ДАРИЯ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙ

93

0

Біздің әкей алты ағайынды болды. Төрт ұлдан кейін екі қыз бар. Әкейдің үш інісі бірінен кейін бірі соғысқа кетті. Ал өзін егде тартып қалғаннан шығар,  соғысқа алған жоқ. Бірақ, Ресейдің Магнитогорск қаласына еңбек майданына деп алып кетіп, тас ұнтақтау жұмысына салды. Бір жыл өткесін ол жердің басшыларын да соғысқа алып кеткен. Сондықтан сол аумақ егесіз қалады. Бақылау жоқ. Адамдар қашуға ниет етеді. 
Біздің ауылдың он екі адамы бір түнде қашып шығады. Темір жолға жоламайды. Елді мекендерді де айналып өтеді. Адам көрінсе, бұғып жата қалады. Орыстың орманында күндіз ұйықтап, түнде Темірқазық жұлдызын бетке ұстап, жаяу жүріп отырады. Қазақ жеріне табандары тигеннен кейін күндіз қамыс қопаны паналайды. Осылайша араға 58 күн салып, Жосалының тұсына жетеді. Дария жарқабағынан сығалап қараса, жағалауда жалғыз киіз тұр екен. Оны біздің әкейлер кешке дейін бақылайды. Аштықтан әбден әлсіреген адамдар естері кіресілі-шығасылы күйде еді. 
Кешке дейін бақылап қарағанда мынадай көріністі көздері шалады. Киіз үйден ақсақалды ақ құба шал мен қара кемпір кіріп-шығып жүреді. Үй маңында арқандаулы жалғыз ешкісі бар екен. Үй иелері анда-санда ешкіні шөбі қалың жерге ауыстырып отырады. Түске жақын шал дария жиегіндегі жел қайығына мініп құрылған ауын қарап қайтады. Шал ауға түскен үш-төрт балығын алып, үй алдындағы көкке дорбасын аудара салды. Балықтар тулап жатыр.  Кемпір дереу қолындағы қара пышағын қой тасқа жанап жіберіп, балықты аршып, тазалап, майға қуыра бастады. 
Жарқабақ сығалағандардың мұрнына балық қуырған майдың иісі келгенде, барлығы тегіс құлап қалған көрінеді. Бұл үйде кемпір мен шалдан басқа ешкім жоқ. «Бізді ұстап берер дейсің бе?» деп кешке жақын аштық жетелеп, жабыла сәлем беріп кіріп барады. Аққұба шал мен қара кемпір қалбалақтап қарсы алады. Төрге көрпеше салып, жалғыз ешкіні сояды. Тамақ піскесін бір табақ етті әкейлердің алдына қойған екен. Ет желініп, сорпа ішкесін, үй егелері бата сұрайды. Олардың жалғыз баласы Ғани соғыста хабарсыз кеткен екен. Шал соны айтып, «Сендерді құдай айдап келген секілді. Қожа ауылдың қожалары екенсіңдер. Мына мал жалғызымның жолына берілген құдайы. Бата беріңдер» депті. Күтпеген мейірімге кездескен он екі адам кезек-кезек бата береді. 
Содан кейін қош айтысып, түн жамылып әлгі үйден аттанып кетеді. Олар түнде ғана жол жүреді. Күндіз қалың қамыстың арасына кіріп ұйықтайды. Осылай жүріп, елге де жеткен екен. Келесі жылы педучилищиені бітіріп тұрған әкейдің қарындасы Халифа күйеуге қашып кетіпті. 
Мұхтар Әуезов синографискасы Данагүл Байқадамованың жазушы жайлы жазған естелігінде мынадай әңгімені айтады. Ол кезде Мұқаңның «Абай жолы» романын жазып жатқан кезі екен. Үзілісте Данагүл Мұқаңнан «Қожалар неге қазаққа қыз бермейді?» деп сұрайды. Бұл сауалға жазушы асықпай ойлана отырып: «Ертеректе ата-бабаларымыз қазақтың жері жайсыз болса немесе бір-бірімен соғыс болып кетсе, елімізге қайта көшсек, артымызда қыз қалып қояды» деп етек-жеңін жинап жүрген сақтықтан қалған әдет болу керек» депті. Мен осыны облысқа белгілі азамат Аппаз Кәмішевке айтып бердім. Аппаз мүдірген жоқ бірден әңгімені тереңге тартты. «Негізі ондай тәртіп жоқ. Біз о бастан қазаққа қыз  бергенбіз. Мұхаммед пайғамбардың жетінші ұрпақтары саналатын ағайынды Әбдіжәлел баб пен Ысқақ баб қазақ жеріне келгенде «Бұл жердің халқы момын екен. Қантөгіссіз ислам дініне кіргізуге болады» деп ойласып Ысқақ бабтың қызы Мәриямды қазақтың пірі Баба түкті шашты Әзизге қосады. Соның арқасында ислам қазақ даласында қантөгіссіз орнаған екен. Қожа Қылыш атай, қызы Айшаны найман Төлек атаға қосқан. Бүкіл Найман сол Төлек атадан тарайды. Қожа Ахмет Яссауидың жалғыз қызы Гауһардан туған Нұриланы (Домалақ ана) үйсін Бәйдібекке беріп, одан Албан, Суан, Дулат өмірге келеді. Олар Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент аймақтарына тарайды. Жоқ, біз қызды о баста жергілікті жұртқа тұрмысқа бергенбіз» деп Аппаз сөзін түйіндеді. 
…Біздің әкей қарындасын іздеп әрі қуғыншы болып, ауылдағы көкпаршы үш досымен бір-бір атқа мініп, жолға шығып кетеді. Тереңөзек барады, Жалағаш барады. Ешқандай дерек жоқ. Қармақшыға барса із шығады. Сұрай-сұрай баяғы жарқабақтың асты, дарияның жағасындағы қараша үйге келіп тіреледі. Сол үйдегі кемпір мен шалдың жалғыз баласы – Ғани соғыстан аман сау келген екен. Обкомға жұмысқа тұрыпты. Апам Халифамен көңілі жарасып, екеуі қол ұстасады. Сөйтіп үйленуге шешім қабылдап, Қармақшыға тартып кеткен. 
Еңбек майданына 90 келі салмақпен кеткен әкей ауылға келгесін таразыға түсіп көреді. Небәрі 55 келі екен. Қаншама күн бойы ешкімнен жылылық көрмей, аштықтың азабын тартты. Жақсылықты дария жағасындағы кемпір-шалдан көргесін бе, «Жылы жүздері мен сөздерін, ыстық сорпасын аямаған осы әулие кісілерді ешуақытта ұмытпаспын» деп ойлаған екен. Оны баламның баласына айтып кетермін деген әкей қарындасын сол үйден көргенде төбесі көкке жетіп, қуанады. 
Апам Халифа он баланың анасы болды, бәрі оқыды, азамат атанды. Ғанидың  әкесі Райым ақсақал немерелерінің алдын көрсе, кемпірі тоқсанға жақындап, барлық немересін сүйді. Қазір жездем Ғани да, апам Халифа да о дүниелік болып кетті.
Балаларына басшы болып Ерлан қалды. Ол Қызылордадағы алғашқы кәсіпкерлікпен айналысқан азаматтың бірі. Қалалық мәслихаттың депутаттығына бірнеше мәрте сайланды. Қаладағы «Қыз Жібек» мейрамханасының егесі. Бауырлары Нұржан, Әсия, Күлпандар кәсіпкерлікте Ерлан Раиымовқа көмекші болып жүр.
Ей, Алла, құдіретіңе шек жоқ қой, жездем Ғани, апам Халифа өмірге періште болып келіп, періште болып кетті, жаны жанатта болсын. Осы кісілер өмірде біреуге қиянат жасады дегенді есіткен емеспін. Естісем күнәһар болайын.
…Дария жағасындағы сол бір жалғыз үйдің бүгінгі жайы міне, осындай өркенді, өрнекті. Ал, оның жүз үйге айналғанын біздің ұрпақтарымыз көреді.
Болат ОМАРӘЛИЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз