ҰЛЫ ЖЫРАУ КЕТБҰҚА

143

0

Көне заманнан бері адамзат тарихының даму сатысында қасиетті Ұлытаудың алатын орны бөлек. Қазақ елінің бірлігі, ұйтқысы болған Ұлытаудың мемлекетіміздің іргесін қалауындағы орны да ерекше. Қазақ елінің халық болып қалыптасуының басы да осы Ұлытаудан бастау алады. Бұл – тарихи шындық.
Осы тарихи шындық жайында академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев: «Орталық беткейге орналасуы мен жоталарының биіктігіне қарағанда Ұлытау керегесін Сарыарқаның кіндігі деп атауға болады. Сондықтан Ұлытау жоталары қазақ даласының неше ғасырдан бергі тарихының ашық алаңы, кең маңдайы болып келген. Талай хандар ордасын осы Ұлытауға тіккен. Талай батырлар жасағын осы Ұлытауға орнатқан.
Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуына, бірлік-тірлігіне діңгек болған, иісі қазақтың айналып соғар түп қазығындай қасиетті мекен. Ұлытау қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғандығына бір дәлел, қазақ ұлысының негізін құраған басты-басты тайпалардың барлығының жері осы Ұлытаудан тараған», – деп жазса, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қасиетті Ұлытау – қазақ елінің баяғыдан бергі тарихи және саяси кіндігі», – деп атап өткен еді. Ал Сирия мемлекетіне барған арнайы іссапарында Елбасы қазақ еліне қатысты тарихи тұлғалардың осы ел үшін жасаған еңбектерін бағалай отырып: «Кетбұқа бабамыз түбі бірге түркіге ортақ ұлт тұлғасы» деп толғана айтқан болатын.
Осындай ұлт тұлғаларының алтын әріпті тұғырындағы қазақ тарихында бетке ұстар ұлы жырау Кетбұқа Аталық биді мақтанышпен айта аламыз.
Көне қазақ әдебиетінің көрнекті ақыны Доспанбет жырау:
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда?!
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда?!
Толғамалы ақ балта,
Толғап ұстар күн қайда?!
Алты құлаш ақ найза,
Ұмсынып шаншар күн қайда?!
Садақ толған сайгез оқ
Масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп,
Созып тартар күн қайда?!
Кетбұқадай билерден
Кеңес сұрар күн қайда?!
Еділдің бойын ен жайлап,
Шалғынға бие біз байлап,
Орындықтай қара сабадан,
Бозбаламен күліп-ойнап,
Қымыз ішер күн қайда?! – деп көкірегі қарс айрыла жырласа, 19 ғасырдың аламан батыр-ақыны Махамбет ұстазы Доспамбет жыраудың сөзін жалғастырып:
Кетбұқадай билерден
Ақыл сұрар күн қайда?!
Бізді тапқан ананың,
Асыраған атаның
Қолын алар күн қайда?! – деп жырлайды.
Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет жырау, Махамбеттей ақындар ұлы тұғырға көтеріп жырлаған Кетбұқа би туралы біз не білеміз?
Кетбұқа бабамыз Жошы ханның қырық батырының бірі ретінде қазақ-қырғыз тарихында айтылады. Қырғыздармен шайқаста ерлік көрсеткен Шыңғыс ханның мың басы Бағары Нұқы батыр туралы деректер моңғолдың құпия шежіресінде келтірілген. Міне, осы Бағары Нұқы батыр Кетбұқа жырау деген дерекке сабырлықпен қарап, зерттеуіміз қажет. Бағары Нұқа, Кет би, Кет абыз, Кетбұғы, Кербұғы, Кетбұқа, Құтбұқа осындай атауларды бір жүйеге келтіру ұрпақ парызы. Кезінде кең далада билік құрған Инанғ Білге Бұқа хан, Таян Бай Бұқа хан, Алып Терек Бұқа хан. Сол бабаларына ұқсатып Кетбұқа деп қойған. Мысалы, Инанғ Білге Бұқа хан осындағы «Инанғ» сөзі «билік», «Білге» – «данышпан», «Бұқа» – «алып күш» иесі дегенді білдіреді. Осы сарындас Кетбұқа – «Кет»  «ел көсемі» деген мағына білдірсе, «Бұқа» «алып күш иесі». Алып Терек Бұқа хан – Отырар қаласының билеушісі Қайырхан.
Бір сөзбен айтқанда, Алаштың мемлекет қайраткері Кетбұқа бабамыз кезінде Палестина жерінде Құлағу Елханымен бірге өз саясатын жүргізген Елатасы.
Осындай ұлт тарихында терең із қалдырған көреген саясаткер, шебер дипломат, мемлекет қайраткері, сәуегей әулие Кетбұқа жырау біздің ой-санамыздан өз орнын толық алды деп айта аламыз ба?
Мағыналы өмірін Сарыарқадай даласында жауын тізгіндеуімен өткерген Кетбұқа жыраудың есімі Лев Николаевич Гумилевтің зерттеулері арқасында ғылыми айналысқа түсті. Оның «Этнос және Жер биосферасы» атты кітабының бір тарауы Кетбұқа бабамызға арналған. Тарихшы Қуаныш Ахметовтің сөзімен айтсақ: «Ендігі жерде оның тарихи бейнесін өз ғалымдарымыз зерттеуге тиіс. Құдайға шүкір, Гумилев салған даңғыл жол, дана бағыт қолымызда. Ұлтымыздың тарихына теліп айтсақ, тәуелсіздігіміздің тәтті жемістерінің бірі – осы мүмкіндік».
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлылар мекені – Ұлытауға тағзым етіп тұрып: «Ұлытаудың орны басқа. Біздің Ұлытауымыз бен Ордабасымыз досымызға да, дұшпанымызға да ұялмай көрсетер айбарымыз, ардағымыз, асылымыз. Ұлытауда өз кезінде қазақ халқының билері ортақ жауға қарсы тұру үшін елдің басын жинап, бас сардарды сайлап, жауға қарсы тұру үшін қантөгіс қырғында еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалған.
Ал оның басы осы Ұлытауда басталған болатын…
…Осы жерде қазақ халқының әр руының, әр тайпасының, әр ауылдың көсемдері жиналып, өздерінің басшыларын сайлаған. Сондай сайлаудың ең басы ХІ ғасырдың басында болған. Халық жиналып, өзінің ханын сайлап, ақ киізге салып көтерген жері осы екен. Сондықтан біз де солай деп есептеуіміз керек. Қазақтың басы қосылып, ел болып отырғаны мың жыл десек, ешқандай қиянаттық болмайды. Есім ханнан кейінгі деректер бойынша Едігені би сайлаған – Ұлытау, Тоқтамысты хан сайлаған да – Ұлытау…». Қазақ шежіресіндегі: «Алты Алаш бас қосып, қыл құйрықты, бөрі басты ақ ту көтеріп, жеке хандық құрған жері – қасиетті Ұлытау», – деп бекер айтылмаса керек.
Берекесі кетіп, жауынгершіліктен, көшіп-қонудан әбден шаршаған қазақ тайпалары береке-бірлікке, ынтымақ-татулыққа ұмтылып, бес саусақтай, берік жұдырықтай жұмылып, жаңадан құрылған хандыққа топтасты.
«Алты арыс ел Ұлытауға жиналып, Кетбұқаны Ұлығ би сайлайды» – деп Тұрсын Жұртбаев өзінің тарихи әфсанасында жазады.
Кетбұқадай батырды жастайынан әскери ойындар мен сайыстарға машықтандырып тәрбиелеген атақты Көксау Сабырақ батыр. «Күндей күркіреген даусы жер жарғандай» (Рашид-ад-дин) шежірелік Өкіреш атанған әйгілі Көксау Сабырақ батырдың алдынан өткен Кетбұқа да жауларына беріспей өтті.
Осындай тарихи алтын қазынадан табарымыз көп, егер де біз бірліктің арқасында, өз тарихымызды өзіміз зерделеуді қолға алсақ болғаны. Ол үшін ұлттық тұлғаларымызды тарихтың асқар биігінен ерекше ілтипатпен қарауды үйренсек болғаны.
Қатал тарихи шындықтың турашыл шырайына шыншыл көзбен қарай алатын болсақ, әділеттің алтын жолы қашан да осы даламызда сара жолдай сайрап жатары даусыз. Өтпелі дәуірлер керуенінде көмескіленіп, ғасырлар тоғысы мен заманалар ауысында ұмыт болуға айналып бара жатқан тарихты іздемеу, Кетбұқадай ұлы тұлғаларымызды зерделемеу, бар деректердің өзі де жоғалуына апарып соғатыны аян.
Сондай құндылықтардың бірі «Таңбалытас» – Кетбұқадай бабаларымыздан қалған ұлы мұра. Барлық қазақтардың басын бір халыққа біріктірген Майқы би, Кетбұқа жырау, Дай шешен, Қотан би қазақ шежіренамасының негізін қалаушылар деп барлық шежірелерде көрсетіледі. Кезінде «Ердің ері – егеудің сынығы» – деп Кетбұқадай батырды Ұлытауға аттандырады. Елдің игі жақсылары оның ішіндегі Майқы би: «Қаратаудан әрі қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар. Қаракеңгір, Жездікеңгір, Құдайберді деген жерге барып, ірге тебіңдер. Ақ найзаның ұшымен, әділ биліктің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар», – деп батасын берген екен. Ұлы бидің батасы қабыл болып, еңселі орда құрылып, тасқа таңбаларын қашатып, ант беріскен жер – Ұлытау.
Сол Ұлытаудағы Таңбалынұра жерінде үш жүздің таңбаларын тасқа қашатқан Майқы би мен Кетбұқа бабаларымыз. Yйсіндердің нысаны – Ту, Арғындардың нысаны Найза болса керек.
Yш жүздің жауынгерлік ұраны:
Ұлы жүздікі – Бақтияр – Бақыт,
Орта жүздікі – Ақжол – Әділет,
Кіші жүздікі – Алшын – От ана.
Осы үш ұраны тұтас бір халық ретіндегі барлық қазақтардың ортақ ұраны Алаш ұғымына біріккен.
Таңбалы тас қазақтың мөрі болған,
Рулар ақылдасар төрі болған.
Сан ғасыр данышпандар ел басқарып,
Кең-байтақ қазағымның жері болған.
Міне, осы жерде басы Кетбұқа жырау болып, тоғыз ұлыс елге тоғыз таңба басылған қыл құйрықты тоғыз ақ туды үлестірген.
Сонымен бірге мемлекеттіктің тағы бір тетігі – оның нысандары (символы) қалыптаса бастады. Көшпелі қазақтарға әскери жарақ болған, даусыз бұйымдарының бірі жорық жағалаулары – ту мен буыншақ (бунчук) болды. Жалаулар бері қойғанда екі міндет атқарды, олар аса мәнді киелі нысан болды және шеру мен шайқаста әскерлерді басқарудың тиімді құралы ретінде қолданылды. Әрбір рудың, әр ұлыс сұлтанының, әлбетте, әрбір ханның туы болды. Қалыптасқан дәстүр бойынша бір ханға тоғыз туға дейін болуы керек екен. «Тоғыз тулы хан» дегенде көз алдыңа құдіретті билеуші келген.
Орта ғасыр авторларының дерегіне қарағанда, алғашқы қазақ билеушілері «тоғыз тулы хандар» болған. Тулар сырттай биліктің белгісі болып қана қоймай, әскери даңқтың және әскер басы мен әскер абыройының нысаны да болған. Жорықтарда жауынгерлік тудың сақтаушысы болып қазақ хандығындағы билеушісі Шыңғыс тұқымы сұлтандарының немесе ықпалды билердің, яғни ру мен тайпа басыларының бірі тағайындалған. Ту ұстаушы қазақ қосынының қолбасшысынан кейінгі әскердегі бірінші тұлға болған. Туды ерекше жасақ күзеткен. Ту ұстаушы жауынгердің ажалы әскерді абыржытып, тудың құлауы, бас жалаудың жойылуы әскердің жеңіліп қалғанын білдірген.
Міне, осындай тоғыз тулы ұлысқа тоғыз таңба үлестірген Кетбұқа бабамыз. Тозған елді тірілтіп, «тоғыз таңбалы ел» дәрежесіне жеткізген. Төлегетайдың төрт ұлы, Саржомарпен – бес, Балталымен – алты, Көкжарлымен – жеті, Бурамен – сегіз, Бағаналымен – тоғыз. Кетбұқа осы Бағаналыдан. Тоғызыншы белгі жеке қалғандықтан таңбаны теріс салып, содан Бағаналы – «Терістаңбалы» атанып кетті. Кетбұқа – терістаңбалы – найманның ноқта ағасы, оның еншісі тоғыз ұлға ортақ.
Ұлы жырау, аталық би Кетбұқа керемет күйші де болған. Ол Шыңғыс ханның баласының өлімін домбырамен, кейбір деректерде қобызбен күй тартып естірткен деп айтылады. Қазақ даласында сақталған аңызда Кетбұқаның есімі әйгілі «Ақсақ құлан» күйімен тығыз байланысты болып келеді. «Ақсақ құлан» десек, Кетбұқаның, Кетбұқа десек, «Ақсақ құланның» қосарлана айтылатыны белгілі.
Өнер саласының зерттеушілері Кетбұқа жыраудың халық арасына кең тараған күйлеріне «Нар идірген», «Күйдім-жандым», «Ақсақал», «Жошы хан», «Ақсақ құлан», «Жылан қайыс», «Ел бірлігі» күйлерін де жатқызады.
Кенжал БАЛКЕНОВ,
Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражай директоры.
Қорытындыда айтарымыз, үстіміздегі 2014 жылы Кетбұқа бабаның туғанына 830 жыл толады. Осыған орай Жезқазған аймағының игі жақсылары Кетбұқаның есімін ұрпақтар санасына сіңіру мақсатында бірқатар іс-шараларды қолға алып отыр. Олар «Қазақтың Кетбұқасы» атты республикалық қоғамдық бірлестік құруды қолдап, оның жарғысын бекітті. Қордың басқарма төрағасы мен мүшелерін сайлады.
Ұлтын ұлы мұратқа жетелеп, қазақтың азат болуын аңсаған Кетбұқа бабаның атындағы қор өз жұмысын бастады. Қордың атқарар міндеті ауқымды. Ол ұлы жырауға тек ескерткіш орнатып қана қоймай, нар тұлға жайында сыр шертетін еңбектер жариялауды, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастыруды, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді.
Тарихта өзіндік орны бар Кетбұқаның ерлігін дәріптеуде атқарылар істе ұлт болып ұйысып, қоғам болып қолдау көрсетсек, баба алдындағы ұлы міндетімізді, зор құрметімізді білдірген болар едік. Бастау алған шараның нәтижелі болуына барлығымыз үлес қосайық, ағайын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз