КІШКЕНЕ ШЕКТІ ДӘУЛЕТИЯР АТА ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

76

0

КІШКЕНЕ ШЕКТІ ДӘУЛЕТИЯР АТА ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?Бұл «ерте,  ерте, ертеде» деп басталатын қиялы мен шындығы аралас ертегінің әлқиссасы емес. Жұбан Молдағалиев айтпақшы, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың ұрпағы жеті атасын танып, бабалар рухына тәу етуге тәуелсіздік алғалы бері қол жеткізді. Алып бәйтеректің сан қилы бұтағы секілді діңгегіне діттеп барсаң, қазақ деген атадан тараған ұлттың ұрпағы болып шығамыз. Демек, шежіренің де бәйтеректің дарағындай тарауы пәлсапа тілімен айтқанда «кездейсоқтық емес, сәйкестік» деп қабылдағанымыз жөн.
Кешегі кеңестік дәуірде «құдай жоқ, қазір атеизм заманы» деп бес мезгіл намазын қаза етпеген бабаларымыздың жайнамазын тартып алғанын да көз көрді, көңіл түйді. Шежіре айтқан шалдарды «рушыл» деп партия жиынына салғанына да куә болдық. Қазақ тарихындағы осы 70 жылдық кеңестік түйсік қазақты қазаққа жатбауыр етудің классикалық тәсілін жүзеге асырды. Соның зардабын, бірнеше ұрпақ басынан өткеріп, жастарға залалын да тигізді. Жыр-ертегілерден, шежіреден мақұрым жастарды көрген  жазушы Герольд Бельгер бірде күмілжіп: «қазақ жастарының қазірде талғамы гамбургер, кола, сосын құлағынан түспейтін «наушник» депті. Әрине, осындай жағдайдың қалыптасқанына сақалды басыммен жата келіп жастарды кінәлаудан әсте аулақпын.  Бұл байламда «заманы солай болды, адамы солай болды, нәтижесі мынау ғой»- деген ғана мәселе көкейімді түйнейді. 
Өткенге салауат. Ойды ой қозғайды. Соңғы жылдары жеті атамызды түгендеп, сол арқылы ағайын-туысты танысақ, бір атадан тараған балалар жатбауыр болмай, бабаларын білсе деген ниет туды.  Сөйтіп, Әлімнен тарайтын  Шектінің Кішкене аталығынан шыққан атамыз Сырлыбайұлы Дәулетиярдың бейітін қаумалап жүріп, көзкөргендердің айтып кеткен әңгімесінің ізімен Ақтөбе облысы, Шалқар ауданындағы «Маяқұм” деген жердегі қорым басынан таптық. Осы аталықтан тараған бірнеше азамат соңғы екі-үш жылда Шалқар ауданына бірнеше мәрте экспедиция жасап, арнайылап Дәулетияр бабамыздың зиратына бардық. Атаға құран бағыштап, қорым басындағы құлпытасты мамандарға оқыттық. Бейітті бейнетаспаға да, суретке де түсірдік. Өзімізбен жолға шыққандардың қатарында республикамызға танымал суретші Қайырбай Зәкіров те болды.    
Қайырбай Зәкіров, суретші, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері: 
– Қолда бар ата-тек шежіресі бойынша мен Дәулетиярдан өрген ұрпақтың жетінші буынына жатамын. Әкем Зәкірұлы Қонысбай 1927-1949 жылдар аралығында қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы  «Төсбұлақ» бекетінде  жақын ағайынымыз Саржан ағамыздың қамқорлығында тіршілік еткен. Арасында жұмыс бабымен Арал, Бекбауыл станциясына көшіп келген кездері де болыпты. Сондай кездің бірінде мен 1945 жылы Аралқұм станциясында дүниеге келдім. 15 жасымда, 1960 жылы әкем Қонысбайға еріп, Төсбұлақтағы туыстарға барғаным әлі есімде. Сол сапарда ағайынның үлкендері  «Осы маңда «Маяқұм” деген төбеде Дәулетияр атамыздың бейіті бар”,- деп салалы әңгіме айтқан еді.  
Бабамыздың жатқан жерін нақтылап анықтау мақсатымен  «Маяқұмға”  алғаш 2011 жылы, былтыр екінші рет 7 маусым күні  арнайы сапарладық. Осы жолы «Көпмола” жолайрығының (разъезд) тұрғыны, 82 жастағы Арыс ағамыз Дәулетияр атаға қатысты білген деректерін алға тартты. Оның айтуынша, елде Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан тұста Шәріп атты молда Сексеуіл станциясынан жүк пойызына отырып, Төсбұлақ бекеті тұсынан секіріп түсіп қалып, «Маяқұмдағы” Дәулетияр атасына құран бағыштап қайтады екен. 
Әубәкір Нұралиев,  мұнайшы:
– Әкем Шәкет шежіре жазып кеткен. 2005 жылы қайтыс болды. Сол шежірені ашып қарасам онда мынадай деген жазу бар: «Тоғыз деген стансаның солтүстік-шығыс жағында тоғыз-он шақырым жерде Дәулетияр деген атамыздың жатқанын естідім»- деген сөз жазбада қалыпты. Бір қызығы, әкемнің жазғаны мен Қайырбай ағаның айтқаны сәйкес келгенімен, өмірі бір-бірімен араласып, қатыспаған адамдар. Демек, бір-бірінен көшіріп алмағаны анық. Бұл да болжамды дерек ретінде дәлелдейтін дәйек. Зиратқа алғаш барғанда әкемнің аманатын орындап, әсерленіп қайттым.
КІШКЕНЕ ШЕКТІ ДӘУЛЕТИЯР АТА ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?Ағайындарым Әбубәкір Шәкетұлы, Сейітжан Қашақов және мен, үшеуміз 2011 жылы қыркүйектің 13-і күні Қызылордадан шығып, алдымен Сексеуіл станциясына соқтық. Бұл біздің Шалқардағы баба бейітін айқындау мақсатындағы алғашқы сапарымыз еді. Сексеуілден баяғы Шәріп молданың баласы Төлеумұратты (Тауман молданы) өзімізбен бірге ала кеттік. Ондағы ойымыз баба бейітін тауып жатсақ, ұрпақтары атынан құран бағыштау.
Осылайша, Тоғыз бекетінен сәл әрі орналасқан «Кеңдала” теміржол айрығына жетіп, осы жерде 20 жылдан бері мал бағып отырған Шоқтыбай Есенбеков ақсақалды ертіп алдық. Ол жолайрықтан 8 шақырым жердегі Дәулетияр төбе мен баба аттас базаға алып барды. Сапарластарым Әбубәкір мен Сейітжан осы тұстағы ескі қорымдағы құлпытастарды суретке түсірді. Жанымызда  «Көпмола” жолайрығының тұрғыны 82 жастағы «Құрметті теміржолшы” Жанарыс Ниязов ағамыз да болған еді. 
Кейін «Маяқұм” төбесіндегі баба басына сапарымыз тағы жалғасты. Бұл 2013 жылдың 7 маусымы еді. Бұл жолы бізге Қайырбай Зәкіров ұлы Алматпен, ал Қазалыдан Әли Мұса Досқожаұлы және араб тілінің маманы Сұлтанғазы Төлегенов қосылған-ды. Қызылордадан пойызға отырып, «Жылан” бекетінен түстік. 
Шағын экспедиция мүшелері Дәулетияр төбеде, осы аттас базада және ең бастысы, түпкі мақсатымыз –  «Маяқұм» төбесіндегі қайрақ тасты қорымда болып, фото және видеоға мұндағы көріністерді мұқият түсіріп, зерттеу жұмыстарын жүргіздік.  
  Ескере кетерлік нәрсе, менімен екі мәрте сапарлас болған Әбубәкір Шәкетұлының айтқан ауызша деректері зерттеуге тұрарлық. Оның әкесі марқұм Шәкет ағамыз көненің көзін көрген, Сыр мен Қыр шектілерінің туыстық қарым-қатынасына қатысты ескі әңгімелерді көп білетін зейінді кісі болған. Сол Шәкең қарт: «Дәулетияр атамыз Шалқарға жақын «Маяқұм” төбенің етегінен алғашқылардың бірі болып арық қазып, етекке тары еккен. Осыдан 150 жылдай уақыт бұрын ағайын-туыстарын отырықшылыққа үйреткен, осылайша олардың тұрмыс-тіршілігіне  шарапаты тиген абзал жан” дегенді жиі айтып отырған көрінеді. 
Бұған қоса, осыдан жарты ғасыр бұрын қазалылық Маханбетәли деген ағамыз Сансызбай деген кісінің өтінішімен  «Маяқұм” төбеге Дәулетияр атамыздың басына құран бағыштау үшін арнайылап барыпты. Дәулетиярға жиен, руы қырғыз Сансызбай қарт сол кезде сексеннен асқан екен. Әли Мұса ағайдың қолында сол 1971 жылы Қособа бекеті арқылы «Маяқұмға” барған Маханбетәли ақсақалдың ауызша айтуынан жазып алған жазба-сызбалары бар еді. «Маяқұм” төбедегі басым бөлігі қайрақ тастан, енді бір бөлігі шиден қаланған бейіт нұсқасы нысанаға алған қорымдағы бейітке ұқсастығы біздің көңілімізге жылы ұшырай берді…
Сейітжан Қашақов,  инженер:
– Маған Дәулетияр баба тоғызыншы ата болып келеді. Сол басындағы құлпытасты оқығанымызда қасымызда Сұлтанғазы деген ініміз болды. Араб, парсы тілінің маманы. «Дәулетр» деген жазудағы «ия» деген әріпті іздедік. «Дәулет» жазуы бір бөлек, «р» әрпі бір бөлек қашалып жазылған екен. Соның арасында екі елеусіз нүктені таптық. Құлпытасты алаңсыз мүк басқан. Тазаладық. Сұлтанғазы парсы тілінде «ия» әрпінің екі нүктемен белгіленетінін дәлелдеді. Құлпытасқа жазу  шағатай тіліндегі иран орфографиясына негізделген арабтың «шикоста” қарпімен түсірілген болып шықты.  
Сөз соңы: Екінші сапардан Қызылордаға оралған соң біздер  бастамашы болған елдегі үлкендеріміз – Қуанышбаев Елшекең, Мұстафа Матайұлы және Аймағамбет ағаларға сапар нәтижесін баян етіп, ақсақалдардың ақ батасын алдық.
Бүгінде сол  Дәулетияр бабадан тараған ұрпақ осы бейіт басына көрнекті ескерткіш (биіктігі 7 метр болатын стелла) орнатуға бел буды.  Атам қазақ «Өлі разы болмай, тірі байымайды” дегенді бекер айтпаған. 
Бұл баянды бастаманы осы Дәулетияр бабадан тараған әулеттің үлкендерінің көтеруі, әрине, үлкен қуаныш. Осы игілікті іске бабасын, түп-тұқиянын іздеген бүгінгі ұрпақ қолдау білдіреді деп сенеміз. Осы атадан тараған ұрпақты тізімдеп, ескерткішке кететін шығынды тең көтереміз деген де кесімді шарт жоқ. Әркім шама-шарқы жеткенше, мүмкіндігіне қарай қаржылай қолдау білдірсе жетіп жатыр. Бастысы, атаға тағзым жасауға ниет болып жатса, сол ықылас Дәулетияр атамыздың аруағына жасалған құрмет деп білеміз. Мақала осы жайдан көпшілік хабардар болып, бір атадан тараған үлкен әулеттің азаматтары құлақтана берсін деген мақсатта жазылды.   
Темірбек МАТАЙҰЛЫ, 
зейнеткер. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз