БЕКЗАТ БОЛМЫС

95

0

БЕКЗАТ БОЛМЫСЖас жағынан өкшелес, тетелес болғаныма қарамастан, ағамның алдында «сіз» деп сызылып тұрмасам да, інілік ілтипатқа келгенде сараңдық танытқан емеспін. Бәлкім, біреулер үшін ерсілеу, жаттандылау көрінетін шығар, ал бұл менің жүректен шыққан шынайы құрмет сезімім екенін жасырғым келмейді.

Өмір керуені өз ауанымен ілгері жылжып барады. Зымырап өткен сол жылдар… Облысымызға белгілі азамат Әріп Хожбанов жігіттің кемел жасы – елуді еңсеріп тастап, алпыстың шыңына шығыпты. Мен білетін Әрекең бұл белесті ентікпей, жанықпай, асықпай жүріп еңсерді. Өзгенің өкшесін баспады, аяғынан шалмады, өз түйсігімен түсінетін, сүйген, білген кәсібінің бұйырған несібесін адал еңбегімен айырды. Ортақ жүйенің тігісі сөгіліп, ел абдырап жатқанда нарық дейтін буырқанған теңіздің асау толқынымен жүрегі қаймықпай арпалысты. Күрмеуі мол тіршілікте қабілет-қарымы қайратты, бір-бірімен  өзара сенім, адамгершілік қатынастары берік орныққан дос-жарандары көмекке келді. Олар Әріпті қолдады. Ол достарын жерге қаратпады.
Әкім болды, халқына жақын болды. Көргенді елдің баласындай ел ақсақалдарының уәжді сөзіне зейін қойды, орынды ұсыныстарын қолдады. Төрт жылдан астам уақыт Сырдария ауданының басқару тізгінін босатпай ұстады. Ауданның жергілікті бюджеті молықты, облыста Сырдария өңірі үш мәрте жеңімпаз атанды. Бұл ел экономикасының өтпелі кезеңіндегі ауыр жылдар екенін ескерсек, толымды, еңселі тірліктер атқарылғанын бүгінгі мерейтой иесінің мәртебесі үшін атап өтуді өзімнің інілік парызым деп санаймын. Еш жалғаны жоқ, бұл өзімнің журналистік талдау сүзгісінен өткізген шынайы пікірім. 
Кейін облыстық басқармаларға басшы болып, облыс әкімі аппаратының жетекшілігіне тағайындалды. Yлкен лауазымды қызметте былайғы жұрт түсіне бермейтін, әдетте саясат дейтін жалпақ ұғымға итере салатын түйткілдер көп болады. Лауазымды қызметте де ол басшының ығына құлай жығылып, арына қылау түсірмеді. Әкімдердің кезекті ауыс-түйісі кезінде биліктен кетті. Болған жағдайдың мән-жайын өз аузынан естімек болып үйіне бардым. Ол жай ғана: «Біреулер сыбырлаған шығар. Оқасы жоқ, бұл өмір ғой», деп келте қайырды.
Ол ешкімнің босағасынан сығаламады. Қызметтен ың-шыңсыз кетті. Мен осы жолы оның жігітке лайық мәрттігіне, азаматтығына тағы сүйсіндім.
…2009 жылдың қоңыр күзі. Облыс пен Қызылорда қаласының қос мерейтойы салтанатпен өтіп жатқан күндері Әріп телефон шалды.
– Мәскеуден арнайы шақырылған тойдың қадірменді қонағымен ағайындар бас қосып жатырмыз. Арасында болғаның дұрыс, – деді ол сабырлы қалпымен.
Елге келген, шақырылған қонақ көп, «кім болды екен» дегенімше, ол:
– Әлгі аты әлемге әйгілі баскетболшы Әлжан Жармұхамедов ағамыз, – деді ойымды дөп басқандай, – ағайынмен танысып, жүздескісі келіпті. 
Алып-ұшып жетіп бардым. Әлжан Жармұхамедов қандай құрметке де лайықты қазақтың біртуар ұлы. 1972 жылы Кеңес Одағы құрамында Мюнхен олимпиадасының АҚШ-пен болған драмалық эпизодтарға толы финалдық матчта алтыннан алқа таққан қазақ! Қазақ болғанда сұлу Сырдың ежелгі арнасы Қараөзектің қазағы! Ойын аяқталуға 3 секөнт қалғанда Едешконың пасымен Белов торға түсірген доп Кеңес Одағына олимпиада тарихында тұңғыш рет алтын медаль әкелген еді. Ағайындар үшін бұл тарихи кездесу болды. Басқосу жақсы өтті. Жиналғандар жерлестерін құрметпен шығарып салды. Сый-сияпатын аямады. Осы жолы да, кейін де Әріп ағайынға, жалпы үлкенге деген құрмет пен ілтипат жолынан жығылған емес. Елге белгілі Бөрібай ақсақалдың, соғыстың зұлматын қайыспай көтерген Кеңесбай қария, Алмагүл мен Дариға, Зина апалары да інілеріне дән риза.
Мен білетін Әріп теңіздің тұңғиығынан інжу-маржан тергендей болымды достар жинауға келгенде алдынан кісі жорғалатпайтын азамат. «Ойпырмай» деп таңырқайтыным, барлығы да сайдың тасындай іріктелген, өмірдің сүзгі-талқысынан мүдірмей өткен, жиырма-отыз жылдың бедерінде табиғи болмысы өзгермеген достар. Олардың арасында сөз зергері профессор да, ақылына тірлігі сай кәсіпкер де, елге сыйлы әр түрлі деңгейдегі биліктің азаматтары бар. Достары – Әріптің өзі жиған бүгінгі сарқылмайтын қазынасы.
Азаматтың бүгінгі жеткен белесінің шоқтығы биік болуына сүйікті жары, Арқаның сылқым сұлуы Салтанат жеңгеміздің де қосқан үлесі елеулі. Олардың ерлі-зайыптылық жарасымды сыйластығына, несін жасырайық, тамсанып, қызғанышпен қарайтындар да баршылық. Құдай тіл-көзден сақтасын дейсіз мұндайда. Салтанат елге белгілі Битілеу әкеміз бен Зылиха шешеміздің (бүгін екеуі де бір аунап түскен шығар, жарықтықтар) отбасына береке кіргізген, осы киелі шаңыраққа Азамат атты сүйкімді ұл, Әсел мен Айнұр есімді қыз сыйлаған келін.
Жуырда шаңырақ иесі Азамат атына көркі сай Ақтөбенің Әсем есімді қызын Хожбановтар әулетіне келін етіп түсірді. Дүркіреген той өтті. Шүкіршілік, ұрпақтар өмірі ізгі жалғасын тауып жатыр.
Yнемі скромный жүретін ағамның «кертартпа» мінезінен жақсы хабардармын. Соған қарамастан, Президенттің «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Әріп Хожбанов туралы достары әлі талай-талай ой сезіміне беріліп, оның болмысын кеңірек қамтитынына да сенімдімін. Ал менің бүгінгі айтпағым – Қамаш келіні екеуіміздің атымыздан білдірілген ағайындық тілек қана. Алты ондығыңыз құтты болсын!
Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз