БАБАЖАН ҚЫРҒЫНЫ

137

0

(Соңы. Басы өткен санда). 
Демек, Мұсабай жыраудың:
Баласын Майқарадай ұстап алды,
Артына Төлек батыр мінгестіріп,
Сәлем де Кенесары ханыма деп,
Алашты алты жүре аралатты, – деуі ақындық қиял емес, нақты шындық. 
Шағымданушылар орыс әкімдігінен бекіністі талқандауды ұйымдастырып, оларға басшылық еткен мына билерді жазалауды сұрайды Олар кішкененің билері (кісі аттары қағазға түскен күйінде – М.Қ.): кішкене шектілер – Джанхуджа Нурмухаммедов, Раманкул Кусбармаков, Шайты Топаев, Бердыбай Чапаков, Айбусун Сутанов, Джармуган Тогусов, Диянки Кульбаев, Кудайберган Чулакин, Кульджан Кусаев, шекті жақайымның билері – Байсалбай Байчукин, Турки Сурбасов, Турганбай Чубанов, Тулюбий Минбаев, Буранбай Карабатыров, қаракесектің би-батырлары – Актан Кабанов, Таймас Кыйтаров, Каир Иорапов, шекті – алтынбай Иткул, Нурман Ботенов, төртқараның басшылары – Утявли Бегайдаров, Сатыбалды Баялов, Қара Тляпов, Муса Алин, Баймухаммед Нарчабеков, қарасақал – Давыл Бекшин, Есет (?) Чагараев, Кубек Чункарин. 
Сұлтан Жантөрин 1845 жылдың тамызына дейін істің ақырын бағып үндемей отырған. Бұған орданың батыс бөлігінің правителі Сұлтан Баймұхаммедов екінші рет хат жазады. Осы хат арқылы сұлтан Баймухаммедов бар істі шекара комиссиясына хабарлап отыр. Баланы босатып алуды Утаралы Чунгаевке тапсырған. Арызданушылар сұлтан Баймұхаммед Айшуақов та, сұлтан Арыстан Жантөринге де өздері барады. 
Орта орданың сұлтан-правителі Баймұхаммед Айшуақов шекара комиссиясына бұл көрсетілген жазықты қазақтар біздің аймақта тұрмайтындықтан мәселені шеше алмаймын деп жазады.  
Ресми жағынан алып қарағанда оқиға Хиуа жерінде өткендіктен ол туралы әлдеқандай мәліметтің орыс тарапынан кезігуі неғайбыл болатын. Оңтайы келіп, бұл шағын құжаттың бізде сақталуына себеп – көтерілісшілердің осы оқиғадан кейін Ресей дәргейіндегі ата қонысқа ошарылап көшіп кетулері. Енді Хиуа жағынан шапқыншылық болатындығын білгендіктен. Арызданушылардың мақсаттары – бауырлас сұлтан-правительдерінен көмек болар ма деген үміт. Ал сұлтандар болса, орыс өкіметінің қолындағы қуыршақтар. Орыстар болса іс жүзінде мәселеге пәруана-пайым, мүддесі бөлек бөтен мемлекет. Шағым Орынбор шекара комиссиясында қаралғанда да айыптыларды жазалау туралы әңгіме не әрекет жоқ, бұлардың араларында мұндай оқиғалар бола береді деген жайбарақат шешімге келген.
Бұл оқиға жайлы қолға кейін түскен дерек – Хиуа жақтың жылнамашысы мынадай мағлұмат береді: 
«Сол күні (Жексенбіні айтып отыр – М.Қ.) қазақ ұлысы Жанкент аймағында Бабажан Урганжиді қоршауға алып, шабуылға кіргендігі жайлы хабар келді. Мұнан жеті күн өткен соң қазақия тайпалары Бабажан Урганжиді барлық адамдарымен қолға алып, Қожаниязбидің қаласын талқандағаны жайлы хабар келді. Бұл оқиғаның өрбуі мынадай, ежелден Дешті Қыпшақ аймағындағы барша қазақ тайпалары қайырымды хазірет сайыпқыранның қызметкерлері саналып, салық төлейтін еді. Ол хазіреттің ұлы әмірімен қадірлі бұқаралардан сенімді, қажырлы елдің бағына ұстаз Қожаниязби Қазақия тайпаларының ішіндегі Шөмекей халқының арасына барып, Ақшеңгелдің бір күндік жоғарысындағы Қуаңдарияның (түпнұсқада – қувонч даресы. Аудармашы) оңтүстігі мен Майлыөзек өзенінің солтүстік жағалауына бір үлкен қала салып, ол елдің соғыс пен қорғануына көмектесіп, шариғат үкімімен салық\\хирож\\ пен зекетін алушы еді. Және де орындалмай қалған бұйрықтарды қудалап, мемлекет тіректері мен хазіреттің ұлықтарына ықыласты, парасат иесі Уәйісниязбай Әлім халқының арасына барып, Жанкент аймағында бір қорған салып, ол жамағаттың билік пен қорғаушылығына сес көрсетіп, баж бен зекетін шариғат үкімі бойынша алушы еді. Жақында Уәйсниязбай Жанкенттен қайтып, әлем панасының дәргейіндегі қызметке келіп, оның орнына босағасы бақытты қызметкерлерден мемлекет иесінің негізгі тірегі Бекнияз дуанбегінің жақыны қадірлі Бабажан Урганжи Жанкент қаласына барып,сол атыраптағы қазақия ұлысының билігі және тыныс-тіршілігімен шұғылданатын жауапты тұлғаға айналды. Бұл жағдай барысында қазақ тайпаларына қазақият нәсілі әсер етіп, белгілі себепсіз бүкіл қазақ ұлысы ынтымақпен аттанып, бүлік пен көтеріліс, тәкаппарлық пен өтірік киімін алаңда жарқылдатып, хабарсыз жатқан Бабажан Урганжидің үстіне келіп, қалаға шабуылдады. Бірнеше күннен соң қала ішіндегі қазақия ұлысы шабуылға төтеп бере алмай, қаланы бұзып сыртқа шықты. Бұл жайт қазақ қосынына қол келіп, қала ішіне жол тауып, Бабажан Урганжиді барша қызметкер, нөкерлерімен қосып өлтірді. Одан соң Қожаниязбидің қаласының айналасына барып, жыйналған халық шабуылды соған бағыттады. Бірнеше күн шабуылдап, соғыс пен талау заңын жетілдіре түсті. Ақырында Қожаниязби айналасындағы қызметкер және әскерлерімен тәуекелге барып, ұйымдаса қаладан шығып, бар күшімен қазақ әскерлеріне тосын пәледей жабылып, құн әрі жан алушы семсердің соққысымен қарсы тараптың кейбірін өлтіріп, кейбірін жарақаттады, өзгелері жүз машақат, мың қайғымен ол соғыстан сытылып шығып, әркім өз басымен әуре боп кетті. Одан соң батылы жетіп қала үстіне келе алмады. Бәлкім, ойсырай жеңілгендіктен ел-жұртын ол жерден көшіріп, ұзақ жерлерлерге апарып қоныстандырды. Қожаниязби қуана қала әйелдеріне иелік етті…» (Көне өзбек тілінен аударған Бегабат Ұзақов) (Мұхаммад Ризо Мироб Эрниезбеқуғли Огахий (10) Асарлар V жилд. Тарихи асарлардан паргалар» Тошкент. 1978 й. 166-167 беттер). 
Бұнда Бабажан бекінісін алмаққа жиналған қазақтар бір аптадан соң Қожанияз бекінісін де талқандағандығы көрсетіліп отыр. 
1990 жылдың тоғызыншы қаңтарында осы Бабажан бекінісінің орнын арнайы барып көргем. 
Қала шаруаға болсын, ол жақ, бұл жақ қатынасқа болсын оңтайлы жерге орналасқан. Көне Жанкенттің оңтүстік батысында шамамен 10-15 шақырымдай. Жері тегіс, егістікке де жайылымға да қолайлы. Қорғанның іргесінен басын Жылуаннан алатын Ақсалма арығы ағып жатыр. Басын Солжаға арнасынан алатын Жылуан кезінде теңізге барып құйған. 
Қамал шағын. Қадымдағанда  ұзындығы 200, ені 50 метр деп болжадық. Үш бөліктен тұрады. Ортасында құдық. Соқпа қорғанның ені екі-үш, кей қалың жері үш-төрт метрдей. Дуалдар сақталмаған, бүтін емес. Ал Раманқұл қамалының биік болғандығы көрініп тұр. Қамал сыртының қазылған ор Бабажан қамалынан да терең. 
Өз адамы болған соң қол батпаған да болар, Бабажан бекінісіне қарағанда, бұл қорған дұрыс сақталған, үштен бірі бүтін тұрған. Дуалдың биіктігі үш метрдей. Түйелі кісі іштегіні еркін көреді. Қамал шағын, ені мен ұзындығы бір. Қырық бес қадамдай шықты, демек елу метр деуге болар. Қақпа оңтүстік жақта. Қамал жанынан басын Қарлаңнан алған Жайқонақ арығы өтеді. Бабажан бекінісінен екі-ақ шақырым.
Осы деректерді саралай келе мынадай қорытынды жасай аламыз: 
1. Хиуа хандығы қазақтарға үнемі озбырлық жасап келді. Олар байлыққа құнығып, әртүрлі сылтаумен зекеттегендерін қанағат тұтып қоймай, елдің намысына тиетін арсыз озбырлыққа дейін барды. 
2. Бекініс 1842 жылдың қарашасында талқандалды. Бұл кезде Ақтан 72, ал Жанқожа 68 жаста. 
3. Бекіністі талқандауға жеті мың адам қатысқаны ашынған жергілікті халықтың түгелге жуық атқа қонғандығына айғақ. 
4. Жырларда, ауызекі айтылатын әңгімелерде де, Ақтанды бұлтты, әруақты батыр есебінде әспеттеу қалыптасқан. Шындыққа сәл жақындай түсер болсақ, құжатта аталғандай, оқиғаның болып отырған кезі қараша, күз айы. Күн бұлтты, жаңбырлы болуы табиғи заңдылық. Бұны бір деңіз. Атқа бір мініп қандары қызып алған көтерілісшілердің Жанқожаны күтпей-ақ шабуылға шығуының басты себептерінің бірі – бекініс ішіндегі шеріктердің қолдарында су тисе тұтанбайтын пілтелі мылтық. Қазақтар осы сәтті де пайдаланып қалуды ұйғарған. Бұлай иіріліп жата берсе, Хиуаға хабар жетіп көмек келіп қалуы да мүмкін.   
5. Шағымданушы сұлтандар айыпкер есебінде Жанқожаны бірінші атайды. Бұл батырдың осы шапқыншылықты ұйымдастырып, басында өзі болғандығының бұлтартпас айғағы. Ұрысқа батырдың бір күн кешігіп жеткендігі жайында да әңгімелер бар. Айтыс үстінде Досқожа да айып ретінде бетке басып отыр. Жанама деректер де бұның шындыққа келетіндігін дәлелдейді. Кейін 1856-1857 жылдардағы көтерілістің барысы туралы орыс офицерлерінің жоғарыға берген есептерінің бірінде олар Қазалыны қоршап жатқан кезінде батырдың бабасы Киікбай мен әкесі Нұрмұхаммедке зиярат етуге кеткендігі көрсетіледі. Алдында орыс оғы. Ұрыс болса да алмағайып жайт. Аса діндар Жанқожаның осы жолы да соғыс алдында аттап кетпей, жол үстіндегі бабаларына зиярат етіп, медет тілеуі шындыққа сиярлық жайт.
6. Бір қызығы, шағымда Бабажанға құн сұралмайды. Соған қарағанда, Бабажан зорлық-зомбылық пен Жанқожаның ағасы Ақмырзаның өліміне кінәлі болғандықтан соның өтеуіне кеткен. Өздері де наибты шіріген жұмыртқа санайтын тәрізді. 
7. Қағазда Ақтан батырдың әкесінің аты – Қабан. Ал ұрпақтарының шежіресінде – Ақайұлы. Сұлтандар өздерінің түптеріне жететін батырды қатардағы қара көріп, елемей, оның ата-бабасын білмеген де болар. 
8. Сұлтандар шапқыншылыққа Раманқұл да қатысты деп көрсетеді. Соған қарағанда, «қашқан қоян жатқан қоянды да ала кеткен». Бүкіл халық тайлы-таяғымен дүрк көтеріліп жатқанда, көзге шыққан сүйелдей би қалай жалғыз қалмақ? Бәлкім, олжа бөлісуге қатысқан. 
…Орыс өктемдігінің кесірінен келген бұл аласапыран қара халықты мүлде тұралатып кетті, ата-жұрттарынан босты, халық саны азайды, мал-мүліктерінен айырылды, талай қыздар мен әйелдер күңдікке кетті, талай азаматтар бірде ол жаққа, бірде бұл жаққа өтіп, сергелдеңге түсті.
Сергелдеңге түскен елде халықты ұйымдастыра білген батырлардан өзге сүйеніш қалмады.
Солардың да ішінде табандары таймастан қай сойқан, қай қанкешулерде де бірін бірі демеп, қара қазақтың қалқаны болған үш тұлға бар. Ол майдан Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, қарасақал Дабыл Бекшин, қаракесек Ақтан Ақайұлы. Бұлар алмағайып заманда табандары тайып көрмеген, қашанда халқы үшін қан кешкен таласы жоқ ірі тұлғалар. 
Ақтан Ақайұлы 1854 жылы өз ажалынан қайтты. Ізіне ерген аз ғана ағайынымен Мұғаджар тауының сілемдерінде қоныстап отырған. Бейіті Ақтөбе облысына қарасты Тебенсай деген жерде.   
Өз ажалынан өлген Дабыл Қызылда, қазіргі Өзбекстан аумағында тыныстап жатыр. Айтушылар Жанқожаның бейітінен таңсәріде тұнық кезде қараса, көрінеді дейді. Екеулерінің араларынан – Жанқожа бейітінің оңтүстігінен таяқ тастам жерден – шекара торы өтеді. 
1856-1857 жылдардағы Қазалыдағы қанды қырғыннан соң қыстың көзі қырауда ата қоныстан негізінен кішкенелер дүрк көтеріліп Қызылқұм аймағына көшкен-ді. Ол жақта жалпақ ел отырған соң, оның үстіне көтеріліс басшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы тірі, орыс өкіметінің ішкен астары бойларына сіңбей қатты алаңдаулы еді. Бұл іс 1853 жылы Ақмешіт алынғаннан кейін шөмекейдің қатардағы биі «сразу старшина», іле-шала подполковник шеніне көтерілген, кеше ғана батырға орыстарға шабалық деп жалбарынып, бүгін оларға жанын сала қызмет етіп жүрген сұлтан Ермұхаммед Қасымовқа тапсырылды. Ол Ақмешіттен алты жүз қарақшы жасақтап, бейқам кезде ел тонады, кісі өлтіріп, қарт батыр Жанқожаны жалғыз үйде намаз үстінде мерт етті. 
Хиуа жағында жүрген Жанқожаның айнымас серігі қарт батыр Дабыл қолдарына түскен жоқ. 
Бұл 1860 жылдың ерте көктемі. 
Бұдан соң жазда арнаулы жасақ шығаруға соғыс министрлігінен қаржы сұрап отырған генерал-губернатор В.И.Катенин сол министрлікке көтеріліс ошағының мүлде шығынсыз, қаржылық жағынан да, ең бастысы, саяси жағынан да тиімді жағдайда қазақтардың өздері тындырып бергендігін шешесі ұл тапқандай қуана хабарлайды. Тағы да бір өкініштісі, Дабыл Бекшиннің қолға түспеуі (Дабыл бұл кезде тоқсанның үстінде-тұғын – М.Қ) Сөзбе-сөз келтірсек:  «…Уничтожение шаек, смерть такого влиятельного батыра как Джанходжа и добровольное передание Бюре несомненно производит большое приветствование, влияние на киргиз, и по всей вероятности надолго отобъет у них охоту к мятежным попыткам. 
Из всех предводителей хищников один только карасакаловец Дабыл Бекшин не попался в руки и до сих пор находится в хивинских владениях».    
Қазақтың мойнына темір хамыт түсті. Ғасырлар қалыптастырған сертке берік, қасық қанын халқына қиюға пейіл далалық дәстүрдегі қайран да қайран хас батырлардың ең соңғы тұяқтары солай да солай ар-ұяттары таза күйінде өтті жалғаннан. 
Түсініктемелер:
1. Жанғазы. Қолдағы мағлұматқа сүйенер болсақ, Жанғазының тегі былай: Өзбектен Әз Жәнібек, Әз Жәнібектен Тойқожа, Тойқожадан Барақ, Барақтан Жәнібек, Жәнібектен Қасым, Қасымнан Қайып (Ғайып), Қайыптан Әбілғазы, Әлімдерге де ықпалы жүрген – Әбілғазыдан Жанғазы. Кем тұтынғандары болар, халық Жанғазыны Мәненбей деп атандырған. 
Жанғазының арғы аталары туралы өзге де нұсқалар бар.  
2. Раманқұл. Алты кішкененің бірі Құттықтан Кенжеғұл, Кенжеғұлдан Таттыбай, Таттыбайдан Қосбармақ, Қосбармақтан Сырлыбай мен Раманқұл.
Тойымбет Күлімбетовтің баяндауында, Раманқұл енді ықпалы арта бастаған орыстарға сүйеніп, билік алу мақсатында Орынборға алпыс серікпен аттанады. Ішінде домақ Көсебай баласы Өсербай мен атқосшы Шалабай бар. Сол кез Қыр шектісі мен Сыр шектілерінің араларында барымта өріс алып, кісі өліміне ұласып ушығып тұрған. Өлгендердің ішінде Қарағұлдың немере інісі де бар. Қайтарда Қарағұлдың кісілері Раманқұлдың жолын тосып, біраз жолдастарымен қоса өлтіреді. Қарағұлдың бұл ісіне Есет пен Әзберген наразы. 
Аралдық Ізжан Жалғасовтың көрсетуінше де, Раманқұлды өлтіретін Әзберген, Қарақұлдар. Қайтар жолда Үйтас деген өткелде күтіп алған деп нақтылайды бұл кісі.                
3. Ақтан. Елінің азаттығы үшін дәрмені жеткенше аттан түспей өткен санаулы батырлардың бірі Ақтан Ақайұлы (1770-1854 (?) қаракесек тайпасынан Хиуа, Қоқанға жасалған талай жорықтарда Жанқожаның ең сенімді серіктерінің бірі. Кенесары Қасымовтың басшылығымен үш жүз бірігіп, Қоқан бекінісі Созақты аларда Ақтанның да белсене қатысқандығын бірнеше деректер айғақтайды. 
Батыр жайлы кейін жазылған дастан, арнау өлеңдер бар. Ертеректегі ақын, жыраулардың өлең, жырларының қай-қайсысында да халық қамқоршысы, қарадан шыққан батыр және үнемі Жанқожаның адал серігі ретінде аталып келеді. 
Бүгінге дейін өзім қараған мұрағат құжаттарында аталған шағымнан өзге жерде орысқа қатысты оқиғаларда Ақтан бабамыздың есімі кездескен емес. Оның екі себебі болуға тиісті. Ақтан батыр көтерілістен бұрын 1854 жылы дүниеден озған. Екінші себеп – кейінірек қайтқан дегеннің өзінде қарт батырдың сол кездегі мекені оқиға ошағы Сыр бойы емес, Мұғаджар аймағы.  
4. Майқарабек – Бабажанның жанындағы ұлы. 1842 жылы он үш жаста. Ауызша деректерде бала Кенесарының алдына да апарылған. Жанқожа баланы жазаламай, қасына жолбасшы қосып, еліне қайтарады.  
Бір деректе кейін Бекбауыл елшілік сапармен Хиуадан қайтып келе жатқанда серіктерімен осы Майқарабектің үйінде уланып, жолда қайтыс болады. 
5. Төремұрат – Кішкененің Құрманайының Бабағы. Талай жорықтарда жанында болған Жанқожаның жырауы. Ыбырайым деген жырау баласы да Жанқожа туралы жырлап жүреді екен. Одан Ерқосай деген немересі болған.
Кенесарының жырауы Досқожамен айтысының үзіндісі арқылы бізге біраз мағлұмат жетіп отыр. 
Қарасақал Ерімбет Шораяқтың Омарымен айтысқанда Төремұраттың жыраулығын жоғары бағалайды. 
Мұралары жиналмай ұмытылып жоғалып кеткен қазақтың санаулы жүйрік ақындарының бірі.    
1830 жылдың күзінде Созақты қоршап жатқан үш жүздің әскерін: 
Екі жүзді семсердің
Балдағы қолда қалғанша,
Ат басындай сом жүрек
От болып қаулап жанғанша.
Мөлдіреген екі көз
Жұмылып қанға толғанша,
Тыным алып, ас ішпей,
Ат бауырынан қан кешпей,
Ел бетін көрмес күн бүгін!
Созақты алсақ осыдан,
Қоқанның туын құлатып,
Сүйікті туған ерлерге,
Табылмас бұндай ғазаттық.
Қазақ үшін қан төккен,
Өздеріңдей ерлерге… – деп жігерлендіріп, шабуылға көтеретін осы Төремұрат. («Қазақ тарихи жырларының мәселелері». Алматы. 1979 ж. 248-бет).
6. Сойдаққожа (Сайдаққожа) Оспанов (орыс жазбаларында Ходжа-Мухаммедали Усманов) Кенесары Қасымовтың жасауылында жүрген, ханға өте берілген Самарқан мен Бұқарада білім алған білімді өзбек. Кенесары Фатиманы (Батма) жазықсыз жазалап, қайтаратында төркініне әкеліп салатын осы Сойдаққожа. Ханның жазба шаруаларын тындырып, елшілікке де жүрген, көтерілісшілер құрамына жасақ та тартқан. 
Кенесарының жанында жүруінің басты себебі – Сойдаққожаның туған апасы Гүлшара Кенесарының әкесі Қасымның бәйбішесі. Кенесары Қырғызда опат болған соң бір тайпа елмен Ташкентке кеткен. Кейін «Қазақ тайпаларының тарихы», «Қазақ хандарының тарихы» еңбектер мен Кенесары батыр» атты дастан да жазған. 
7. Төлек Байжарқынұлы – Қуаңдария, Жаңадария, Дәуқара жақта мекендеген кішкененің жолшарасы. Әбдімұрат жыраудың: «Қыдыр көрген қайдауыл» жырында: 
«..Жанқожаның батыры
Өтеп пенен Төлекті
Жырлап өткен елінің
Жырауы мен ақыны» – 
деген жолдар бар.
Өтім жыраудың Төлек батыр туралы айтқаны: 
«Жолбарыстай батырым Төлек деген,
Жауларының Төлекке оғы өтпеген.
Ел шетіне ұрандап жау тигенде,
Болат найза Төлекке керек» – деген
Жанқожаның сарбазы Төлек болған.
Қалың елге мұндай ер керек болған,
Жауларымен Жанқожа шайқасқанда,
Өмір, Төлек, Асқарбай тірек болған».
Қазалыдағы көтеріліс жеңіліс тапқан соң Жанқожа Есет Көтібаровқа баласы Итжеместі жібергенде қасына Төлекті қосқан («Қазақстанның ғылыми әлемі» – «Научный мир Казахстана», 2005 ж. 3-4, 83-87 беттер).  
8. Жаныс Сығаев – төртқараның құрамасы, оның қожетінің биі. Елуінші жылдары елуекі жаста, орта бойлы, мығым, қарақоңыр, қара шашты кісі. Екі әйелі бар. Ор өзенінің Құман сағасын жайлап, Ырғыз өзенінің жағалауындағы Бесмұқа моласының маңына қыстаған.   
9. Фатима (ауызекі – Батба деп де айтыла береді. – М.Қ.) Ақмырзаның қызы, Жанқожаның қарындасы. Ақмырза Бабажанның қолынан мерт болған соң батыр жеңгесін өзіне некелейді. Үш жүздің сарбаздары Созақты алуға бас қосқанда, мезгіл күз, айт кезі болса керек, Кенесары Жанқожаның жарапазаншысына – ат, ал Жанқожа Кенесарының жарапазаншысына түйе берген. Ордада Созақтың алыну құрметіне болған басқосудан тарасып бара жатқанда серіктерінің бірі: «Батыр, Абылайдың шаңырағына құр қол келіп, кетіп бара жатырмыз. Бұл қалай болды?» – дейді.  Сонда кедей батыр: «Ойбай-ау, ол да бар екен ғой», – деп, ордаға қайта келіп: «Абылайдың шаңырағына Фатима деген қызымды байладым», – дейді. «Байлау» міндетті түрде әйелдікке алу емес, Фатиманы хан әйелдікке алады. Алайда азулары алты қарыс төренің әйелдері қарадан келген басы артық күндеске күн берсін бе, ұйымдастырып жүріп ханға қаралайды. Хан ашу үстінде мәселенің ақ, қарасын ашпай, Фатиманы төркініне қайтарып жіберген. Фатиманы еліне жеткізіп салатын Сойдаққожа. 
10. Мұхаммед Риза Мұрап Ерниязбекұлы Агахи (1809-1874 жылдар) ақын, тарихшы, аудармашы, Хиуа хандығының жылнамашысы, хандықтың бас мұрабы. 
Хорезм хандығының Аллақұлхан, Рахманұлыхан, Мұхаммедәминхан, Саид Мұхаммедхан, Мұхаммед Рахыманхан дәуірлері туралы жылнамалар қалдырған. 
Парсы тілінен өзбек тіліне жиырмашықты тарихи көркем шығарма аударған.      
Молдахмет ҚАНАЗ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз