ОЛАР ОТАН БҰЙРЫҒЫН ОРЫНДАДЫ

86

0

ОЛАР ОТАН БҰЙРЫҒЫН ОРЫНДАДЫТарихи деректерге сүйенсек, 1979 жылдың 25-ші желтоқсанынан 1989 жылдың 15-ші ақпанына дейін он жылға созылған Ауғанстандағы соғысқа 23 мың қазақстандық қатысып, 749 жауынгер майдан даласында қаза болды, 26-сы із-түссіз жоғалды, мыңнан астамы мүгедек болып оралды, мыңы соғыстан кейін елге келіп, қайтыс болды. Сол соғысқа қатысқан қазақстандықтардың  821-і қызылордалық болса, олардың 20-сы қаза тауып, 31-і мүгедек болып қалды, ал, тәжік-ауған шекарасында 2 қызылордалық опат болған. Иә, деректер осылай дейді.

Жат жерде өмірден өткен 749 қыршынға хабарсыз кеткен 26 боздақ пен елге келгесін қайтыс болған мың жауынгерді қоссақ, 1 775 адам болады екен. Бұлардың барлығы да өрімдей жас, 18 бен 21-дің аралығындағы жігіттер еді және көбісі қазақтар болатын. Сонда осыншама қазақстандық отбасы қайғы жұтты, артында аңырап ана, қайғыға батып әке қалды деген сөз емес пе бұл?! Олар аман болғанда бүгінде қаншама ұрпақ өрбіген болар еді, қаншама отбасы мына заманның бейбіт күнін кешер еді?! Бұл бізге белгілісі, ал, кеңес дәуірінің талай сыры «өте құпия» деген таңбаның қапасында жатқаны жасырын емес. Алла жазса, олардың да ашылар күні жетер.
Кеңес өкіметінің сонау 1930 жылдардан-ақ түрлі соғыстарға араласып отырғаны белгілі. 1941-1945 жылғы соғысқа дейінгіні есепке алмағанның өзінде бергі жағындағы шаруа да аз жүк емес. Соның бір дәлелі герман фашизмімен соғыс біте салысымен кеңес өкіметінің Қытайға әскер кіргізуі. Жапониямен соғыс жүріп жатқанына қарамастан кеңес әскерлері қытай шекарасынан жасырын өткен сол кез туралы Сыр өңірінің құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері Бөрібай Құлманов ақсақал: «Жеңіске жетіп, Берлинді аралап, енді елге қайтамыз деп жүргенде өзім түсінбейтін жайларға кезіктім. Қолымда құпия пакет бар бір көруге зар боп жүрген Қызылорданың тұсынан Алматыға қарай өте шықтым. Негізінен қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ жігіттерінен құралатын бұл құрама тек соғыста әбден ысылған офицерлерден тұратын, оның басым көпшілігі қазақтар болатын, ал, аз ғана сержанттардың тек қана орыс ұлтынан болғанын да түсіне алмадық. Осы жерде жинап, шекарадан өткізді де, Шығыс Түркістан ұлттық әскері киімін кигізіп, соғысқа кіргізді. Бұл жердегі басшымыз Әлихан төре, бас қолбасшы Оспан батыр болды», – деп әңгімелейді. Қытайлық зерттеуші Ж.Сәмитұлы: «…Кеңес Одағына Шыңжанда бұрқ ете түскен халықтық көтеріліс табылмайтын жақсы бір орай болып кезікті. Моңғолияның дербестігін мойындағысы келмей сіресіп келе жатқан Қытай үкіметінің алдында енді сөйтіп қасарыса берсе, Шыңжаннан да айрылып қалу қаупі тұрғанын сездіру үшін Кеңес Одағы Шығыс Түркістан республикасын құратындығын білдірді…», – деп сол кезең шындығын жайып салады да, көтерілістегі Оспан батыр рөлін көрсете отырып, үкімет басшысы Әлихан төреден бастап, Ахметжан Қами, Ысқақбек Мононов, Әбдікәрім Айбасов сынды көтеріліске ешқандай қатысы жоқ адамдардың азаттық қозғалысына басшы болып шыға келгендігін, олардың барлығы да кеңес барлау орнының қызметкерлері екенін айтады. Міне, бұл жайттың, бұл соғыстың да көп тұсы әлі де құпия жатыр. Ал, Куба, Вьетнам, Сирия, Египет, Ангола және т.б. жерлердегі соғыс қимылдары туралы зерттеулер жасау, оған қатысқан қазақстандықтарды іздеу, сырбойылықтарды табу, олардың естеліктерін қағазға түсіру де келер күндердің міндеті екені айқын. Мәселен, 1962 жылғы «Кариб дағдарысы» кезінде Куба әскерлері құрамында соғысқа қатысқандар сапында да қызылордалықтар болса, 1964-1965 жылдары Вьетнам әскерімен бірге соғысқа кірген қармақшылық Иса Бейсенов, 1968-1971 жылдары Египеттегі от-жалынды жылдарға араласқан қызылордалықтар Шайхислам Төлегенов, Аманкелді Досаев, 1975-1976 жылдары Ангола жеріндегі ұрыстарға қатысқан шиелілік Бақыт Анафияев, қызылордалық Сергей Турчеев, қармақшылық Мұрат Бадраков, 1989 жылы Таудағы Карабах ұрыстарына қатысқан жаңақорғандық Орынбек Асылбаев және т.б. талай сырдың куәсі екені анық. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстар мен зерттеулердің Қазақстан тарихының кейбір жаңа парақтарын ашары да күмәнсіз.
Иә, бұл қақтығыстар мен соғыстардың шығынсыз болмағаны да белгілі. Ал, Ауған соғысына келер болсақ, оның Қазақстан үшін өте ауыр болғаны да ақиқат. 1979 жылдың соңына қарай Ауған еліндегі саяси жағдай күрт асқынып кетті, билікке наразылық күшейіп, 26 уалаятта 18 көтеріліс шықты. Билік басындағылардың өзара таласы асқына түсті, ел соғыс жағдайына көшті. Мұны Кеңестер Одағы өз мүддесіне қауіп ретінде қабылдады да, басшылардың шағын тобы – Л.И.Брежнев, Ю.В.Андропов, И.А.Суслов, Д.Ф.Устинов, А.А.Громыколар 1979 жылдың 12 желтоқсанында Ауғанстанға кеңес әскерлерін енгізу туралы шешім қабылдады. Осылайша кеңестік билік Ауғанстан басшылығына өздеріне сенімді адамды әкелмек болды. 1979 жылдың 25-желтоқсанында 108-ші атқыштар дивизиясының алдыңғы бөлімдері мен 103-ші әуе-десантшылар дивизиясының алдыңғы эшелоны мемлекеттік шекараны құрғақтан да, әуеден де кесіп өтіп, Ауғанстан территориясына кірген болатын.
Сол күндері Ауғанстан жеріне алғаш кірген дивизияның басқы колоннасында командир БМП-ның механик-жүргізушісі болған сырбойылық жауынгер Қайраддин Баймаханов: «Семей облысының Аягөз қаласында алтыайлық дайындықтан кейін әскери борышымды атқарып жүрген болатынмын. 1979 жылдың маусымында біздің бөлімді оңтүстік шекараға, Кушка қаласы маңына әкелді. Біз Аягөзде жүргенде-ақ «солдат телеграфы» Ауғанстандағы соғысқа араласады екенбіз деген хабарды жеткізген болатын. Кушкаға келісімен шұғыл дайындық басталды да, 14 қараша күні біз мемлекеттік шекараға келіп тұрдық. Біздің полк осы жерде бір жарым айдай тұрды, бұл жүйкеге әсер етер өте ауыр күндер еді. 28 желтоқсан күні шекарадан өтуге бұйрық болды да, біз Кушка қаласынан бар болғаны 225 шақырым жердегі Шинданд қаласындағы душмандар басып алған әскери аэродромды қайтарып алу ұрысына кіріп кеттік. Ауғанстан шекарасынан өткенімізге екі сағат өтпей-ақ оқ пен оттың ортасына кірген біз соғыс деген зұлматтың не екенін сонда ұқтық. Қатар жігіттердің оққа ұшқандары да, жараланғандары да болды. Бұл операциядан соң Кандагар қаласына бет алдық», – деп еске алады. 
Тағдыр дегенге дауа бар ма?! Осы Ауған соғысына бір үйден екі азаматтың, егіздердің қатысқан жағдайлары да бар. Мәселен, байқоңырлық Рамбердиев Қазбек Ойнарұлы 1981 жылы екі жыл Ауғанстан соғысынан қайтып келе жатып, Самарқан қаласында туған інісі Рамбердиев Сейітбек Ойнарұлын кезіктіреді. Сөйтсе, ол әскерге шақырылып, Ауғанстанға бағыт алған екен. Екі бауырдың қоштасу сәтіндегі көңіл-күйлерін суреттеуге қағаз да, қалам да шыдамас, сірә. Алланың бұйрығы шығар, Сейітбек те 1983 жылы сол соғыстан аман-есен елге оралды. Сол сияқты, ағалы-інілі Ниязхан мен Мейрамхан Мұхановтар, Сейітхан мен Талғат Дүзелбаевтар, ағалы-інілі Қайреддин мен Еркін Баймахановтар, егіздер Хасан, Үсен Омаровтар да Ауған соғысын басынан өткерген азаматтар еді.
Ауған соғысында ерлік көрсетіп, қаза тапқан жерлестерімізді есте қалдыру, жастарға олардың ерлік істерін жеткізу бағытындағы алғашқы жұмыстарды сол кездегі комсомол ұйымдары жүргізгені белгілі. Мәселен, Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған қызылордалық қыршын жас Батырхан Шалғынбаев есімін өзі оқыған мектепке беруде комсомол ұйымының атқарған еңбегі зор екенін айтсақ – бұл ондаған мысалдың бірі ғана. 
Иә, осыдан 25 жыл бұрын 1989 жылы 15 ақпанда 40-шы армия қолбасшысы Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Б.В.Громовтың басшылығымен кеңес әскерлерінің шектеулі контигенті Ауғанстан шекарасын тастап, Кеңес Одағы шекарасына өткен еді. Қаншама боздақты жұтқан, талай қыршын жастың өмірін үзген Ауған соғысы осылай аяқталып еді. Не дерсің тағдыр шіркінге, десек те, олар өзге елге сол кездегі Отан бұйрығымен барған еді ғой. 
Олар Отан бұйрығын орындады, өмірдарияға енді ғана құлаш ұрғанына қарамастан, намыс туын құлатқан жоқ олар. 
Алдажар ӘБІЛОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз