Мүсірәлі Хазірет

184

0

ХVII ғасырдың екінші жартысы мен ХVIII ғасырдың басы қазақ халқының гүлденген
әрі әлеуметтік мерейі
арта түскен айрықша
бетбұрыс кезең болғаны белгілі.
Бұл жайдан-жай болған жоқ еді. Бас-аяғы
40 жылдай ел
басқарған, қабілет-қарымы жеткілікті, көреген саясаткер,
дана дипломат Тәуке
хан мемлекеттік билікте халықты ұйыстыру, қоғамда
ұжымдық сананы қалыптастыру
үшін дала демократиясының мүмкіндігін тиімді пайдаланды. Мұның айқын көрінісі –
Төле, Қазыбек, Әйтеке
сияқты ұлы билерді ұйымдастырып,
билер кеңесін дәстүрге
айналдырды. Бұл кейінгі
талай ұрпаққа «Жеті жарғы» тәрізді
құқықтық мұра қалдырған хандық-мемлекеттік биліктің бір тар­мағы –
қазақтың тұңғыш парламенті деуге болатын еді.

Ол заманда ислам діні де кеңінен тарап,
елді рухани жағынан біріктіре түсетін, ру-руға бөлінуге тосқауыл қоятын
әлеуметтік институттардың біріне айнала бастаған-ды. Сол себепті, оны да ұтымды
пайдалану мақсатымен Тәуке хан мемлекеттік билікке арнайы Пір (рухани көсемдік)
лауазымын енгізді. Бұған қазақ тарихында алғаш таңдау жолымен аты мәшһүр, сөзі
уәлі, аузы дуалы Мүсірәлі Жәдікұлы ие болады. «Қазақстан» ұлттық
энциклопедиясының 1-томының 644-ші бетінде: «Азан шақырып қойған аты Мүсірәлі,
руы керейт болғанымен дінге шын берілген сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа,
ал оның ұрпақтары керейтқожа аталып кеткен. 1680 ж. Күлтөбеде Тәукені хан
сайлағаннан кейін артынша пір таңдалды», деп жазылған. Онан ары түрлі
сұрақ-шарттардан сүрінбей өткен Әжіқожаны билер бүкіл қазақтың пірі деп жариялап,
есіміне Сопы Әзиз (қасиетті) деген атақ қосылғаны жөнінде айтылған.

Бұл көпшіліктің алдында аруақ
салыстырып, өз қасиетінің басымдығын көрсету, таңдау болатын. Осы ретте халық
жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, бүгінгі
абызымыз Әбіш Кекілбаевтың «Үш пайғамбар» атты (1992 ж.) еңбегіндегі мына
пікіріне жүгіне кеткен артық болмас: «Ескі дала үрдісінде қауымға билік
жүргізетін хандар мен әскерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып
қойылатын, ал батырлар мен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып,
жұртты тегіс мойындатқан. Мұны кие, аруақ туралы ғылым-агиалогия «таңғажайып
сайыс» деп атайды».

Мұндай діндер үстемдік құрған тұстарда
орын алған әулиелік қасиеттердің басымдығын жария ету, мойындату үрдістерінің
тарихта болғандығы туралы талай аңыз-әңгімелер жетерлік. Пір таңдау кезінде 40
жастағы Мүсірәлі Жәдікұлының әулиелілігі мен көрегендігі кемеліне келген
болатын. Бұл – табиғи қабілетпен, білім-іліммен, өмірлік тәжірибемен толысып,
әсте толастамайтын құбылыс. Дегенмен, адамның мүмкіндігінің шектеулі екенін
естен шығармаған абзал.

Содан Тәуке хан Мүсірәлі Жәдікұлының
Тұран елінің хан ордасындағы Бас пірі болғандығы туралы жарлық береді де, ол
Кіші жүздің Қаракесек әулетінің ортасында болады, сол себепті дін жолымен
шешілетін мәселелер, дау-жанжалдарды реттеуде билер, даугерлер сонда барып,
мәмілеге келіп оты­рады деп мәлімдейді. Мүсірәлі көп ұзамай өзіне қарасты он
шақты үймен Жент қаласына жақын Ақмешіт елді мекеніне көшіп барған екен.

Мүсірәлі Жәдікұлының Қазақ мемлекетінің
алғашқы Бас пірі болуы сол кездегі қазақ қоғамының даму бағыттарына әсте жат
құбылыс емес болатын. Ықпалды дін өкілдерін жанына жақындатып, қазақ елінде
діни мектептердің, медреселер мен мешіттердің ашылуына терең мән беріп,
мұсылман дінін мемлекеттік идеологияның өзекті тармағы ретінде шебер пайдалану
Әз Тәукенің ел билеу саясатындағы өзіндік қолтаңбасы еді.

Ал бес арыс қазаққа Бас пір болып
тағайындалған Әжіқожа кім еді, ол қандай қасиеттері үшін Сопы Әзиз атанды?
Мүсірәлі (Әжіқожа) Жәдікұлы 1639 жылы кезінде Кіші жүз әулеті жайлаған Бұхара
хандығына қарайтын Тамдыбұлақ аймағындағы Керізбұлақ ауылында туған. Алғашқы
білімді өз әкесінің мешітінде алып, ауылдағы ишан, молдалардан мұсылманша
таныған. Содан жастайынан өте сезімтал Мүсірәлі Түркістан қаласындағы Қожа
Ахмет Ясауи медресесіне түседі. Өзінің табиғи аса дарындылығы, тума таланты
арқасында ақиқатты (Алланы) тану тағлиматының (ғылымының) ахуны деген мамандық
алады. Содан осы медреседе Ясауи ілімі бойын­ша Қазаннан, Қарақалпақ, Қырғыз,
Өзбек елдерінен келген шәкірттерге ана тілінде Ақиқатты тану пәнінен дәріс
берумен қатар, саналық ілімді әрі зерттеуші, әрі жалғастырушы болады. Сөйтіп,
Мүсірәлінің ахундық тұлғасы ойшылдық, теолог-ғалымдық мазмұнмен толыға түседі.

Кейбір деректерде Әйтеке бидің ықпалымен
Мүсірәлі Жәдікұлының 1670 жылдары Кіші жүздің Пірі болып, көп иманды тірліктер
тын­дыр­ғаны жөнінде айтылады. Халықтан түскен садақаларды жинап, мешіт ашып,
балалардың сауаты мен дүние танымын көтеруге бар күшін салады. Әсіресе, жас
шәкірттерді өз ұлтын, ана тілін, ислам дінін қастерлеп, ұлттық киіммен, өзінің
сыртқы көрінісімен, ділімен, жүріс-тұрысымен жұртқа танылып, Алланы уағыздауға
жұмылдырады. Осындай талай тәжірибе мектебінен өткен, діннің тазалық пен
әділеттіліктің, имандылық пен адамгершіліктің, берік сенім мен шынайы нанымның
жолы екенін жақсы түсінген Мүсірәлі Жәдікұлын үш жүздің Пірі лауазымына өзімен
талай жыл иықтаса жемісті қызмет еткен Әйтеке би ұсынады. Таңдаудың өз
жөн-жоралғысы, тар соқпақтары бар еді және ол алты Алаштың игі жақсыларының, ел
тұтқаларының, қарапайым жұртшылықтың алдында өтеді. Болашақ Пір діни сауатты
болумен бірге, әулиелік, болжампаздық қасиеттерімен де ерекшеленуі тиіс еді.
Әрине, таңдауда аса қабілетті тұлғаның бітім-болмысы, жаратылыс ерекшелігі, қадыр-қасиеті
мен сыр-сипатының да елеулі рөл атқарғаны белгілі.

Баспасөзде жарияланған материалдарда
Мүсірәлі бабамыздың Құранды алғаш рет қазақ тілінде сөйлеткені, бес уақыт
намазды Орта Азияны мекендеген түркітектес ұлт өкілдерінің өз тілінде үйрету
үлгісін жазып, оны елге таратқаны жайында, өзі дайындаған 7 түрлі баптан
тұратын мұсылмандық қағидаларды ел ішінде «Жеті жарғымен» бірдей қабылданғаны
туралы айтылған. Мұндай Алланы тану мен оған құлшылық ету парызы, тіл мен діл,
неке, адамгершілік пен ізгілік туралы, мұсылманшылық мазмұны жағынан терең
мағыналы, құнды ой-толғаныстарға толы қағидаларды дін мен мемлекеттік саясат
тұрғысынан ғана емес, жалпы философиялық таным жағынан да гуманизм кодекстері
десе болғандай. Бірер мысал келтіре кетейік. Бірі – туысқандық арасы жеті
атадан өтпей құда-жегжат болып, қыз алып, қыз беруге тыйым салу. Екіншісі –
әрбір адамның қаны таза, жүрегі мейірімді, ұлтжанды, парасатты, туған халқының
лайықты азаматы болып өсуін, кемелге келуін сақтап оты­руы үшін аралас некеге
тыйым салыну. Үшіншісі – ана тілі туралы өсиет. Тіл – әрбір адамның
тіршіліктегі түсінісіп, бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасау құралы. Тіл –
иманның кілті.

Міне, осыдан үш жүз жылдай бұрын
қазақтың тұрмыс-тірлігіне лайықталған бұл қағида-өсиеттерді қазір де қастерлеп,
ұстанып жатсақ, ұтарымыз көп бола түсері сөзсіз.

Мүсірәлі Сопы Жәдікұлының Кіші жүз
жұртының топтаса түсуіне көп жыл иықтаса жүріп бірге қызмет еткен, ұлтымыздың
тарихында баға жетпес із қалдырған, үш ұлы бидің бірі – Әйтеке 1700 жылы дүние
салғанда мынандай қайғыра жоқтаған сөздеріне назар салайық. Ол:

Ей, кенезесі кепкен қара жер,

Мейірімі жоқ сұм ажал,

Оқпанын ашып керенің

Болды ма тағы дегенің

аты алты Алашқа ем болған,

Уәлі сөздің иесі

Аталымды алғанын не еткенің?! – дей
келіп,

Айналайын, Әйтекем,

Мына жалғаннан қапияда өткеніңді

Мәңгілікке кеткеніңді,

Тіршілікте,

Ошақтың үш бұтының біріндей болған

Төрт тұяғы тең түскен жорғаң,

Ұлы жүзден Төле би ініңе қалай естіртем!

Орта жүздегі

Опалы ойын ойып айтатын,

Дұшпанын сөзбен сойып айтатын

Қазыбек би ініңе қалай естіртем!

Үшеуің үш таған болып тұрғанда

Уайым-қайғысыз

Күн кешіп еді Ұлы елің! – деп тарихта
дара туған үш арыстың халықты біріктірудегі қадір-қасиеті мен құдірет-күшін
барынша паш етеді.

Мүсірәлі Сопы Әзиз Әз Тәукенің иманын
үйіріп, жаназасын шығарып, өз қолымен Қожа Ахмет әулиенің кесенесіне
жайғастырады. Көп ұзамай мемлекеттік билік маңайындағы талас-тартыс қайта
басталады. Елдің мүддесінен өз мүдделерін биік қойған мансапқұмар сұлтандар
ұйып отырған Тұран елінің берекесін кетіреді. Хан кеңесін таратып, Пір
лауызымын жойып, жеке билікке көшеді. Содан Мүсірәлі Жәдікұлы 1719 жылы хан
сарайын тастап, өзі пір санаған, Созақ жерінде жатқан белгілі әулие Баба түкті
Шашты Әзиздің басына шырақшы болып барады. Екі жылдан кейін 82 жасында сол
жерде дүние салып, сол әулиенің оң жағынан мәңгілікке жайғасады.

Міне, осындай қазақ халқының тарихында
кәсіби дін ағартушысы, «Жеті жарғыға» мұсылманшылық қағидалар ендірген тұңғыш
Хазірет-піріміз, аты алты Алашқа мәлім Мүсірәлі Жәдікұлы жайлы мәселе тек
еліміз егемендік алғаннан кейін ғана жиі көтеріліп, жиі жазылып келеді.

Жазушы Әбіш Кекілбаев «Үркер» романы мен
«Үш пайғамбар» кітабында қасиетті бабамызды өз шығармасының кейіпкері етті.
Белгілі жазушы Мұқадес Есләмғалиұлының «Әйтеке би» атты романының бас­ты кейіпкерлерінің
бірі – Мүсірәлі екені белгілі. Түрлі тарихи деректер, сан мазмұнды
аңыз-әңгімелер жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың 2011 жылы Алматының «АRNA-B» бас­пасынан
шыққан «Сопы Әзиз Пір» атты романына арқау болды. Сондай-ақ пір атамыз туралы
мол деректер ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, тарих ғылымдарының докторы,
академик Манаш Қозыбаевтың «Пірге құрмет – елге құрмет» атты алғы сөзімен
шыққан қаламгер Құрманғали Ашановтың «Мүсірәлі абыз» деген кітапшасында да
баршылық. Осы ретте көрнекті ғалым Манаш Қозыбаевтың мына бір пікірін назарға
сала кетсек артық болмас: «Қолда бар деректерге қарағанда, Мүсірәлі бабаның көп
қасиеттері тылсым сырымен барша жұртты өзіне баурап, кезінде бүкіл үш жүздің
халқы Пір тұтқан тарихи тұлғаға айналғаны мәлім. Демек, Мүсірәлі Жәдікұлы –
қазақ халқының тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі, дін өкілі ғана емес, мемлекет,
қоғам қайраткері». Сондай-ақ, Тәуке ханды тәнті еткен Мүсірәлі Жәдікұлының
арнайы мөрі болғаны расталып, қолын қойған құжатының табылуы да тарих үшін
құнды дерек екеніне дау жоқ.

Кезінде көрнекті түрколог-ғалым В.Радлов
өзінің 1870 жылы шыққан көптомдық «Түркі халықтарының аталы сөздері» еңбегінің
«Бақсылар сөзі» атты бөлімінде:

«Ойдан келген он қожа,

Қырдан келген қырық қожа.

Ол қожаның ішінде

Жеті өлікке жан берген

Шапағат жанды тең көрген», деп
Мүсірәліні атап көрсетіп, оның пірәдар, әулие, дінге шын берілгендігін тілге
тиек етеді.

Реті келгенде, мынадай мәселелерге назар
аудара кетсек. Ол Мүсірәлі бабамыздың осы кезге дейін төл тарихымыздан да,
бүгінгі өмірімізден де өзіне лайықты орын ала алмай келе жатқаны. Тәуке хан
тұсында 40 жылдай қазақтың Төле, Қазыбек және Әйтеке сияқты ұлы тұлғаларымен
қоян-қолтық сан салалы игілікті істер атқарған, «Жеті жарғыны» дайындауға
атсалысқан, оның рухани жағын жіті қадағалаған, бүгінгі күндері бірнеше
кітаптың кейіпкері, қазақ мемлекетінің алғашқы да, соңғы да Бас пірі болған,
мемлекет және қоғам қайраткері Мүсірәлі Сопы Әзиз тарихи әдебиеттерде атала
бермейді. Бұған тиісті орындар тарапынан өз деңгейінде көңіл бөлінбей келеді.

Сонан соң соңғы үш ғасырдан астам уақыт
шындық оқиғалар сан түрлі аңыз-әңгімелерге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа тарап,
әсте ұмы­тылмай, айтылып келе жатса, ол тарихымыздың жанды беттері емес пе? Осы
жерде орыстың белгілі дін­танушысы С.Токаревтің: «…Арт­та қалған халықтар
санасының тү­гел мазмұнын фантастикалық түсі­ніктерге теңейтін болсақ, осы ха­лықтардың
рухани дүниесін сыңар жақты, теріс сипаттаған болар едік. Алай­да, олардың
әлеуметтік сана­сында фантастикалық басқа­ша айт­қанда, діни-магиялық түсі­нік­тердің
болғандығын және ма­ңыз­ды рөл ат­қарғандығын теріске шығар­ға­нымыз да қате
болар еді», деп жаз­ғанын ескере кетсек дұрыс болар еді (Религия в истории народов мира. М: 1964. –
с. 25.). Сондықтан сан түрлі, кейде асып, төгіліп те кететін аңыз-әңгімелерді
мүмкіндігінше ғылыми оралымға алып, бабаның шынайы тұлғасын сомдай түсудің кезі
келген сияқты. Тіпті, Мүсірәлі Жәдікұлы туралы кейбір деректердің өзі кейде әр
қилы жазылып жүр. Бұлар да жүйеге келтірілсе, сауаптан басқа не табар едік?

Сондай-ақ, биыл туғанына 375 жыл толып
отырған Хазірет Мүсір­әлі Сопы Әзиз есімін халық жадында қалдыру үшін игілікті
іс-шаралар атқарылса деп ойлаймыз. Еліміздің бірлігін сақтауда, халқымыздың
мерейін арттыруға белсенді атсалысқан, жұртшылықты адамгершілік пен имандылыққа
шақырған, кезінде жалпы қазақтың рухани көсемі ардақты бабамыздың есімін есте
қалдыру туралы, тіпті, еліміздегі орталық мешіттердің бірі­не оның атын беру
сияқты нақты ұсы­ныстар да болған еді. Осыған сәй­кес Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасы да ретті іс-шаралар өткі­зіп жатса, нұр үстіне нұр болары дау­­сыз.

Елбасы Алаштың анасы атаған қасиетті Сыр
бойының Хазірет Мүсірәлі Сопы Әзиздің атаулы мерекесін өткізуге өз үлесін қосып
жатқанынан хабардармыз. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев ел ағаларының ұсынысын
қызу қолдауымен өңірдің белгілі кәсіпкер-меценаты, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал
Ералиев Қызылорда қаласында мешіт құрылысын бастап кетіпті деген хабарды естіп
риза болдық.

Бүгінгі күні кешегі кеңестік солақай
саясат кезінде жоғалтқанымызды тауып, үзілгенімізді жалғап, ескір­ге­німізді
жаңғыртып, тарихымыз­ды түгендеп жатқанымызда хал­қымыздың тұтастығына, руха­ни
бірлігіне өлшеусіз еңбек сіңір­ген Мүсірәлі Жәдікұлы сияқты арыс­тарымыздың
аруағы алдында бас иіп, оның ұлы істерін тағылым ету барлығымыздың парасатты
парызымыз, қайтарар қарызымыз болмақ. Мұнсыз бүгінімізге болысып, ертеңі­мізді
еселей алмаймыз.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы, профессор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз