АЙКЕЗБЕЛІККЕ АЙДЫҢ ӘСЕРІ БАР МА?

149

0

Ай ғаламшарының Жердің жалғыз табиғи серігі екендігі көбімізге мектеп жасынан белгілі. Ал, айкезбелік туралы не білеміз? 
Адамзат тарихындағы айкезбелік туралы аңыздарға, әр дәуірде туған наным-сенімдерге ой жүгіртсек, бағзы заманда адамдар Ай да өздеріне ғашық болады деп санапты. «Ай түн ортасында өзі ұнатқан адамына бар мейірім-шуағын төгіп, өзіне шақырады», – деп сеніпті сәби сана.
Айкезбе – аспандағы Ай толысқан кезде кейбір сезімтал адамдардың өз-өзінен мазасызданып, түн ішінде ұйқысырап тұрып кезіп кететін арудың            атауы. Айкезбе болған адам түнде ұйқылы-ояу күйде дағдылы қимыл-әрекеттерді орындайды, тіпті кейде өзі білмейтін әрекеттерге де барады, – дейді мамандар. 
АЙКЕЗБЕЛІККЕ АЙДЫҢ ӘСЕРІ БАР МА?Мұндай сырқаттарды ертеде бақсыға қаратып, ұшықтатып емдеген. Ай астында жалғыз ұйықтап қалған кезде бетіне айдың сәулесі түссе, оның шалығы тиіп, есі ауысып, аузы қисайып қалады. Бұл айға байланысты көнеден жеткен наным-сенімнің бірі. 
Сонымен, халық арасында Ай толған кезде ұйқылы-ояу төсектен тұрып кететіндерді, сондай-ақ ұйқыда жатып сөйлейтіндерді «айкезбе» (лунатик) дейді. Медицина тілінде оны «сомнамбулизм» деп атайды. Өйткені, сомнамбулизм дәл Ай толған кезде көбейеді, соған байланысты бұл табиғаттың тылсым құбылысына «Айдың тартылыс күші ықпал етеді» деген ұғым қалыптасқан. 
Сомнамбулизм адамдар арасында ерте кезден-ақ кеңінен тараған. Ондайлармен адам өмірінде бір мәрте болса да кездеседі. Төрткүл әлемде түнде ұдайы болмаса да, мезгіл-мезгіл ұйқысырап, далаға «қыдырыстап» кететін адамдардың саны миллиондап саналатын көрінеді. Егер адам түн мезгілінде 3-4 рет оянып, төсегінен тұрып кетсе немесе ұйықтап жатып үнемі сөйлеп жатса, бұл сомнамбулизмнің белгілері болып табылады. Мұндай симптомдар басталған жағдайда дереу тәжірибелі невропатологке барып көріну керек.
Ғалымдардың айтуынша, бүгінгі таңда жер шары тұрғындарының 2,5 пайызы осы айкезбемен «дос» болып отыр. Солардың 25 пайызы көзі ұйқыда жүріп, әр түрлі дене жарақаттарын алатын көрінеді. Кейбіреулері қателесіп есік екен деп терезеден құлайды, келесі біреулері шатырға шығып кетеді. Балта, айыр сияқты өткір құралға арандайтындары да болады. Айкезбелер  қайғылы жағдайға ұшырамас үшін мамандар төмендегідей бірқатар амалдарды жасауға кеңес береді. Соның ең бастыларын атап өтейік: жатын бөлменің терезесіне мықтап тор қағып қою керек. Оның жүретін жолдарынан электр құралдарын, тез сынатын шыны үстелдер мен бұйымдарды, тағы басқа өткір заттарды алып тастаған жөн. Тіпті болмаған жағдайда ұйықтап жатқанда дала кезіп кетпес үшін айкезбені аяғынан шандып байлап қоюға болады екен. Ұйқыда жүрген адам өзін жарақаттамаған күннің өзінде басқаларға қауіп төндіруі бек мүмкін.
 Ел арасында сомнамбулизм жағдайында автөкөлік басқарыпты деген әңгімелерді де кездестіруге болады. Алайда, медицина қызметкерлері мұны жоққа шығарады. Шын мәнінде ондай күрделі әрекеттерді айкезбелердің орындауы мүмкін емес екен. «Айкезбе автокөлікті от алдыруы мүмкін, бірақ оны әрі қарай басқаруға қабілеті жетпейді. Себебі, сомнамбуланың рефлекстері ояу кезіндегідей емес, баяу жұмыс істейді. Сондықтан ол машинаны жүргізетін болса ә дегеннен-ақ апатқа ұшырайды». Медиктердің бұл пікірі көңілге қонымды.
Осы уақытқа дейін зерттеу жүргізген ғалымдар: «Сомнамбулизм Айдың тартылыс күшінің адамдарға әсер етуінен болады» деп санап келді. Нақты кезеңде АҚШ ғалымдары бұған қарсы пікір айтуда. Мәселен, Колорадо штатында америкалық неврология академиясының бастамасымен өткен басқосуда зерттеушілердің бір тобы бұл біржақты пікірден бас тартып,  айкезбелікке Айдың әсері жоқ деген тұжырымға келді. «Шынтуайтында, адам ағзасындағы айкезбеліктің дамуы кейбір гендердің спецификалық өзгеріске түсуімен байланысты болады», – дейді олар. Гендердің өзгеріске түсу белсенділігі артқан жағдайда адамдар ұйқыдан оянып, бей-берекет жүріп кететін көрінеді. Мұндай жағдайды дәрігерлер «нерв жүйесінің салдануымен» теңестіреді. Бірақ АҚШ дәрігерлері адамдардың түн ішінде дала кезіп кетуіне нақты қандай гендердің ықпал ететіндігін әлі анықтаған жоқ. Ғалымдар бұл құбылысты генетикалық аурулар санатына жатқызуға әбден болады деп шешті. 
Сонымен, сомнамбулизмнің шығу себебін Аймен тікелей байланыстырмайтындар да пайда болды. Дегенмен, америкалық ғалымдар «Бұған Айдың тікелей қатысы жоқ» дегенді кесіп айта алмай отыр. 
Айдың жүзі толған кезде Жер бетінде белгілі бір өзгерістер, құбылыстар болуы заңды. Мәселен, жерасты дүмпулері жиілейді, «ұйқыда жатқан» жанартаулар атқылайды, мұхит суы әдеттегіден жоғарырақ көтеріледі. Австриялық астроном Дэвид Ренекенің айтуынша, Жер бетінде болған кез келген табиғи апаттарды Айдың жақындауымен, кометаның құлауымен байланыстыруға болады. 
Он сегіз мың ғаламда құпия-сыры ашылмаған құбылыстар көп-ақ. Біздің айтарымыз: «Ұйқыларыңыз тыныш, түстеріңіз тәтті болсын».
Дайындаған Дәуіржан АЙБОЛАТҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз