ҰЛТТЫҢ РУХЫН ОЯТҚАН ҚАЙРАТКЕР

125

0

«Отаныңмен салыстырғанда ең қымбатыңның өзі арзан», деп Қадыр ақын айтқандай, адамның ең қымбаты бір шыбындай жаны болса, бір шыбындай жанын шүберекке түйіп, сол кездегі Қазақстан басшысы Левон Мирзоянның шақыруын қабыл алып, Өзбекстандағы атқарып жүрген халық ағарту комиссары деген биік лауазымды қызметін қалдырып, Темірбек Жүргеновтің 1933 жылы өз Отанына – Қазақстанға халық ағарту комиссары қызметіне келуі, жеке басының амандығынан ұлт мүддесін жоғары қойған биік мұраттан туған шешім еді. Олай дейтінім, сол кезеңде Алаш ардақтыларының басына қара бұлт үйіріліп Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедовтер түрмеде, Әлихан Бөкейханов пен Мұхтар Әуезовтер жауапталып жүрген зұлмат кезең болатын.

Оның үстіне 1931-1933 жылдарғы ашар­­шы­лықтан Қазақстан екі жарым мил­лион халқынан айырылған, тірі қал­ғандардың мұқтажы да, мақсаты да тек қарын тойдыру ғана болатын. Мемлекеттің экономикалық жағдайы тұралаған, қа­зақтар талшық етерлік нәпақа үшін, әсіресе басының аман­дығы үшін Өзбекстан мен Түрік­мен­станды паналап, одан Ау­ған­стан ау­ып босқындыққа ұшыраған адам айтса нан­ғысыз ауыр жылдар еді. Шақыруды қабыл алмай Өзбекстанда сол қызметінде қала бергенде мүмкін «халық жауы» деген жаладан аман қалып, атылып кетпеген болар ма еді деген ой көкейде тұрады.

Халық ағарту комиссары қызметіне тағайындаларда Т.Жүргенов Л.Мирзоянға мынадай үш шарт қойыпты деседі. Әкем Қара Жүргеновтің малы тәркіленген, бай­дың баласы екендігіме байланысты жауапқа тартылуым мүмкін. Сіз мені қорғайтын болсаңыз. Бұл бір. Екінші, Халық ағар­ту саласын көтеру мақсатындағы атқа­ры­луға тиісті барлық шаралар үшін қа­ра­жатты барынша молырақ бөлу және сол қаражатты мақсатты жұмсау тек өз би­лігінде болуы. Үшінші, Халық ағарту комиссарының беделі болуы үшін, өзін Өлкелік партия комитеті бюросының мү­шелігіне сайлауын. Міне, осы үш шартқа Л.Мирзоянның келісімін алып, іске кіріс­кен.

Дара тұлғаның қайраткерлігін баға­лауда үш өлшем бар – Биіктік, Тереңдік, Кеңдік. Табиғи таланттарды іздеп табу, та­ну, оларға жағдай жасап, өнер көгінде жарқырай көрінулеріне, аштықтан тұрала­ған, әлсіреген мемлекетті үш жылда, яғни 1936 жылы Мәскеудегі онкүндікте қа­зақ ұлтының рухы биік, мәдениеті мен әдебиетінің ешбір елден кем емес­ті­­гін көрсетуі Жүргеновтің қайсар қай­рат­­керлігі мен орасан зор іскерлігі, ұй­ым­дастырушылық қабілетінің биіктігі еді.

Темірбек Жүргеновтің негізгі маман­дығы заңгер. Тума талант болғандығынан араб, парсы, шағатай, өзбек, татар, баш­құрт тілдерін жетік меңгерген. Тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінің жау­һарларымен сусындап өскен, ұлан-асыр біліктілігімен танылған тұлға. «Қызыл Та­тарстан» газетінде «Татар әдебиетінің әлем әдебиетіндегі орны мен ролі» деген еңбегі де жарияланған. Білім-біліктілігінің арқасында Мұхтар Әуезов, Бейімбет Май­лин, Ғабит Мүсіреповтердей қазақ әде­биеті алыптарының шығармаларына тал­дау жасап, оларға бағыт-бағдар беріп, әде­би пікірталастарда батыл ұстанымы болған. Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пье­сасы әдеби, мәдени ортада «хандықты дә­ріптеуші» ретінде қызу талқыға түскенде, кейбір кереғар пікірлерге тойтарыс бе­ріп, Мұхтар Әуезовті жақтап пьесаның қойы­луына жол ашқан. Әлем әдебиеті мен мә­дениетінің жауһары саналатын Әбіл­қасым Фирдоусидің алпыс мың бәйіт­тік шығармасы «Шахнамені» түпнұс­қадан оқып талдап және оның қазақша тәржі­ма­ларымен танысқан. Оларды жеткіліксіз деп тауып, жауапталып, әлсін-әлсін тұт­қындалып жүрген шайырлардың шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовті Алматыға алдыр­тып, содан 40 мың жолдық шығарма дү­ние­ге келген. Бұл еңбекті Мұхтар Әуезов – «Мұны аударма деп емес, қазақша жа­­зыл­ған варианты деп бағалаған дұ­рыс» деген тұжырым жасаған. Бұл – Те­мір­бек Жүргеновтің телегей-теңіз білім­дарлы­ғының, тереңдігінің дәлелі.

Ұлтжандылығының арқасында қа­зақ даласындай айқара ашылған кең құ­ша­ғына Жамбыл Жабаев, Күләш Бай­сейітова, Қанабек Байсейітов, Шара Жиен­құлова, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Жұ­мат Шаниндердей талант иелерін сыйдыр­ған. Алаш партиясының көшбасшысы бол­ғандығынан тұтқында болып, 1934 жылы босап шыққанда Ахмет Байтұрсынұлына ақшалай көмек берген. Мәскеуде оқып жатқан қазақ азаматтарына қаржылай де­меушілік жасап тұрған, өзбек, татар, тәжік азаматтарын Мәскеуге, Ленинградқа оқуға жіберген. Олар өз кезегінде іргелі білім ордаларынан алған білімдерімен өз елдерінің мәдениетін, өнерін, әдебиетін көтерген. Бұл – Темірбек Жүргеновтің кеңдігінің дәлелі.

Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Ду­латов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұ­мабаев, Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүр­генов сынды қазақтың марқасқа пер­зент­тері атылып кетпегенде, сол зұлмат кезеңді қазақ бастан кешпегенде, біздің ұлттық болмысымыз бүгінгіден әлдеқайда жоғары деңгейде болар еді деген ойдамын.

Біздің үлкен кемшілігіміз, өткеннен са­­бақ алмайтынымыз. Қуғын-сүргін құр­бан­дарының қадіріне қаншалықты же­те алдық, кейінгі ұрпаққа олардың қайта­ланбас өмір жолдарын үлгі ете алдық па, әміршілдіктен қаншалықты арылдық деп бағамдай бермейтініміз. Жыл сайын 18 сәуір – Ескерткіштерді қорғау күні қалалық № 6 кітапхана қызметкерлерімен бірлесіп Т.Жүргенов ескерткішінің жанында мар­құм­ды еске алу, рухқа тағзым шара­ларын өткіземіз. Кездейсоқ өткіншілерден Темірбек Жүргеновтің кім болғанын білесіз бе десеңіз, әрқайсысы әртүрлі ай­та­­тынына куә болдық. Демек, буын ал­масқан сайын Жүргенов сияқты ұлтына ұлтан болып қызмет еткен тұлғалар кө­ңіл­ден көшіп, санадан өшіп бара жатқаны жасырын емес.

Өткен жылы Темірбек Жүргенов атын­дағы қоғамдық қор құрылды. Қор­дың атынан облыс әкіміне ұсыныстар бе­рі­ліп, дара тұлғаның қайраткерлігін ұлық­тау мақсатында ауқымды шара­лар белгіленіп, жұмысшы тобы құрыл­ды. Екі жыл көлемінде атқарылар ша­ра­ларды облыс әкімі Қырымбек Кө­шер­баев бекітіп берді. Бекітілген шара­лар аясында өткен жылдың қазан айы­ның басында Қызылорда қаласында Т.Жүр­генов атындағы Қазақ Ұлттық өнер ака­демиясы мен Қорқыт ата атындағы мем­ле­кеттік университет бірлесіп, Дулат Иса­бек, Асанәлі Әшімовтер бастаған республиканың өнер қайраткерлері қа­тыс­қан Темірбек Жүргеновтің есімін ұлық­тау, мемлекетіміздің мәдениеті мен өнерінің болашағы жайлы кемел ойлар мен пікір алмасу жиыны өтті. Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер акаде­миясының тапсырысымен деректі фильм жасалды. Шымкент қаласында Оң­түс­тік Қазақстан облысының білім, ғы­лым және өнер салалары өкілдерінің қа­тысуымен тұсаукесері өткізіліп, об­лыс­тың барлық телеарналарында бір ай бойы фильм көрсетілді. Осы игілікті шараны ұйымдастырушы қуғын-сүргін құрбандарының іздеушісі әрі жоқтаушысы болып қайраткерлік танытып жүрген ұлт жанашыры Ханбибі Есенқараева. Екінші деректі фильмді өз ынта-ықыласымен облысымыздың бел­гілі журналисі Нұрлан Соңғыбаев жасады. Деректі фильмде Алматы облы­сы, Ұзынағаш ауылында тұратын Жүрге­новтің туған қарындасы жасы тоқсаннан асқан Зағипа Смағұлованың (күйеуінің фамилиясында) бейнесі және КСРО ау­ма­ғының өнер қайраткерлеріне танымал, белгілі кинорежиссер, ұлты өзбек Али Хамраевтың Жүргенов жайлы Қазақ­станның білім, ғылым және өнер салалары басшыларына ой салатын құнды пікірлері бар. Облыстық мәдениет басқармасының тапсырысымен белгілі кинорежиссер Ер­кін Рақышев жасаған деректі фильмнің Астанада өтетін ғылыми конференцияда тұсаукесері болмақшы. Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбековтің бағалауынша Темірбек Жүргенов – қа­зақ театрының атасы. Театр атасына деген құрметтің бірі ретінде Темірбек Жүргенов пен оның зайыбы Дәмеш Ермекова бейнелері сомдалған пьесаның болуын үнемі айтудан жалыққан емеспіз. Пьесаның жазылуына ақын Шәкизада Әбдікәрімовтің жазушы-драматург Рахым­жан Отарбаевпен достығы себеп болды. «Мұ­ның ақысы қанша болады» демей-ақ, «Барша қазақтың рухын қайта түлеткен Темірбек Жүргеновтей қайраткерден несіне аянайын» деп іске кірісті. Алла сәтін салса, пьеса қазан айында қолымызға тиеді деген сенімдеміз. Оның қойылымын ұйымдастыруға Хұсейін Әмір-Темір баста­ған Н.Бекежанов атындағы театр ұжымы үлкен жауапкершілікпен кіріседі деген ойдамын.

Қызылорда қаласында жаңадан бой көтерген Шығармашылық үйіне Т.Жүр­геновтің есімі берілді. Ғимараттың жә­не онда орнатылған Т.Жүргенов бюсі­нің ашылу салтанатына облыс әкімі Қ.Кө­шербаев қатысты. Осы үйде Т.Жүргеновтің мұражайлық бөлмесін ашу көзделіп, мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен жәдігерлер, марқұмның еңбектері жи­нақталу үстінде. Мұражай бөлмесін жаб­дықтауға «Игілік» корпоративтік қоғамдық қоры 300 мың теңге демеушілік жасады. Мұражайдың нақты жұмыстарын ҚМУ-дың аға оқытушысы Самат Хабар бауырымыздың қол көмегімен іске асыр­ғалы отырмыз.

Қызылорда қаласындағы Т. Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейдің 25 жыл­­дығы мен қайраткердің 115 жыл­ды­ғына орай тоғызқұмалақтан мектеп оқу­шыларының облыстық жарысы ұйым­дас­­тырылды. Қазақша күрестен Т.Жүр­геновті еске алу мақсатында бірнеше рес­публикалық жарыстар өткізілді.

«Қоғам» телеарнасының ұйымдасты­руымен Т.Жүргеновтің өмірі мен қайрат­керлігі жайлы «Көзбе-көз, сөзбе-сөз» ха­бары және білім, ғылым мен мәдениет са­ласының облыстағы қайраткерлерін қа­тыстырып дөңгелек үстел өткізілді. «Қа­зақстан-Қызылорда» телеарнасының «Ақсарай» бағдарламасында қайраткердің есімін ұлықтау мақсатындағы атқарылып жатқан, алда атқарылар шаралар жайлы осы жолдардың авторымен кең көлемде насихат-әңгіме жүргізілді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университеті ғалымдарының Мәскеу, Орынбор, Ташкент, Душанбе қа­лаларынан жинақтаған материалдары негізінде «Фолиант» баспасынан «Т.Жүр­ге­нов мұрағат құжаттарында» атты кітап 2000 данамен дайындалу үстінде және облыстық газет беттерінде университет ғалымдарының тың зерттеулері басылып жүр. «Аңыз адам» журналының қыркүйек айында шығатын бір нөмірі толығымен Темірбек Жүргеновке арналғалы отыр. Журналдың 300 данасын Қызылордаға жет­кізіп, білім, ғылым және мәдениет өкілдеріне таратылатын болады.

Осы жылдың қыркүйек айының екінші жартысында Астана қаласында Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде Те­мірбек Жүргеновтің ұрпаққа үлгі боларлық өмір жолы мен қайраткерлігі жайлы Пре­зидент Әкімшілігімен, Республика Үкі­метімен келісілген халықаралық ғылыми конференция жоспарланып отыр. Осы кон­ференция барысында айтылған ой-пі­кір­лер тиянақталып республика басшы­лығына Т.Жүргенов жайлы көркем фи­­льм түсіруге қаржы бөлу мәселесі, мә­дениет пен білім саласын дамытудағы ірі қайраткерлік еңбектері үшін Жүрге­нов атындағы сыйлық пен төсбелгі та­ғай­ындау, Елордадағы еңсесі биік білім немесе мәдениет ошақтарының және үлкен даңғылдың бірін Т.Жүргеновтің есімімен атау, ескерткіш орнату, республика көле­мінде театр фестивалін өткізу жайлы ұсыныстар жасалады деген үміттеміз.

Осындай шаралардың іске асуы, өс­ке­лең ұрпақты бабалар рухымен тәр­биелеу, тарихи сананы қалыптастыру ба­ғы­тында­ғы кешенді жұмыстардың бір па­ра­­сы бо­ларына ешкімнің дауы бола қоймас!

Т.Жүргеновтің жары – Дәмеш Ермеко­ва Ташкенттегі Орта Азия университетінің медицина бөлімін Жүргеновпен бірге оқып тауысқан. Адал жар, қайраткер ана. Алаштың ардақты ұлдарының бірі ха­лық жауы деген жаламен репрессия құр­баны болған Ермеков Әлімханның қа­рындасы. 1937 жылдың 2 тамыз күні Темірбек Жүргенов тұтқындалып, 1938 жылдың 25 ақпан күні атылған. «Халық жауы» деп айыпталғандардың әйелдері сияқты Дәмеш те 8 жылға сотталып, оның 7 жылын алғашында Ақмола ла­ге­рінде, кейін Ресейде солтүстүк Орал НКВД-ның түрмесінде отырған. Босағаннан кейінгі он екі жылы Бурабай шипажайында, Қарағанды өкпе аурулары ауруханасында дәрігер-фтизиатор болып қызмет етумен өткен. Алматыға оралуына Темірбек Жүргенов ақталғаннан кейін ғана мүмкіндік жасалып, Алматы медициналық институтына орналасып дәріскер қызметін атқарған. (Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Алматы қаласының құрметті аза­маты деген құжатпен нақтыланбаған деректер бар). Арнайы қызметтің қадаға­лауында бола жүріп өмірінің соңына дейін Темірбектің өз халқына толық танылуына, оның еңбектерінің жинақталып жарыққа шығуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Елі үшін атқарған жұмыстарының өз бағасын алуы жолында мемлекеттік ұйымдардың есіктерінен жасқана сығалап, жазықтыдай имене еніп, үміті бірде ақталып, бірде тапталып, талай табалдырықты тоздыра жүріп, бар қайрат-күшін сарп етті.

1957 жылы Т.Жүргенов ақталды де­ген­мен, бірнеше ондаған жылдар бойы халықтың, әсіресе мемлекет қыз­мет­кер­лерінің «халық жауы» деп айып­тал­ғандарға деген қандарына сіңісті бол­­ған қорқыныш сезімдерден арыла қоймаған, көзқарастары өзгере, қабақтары ашылып, пейілдері жіби қоймаған бола­тын. 1967-жылы Ілияс Омаров Қа­зақ­станның Мәдениет министрі болып та­ғайындалғанда жұмыс бөлмесіндегі Те­мірбек Жүргеновтің ілулі тұрған суретін көріп, Қанабек Байсейітовтің «Мынаны қалай түсінуге болады?» деп таңырқауы осының дәлелі. Оған жарықтық Ілекеңнің «Менің министр болып отырғаным, сіздің халық әртісі болып жүргеніңіз осы кісінің арқасы. Темірбек Жүргеновтен кейін біздің қазақ өнеріне қосқанымыз шамалы» деуі, «талантты тану да талант­тының ғана қолынан келетінінің» айғағы және І.Омаровтың ақиқат жолында айны­майтындығының көрінісі деуге болады.

Темірбек Жүргеновтің қайраткерлігі жайлы осы күнге дейін пьеса да, көркем фильм де жоқ. Пьеса жазылып қолға тиетін күн де алыс емес сияқты. Жүргеновтер отбасында әкесі Темірбек атылып, анасы Дәмеш сотталып кеткеннен кейін 14-15 жастағы жалғыз ұл Жұманазар да тағдыр тәлкегіне түседі. Темірбектің әкесі Қара да атылған. Халық жауының баласын паналатуға, қамқорлық жасауға әркім басынан қорыққан заман. Темкеңнің ту­ған қарындасы Зағипа сол кезде бес жаста, Қосжан, Досжан деген бауырлары Қарақұм көтерілісіне қатысушылар есе­бінде көздері жойылған. Жүргеновтер әулетін тұқым қалдырмай құртып отырған. Немере, шөбере туысқандарынан тірі қал­ғандары тектерін, туған мекендерін өзгертіп, қашып айла жасап аман қалған. Кім екені белгісіз, бір мың болғыр жан Жұманазарды Алматыдан пойызға отыр­ғызып, артынан бақылап отырып, Қы­зылорда қаласынан өткеннен кейінгі Қа­­раөзек стансасына дейін жеткізген. «Анау қазақ үйлерінің қайсысына барсаң да, Жүргеновтің баласымын десең, сені сыртқа теппейді», деп түсіріп кеткен. Жұ­маназар үш жылдай әркімнің есігінде жүріп, 17-18 жас шамасында өзі сұранып майданға аттанып, содан хабар-ошарсыз кеткен. Міне, қасірет.

Темірбек Жүргенов тұтқындалғаннан атылғанға дейін алты ай абақтыда отыр­ғанда, Кеңес жаналғыштарының қолынан талай азаптау мен қорлауды көрді. Қанша мықты болғанымен, күнделікті тергеу ба­рысындағы тепкілеу мен соққылар мойын омыртқа сүйегін майыстырып, таққан жал­ған айыпты мойындатты. Өз ойымша, заматында атылып кеткен жан онша азапты бастан кеше бермейтін сияқты көремін. Осындай қорлауды Дәмеш те аз көрген жоқ. Жеті жыл түрме мен он екі жыл тіміскілердің мазағына төзу үшін де қанша жүйке жұқарып, қаншама мазасыз күндер, ұйқысыз түндерді бастан кешірді десеңізші.

«Қинайсың жанды, қинайсың жанды, қинайсың. Кең дүниеге сақинадай болып сыймайсың, Өлейін десең тапаншаң тұ­рып, самайда, Ит қылған әбден, ит өміріңді қимайсың!» дегенді, өзі көрмесе де, көргендей сезініп Қадыр Мырза Әли данышпандықпен жазып кеткен.

«Түбі бір ақиқатқа жетермін, Темкеңім де ақталар, азаттықтың, еркіндіктің күні де туар», деген үміт сәулесімен Дәмеш апа да Тәуелсіздік таңы атқан азат күнге жете алмай, 1990 жылы 85 жасында дүние салды. Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы болғай!

Осы арада Мұқағали ақынның: «Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,

Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.

…Жесір келін бір нәресте көрмеген,

Жетім шалды бала орнына тербеген,

…Өміріне кегі кеткен, өлмеген.

Жалған айып тағылғанда көлденең,

Ақиқаттың аппақ туын бермеген…» дегеніндей, Дәмеш
сияқты біртуар, қа­жымас-қайтпас қайраткер, ақиқаттың ап­пақ туын бермеген аналарға қандай құрмет жасалса да, артық
етпеген болар еді деймін.

Сәби АҢСАТ,

Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы.

Темірбек Жүргенов атындағы қо­ғам­дық қордың
реквизиттері:

«Темірбек Қараұлы Жүргенов» қо­ғам­дық қор. БИН
130640020214, ИИК KZ728560000005983015, «Банкцентр­кре­дит» АҚ ҚФ, БИК
КСJBKZKX, КБЕ 18, Қызылорда
қаласы, З. Шүкіров көшесі 72/2. Тел: 8-7242-24-82-66, 8-701-490-45-06.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз