Италияда қарындасымыз тұрады

124

0

«Сыр бойы» газетінің 2016 жылғы 24 желтоқсандағы №195-196 санында қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш Жолдасбек Нұрымов пен тұңғыш биші Шара Жиенқұлова жайлы «Тоғысқан тұңғыштар тағдыры» деген мақалам жарық көрді.
Жолдасбек аға туралы қызы Лаура: «Сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт еді», – десе, нағашы ағасы жөнінде Зарима Төребекқызы: «Жігіттің төресі дейтін ажарлы азамат еді. Содан болар, әйел баласына келгенде аузы салымды болды», – деп еске алады. Осы артықшылығы оның қысқа өмірін айналып өтпепті. Қасиетті Құран Кәрімде ер азамат оның қағидаларын орындаған жағдайда төрт әйелге дейін некелі жары етуге құқылы екені келтірілген. 54 жыл мәнді де сәнді, мағыналы өмір сүрген Жолдасбек аға осы шартқа тоқтаған. 
Жолдасбек ағаның тұңғыш әйелі Гүлсім апа – Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің әйелінің апасы. Өзі сұңғақ бойлы, көздері аспан түстес, аса ажарлы кісі еді. Олардан Рита (Риорита), Зарема және Лаура есімді үш қыз өмірге келді. Рита жастай өмірден озды, Зарема (1937 жылы туған) біраз жыл Д.Қонаевтың арнайы ұшағында стюардесса болды. Лаура – дене тәрбиесі және спорт маманы. Екеуі де Алматыда тұрады. Екінші жары Шара Жиенқұлова жайлы әлгі мақалада толығырақ жазылды. Сегіз жыл отасқан тұңғыштардан перзент болмады. Үшінші жары Ғалима апа екеуінің Нүрия мен Нүрзия (егіз) және Нұрсұлу есімді үш қызы бар. 
Зарима Төребекқызы: «Ағамыз көп үйленді, олардың ішінде басқа ұлт өкілдері де болды», – дейді бір естелігінде. Соған қарағанда, Жолдасбек ағаның төртінші әйелін жақындары да, Ғалима апа да білген сияқты. Ол – Юлия Ивановна Киселева. Оның бірінші күйеуі теміржол инженері қызметін атқарып жүріп, «монархиялық мекемелермен байланысы бар» деген жаламен 1930 жылы атылып кеткен. «Халық жауының» әйеліне қосылған Жолдасбак ағаны да осы бір саясаттың салқыны шарпыса керек (толығырақ «Отан сақшысы» немесе «Часовой Родины» газетінің 2013 жылғы 12 қыркүйегіндегі №39 санында).
Юлия Киселевадан 1949 жылы дүниеге келген Жолдасбек ағаның қызы Новикова Ирина Жолдасбековна ҚазГУ-дің журналистика факультетін тәмамдап, 23 жасында әскери азаматқа тұрмысқа шыққан. Қызмет бабымен Моңғолияда, кейін Ленинградта тұрған. Қазір Италияның солтүстігіндегі Мессина қаласында тіршілік етуде. Италияға дейін Санкт-Петербургте муниципиалды кеңестің құрамында жүріп жүріп, 2003 жылдан шыға бастаған «Вести стрельны» газетінің құрылтайшысы болған. Деректерге қарағанда, Ирина қарындасымыз – муниципиалды басқаруды қалыптастыру мен дамыту мәселелеріне қомақты үлес қосқан журналист. Италиядан жолдаған хатында биыл жазда Алматы мен Шымкентке барып, әкелері бір Зарема, Лаура, Нүрзия апаларымен жүздесіп, әкесінің бейітіне тәу еткісі келетінін жазыпты. 
«Орнында бар оңылар» деген. Шымкентте Жолдасбек аға тұрған үйге ескерткіш тақта қойылып, атына көше берілді. Азаматтық авиация Академиясының оқу орталығында (Алматы) марқұмның есімімен аталатын арнайы ұшақ қойылған. Әке есімін Санкт-Петербург, Италияға жария етіп жүрген Иринадай қызы тұрғанда біздің қарап отырғанымыз жарамайды. Облыстық қорғаныс басқармасы бұған бейжай қарамай қазақтың тұңғыш ұшқышы Жолдасбек Нұрымовтың есімін ұрпақтың ұлықтап өтуіне үлес қосады деген сенімдеміз.
Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ профессоры.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз