ҚАЖЫЛЫҚ ТАҒЫЛЫМЫ

164

0

Қасиетті парыздың бірі –
қажылықты орындау барысында бастан кешкен тебіреністі сезімдер мен көкейге
түйген ойлар

Қажылықтың қасиеті
хақында

Қажылық деген – сән-салтанат, қыдыру,
серуен, саяхат емес, орындалуы өте ауыр, қиындығы мен машақаты қыруар, әрбір
мұсылманның жауапкершілігі аса жоғары парызы – Алланың қатал сынағы.

Ол Алланың бірлігі мен Мұхаммед
пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хақтығына сену, бес уақыт намаз, ораза, зекеттен
кейінгі Исламдағы бес парыздың ең соңғысы.

Алла тағала: «Құлым мені тану жолында
маған қарай бір қадам жасаса, мен оған қарай он қадам жасаймын, он қадам
жасаса, мен оған қарай жүгіремін», – дейді.

Қажылық – адамды сабырлылық пен
төзімділікке, шыдамдылық пен шүкіршілікке, кішіпейілдік пен ізгілікке
тәрбиелейтін теңдесі жоқ құлшылық рәсімдері. Қажылықты дұрыс атқарған адамның
бақи дүниедегі сыйы жаннат екенін, ал фәни дүниедегі сыйы ретінде үзілмейтін
ризық пен кедейліктің ауылынан алыс болуы, сонымен қатар күллі
күнә-кемшіліктердің қызған темірге тамған су тамшысындай жойылып, мүминнің
анадан туған сәбидей пәк қалыпқа түсетіні жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)
хадистерінде айтылған.

«Жаныңды қинамай жаннат қайда,
жарқыным?!», деп бекер айтылмаған ғой.

Қажылық парызын өтеуге келген әрбір
мұсылман Алланың қадірлі қонағы. Алланың құлына, Алланың құрметті қонағы
болудан артық қандай бақыт болуы мүмкін. Олар түр-түсіне, байлығына, мансабына,
атақ-дәрежелеріне қарамай бір кісідей жақындасып, жер бетіндегі барша
мұсылмандардың қайғы-қасіреттеріне ортақтасуына әрі бірлікте Аллаға
ұмтылуларына Жаратқанның өзі мүмкіншілік жасайды.

Қажылық екі рәсімнен тұрады:

Біріншісі – кіші қажылық (умра),
екіншісі – үлкен қажылық.

Кіші қажылық – Умра үш парыздан тұрады.

Біріншісі Сауд Арабиясы мемлекетінің
шекарасынан Ихрамға (анадан жаңа туғандай дәрежеде ) кіреді.

Ихрам – қажылықты өтеу үшін киілетін
киім. Бұл маталар ақ түсті, ішінен дене көрінбейтін және ешқандай тігіс
түспеген, яғни, тігілмеген болуы керек. Әрбір ниет етуші, мұсылман баласы бұл
сәтте бақилыққа аттанар кезде шыны киім киетін кейіпке келіп, тәлбия дұғасын
оқиды:

Тәлбия дұғасы: «Сенің алдыңдамын. Ия,
Алла сенің алдыңдамын (бұйрығыңды орындаудамын). Сенде ешқандай серік жоқ.
Сенің алдыңдамын. Барлық мақтау, нығметтер және патшалық саған тән. Сенде
ешқандай серік жоқ».

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)
хадисінде: «Кімде-кім Алла ризалығы үшін Тәлбия дұғасын айтса, ол адам анадан
жаңа туғандай болады, яғни, барлық күнәдан кешіріледі» делінген.

Екіншісі, Меккеге келгеннен кейін
Әл-Харам мешітіне барып, алғашқы үш айналымды жеделдетіп, қалған төрт айналымды
жәй жүріп, Қағбаны жеті рет айналып (тауап) жасау.

Үшіншісі – Сафа мен Мәруа тауларының
төрт жүз елу метрлік арасында 7 рет жүріп, жүгіріп өту.

Сосын шашты қысқартып немесе алдырып
Ихрамнан шығу парыз.

Үлкен қажылықты өтеу рәсімдері:

Ниет етіп, тағы да Ихрамға кіріп, Мина
жазығында түнеп, таңертеңгісін Арафат жазығына барып, Рахман тауында күн
батқанға дейін дұға жасап, тілек тілеу. Арафат тауында тұру қажылықтың басты
шарттарының бірі. Ал Мина жазығында әлемнің түкпір-түкпірінен келген бес
миллионның үстіндегі мұсылмандар әр шатырда 150 адамнан тұрып, үш күн түнейді,
дұға, тілек жасайды, шайтанға тас атады.

Арафаттан кейін Мұздалифа жазығына
барып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне сәйкес, ақшам, құптан намаздарын
қосып оқып, сонда төсексіз тастың үстінде бір түн түнейді. Таңертең үлкен
жамаратқа (шайтанға тас ататын) жерге барып, үлкен шайтанға 7 тас атады.

Әрине, ол жерде шайтан жоқ,
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне сай Ибраһим (а. с) Пайғамбарымыздың жасаған
амалына сәйкес, әрбір қажы өзінің шайтани пиғылдарынан арылу мақсатында
жасалатын құлшылық-рәсім. Осыдан кейін әрбір қажы өзінің құрбандық шалу
міндетін орындап, шашын алдырып, Ихрамнан шығады.

Сосын Әл-Харам мешітіне барып, Қағбаны
жеті айналудан тұратын тауап құлшылығы атқарылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)
сүннетіне сәйкес, қайтадан Минаға келіп, түнеп, дұғалар жасалып, тілек
тіленеді, ертесіне таңертең айттың екінші күні жамаратқа барып, үлкен, ортаншы,
кіші шайтандарға тас ату рәсімі орындалады.

Келесі күні осы рәсімдер үшінші рет
атқарылады.

Осы рәсімдерден кейін, міндеттелген
Меккемен қоштасу тауабы (Қағбаны тағы да жеті рет айналу рәсімі) атқарылып,
үлкен қажылық парыздары осылайша толық өтеледі.

Осы кіші және үлкен қажылықтарда
жасалатын амалдардың бәрі Ибраһим пайғамбардың жасаған амалдары – салған жолы, өнегесі.

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз Меккеден
Мәдинаға көшкеннен кейін 8 жылдан соң Меккеге келіп жасаған алғашқы және соңғы
қажылығында Ибраһим пайғамбарымыздың жасаған жоғарыдағы амалдарын қайталап, оны
исламның қажылық парызын өтеу шарттары есебінде бекіткен. Бүгінде бұл шарттар
бүкіл әлем мұсылмандарының бұлжымас қасиетті, киелі заңына айналған.

Әлемде Меккеден артық қасиетті, киелі
жер, қасиетті қала жоқ.

Мекке – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кіндік
қаны там­ған жер, өсіп, өніп, 53 жыл тұрған жер, 40 жасында пайғамбарлық
ұлылық, жасампаздық қасиет қонған жер, Алладан құранның аяттары түсіп, Исламның
не­гізі қаланған жер. Сондықтан да Мекке – әлем мұ­сыл­мандарының астанасы, бас
қаласы. Құран кәрімде Мекке жайлы «Қалалардың анасы» деп бекер айтылмаған ғой.

Мекке – Ибраһим (с.ғ.с.)
пайғамбарымыздың тілек-батасының қабыл болуы арқасында Алланың ерекше
сүйіспеншілігіне, қамқорлығына, мейіріміне, шапағатына бөленген қала. Сондықтан да Мекке бұрын да, қазір де,
келешекте де, қиямет-қайымға дейін
тыныштықтың, берекенің, бейбітшіліктің тұрақты, құтты мекені болып қала
бермек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадистерінде,
дұғаларында былай дейді: «Жер бетіндегі ең жақсы, Аллаһ тағалаға ең сүйікті жер
– Мекке қаласы. Сен неткен сүйкімді жерсің! Мен сені керемет жақсы көремін.
Егер қуғынға ұшырамағанымда, Алланың әмірі болмағанда сенен ешқайда кетпес
едім».

Меккені, Қағбаны, Пайғамбарымызды қорғау
үшін Алла тағала оны он екі мың таумен қоршаған. Оның бес мыңы үлкен таулар,
жеті мыңы кіші таулар, төбелер. Мекке таулардың ортасындағы бүркіттің ұясы
сияқты қала. Меккеде Қағбадан басқа адам қызығатын, оның назарын, көңілін
бөлетін, көзін тоқтататын ештеңе жоқ. Аллаға құлшылықтан басқа ештеңе ойламау
үшін әдейі осылай жасалған. Теңіз де, көл де, өзен де, орман да, гүл де,
жалтыраған, жылтыраған ештеңе де жоқ, 50 градустық ыстық тау, тас.

Сондықтан да залым патшалар, Исламның
дұшпандары бұл жерге қызықпайды. Алланың құдіретімен геометриялық өлшеммен
келсек, Мекке Сауд Арабиясының қақ ортасында болса, Қағба Меккенің қақ
ортасында орналасқан. Сауд Арабиясында 23 млн. халық тұрады, оның 10 млн-ы.
арабтар, қалғаны шетелдіктер. Бірде-бір шетелдікке азаматтық берілмейді, тек
уақытша рұқсатпен жұмыс істейді. Бірде-бір араб қара жұмыс істемейді, бәрі де
үлкенді-кішілі басшылық жұмыстарда.

Меккеде 1870 жылы 70 мың халық тұрған
болса, қазір 2 млн. халық тұрады, 1960 жылдан бастап мұнай шыға бастағалы
халықтың саны күрт өсуде.

Қағба – Алланың жердегі қасиетті үйі.

Қағба – Исламның тамыры, кіндігі,
темірқазығы, бұтағы, жапырағы, әлем мұсылмандарының арманы, ардағы һәм аңсары.

Қағба биіктігі 13 метр тастан салынған
ғимарат. Алып жатқан аумағы 145 шаршы
метр.

Қағбаның іргетасын ең алғаш Алланың
әмірімен періштелер қалаған, оны Адам Ата жалғастырған, Нұх Пайғамбардың топан
суынан кейін Ибраһим (с.ғ.с) Пайғамбарымыз бен оның баласы Исмаил қайтадан
салып, одан кейін бес рет жөндеуден, жетілдіруден өткен. Ең соңғы рет 1996 жылы
жөнделген.

Қағба – бүкіл әлем мұсылмандарының
құбыласы. Қағба – жер бетінің кіндігі, адамзаттың ғана емес, күллі жаратылыстың
орталығы. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі әрбір мұсылман құбылаға – Қағбаға қарап күніне бес рет намаз оқиды,
дұға жасайды, тілек тілейді. Қағба Әл-Харам мешітінде орналасқан, мұнда зәмзәм
суы бар. Әл-Харам мешітінінің көлемі 387 мың шаршы метр, бір мезгілде 1 млн.
адам намаз оқи алады. 2016-2017 жылдарға
көлемі екі есе өсіп, 2 млн. адам намаз
оқитын болады. Жер бетінде ең алғаш салынған Әл-Харам мешіті. Ерекше қасиетті
орын болғандықтан бұл жерлерде оқылған бір намаздың сауабы – 100 мың намаз,
яғни, Әл-Харам мешітінде оқылған бір намаздың сауабы 55 жыл 6 ай 20 күн бойы үзбей оқыған намаздың сауабына
тең. Бұл не деген керемет десеңізші?!

Зәмзәм суының
қысқаша тарихы

Аллаһтың досы пайғамбарымыз Ибраһим
(а.с.) жары Сара анамыздан 85 жасқа дейін перзент көрмейді. Сондықтан ол Сара
анамыздың рұқсатымен өзінің күңі Ажар анамызға үйленеді. Пайғамбарымыздың 86
жасында дүниеге Исмаил атты ұл келеді. Ажар анамыз ұл тауып, ажарланып,
көріктеніп, көңілденіп, абыройлы, беделді бола бастайды. Осы кезде Сара
анамызда қызғаныш, күндестік сезім пайда болады. Үш рет пайғамбарымыздан Ажар
мен Исмаилды көз көрмейтін, аяқ жетпейтін шөл далаға апарып тастауды талап
етеді. Осы кезде Жәбірейіл (а.с.) періште арқылы пайғамбарымызға Алладан
Сараның айтқанын орындасын деген үкім келеді. Ибраһим (а.с.) Алланың үкімін
орындап, Ажар анамызбен Исмаилды қазіргі Меккенің шөл даласына әкеп тастайды.
Ана мен бала азын-аулық тамақтары, сусындары таусылып, шөлден, аштықтан әбден
қалжырап, өлер халге жетеді. Сонда Сафа тауының етегінде тұрған Ажар анамызға
Мәруә тауы жағынан сағымданып су көрінеді, жүгіріп барса су жоқ, бұлдыраған
сағым болып шығады, енді Мәруә тауының етегінен Сафа тауына қараса, сағымданып
тағы да су көрінеді, барса сағым болып шығады, осылайша екі таудың ортасында 450 метр жерге 7 рет
жүгіреді. Сол кезде баласының шыңғырып жылап жатқан даусымен қасына жүгіріп
келсе, Исмаилдың екі өкшесі тиген жерден 2 бұлақ су атқылап жатыр екен. Сонда
Ажар анамыз «Зәмзәм!” (тоқта, тоқта) деп бір бұлақты тоқтатқан екен.

Екінші
бұлақ бүгінгі күнге дейін атқылап ағып тұр, қиямет-қайымға дейін аға
береді. Бұл Зәмзәм суы ашыққанға азық, шөлдегенге сусын, дертке шипа болып,
бүкіл әлем мұсылмандарының игілігіне айналған.

Сондықтан да осы екі таудың арасында
сағи жасау (7 рет жүріп, жүгіріп өту) дәстүрі қажылықтың рәсімдеріне
енгізілген.

Жылына Меккеге әлемнің түкпір-түкпірінен
6-7 млн. мұсылман қажылыққа келеді. Әрбір мемлекеттегі мұсылмандардың 0,1
пайызына квота (рұқсат) беріледі. Биыл Қазақстаннан қажылыққа 4200 мұсылман
барса, әлемнің ең көрікті, керемет жерлеріне 6000 Қазақстан азаматы саяхатқа,
демалысқа, қыдырысқа барған.

250 млн. мұсылман тұратын Индонезияда
талапкерлер қажылыққа бару кезегінде 20 жылдан бері тұрады екен. Түркияда
кезекте он мың мұсылмандар тұрса, Өзбекстанда бұл кезекті бес жыл, Тәжікстан
мен Қырғызстанда 2-3 жыл күтуде. Бір Англияның өзінде 1000 мешіт бар, қажылыққа
биыл 10 мың адам келді. Екі миллион мұсылманы бар Босния мемлекетінен биыл
қажылыққа келгендер саны 1200 адам, Сауд Арабиясының өзінде Меккеден басқа
қалалардан қажылыққа бес жылда бір рет баруға ғана рұқсат етіледі екен.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жылына
Қазақстаннан 150-160 адам қажылыққа барса, қазір бес мыңға жақындады, бұған да
шүкіршілік қылайық, ағайын. Тек Қазақстанда ғана қажылыққа кезек жоқ, сондықтан
да басқа елдің мұсылмандары қажылыққа біз арқылы барудың жолдарын, амалдарын
қарастыруда. Болашақта Сауд Арабиясы мемлекеті жылына қажылыққа 15-20 млн.
мұсылманды қабылдауға қажетті жағдай жасау жоспарларын іске асыруда.

Әлемдегі ең үлкен сағат осы Меккеде 2010
жылы салынған. Сағаттың өзінің биіктігі – 40 метр. Жерден 400 метр биіктікте
орналасқан. Жерден бастап сағат төбесіндегі айды қосып есептегенде биіктігі 601 метр болады. Салмағы
36 тоннаны құрайды. Сағаттың әрбір беті 43000 шаршы метр. Әр беті 98 млн. бөлік
түрлі түсті шыны мозайкамен безендірілген. Минутты көрсететін тілі – 22,
сағатты көрсететін тілінің ұзындығы 18 метр, әрбір тілдің салмағы алты тоннадан
асады. Түнде сағаттың тілі және барлық беті жарықпен толық қамтамасыз етілген.
Бұл ғажайып сағат 30 шақырым қашықтықтан көрінеді.

Кіші және үлкен қажылықтың өтетін жері –
Мекке, аяқталатын жері Мәдина. Мекке – әлем мұсылмандарының рухани орталығы,
Мәдина – мәдени орталығы болып есептеледі.

Қажылық сапардың соңғы екі күнін осы
Мәдина қаласында өткіздік. Мәдина – Араб түбегінің батысындағы Хижаз деген
жерде, Қызыл теңізден – 130 шақырым, Меккеден 418 шақырым қашықтықта
орналасқан. Ислам мемлекеті алғаш Мәдинада құрылды. Әлемде бүкіл мұсылмандар
қасиет тұтатын, тәу ететін үш мешіт бар. Біріншісі, Меккедегі Әл-Харам,
екіншісі, Мәдинадағы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мешіті, үшіншісі Палестина
өлкесіндегі Әл-Ақса мешіті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірінің соңғы 10 жылын
өткізген, мүбәрак сүйегі қойылған жер де осы Мәдина қаласы. Пайғамбарымыз
Мұхаммед (с.ғ.с), Абу Бәкір Сыдық және Омар Ибн, Әл-Хаттаб осы Пайғамбарымыздың
мешітінде жатыр.

Пайғамбарымыз: «Әл-Харам мешітінде
оқылған бір намаз – 100 мың намазға, Пайғамбарымыз мешітінде оқылған бір намаз
– 1000 намазға, Әл-Ақса мешітінде оқылған бір намаз – 500 намазға тең болар»
деген. Мәдина- Исламның күмбезі, иман үйі, Һижреттің отаны, арам мен адалдың
анықталған жері.

Алла тағала періштелер арқылы бүкіл
әлемнің түкпір-түкпірінен топырақ жинатып, оны майдалап, елеп сол топырақтан
Адам атаны, оның қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Електен өтпеген топырақтан
құрманы жаратты. Сондықтан құрма да құдды адам сияқты өсіп-өнеді, көктеп
көгереді, жеміс береді, ауырады, 70-80
жас жасайды, кейбіреуі 100-120 жас жасап сосын өледі. Әлемде құрманың 150 түрі,
Мәдинада 15 түрі бар. Ал жаннат жемісі саналатын әжуа құрмасы да осы Мәдинада
өседі, оны Пайғамбарымыз өз қолымен еккен. Бұл құрмада дәрумендердің барлық
түрі бар, бірнеше ауруға ем. Кімде- кім
күніне 7 құрма жесе, ол адамға жын-шайтан, бәле-жала, ауру-сырқау жоламайды
екен. Құрма аталық, аналық болып екіге бөлінеді. Жемісті аналығы салады. Құрма
тұқымнан емес, аналықтың бүйірінен өсіп шығады. Оны аналыққа (анасына) жақын
жерге отырғызады, қашық жерге отырғызса, өліп қалады. Қазір Мәдинада 20 гектар жерде
Пайғамбарымыздың құрма бағы өсіп тұр.

Мәдинадағы ең көрікті, ең көркем, ең
қасиетті жер – ол Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) мешіті. Ол атшаптырым жерді
алып, алтынмен апталып, күміспен күптелген көрсе көз тоймайтын ғажайып ғимарат.
Мешіттің сырты күннің шығуымен бірге ашылып, күннің батуымен бірге жабылатын 10
мыңдаған адам сиятын шатырлармен көмкерілген. Мәдинаға келген мұсылман алдымен
Пайғамбарымыздың мешітіне, сосын мешіттің жанындағы «Жаннәтүл – бәқиг» – деп
аталатын қабірстанға (ол жерде көптеген ұлық сахабалар, 3-ші халифа Осмән және
Пайғамбарымыздың әйелдері, балалары жерленген), Ухуд шаһидтері жерленген
қабірстанға, Исламдағы ең бірінші салынған Құба мешітіне, екі құбылалы мешітке,
тағы да басқа көптеген тарихи жерлерге зиярат етеді. Осымен қажылық сапары
аяқталады.

Қазақстандық
қажылардың қатары көбеюде

Биыл қажылыққа барған қазақстандықтардың
60 пайызы жастар, үштен бірі әйелдер. Көпшілігі бірінші рет, бірқатары үшінші,
төртінші рет, тіптен 10-15-ші рет барған азаматтарды да көрдік. Арагідік
әкесін, шешесін жетелеп, арқалап арбаға отырғызып апарған азаматтарды көріп
сүйсіндік. Қызылордадан биыл қажылыққа «Атлас» туристік агенттігі арқылы он бес
адам бардық. Біздің жолымыз болды. Біз
жұма күні Арафат жазығында тұрып, үлкен қажылықтың басты шартын орындадық. Бұл
Акбар (ұлы) қажылық деп аталады екен. Акбар қажылықтың сауа­бы 70 рет үлкен
қажылыққа барғанмен тең. Бұл тарихта сирек кездесетін жағдай.

Облыстан қажылыққа барғандардың ең
үлкені 80-нің сеңгіріне шыққан еліміздің қадірлі ақсақалы Пазылбек Орынбасарұлы
болды. Ол кісінің бұл төртінші рет қажылық сапары екен. Пазекең мемлекет
ішіндегі мемлекет теміржол саласында 45 жыл табаны таймай нәтижелі, абыройлы
қызмет етті. Қатардағы вагон құрастырушыдан, Қызылорда теміржол бөлімшесі
бастығының бірінші орынбасары қызметіне дейін өсті. Теміржолдың генералы атағын
алды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты азамат. Балалары мен немерелері
ата кәсібін жалғастырып, республиканың теміржол саласында жауапты қызметтер
атқаруда. Отбасында бес адам намаз оқиды. Пазекең зейнеткерлікке шыққан күнінен
бастап, Алланың ақ жолына түсіп, мұсылмандықтың бес парызын бұлжытпай орындап
келеді. Исламның ақ жолын насихаттауда, қажылыққа адамдар дайындауда, шәкірттер
тәрбиелеуде ізгілікті, иманды жұмыстар атқаруда. Менің өзімнің де биыл
қажылыққа тәуекел етуіме оң әсер еткен де осы Пазекең.

Елге, халыққа үлгі-өнеге болса, осындай
ардақты, зия­лы ақсақалдарымыздың қатары көбейе берсе деген ниетпен жазып
отырмын.

Екінші бір елдің, халықтың назарын
аударуға тұрарлық лайықты азамат мүмкіншілігі шектеулі, бірінші топтағы мүгедек
білімді, білікті, тәжірибелі дәрігер, сана-сезімі өте сергек, азаматтық жауапкершілігі
жоғары, ерік- жігері, қажыр-қайраты мықты, талабы таудай, арманы асқақ Досжанов
Қабыл қажы. Ол 1983 жылы жалындап тұрған
отыз бір жасында тағдырдың тәлкегіне ұшырап, ауыр омыртқа жарақатынан арбаға
таңылып, 1-топтағы мүгедекке айналады.
Үш жыл бойы үзбей барлық деңгейдегі емхана мен ауруханаларда емделеді, бірақ
ештеңе өзгермейді, сол 1-топтағы мүгедектік санатында қала береді. Үш жыл
мамандығы бойынша жұмыс іздеп ашпаған есігі, бармаған жері, баспаған тауы жоқ,
шарқ ұрады, бірақ одан ешқандай нәтиже шықпайды.

Қайда барса да, сол 1-ші топтағы мүгедек
жұмыс істеуге тиісті емес, деген қасқабас қағида алдынан шығады да тұрады.
Бірақ Қабыл Алланың бұл қатал сынағын күпіршілікпен емес шүкіршілікпен
қабылдап, нағыз азаматтық қайсар мінез танытты, езілмеді, егілмеді, сынбады.
Қайткенде дәрігерлік терең білімім мен мол тәжірбиемді халықтың қажетіне
жаратуым керек деген бетінен қайтпады. Ақыры талапты ерге нұр жауар дегендей,
1989 жылы облысымызға іссапармен келген Одақтық денсаулық министрі академик,
әлемге белгілі ғалым Е.Чазовтың бір ауыз сөзімен, жеке қолдауымен, тағы да
сәтті, батыл жасаған бірнеше қадамдарының арқасында жеке дәрігерлік
кәсіпкерлікпен айналысуға облыста, рес­публикада бірінші болып рұқсат алады.
Қазір 1996 жылдан бастап Қызылордада ерлі-зайыпты Қабыл мен Мәдинаның жеке
емханасы «Досжановтар клиникасы» жұмыс істейді.

Қабыл – бала дәрігері, Мәдина –
акушер-гинеколог. Бұл клиникада жылына шамамен 500-600 кісі емделеді. Алдына
басы ауырып, балтыры сыздап келген науқастардың жазылмағаны жоқ. Осылайша
Досжановтар отбасы халық денсаулығын жақсартуға өздерінің лайықты үлестерін
қосып, елдің, халықтың ризашылығы мен рахметіне бөленуде. Қабыл мен Мәдина
студент кездерінде отбасын құрып, қырық жылға жуық қол ұстасып өмірдің қызығын
да, қиындығын да бірге көріп келеді.

Екі ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиелеп, бір
ұл мен қызы мемлекеттік қызметте бөлім, басқарма басшылары, ал кенже ұлы Қуаныш
банк қызметкері, үшеуі де намаз оқып, ораза тұтады. Өздерінің намазға
жығылғандарына төрт жыл, биыл мүмкіншілігінің шектеулілігіне, Исламның
шарттарына сәйкес қажылық парыздарын
өтеуден босатылуына қарамастан қажылыққа барды.

Жан серігі Мәдина, ұлы Қуаныш Қабылды
арбасымен арқалап жүріп, үшеуі де қажылық парыздарын өтеді. Бұл нағыз
адамгершілік, азаматтық, мұсылмандық ерлікке пара-пар өнеге емес пе?!

Жары, жан серігі Мәдинаның Қабылды
әрдайым пір тұтып, қабағын шытпай отыз жылдың үстінде бағып-қағуы, сүйеу, тіреу
болуы, сыйлауы, құрметтеуі, анасындай алақанына салып аялауы кімге де болса
өнеге боларлық ұлағатты іс емес пе?! Бүгінде бауыр етінен жаралған балалары
бола тұра, республикада 66 қарттар үйінде 7700-дің үстінде қарт қасірет шегіп
отырған заманда Қуаныштың әкесін арқалап қажылыққа апаруы бүкіл жастарға үлгілі
үрдіс боларлық жағдай емес пе?

Ер кезегі үшке дейін дегендей, ендігі
әңгімемізге арқау болып отырған 71 жастағы Күлзипа Ермаханова. Білімі жоғары,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы, бүкіл өмірінде бала, адам тәрбиесімен
айналысқан ұлағатты ұстаз, кезінде мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінде,
аудандық кеңес атқару комитетінде жауапты қызметтерде болған, үш ұл, үш қыз
тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Ұлдары Нұрбол Пірмағанбетов – «ҚазГерМұнай»
біріккен кәсіпорнында жоспарлау, бақылау департаментінің директоры, Тәуірханы –
Павлодардағы Назарбаев мектебінің директоры, қалған төртеуі Алматыдағы «Зерде»,
Қызылордадағы «Айшуақ» фирмаларын басқарады, жұмыс істейді. Алтауы да Алланың
ақ жолына, имандылыққа ерте бет бұрады. 15 жылдан бері намаз оқиды, ораза
тұтады. Әкелері Сұлтан Пірмағанбетов
бұдан үш жыл бұрын өмірден озған, ұстаз, ораза-намазы түгел кісі болған.
Күлзипа ханым да 12 жылдан бері намаз оқып, ораза тұтады екен. Міне, биыл
өзінің мұсылмандық, қажылық бесінші парызын өтеп отыр.

Бұл өнегелі отбасы да өз бақыттарын
Алланың ақ жолынан, имандылықтан, адал еңбектен тауып отыр деп айтуға әбден
болады.

Әрине, бес саусақ бірдей емес,
қажылыққа сапарлағандар арасында түрлі
адам кездеседі. Cөзсіз олардың көпшілігі
жоғарыда айтылған азаматтар сенімді. Алланың ақ жолына түсіп, мұсылмандықтың
бар алғышарттарын мүлтіксіз атқарып, Алланың алдындағы құлшылық, қажылық
парызын орындау үшін, біліп, білмей істеген кемшіліктеріне кешірім сұрау үшін,
балаларының, бауырларының, ағайынның, еліміздің, жұртымыздың, халқымыздың
ауызбіршілігі мен тыныштығын, береке- бірлігін, баянды бақытын тілеу үшін
барғандар. Ешқандай дайындықсыз, жұртқа еріп, еліктеп, жеңіл атақ, абырой
мадақ, мансап үшін, қоғамдағы өзінің орнын, дәрежесін, деңгейін көтеру үшін,
тіптен сауда-саттықпен айналысу үшін барып жүргендер де жоқ деп айта алмаймыз. Кейбіреулердің
қажылыққа қатарынан 15-20 рет баруын, оны халықтың алдында насихаттауын,
мадақтауын, марапаттауын құдайға құлшылық етудің үрдісі, үлгісі, өнегесі деп
қабылдау күмәнсіз, күдіксіз жайт емес. Соңғы жылдары қажылықты ұйымдастыратын фирмалардың саны күрт өсіп, 20-ға жетуі, оның
бірқатарының көлеңкесінде елге, халыққа белгілі азаматтардың, ірі
кәсіпкерлердің тұруы осы қасиетті, киелі мұсылмандық парыз – қажылықтың өзі
сауда-саттықтың, коммерцияның қолжаулығы, құрбаны болып кетпей ме деген күдік
те жоқ емес. Қажылықты ұйымдастырушылардың, олардың үгітшілерінің,
насихатшыларының, уағыз айтушыларының адамдарды жалпы өмірде шыдамдылыққа,
төзімділікке, кешірімділікке үндеуден гөрі, бірінің аузына бірі түкіріп
қойғандай, бәрінің де қажылықты ұйымдастырушылардың кінәсінен орын алып отырған
кемшіліктер мен қателіктерге, ретсіз, жөнсіз қолдан жасалған қиындықтарға
кешірімділікпен қарауға жаппай, жамырай үндеуінің, үгіттеуінің басымдығы кімнің
де болса назарын аударып, ыңғайсыз ойларға жетелеуі анық.

Сондықтан да мыңдаған қазақстандықтардың
қажылыққа бару үдерісіне, оның табиғатына, қажылықты ұйымдастырушы
компаниялардың жұмыстарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен дін
комитеті терең талдау-сараптама жасап, бұл маңызды, тағдырлы мәселеде
жинақталған проблемаларды шешуі кезек күттірмейтін өткір мәселе деп есептейміз.

Біріншіден: қажылықты өтеу мерзімін
10-15 күнге дейін қысқарту керек. Ең қымбат нәрсе – ол уақыт. Қазіргі қажылықты
өтеу мерзімінің 20 күнге кейде тіпте 30 күнге дейін созылуы ретсіз, жөнсіз,
қисынсыз деп ойлаймыз.

Екіншіден: қажылыққа баратын адамдардың
дайын­дығы Малайзиядағы сияқты арнайы комиссия ар­қы­лы анықталуы керек.
Қажылықты әуесқойлыққа, елікте­гіштікке, еріккен, желіккендердің ермегіне
айналдыруға болмайды.

Үшіншіден: киелі сапарға бару, келу,
ішкі жүріп-тұру барысында қажылардың денсаулығын сақтау, сақтандыру және
дәрігермен, қажетті дәрілермен қамтамасыз ету, әрбір рәсімнің дер кезінде,
келісім-шартқа сай орындалуы, қажылардың құқығының қорғалуы бір жүйеге
келтіріліп, заңдастырылуы керек.

Төртіншіден: ең бір өміршең, өзекті
мәселе қажылық парызын өтеу кезінде, елде бір төтенше жағдай (өлім- жітім)
болғанда қажылардың Отанға мерзімінен бұрын қайту мүмкіншіліктері
қарастырылмаған.

Барған күні алынып қойылған жеке
куәлігіміз кетерде қолымызға зорға тиді.

Бесіншіден: Қажылық деген жеке адамның,
жеке басының ғана ісі емес – Елдік, Халықтық, мемлекеттік үлкен ұлағатты іс.

Өйткені жылына бес мыңға тарта Қазақстан
мұсылмандары Меккеге қажылыққа барып, бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен келетін
бес миллионнан аса мұсылмандардың ортасында Қазақстанның көк туын желбіретіп
жүріп, Алладан тек өзінің, балаларының, бауырларының аманшылығы мен бақытын
ғана емес, күллі елдің, халықтың ауызбіршілігін, тыныштығын, тәуелсіз
мемлекетіміздің іргесінің бүтін болуын, төңірегінің түгел болуын, ішінде дау
болмауын, сыртында жау болмауын, бейбітшілік пен молшылық, баянды бақыт
тілейді.

Менің айтайын деп отырғаным, осы елде
біздің елшілігіміз бар, консульдық бар, олар егер елден бір ортанқол шенеунік
келсе, тайлы-тұяғымен жапырылып оған қызмет істейді. Олар неге елдің, халықтың
атынан келген бірнеше мың мұсылмандарға ат ізін салмайды? Неге олардың бірнеше
мыңдаған өз отандастарының тірісімен де, ауруымен де, өлгенімен де жұмысы жоқ?
Меніңше, олар осы қажылық процесінің басында, қасында, ортасында болып,
қордаланған проблемаларды шешуге міндетті деп ойлаймын.

Дініміздің дінгегі
берік, келешегі кемел

Меккеде, Қағбада жылына бір рет
қажылықта 5 млн-нан астам әлем мұсылмандарының жүрегі, тілегі, арманы,
мақсат-мұраты, Аллаға деген сенімі, сүйіспеншілігі, үміті, құлшылық ниеті,
ықыласы, пейілі жан-тәнімен бір арнаға тоғысып, жердей тербеліп, теңіздей
толқып, тау­­дай теңселіп, ормандай тебіреніп, құдіретті ұлы күшке, адамның
қиялымен қиыспайтын, санасына сыймайтын, өңі түгілі түсіне де кірмейтін бір
таңғажайып құбылысқа куә боласың, таңданасың.

Әлемде ешқашанда, еш жерде, еш жағдайда
бірде-бір билік, бірде-бір идея, бірде-бір дін, бірде-бір ұран осыншама
миллиондаған халықты бір жерге жинап, бір құдайға бағындырып, табындырып,
езілдіріп, егілдіріп, көз жасын көл қылып, жылатып-еңіретіп құлшылық жасата
алмас еді. Мұндағы Алланың құлдарының әрбір тамшы көз жасы киелі, қасиетті – ол
бір теңіздің суы өшіре алмайтын дозақтың отын сөндіреді, деген қағидаға
ешқандай күмән келтіруге болмайды.

Бұл Құдайдың шексіз құдіреті,
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) негізін қалаған Ислам дінінің керемет беделі, берекесі,
сайып келгенде оның жарқын болашығы деп қабылдауымыз керек.

Мен бұрыннан да Исламның тарихынан,
табиғатынан, тағдырынан, өткенінен, қазіргі жағдайынан, болашағынан бірқатар
хабарым бола тұра, осы қажылықтан кейін көптеген тарихи шындықтарға, керемет
уақиғаларға көзім әбден жетті, көңілім толды, бұлжымас оң көзқарасым
қалыптасты.

Осы Исламның, Пайғамбарымыз Мұхаммед
(с.ғ.с) идеяларының күші, қасиеті, құдіреті, болашағы жөнінде адамзаттың озық
ойлы алыптарының Ф.Энгельстің, Бисмарктың, Б.Шоудың, Гетенің айтқандарының
ақиқаттығына, олардың көрегенділігіне таңғаласың, тәнті боласың.

Энгельс: «Ислам – адамзат тарихындағы
діндердің ең жасы, ең жасампазы, ең ақылға, нанымға, сенімге қонымдысы, ең
ғылымға негізделген дін» дейді. Дәл осындай пікірді Д.Неру де білдіреді.

Германияның канцлері, даңқты қолбасшы
Бисмарк: «Ей, Мұхаммед (с.ғ.с), сенің ғасырыңда тумағаныма қатты өкінемін.
Адамзат сен сияқты ерекше тұлғаны бірақ рет көрді, бұдан кейін көре алмайды.
Мен сенің алдыңда құрметпен басымды иемін», дейді.

Б.Шоу: «Егер қазіргі әлемдегі басқару
құқы Мұхаммед (с.ғ.с) секілді бір адамға берілетін болса, ол барлық мәселелерді
майдан қыл суырғандай оп-оңай шешер еді және бұл шешімдер сондайлық тыныштық
пен бақыт әкелер еді. Мен ертеңгі Еуропаның Мұхаммед (с.ғ.с) дінін
қабылдайтынын болжаймын, тіпті Еуропа оны қазірдің өзінде қабылдай бастады»
деген

Гете: «Біздер, Еуропа халықтары,
мәдениетіміз айрықша дамығанымен, хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) ұлылығының ең
бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды және бұдан
кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес», дейді.

Осы исламды Л.Н.Толстой, Эйнштейн, Гете,
Байрон Мұхаммед Әли сияқты бүкіл әлемге белгілі жазушылардың, ғұлама
ғалымдардың, ақындардың, философтардың қабылдауы, бір Эйнштейннің өзімен бірге
13 мың адамға Исламды қабылдатуы, атышулы физик Ньютонның өз өмірінде ғылымдағы
ашқан жаңалықтарын тәрк етіп, Құдай бар деп бас әріппен жазып леп белгісін
қоюы, бүгінгі күні Франциядағы Сарбони университетінің маңдайшасында «Құдай
бермесе, саған университет ештеңе бермейді» деп жазып қойылуы, Пушкин мен
Лермонтовтың исламды жырлауы, Абай, Шәкәрім, Алтынсариндердің Алланың бірлігін,
Пайғамбарымыздың хақтығын паш етуі исламның қасиеті емес пе?

Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап,
ислам өзінің дәуірлеу кезеңін бастан кешіруде. Бұл құбылыс идеология­сы жоқ
Батысты алаңдатады, қауіптендіреді. Сондықтан да олар мұсылман елдерінің
ауызбіршілігін осалдату,оны ішінен іріту үшін неше түрлі әрекеттерге баруда.
Бұл мақсатқа сиқыр саясат, қулық-сұмдық, айла-шарғы, ақша – бәрі жұмылдырылуда. Шындығында бір діннің аясында
біріккен ислам елдері әлемдегі ең үлкен өркениеттің біріне ғана емес, адамзат тарихының
дамуына зор әсер ететін қуатты күшке айналды. Енді осы тезисті нақты
фактілермен дәлелдеп көрейік.

Бірінші, Бүгінгі күні дүние жүзіндегі
барлық байлықтың 70 пайызының мұсылман елдерінде болуы ешкімді де бейтарап
қалдырмай отыр.

Екінші, «Британика” энциклопедиясының
дерек­те­рі­не сәйкес территория жағынан 1900 жылы
әлем территориясының небәрі 3,5 миллион шаршы милі ислам елдерінің үлесіне
тисе, ғасыр соңында бұл көрсеткіш 3 есеге дейін ұлғайып, 11 миллион шаршы
мильге дейін жеткен. Салыстыру үшін 1900 жылы Батыс христианствосының
үлесіндегі жер көлемі 20 миллион шаршы мильді құраса, ғасыр соңында ол 12,7
миллион мильге дейін азайған. Бұдан шығар қорытынды – Ислам уақыт алға жылжыған сайын неғұрлым үлкен территорияға
өз ықпалын жүргізе түсуде.

Үшінші, халықтың саны жағынан. Егер 1900
жылы Батыс христианствосының халқы әлем халқының 30 пайызын құраса, ғасыр
соңында бұл көрсеткіш 11 пайызға дейін төмендеді. Ал Ислам елдері қазір әлем
халқының 22 пайызын құрайды.

Әрине, бұл тек сандық көрсеткіштер. Кез
келген елдің әлемдік қауымдастықтағы беделі мен орны оның территориясының
көлемі мен халқының саны арқылы ғана емес, экономикалық күш-қуаты арқылы
айқындалатыны бәрімізге белгілі. Ислам елдерінің бұл мәселедегі көрсеткіштері
де әрбір мұсылман баласының жүрегіне мақтаныш сезімін ұялататындай.
Бүкіләлемдік Даму банкінің деректері бойынша кейінгі 50 жыл ішінде Ислам
елдерінің әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлес салмағы 2,9%-дан 11%-ға дейін өскен. Бұл біздің сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да
өскендігіміздің айқын айғағы.

Исламның дәуірлеуі әлемдегі барша
мұсылман елдері дамуының барлық саласын қамтуда. Батыс философы Джон Эспозито
бұл туралы: «Исламның қайта дәуірлеуі –кең
көлемді жаңару. Ол қоғамдық өмірде ислам орнының қайта нығаюын, исламға
бет бұрған үкіметтерді, заңдарды, банктерді, әлеуметтік көмек көрсету
қызметтерін және білім беру мекемелерінің қатарын көбейте түсіп отыр”, – деп жазды.

Шындығында, Исламның дәуірлеуі қасиетті
дінімізді оның жауларынан қорғаудан, діни және ұлттық дәстүрлерімізді сақтау
мен жас ұрпаққа жеткізуден, гуманистік, ізгілік идеясын таратудан, заман
талабына сай халықтың тұрмыс дәрежесін көтеруден туындады.

Тарихта дінаралық, ұлттық қақтығыстар да сирек емес. Ең соңғы
Америкадағы қайғылы уақиға бүкіл дүниежүзін дүр сілкіндіріп, ойландырып отыр.
Келешекте бұған жол бермеу үшін барлық мемлекеттер ұлтаралық мәселеге, дін
мәселелеріне аса жоғары саяси қырағылықпен мұқият қарауы керек. Ең бастысы
күшті, ірі, беделді елдер кіші елдерге, ірі ықпалды халықтар аз халықтарға
әлімжеттік тұрғысынан емес, тең санап, сыйлап, санасып, есептесіп, қамқорлық,
қолдау жасап отыруы өте қажет. Сонда ғана әлемде әділеттілік қалыптасады. Жер
бетіндегі барлық адал, саналы, иманды адамдардың арманы да, талабы да, тілегі
де осы емес пе?!

Сейілбек ШАУХАМАНОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз