ХАРЬКОВТІ АЗАТ ЕТКЕН ЖАУЫНГЕР

80

0

ХАРЬКОВТІ АЗАТ ЕТКЕН ЖАУЫНГЕРБүгінде тоқсанды алқымдаған аға буын өкілдерінің көрмегені жоқ-ау,
сірә… Аласапыран кезеңде өмірге келді. Алапат аштықты да көрді.

Бұғанасы бекіп үлгерместен жұмыс­қа таңылды. Жарым құрсақ жүріп үл­кендерге
жәрдемдесті. Отбасын асы­рауға қолғабыс жасады. Көпшілігі ба­ла­лықтың бал
кезеңін емін-еркін сезіне алған жоқ. Тұрмыс тезі ерте есейтті. Сәмбі талдай
желкілдеп енді-енді бой түзей бастағанда 
соғыс өрті лаулады. Ауылда көзінің жасы сел болып туыс-туған, ет
жақындар жаутаңдап қала берді. Келешегінен елі зор  үміт күткен өрімдей өрендер  майданға аттанды. Осы жерде өзегіңді
өкініштің оты өртейді. Егер сол  соғыс
аталатын тажал болмағанда адамзаттың тарихы 
мүлде басқаша жазылар еді-ау. Қаншама боздақ ұрыс даласында оққа ұшты.
Түрлі бейнет тартты. Аман оралғандары жан азабын басынан кешірді. Қарулас
серіктерінен, бауырларынан айырылып қайғыдан қан жұтты. Жүректерінде мәңгілік
жазылмас жара қалды. Олар Отан бұйрығын орындады. Бейбіт күннің нұрлы шуақ
төгуі үшін бастарын өлімге тікті. «Жаным – арымның садағасы» деген қағиданы
тұтынды. Қайсар рухты ата-бабасының атына дақ түсірмеді. Әрі осы ұстанымға
ғұмыр бойы адалдық танытты. Осындай өрелі жанның бірі Сексеуіл кентінің тұрғыны
соғыс және еңбек ардагері Махан Жүгінісов десек, жарасымды.
«Адамның мінез-құлқы туған же­рі­­нің табиғатымен үндеседі» деген бар.
Тастүбекте дүниеге келген Махан даланың дархандығын, теңіздің өжеттігін бойына
сіңіріп өсті. Ойы ұшқыр, шаруаға шалымды бозбала ауыл арасында да сыйлы еді.
Үлкенге ізет жасап, кішіге қамқор болу нағыз азаматқа тән қасиет екені белгілі.
Ал мұндай қасиет ауыл баласын айналып өтсін бе?! Ауыл-аймақ күнделікті
тіршілігімен айналысып алаңсыз жүріп жатты. Кенет… Дүние шыр айналғандай
сұмдық жайт көрініс алды.  Аяқ астынан
басталған соғыс бәрін астаң-кестең қылды. Сол қасіретті шақ Махан атаның санасына
өшпестей жазылып қалыпты. Суық хабардан 
ақ жаулықты аналар егіле еңіреп, ақ сақалды аталар ауыр күрсініп,  азаматтар қара бұлтша түнеріп  жүр. Бәрі тастай түйініп алған. 
Өзге құрдастарындай Махан да әскерге шақырылды. Самарқанда дай­ын­дықтан
өтті. Толассыз жаттығулар жасауға тура келді. Тәуліктің санаулы бөлігінде аздап
көз шырымын алады. Жаттығуда қиын болса, ұрыста оңай болады. Атақты қолбасшының
осы нақылы Махандардың әрекетімен тығыз үндесердей.  Баршасының мақ­саты – майданға тезірек
аттанып бас­қын­шылардан кек қайтару. 
Бәрінің көкейінде ортақ мүдде, бір тілек ғана тоғысқан. Межелі мезгіл
жетті. Арасында Махан да бар полк Харьковті азат етуге қатысты. Қарсылас
тараптар көп шығынға ұшырады. Үздіксіз жарылған бомба-снарядтан көк аспанда күн
тұтылғандай әсер қалдырды. Кірпік қаққанша талай боздақтар жер құшты. Батылдан
оқ та тайсалады екен. Осы қанды қырғыннан Махан аман шықты. Оған қоса
ержүректілігімен ерекшеленді. Командирлері қошеметтеп әскери наградаға ұсынды.
Мұнан кейін де сан мәрте ауызға ілікті.
 Қайсар қазақтың табаны елге 1946
жылы тиді. Халқымен сағынысып қау­ышты. Соғыстың  соқпағында 
сүрінбе­ген кешегі батыр солдат енді еңбек май­данының жауынгеріне
айналды. Ұзақ жылдар бойы темір жол саласында қыз­мет жасады.
Зейнеткерлікке  шықты. «Қарты бар үйдің –
қазынасы бар» деп тегін айтылмаса керек.
Кейде оңаша ой кешкенде көз алдына баяғы соғыс суреттерінің елестейтіні
бар. Майдан даласында қаза тапқан қаруларстарын еске алған қария бүгін­гі
бейбіт күнге шүкіршілік айтады. Осындай тыныш заманның қадіріне жет­пейтіндерге
налиды кей сәт. «Соғыс болмасын!” деп тілейді сондайда қарт майдангер.
 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
 Арал ауданы,

Сексеуіл кенті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз