парызымыз екенін ұғыну қиын емес. Алайда,
бұл мәселені бәріміз түсіне бермейтініміз өкінішті. Соның салдарынан жоғарыда
айтылған жағдайлар болып жатыр. Қазіргі таңда облыс басшылығы тарапынан осы
мақсатта арнайы шаралар өткізіліп, сол бағытта оң істердің қолға алынып жатқаны
қуантады.

Әділ ӘЙТПЕНБЕТ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз