ЕРГЕ АЙБАТ БЕРГЕН АЙЫРҚАЛПАҚ

220

0

ЕРГЕ АЙБАТ БЕРГЕН АЙЫРҚАЛПАҚОблыстық тарихи-өлкетану  музейінің этнографиялық коллекциясы аса бай. Бұл коллекцияда қазақтың ұлттық киімдері, үй жиһазы, зергерлік әшекей бұйымдар, облыста тұратын халықтардың киім-кешектері, тұрмыстық бұйымдары бар. Оған қоса нумизматикалық коллекция, сондай-ақ, геральдикалық белгілер сақтаулы. 
Солардың бірегейі айырқалпақ – ерлердің жеңіл бас киімі. Оны көбінесе тек хандар, сұлтандар, билер киген. Айырқалпақ  жұқа барқыттан тігілген. Ол төбесі және етегінен, яғни екі бөліктен тұрады. Етегін кейде қайырмасы деп те атайды. Қалпақтың төбесі төрт  сайдан, яғни бөліктен тұрады. Шебер пішілген төрт қиынды матаның арасына барқыттан сыздық салып, қайып тігеді.  Сонда қалпақтың төбесі күмбез тәріздес болып шығады. Қалпақтың етегі жалпақтығы төрт елідей  етіп, дөңгелектеп қиып алынған қатты материалдан жасалады да, сыздық салып қондырады. Айырқалпақ қызыл барқыт матасынан тігіліп,  төбесі мен етегі сары түсті зер  жіптермен өсімдік тәріздес өрнектер кестеленген. Етегінің жиектері  металл пластиналармен  әшекейленген. Қызыл барқыт матадан тігілген айырқалпақ  әрі жеңіл, әрі сәнді, әрі салқын болып келеді. Айырқалпақ ескірген. Өлшемі 40х50 см.  
Музей қорына 1950 жылы түскен, жинаушысы белгісіз.
М.МЕРЕЙ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз