ӨНЕР ӨЛКЕСІНДЕГІ ӨРІС ЕҢ…

146

0

ӨНЕР ӨЛКЕСІНДЕГІ ӨРІС ЕҢ...«Әркімге өзінің туған жері Мысыр шаһары» – дейді дана халқымыз. Әлбетте, қандай бір қиын мекенде туып өссе де жүрегінде иманы, кеудесінде оты бар адам осылай айтары хақ! Мысалы, айтыс өнерінің ақтангері, абыз атамыз марқұм Әбілхан Маханов Теңіз-анамыз арнасынан асып, байлығы тасып жатқан кезінде өзінің «Аралым – айдын шалқарым!» атты жыр-толғауында туған жердің табиғи байлығы мен рухани байлығы туралы, оның еңбек ерлері мен дарынды ұл-қыздары туралы мақтана жырлап «Аралым менің осындай, өнер мен дәулет қонған жер» – деп бар әлемге паш еткен жоқ па?!
Осындай қайсыбір киелі мекен болмасын, өзінің ерен ерлері мен дарынды ұл-қыздарымен құнды да көрікті екені рас. Айдынды Арал өңірін сөз еткенде әріге бармай-ақ, кешегі шалқар шайыр Нұртуғаннан, дүлдүл жыраулар Бітімбай, Жаңаберген, Жаппарберді, Кәрібоз, Дәріқұлдан, құдіретті күйшілер Қазанғап, Шалмырзадан, дауылпаз ақын Зейнолладан, бүгінгі сөз сүлейі Әбдіжәмілден бастау алған қаншама өнер мен мәдениет майталмандары көз алдыңа келіп тұра қалады. 
Ал кезінде есімдері бүкіл Одаққа мәлім болған Төлеген, Ұштап, Нарғали сынды он алты Еңбек Ерлеріміз бастаған даңқтыларымыз өз алдына бір шежіре. Олардың бәрін моншақтай тізіп шағын мақалаға сыйғызу мүмкін емес. 
Мені толғандырып қолыма қалам алғызған, бойына жоғарыдағы аталған дарындардың бұлағынан бір-бір тамшы да болса да дарыған, атақты Нұртуған шайырдың жұрағаты, Әбілхандай абыздың шәкірті, рухани дос-інім марқұм Бекұзақ Тәңірбергеновке деген сағыныштың сазды әсері. 
Иә, алдыңда үлгі тұтар ардағың – ағаларың тұрса нұрын шашып. Артыңда сенім артар арманың – інілерің тұрса жырын қосып. Онда өрісіміз кеңейіп, өнеріміз өркендеп, мәдениетіміз мәуеледі дей беріңіз! Қайран Бекұзақ! Туған жеріміздің рухани байлығы – өнер мен әдебиет әлемінің өркенді бір көшін бастауға лайық сенім артқан сан қырлы дарынды інім едің… Әттең, ауыр сырқат ізіңнен қалмай ақыры алып тынды. 
Бекұзақ Жақсанұлы Тәңірбергенов 1958 жылы Арал ауданы, Октябрь ауылдық кеңесінде малшы-шопанның әрі өнерлі отбасында дүниеге келген. Жастайынан әкесі Жақсан домбыра тартып, ән-жыр айтуды үйреніп өскен. Есейе келе, өз жанынан өлең шығарып мектеп, ауыл сахналарында өнер көрсете бастады. Аудандық көркемөнерпаздар байқауларында жүлделі орынға ие болып жүрді. Ұзамай талантты жас аудандық мәдениет үйіне қызметке тұрып сан қырлы өнерпаз екенін танытты. 
Ол азамат ақындығымен қатар әрі сазгер, әрі әнші, әрі домбырашы, әрі термеші, әрі тамаша актер болатын. Соның ішінде ол суырыпсалма ақындығымен оза шығып, тез арада қалың жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, көзайымына айналды. 
1987 жылы облыстық ақындар айтысына қатысып алдыңғы орынға ие болды. 1988 жылы Алматыда өткен тұңғыш Наурыз мерекесіндегі Республикалық ақындар айтысында сынға түсіп, жүлделі орындарды жеңіп алды. 
Ал, Алматыда (1988 ж.) өткен республикалық телеайтыста бас жүлдені жеңіп алып аудан, облысымыздың мәртебесін биіктетті. Оның теледидар арқылы орындаған өзінің «Арал туралы толғанысындағы»: 
«Аралдың табанынан су кеткенмен, 
Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ!» – деген екі ауыз жалынды жыры бүкіл тыңдаушы көрермендерді тебірентіп қол соқтырды. Қазір бұл екі ауыз жыр Арал жұртшылығының қанатты сөзіне айналып кетті. Бекұзақтың тез арада осындай сүбелі жетістіктерге жетуіне өзінің тума талантымен қатар, өзі айтқандай бабасы Нұртуған шайырдың, әкесі Жақсан жыршының әсіресе ұстазы – айтыстың ақтангері Әбілхан Махановтың шығармашылық ықпалы зор болды. Ол елімізге белгілі айтыскерлер мен ақын-жазушылар – Махамбетқали Тұрсанов, Замаддин Ибадуллаев, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов, Лена Әбдіхалықова, Асқар Кіребаев, Әнес Нарымбетов, Мешітбай Құттықов, Оңталап Нұрмаханов, Жетіскен Мәкеналиев, Едіге Кішкенеев, Серік Сейітмағанбетов, Толыбай Абылаев, Айжарық Сәдібеков, Сарбұлақ Ибрашевтармен, т.б. жақсы қарым-қатынаста болды. 
Менің Бекұзақпен етене жақын сыйласып аға-іні болып кетуіміз 1983 жылдан басталған-ды. Сол жылы Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қаласында ашылған телевидениенің «Үкілі хабар» бағдарламасынан ұстаз Ә.Маханов бастаған жыршы-термешілер Сұраған Мырзаев, Бекұзақ Тәңірбергенов, Рысбек Әшімов Нұртуған мектебінің атынан өнер көрсетіп, жырсүйер көрерменді елең еткізіп «жырау» деген теңеулер шыға бастады. 1983 жылдың күзінде олармен етене танысу мақсатында кешегі Нұртуған шайыр бастаған дүлдүл жыраулардың соңғы текті тұяғы, ұстазым Сапаров Үмбетәлі жыраумен бірге үйіме шақырып дастархан жайып, қонақ еттім. 
Жыр жырланып, күй төгіліп дегендей, думанды кешке айналып жүре берді. Әуелі Сұраған, сосын Бекұзақ, онан соң Рысбек алма кезек жыр төгіп, ән салып бір рахат сезімге бөлендік. Соңынан қолқалап сұрауымызбен Үмбетәлі жырау Нұртуған, кердері Әубәкір, Дәріқұлдың терме-толғауларын әртүрлі мақамдармен түрлендіре жырлап біздерді тәнті етіп тамсандыра түсті. Үмекең бізге бір мақаммен кез келген терме-жырларды айта беруге болмайтынын, әр жырдың мазмұнына сәйкес мақамды да өзгертіп айтып отырса, тыңдаушыларына жақсы әсер етіп, одан әрі тыңдап құмарта түсетінін, ол үшін жалқаулыққа салынбай, тоқмейілсінбей үнемі ізденіп, үйреніп отыру керектігін айтты. 
– Жалпы, жыраулық өнер үш сатылы өкілден тұрады. Бірінші, әр ақынның терме-жырларын теріп айтатынды «термеші», терме-жырлардан бастап үлкен дастандарды жырлайтындарды «жыршы» дейді. Ал «жырау» деп, әріге бармай-ақ кешегі Жаңаберген, Жаппарберді, Кәрібоз, Дәріқұл, Жәмет сынды әрі ақын, әрі сазгер, әрі әнші, әрі домбырашы, әрі шежіреші, сөзге шешен сан қырлы туабіткен дарынды тұлғаларды айтамыз. Әрине, жыраулық дәрежеге жету үшін көп шығармашылық ізденіс керек. Сендердің орындаушылық шеберліктерің, талант-талаптарың жақсы екен. Тек құрғақ айқайға бара бермеңдер. Әр жырдың мазмұнына, мақамына сай ырғағын келтіріп, тербетіп айтуға машықтаныңдар. Сосын әр мақамның бастауы мен қайырмасына мықты болу керек. Бұл жөнінде Сұраған балам төселіп қалған жыршы екен. Рысбек баламның даусы зор, қай орамға да салатын түрі бар. Ал Бекұзақ баламның әншілігі мен ақындығы басым екен. Айналайындар, жыраулық өнер жолындағы талаптарың оң болсын! Тек ішімдік пен тоқмейілсінуден сақ болыңдар! – деп батасын берген. 
Осы тәлімді кештен бастап мен оларды рухани өмірдегі болашақ көшбастар өресі биік інілерім санап көңілге медеу тұттым. 
Әсіресе, Бекұзақтың жан-жақты өнері мен оның адам танитын ақжайлау бауырмалдығы баурап алып жақын сыйлас-достықта аға-іні болып кеттік. 
Ал дарынды үш тұлпар інім киелі өнер жолындағы түрлі облыстық, республикалық, халықаралық бәйгелерден оза шауып, туған еліміздің мәртебесін көтере бастады. 
Әттең, әлі де талай сын кезеңде жүлде салар үш тұлпарымыздың үшеуінен де осы бүгін көз жазып қалып отырмыз. Аллаһтың жазуына не шара?! Білдірмей жабысқан ауыр сырқат әуелі 1993 жылы 36 жасында Сұрағанды, ал 2002 жылы 44 жасында Бекұзақты алып тынды. Енді міне… екеуінің орнында көз жұбанышы болып жүрген Рысбектен де айырылдық. Осы биыл қос саңлағының артынан жоқ іздегендей ол да кетті.  
Тұлпар болар тай тұлпарға қарап бой тартып өседі ғой. Бір таңғаларлығы Бекұзақтың болмыс-мінезі, кедергілі қиын тағдыр жолы өзі ерекше қадір тұтатын дос, ақын ағасы Серік Сейітмағанбетовке ұқсас келетін. Екеуі де аштығын да, тоқтығын да білдірмейтін нағыз бөрімінезді азаматтар қалпында өмір сүрді. Екеуі де ауру-сырқауға бой бермей, кіршіксіз таза ақын көңілін сәл шаң басса сыралғы «шөлбасар сусынмен» тазартып шабыттанатын. Киелі өнерді серік етіп, жүрген ортасын шат-думан көрік етіп, елдің еркесі, топ бастаған серкесі болып өтті өмірден. Серік те мұрагер кенже ұлы Асқарды Аллаһтан ұзақ тілеп алған болса, Бекұзақ та кенже ұлы Ұлықбегін Аллаһтан тілеген-ді. Жаңагүл келін Ұлықбекті дүниеге әкелгенде Бекұзақ інімнің қуанышында шек болған жоқ. Перзентханамен екі ортада жүгірді де жүрді. Біз де менің зайыбым Базар екеуіміз перзентханаға барып көрімдігімізді беріп, құттықтадық. Перзентханадан шығарда мәшинемізбен үйіне әкеліп қуанышына ортақтастық. Бұл қуаныш болашақ шаңырақ иесі атқамінер ұрпақтың дәстүр тойларына ұласты. Сонда Бекұзақ пен Жақсыгүлдің ұсынысымен кішкене Ұлықбектің мен атасы, Базар әжесі болып атанып кеттік. Ұлының болашағынан жақсы үміт еткен Бекұзақ атын Ұлықбек деп өзі қойды. Ұлықбек ес біліп ер жете бастағанда бұл үміті тілек-жырға ұласты. Өзінің 2001 жылы шығарып үлгерген «Дүние, саған не дейін?» деп аталатын жинағындағы Ұлықбекке арнаған жырында:
Кездеседі небір білгіш, «ақылды»,
Аулақ тіккін олардан сен шатырды.
Адалдық пен шындық болсын серігің,
Ұлықбек деп неге қойдым атыңды?! – деп ұлына зор әкелік сенім артады. 
Кішкентай Ұлықбектің аяғына мініп сөйлеп, жүгіріп кеткенінен бастап қасына ертіп жүретін. Кейде демалыс күні ата-әженің үйі деп ертіп әкеліп бізге сәлем бергізетін. Біз Ұлықбекті құшақтап сүйіп мәз-мейрам болып қаламыз. Әжесі ас қамдап, тәттілерін қойып дастархан жаяды. Сосын Ұлықбектің өнерін тамашалаймыз. Әкесі Бекұзақтың үйреткен шағын өлеңін, анекдоттарын айтып, бізді күлкіге қарық қылады. Әжесі әр орындаған өлеңдеріне, анекдоттарына ақшалай сыйлық беріп мәре-сәре болып, соңы жыр мен күйге ұласып, әрең ажырасамыз. 
Бекұзақ туралы еске алсам, оның мына бір қимас қылығы көз алдыма келіп тұра қалады. Шамасы 2001 жылдың күз айы болуы керек. Бір күні кеште Бекұзақ үйге келіп мені құшақтап: «Аға, мен шаршаңқырап жүрмін. Бүгін бір өзіңмен еркін әңгімелесіп, сырласып, әніңді, күйіңді тыңдайын, сосын қасыңа өзіңді құшақтап жатып қонып шығайын деп келдім ұлықсат болса» – деп қиылып тұр. Мен ұшып тұрып тебірене: «Оу, айналайын сұңқарым! Ұлықсат сұрағаны несі, ағаңның үйі – өз үйің, өлең-төсегің емес пе? Кел, кел!» –  деп құшақтап төрге шығардым. Базекең де дереу дастархан жайып, қазанға ет салып қонақжайлығын жасады. Дәмді астан соң екеуміз бір оңаша бөлмеде еркін отырып сыр-сұхбатымызды бастадық. Бекұзақ көбіне өзі сөйлеп, өзі бастап отырды. Сондағы оның көп айтқаны – киелі өнердегі әттеген-айлар, бұралаңы көп өмір, ондағы шынайы және күндікшіл достар туралы толғаныстар болды. Кейде өзінің жан-жары Жаңагүл, қыздары Гүлмира, Мөлдір, сүйікті ұлы Ұлықбегі жайында мақтана айтып отырды. Әсіресе, мұрагері Ұлықбегінің болашағынан үлкен үміт күтетінін, өйткені оның өнер мен әдебиетке, оның ішінде поэзияға өте жақын екенін қуана айтты. Арасында маған да келелі сұрақтар қойып, жауабымды ынтамен тыңдап отырды. Маған домбырамды ұсынып  күйімді, ән-жырымды ұйып тыңдап, өзі де Нұртуғанның, Зейнолланың, өзінің шығармаларын орындады. Әсіресе, Мұқағали ақынның «Фаризаға» деген мұңды толғауын тебірене орындағанда мен де қосыла тебірендім. Сонымен ел жата бастаған сыр-сұхбатымыз таң біліне әрең аяқталды. Бекұзақтың өтінішімен салынған төсекте құшақтасып жатып түс ауа бір-ақ тұрдық.
Осы оқиға еске түскенде «қайран Бекұзағым, өрелі өміріңнің қысқа екенін, мына фәни дүниеден мәңгі-бақи дүниеге аттанар сапарыңның жақын қалғанын сезіп бой жазып жүр екенсің ғой» – деп толғанамын. 
Дегенмен, шүкір Аллаһқа! «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі!» – деп данышпан Төле би бабамыз айтқандай, Ұлықбек айналайын нағыз атаға тартып туған ұл болды. Бекұзақтың көрегендігі бар екен. Әкенің дарыны жұғып жалғасын тапты, арман-тілегі орындалды. 
«Адам ұрпағымен көрікті», «Ұрпағы жақсы өлмейді!», «Ақынның хаты өлмейді!» – деген осы. Сен осындай ұрпақтарыңмен, жалынды жырларыңмен жасампазсың!   – Бекұзағым, бекзадам.
Мұрат СЫДЫҚОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз