БІЗ БІЛЕТІН БІР БЕЙНЕ

42

0

Халқымыздың тарихына көз жіберсек, өткен ғасырдың екінші жартысы, оның ішінде елуінші жылдар мен сексенінші жылдардың аралығы қазақ үшін білім алудан бастап ғылым мен техниканы, технологияны игеру, интеллектуалдық, мәдени және рухани өсу кезеңі болды. Осы жылдары қазақ көгінде жұлдыздар жарқырады, өндіріс пен шаруашылықта жоғары қабілетті басшылар танылды. Мемлекет, қоғам қайраткерлері шықты. Дегенмен,  еңбегі көрінбей, лайықты бағасын алмаған жандар да кезігеді қоғамда. Журналистік зерттеу кезінде осындай азаматтың өмір жолы ойға оралды. Ол – Сақтаған аға Жанасбаев болатын.
Сақтаған Жанасбаев 1937 жылы 20 қазанда Жалағаш ауданы қазіргі Аққұм ауылында дүниеге келген. Әкесі Райымбай Құрбанұлы өткен ғасырдың басындағы сауатты адамдардың бірі. Колхоздастыруға еңбек сіңіріп, мал шаруашылығын басқарған. Ферма меңгерушісі де болады. Өткен ғасырдың 30-жылдары Өзбекстанның Тамды деген жерінде қызмет атқарды.
Бұл кісілердің өмірбаянын парақтап отырсақ білім алуға, сол арқылы халқына қызмет етуге ұмтылғанын көреміз. Білім оларға өмірде таяныш, жаңа істерге бастаушы және тіршілігіне тіреу болды. Сақтаған Райымбайұлы «Шымбөгет» мектебін бітіргеннен кейін Алматы зоотехникалық-ветеринарлық институтына оқуға түсіп, мал дәрігері мамандығын алады. Кешегі Аққұм совхозы бірнеше колхоздан құралған. Соның бірі «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы колхозда еңбек жолын бастайды. Сол кезде қатар жұмыс істеген адамдардың әңгімесіне қарап бұл уақыт мал дәрігері ісінің қыр-сырын меңгеру, тәжірибе жинау, іздену жылдары болғанын байқаймыз.
1963 жылы 31 қаңтарда Сақтаған Жанасбаев Ақжар совхозына мал дәрігері болып жұмысын ауыстырады. Бұл Жалағаш, Қармақшы аудандарының қосылған кезі. Институтта бірге оқыған жолдасы Қаһарман Табынбаев: «Ақжар – кейін құрылған совхоз, мал мамандарына сұраныс бар еді. Осы жерде аз уақытта Сақтаған өзін көрсете білді. Егер ұмытпасам, қаңтар айының аяғында Ақжарға барды да, көп ұзамай бас мал дәрігері болып қызметі көтерілді. Ол кезде кім жұмысты жүргізе алады, соны бағалайды. Сондықтан да болар, өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап кешегі 80-жылдардың орта шеніндегі тоқырауға дейін еліміздің экономикасы, оның ішінде ауыл шаруашылығы көп жақсарды. Қоғам қатты дамыды, адамның өресі тез көтерілді», – деді. Іскерлігінен бөлек Сақтаған ағаның ақжарқын адам екенін, адамгершілігі мен ақыл-парасатының молдығын, көп адамға көмегі тигенін айтып еске алады. Әсілінде, кісінің жақсы қасиеті қарапайымдылығында жатса керек.
Сақтаған Жанасбаевты терең тану үшін Қызылқұмға кіреберістегі Аққыр совхозынан бастап Жалағаш кентіндегі, Қызылорда қаласындағы замандастарымен жүздескенде өткен уақыттың оларға тым қымбат екенін байқадым. Көкейіме «Адамдар сол кезді неге аңсай береді?» деген де сауал келді. Ол кезде теңдік болды. Басшылардың өзі қарапайым тұрып, қажеттіліктің де қатаң этикасы сақталды. Олар жоғары және арнаулы оқу орындарында тегін оқыды. Барды місе тұтты, жоққа салауат етті. Мәселенің мәні осында болса керек.
Дүниенің басты тұғыры ғана емес, жұмбағы да – адам. Кісінің келбеті мінезін танытады. Бұл ішкі болмысымыз, пиғыл-құлқымыз. Кей адамдар уақытында жіберген қателігіне сол кездегі саясатты, түрлі жағдайды айтып ақталады. Ал ойлы адам қашанда парасатқа жүгінеді. Сақтаған аға толқынға қарсы жүзбегенмен, өз ойы, соған сәйкес іс-қимылы болған адам. Адам үшін ең асыл қасиет – оның ойы. Ал ойдан туған әрекет қашан да мақсатқа жеткізеді. 1968 жылдың сәуір айында ағамыз Жалағаш аудандық малдәрігерлік станциясына қызметке келеді. Байқап отырсақ, ол кісі осы жерде маман ретінде, аты үлкен әріппен жазылатын адам ретінде танылады. Ол кезде маманды от пен мұзға салып, құрыштай етіп шығаратын. Одан кейін жетекшілік, ұйымдастыру қабілеті мол болса, жауапты қызмет беретін. Сақтаған Жанасбаев осы жолдан шыңдалып шықты.
«Сақтаған Жанасбаевпен 1975 жылы Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып жүрген кезімде қызмет барысында таныстым. Ол кезде ауданның мал шаруашылығына жетекшілік ететін едім. Жалағаш ауданында күріш шаруашылықтары өркендеп, айтарлықтай табысқа жеткенімен, мал шаруашылығы артта қалып қойған еді. Осы саланы көтеруде мықты көмекші жігіттер керек болды, яғни істі кадр мәселесінен бастадым. Сонда мал шаруашылығының мамандары Сақтаған Жанасбаев, Балғабай Имашев, Төлеген Аштанбаевтармен етене танысып, бірлесе жұмыс жасадық. Басқа да жігіттер білімділікпен, білгірлікпен қызмет етті, бірақ мен көбіне осы үшеуіне арқа сүйедім. Жұмысты жолға қою үшін кадр жасақтаудан бастап материалдық-техникалық базаны нығайттық. Фермалардың жанынан мал емдеу пункттері, лабораториялар, азықты өңдейтін цехтар, мал бордақылау алаңдарын аштық. Малдәрігерлік-зертханалық жұмыс жолға қойылды. Ұйымдастыру жұмысын дұрыс жасай білудің, ықылас-ниеттің, уақытпен санаспайтын жанқиярлықтың арқасында жоғары дәрежеде жұмыс жасалды. Бұрын көп көңіл бөлінбеген мал шаруашылығын аяғынан тік тұрғыздық», – деп жазады облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов.
1979 жылы қараша айында Жалағаш аудандық малдәрігерлік станцияның бастығы, ауданның бас мал дәрігері болып тағайындалады. Ағамыз осы қызметті 6 жыл, арада Аққыр совхозының директоры, аудандық табиғатты қорғау комитетінің төрағасы қызметтерінде болып, тағы 6 жыл қызмет атқарады.
«Ол кезде облыста 8 аудан мен қала бар, солардың ветеринарлық қызметін үйлестіріп отырамын. Сәкеңнің өз әріптестерінен орны бөлек еді. Ол кісінің жасы үлкен, тәжірибесі мол, сонымен бірге өте білімді еді. Мамандығына байланысты кітаптарды, материалдарды іздеп тауып, соны оқып, бір-біріне салыстырып, егжей-тегжейлі зерттейтін. Шыны керек, кейде ғылым өмірмен үйлеспей жатады, ауыл шаруашылығында өңірлік ерекшелік тағы бар. Кейде «Мына зерттеу еңбегі дұрыс екен», «Мына жай шөлейтті аймаққа тура келмейді» деп айтып отыратын. Егер адамның бойында қасиет мол болса, қарым-қатынаста кішіпейілділік, адамгершілік, парасаттық танытса, өмірде адал болса, қызметіне жанын салса, қоғамдық жұмысқа араласса, ол кісі көпшілік арасында сыйлы болады. Қазір адамды қалай бағалайтынын қайдам, біздің кезімізде бұл негізгі өлшем еді», – дейді сол кездегі Қызылорда облысының малдәрігерлік инспекциясының бас инспекторы Пернебай Балкеев.
Сақтаған Жанасбаев Аққыр совхозының мәдени, медициналық әлеуетін көтеруге, адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қомақты үлес қосты. Ол 1985 жылдың аяғында совхозға директор болып тағайындалған кезде шаруашылықта мал шығыны болып, содан оңала алмай жатқан еді. Араға бір жарым жылдай уақыт салып, 1987 жылдың көктемінде шаруашылықта 21135 саулық қой қоздап, 13303 қозы өсімге қалдырылады. Ал келесі жылы Аққыр совхозы төл алудан облыстың алдыңғы қатарына шығып, кәсіподақтардың облыстық кеңесі сыйлыққа «Москвич» жеңіл көлігін береді.
«Мемлекетке ет, сүт, қаракөл елтірісі, жүн өткіздік. Сақтаған ғылымға бейім маман еді, ет өткізе ме, жоғары сортпен өткізеді. Мал бордақылау алаңында 150 жылқы байланып тұрады. Етке тоқты өткізе ме, оны дұрыстап жайдырып, семіртіп алады. Жүн өткізе ме, оның да сапасы жоғары болуы керек. Ең тәуір өнімді Аққыр совхозы берді, аудандағы мал шаруашылықтарының алды болды. Сақтағанның бастамасымен совхозда қой тұқымы асылдандырылды. Бұл асылтұқымды қошқарды әкеліп, мал қашырым кезінде отарға қоса салу емес. Бәрі зерттеліп, ғылыми тұрғыда жасалады», – дейді еңбек ардагері, республикаға белгілі 83 жастағы сынықшы Зайыр Жаңабаев ақсақал.
«Сақтаған Жанасбаевтың қоғамға, мемлекетке сіңірген еңбегі неде?» дегенде біреулер сол кездегі көрсеткішті, екінші адамдар басшының жақсы қасиетін айтты. Негізі ол Сәкеңнің ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі қай қызметте болмасын жұмысқа өзін жауапты сезінуі, қолынан келгенше адамдарға жақсылық жасауы, жан-тәнімен қызмет етуі, ары таза, рухы бай болуында еді.
«Басшының тазалығы орта буын мамандарға қатты әсер етеді, өмірлік тәрбие береді. Сәкеңнің сөзі мен ісі, ойы мен жұмысы бір жерден шығып жатты. Екі түрлі көзқарасты, екі түрлі баға беруді мен ол кісіден көргенім жоқ. Аға ұрпақ – ұлттық салт-дәстүр мен мәдениеттен нәр алған алтын буын, қазақы қасиет бұл кісілердің бойында мол еді», – дейді Сәкеңнің ізбасар-шәкірті Тәңірберген Алыбаев.
Сақтаған ағаның жұбайы Нағима Жылкелдіқызы 30 жылдай мектепте ұстаздық етіп, еңбек демалысына шыққан ардагер-әже. Текті азаматтың өмір жолын үлгі еткен балалары да елге қызмет етіп келеді. Қарлығаш Жалағаш аудандық музейінде қор сақтаушы, Клара аудандық білім бөлімінде бухгалтер, Лаура «Байқоңыр» ӘККҰҚ АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС директоры, ұлы Дамир қазір жеке кәсіппен айналысады.
Міне, бүкіл болмысындағы күш-жігерін туған жердің көктеп-көгеруіне аянбай жұмсаған асыл азаматтың біз білетін бейнесі осындай.

Р.АРЫСТАНБАЙ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз