ӨМЕКЕҢ САЛҒАН ФОТО ӨРНЕК

74

0

Мойнынан фотоаппаратын, басынан қазақы тақиясын тастамайтын, қашанда биязы мінезінен айнымайтын осы бір жігіт ағасын облыстың журналистер қауымы ерекше құрметтейді. Оның өз кәсібіне адалдығына, адамгершілік қасиеттеріне берілген бағаның ең үлкені болса керек. Осы ойыма әріптестерімнің бәрі қосылады десем, қателесе қоймаспын.

Журналистер жұмысы қа­шан­­да қауырт қой. Соңғы жа­ңалықтарды, өткізіліп жатқан шараларды, өмірдегі өзгерістер мен құбылыстарды жеткізу оңай жұмыс емес. Бұл ретте фототілшілерге жүктелген міндеттің ерекшелігі өз алдына. Кейде бір ғана сурет аясына бүкіл бір оқиғаның маңызын сыйғызуға тура келеді. Мұндай шеберлік үлкен өмір мектебінен өткен, мол тәжірибесі бар, өз кәсібіне шын берілген жандардың ғана қолынан келеді. Біздің әңгімелеп отырған кейіпкеріміз – Сыр елі жұртшылығына танымал басылым «Ақмешіт ақшамы” газетінің фототілшісі Өмірбай Түменбаев осындай адам.

Өмекең фотоаппаратқа, суретке түсіру ісіне жастайынан қызықққан жан. Мектепте алтыншы сыныпта оқып жүргенінде пионерлер үйіндегі фотографтар үйірмесіне қатысты. Мектепті бітіргенде осы мамандық иесі атануды мақсат етіп қойған ол кәсіптік училищеде осы мамандыққа оқыды. Әскер қатарында жүргенде де сүйікті ісін жалғастыра берді. Германия жерінде әскери қызметін атқарған ол дивизиялық «Гвардия» газетіне суреттер түсіріп беріп жүрді. Ол тек армия өмірімен шектеліп қалмады, оның көптеген жұмыстары неміс елінің керемет табиғи көріністеріне де арналатын. Қызылордалық жігіттің шеберлігі елеусіз қалған жоқ, фототілшілердің дивизияаралық байқауында бірінші орынды иеленіп, айрықша аталып өтті. Әскерден кейінгі кезеңде ағамыздың еңбек жолы қалалық тұрмыс комбинатында фотограф ретінде жалғасқан еді. Сол жерде жүріп, «Советское фото» журналына суреттерін жіберіп тұрды. Олардың бірқатары дипломдармен аталып өткенін айта кеткен жөн. Тоқсаныншы жылдардың өтпелі кезеңінде Өмекең жұмыс істеген кәсіпорын жабылып тынды. Осыдан кейін Өмекеңнің еңбек жолы «Ақмешіт ақшамы» газетінде жалғасты.

Осы басылымда қызмет атқарған он жеті жылға жуық уақыт ішінде ол кісі республика, облыс, қала тарихына қатысты қаншама оқиғалардың куәгері болды десеңізші?! Куә болып қана қойған жоқ, сонымен бірге олардың газет бетінен көрініс тауып, мыңдаған оқырманның қолына жетуіне атсалысып келеді. «Ақмешіт ақшамы” алғашқы уақытта қалалық газет болып шыққанмен де аймақтың бас шаһары тыныс-тіршілігімен шектеліп қалған емес, онда облыстық маңыздағы шаралар туралы материалдар үздіксіз жарияланып тұрады. Бұл мақалаларда «Ақшам” журналистерінің оқиғаларға берген бағалары, газеттің өзіндік ұстанымы айқын аңғарылады. Сонысымен газет оқырмандар беделіне ие болып келеді. Атап өтерлік жайт, бұл материалдар көбінесе газет фототілшісінің сәтті түсірген суреттерімен өрнектеледі. Ендеше, басылым беделінің биіктеуіне Ө.Түменбаев лайықты үлес қосып келеді десек, артық айтпағанымыз. Өйткені, оның түсірген суреттері шынайылығымен, қара­пайым­дылы­ғымен ерекшеленеді және өмірдің барлық тақырыбын қамтиды.

Өмекең жылдам қимылдың адамы. Оны, әсіресе, түрлі шараларды суретке түсіріп жатқан кезінде анық байқайсыз. Оқиғаның бас­ты тұлғаларының қозғалысын қалт жібермей, қажетті кадрды түсіріп алғанша тыным таппайды. Ол фототілші мамандығын кәсіп емес өнер деп бағалайды. Өмекең әріптес інілеріне өзінің білгендерін үйретуден әсте жалыққан емес. Жақсы сурет түсірудің қыр-сырын жалықпай түсіндіріп жатады. Ол сонымен бірге өзі де алдындағы ағаларынан тәлім алып жүреді. Бірде әріптес ағасы Болат Омарәлиевтің жақсы кадр жасау үшін қасындағы тілшінің иығына шығып алып, алдындағы адамдар тобының үстіне фотоаппаратын кезеніп жатқанын байқап қалғаны бар. Жұмыс үшін осындай әрекетке барып жатқан ағасына риза болып кеткен Өмірбай бұл сәтті суретке түсіріп алған-ды. Ол сурет қазір өзінің архивінде сақтаулы тұр. Жалпы, Өмекең жүрген жерінде кезіккен тосын сәттерді, әдемі этюдтарды, табиғат көріністерін, басқа да қызықты оқиғаларды қалт жібермей суретке түсіріп алуды әдетке айналдырған. Олардың көбісі әркез «Ақшамның” бетінен көрініп жатады.

– Өмірбай ағамыз Сыр бойы жур­налисти­ка­сында өзіндік қол­таңбасы бар фототілші. Ізденімпаз, еңбекқор жанның түсірген суреттері қо­ғамдық пікір қалыптастырып жүр. Олар уақиғаны, қимыл-қоз­ғалысты анық көрсетіп тұ­рады. Өмекеңнің суреттері ке­ше­гі, бүгінгі, ертеңгі күнді жал­ғастырып тұратындығымен ерек­шеленеді, – деген газеттің бас редакторы Сәрсенкүл Биқожа фототілші еңбегінің әркез лайықты бағаланып жүргенін тілге тиек етті. Бірнеше рет облыс, қала әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталып, «Үздік фототілші» номинациясы бойынша да аталып өткен.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз