ПЕНДЕГЕ ИМАН ӨЗІ АШАДЫ ЖОЛ

64

0

Қазіргі жас ұрпақ қоғамның болашақ қайраткері, еліміздің тірегі. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ел ағасы. Келешектің кемелді болуының кілті өсіп келе жатқан ұрпақтың қолында. Рухани ізгілікті, жаңару заманына лайықты, өзін-өзі басқара алатын жан-жақты тұлға тәрбиелеу күн тәртібінен ешқашан түспек емес. Қоғамдағы әрбір азамат иманы кәміл, денсаулығы мықты, рухани дүниесі бай, жаны мен тәні кіршіксіз таза, танымдық белсенділігі мен шығармашылық қабілеті ерекше тұлға болу керек. Бұл да фжастардың өз-өзін қолға алып, жастық шақтың қадіріне жеткен кезде ғана болады. 
Жастардың қолынан талай дүние келеді. Бүгін осы мүмкіндікті жіберіп алса, ертең орны толмас өкінішке қалары сөзсіз. Бірақ, бәрі бекер болмақ. Бойда күшің қайнаған жастық шақ қайта келмейді. Кәрілік жетсе, жеңбей қоймайды. Сондықтан, Міржақып Дулатов атамыз айтып кеткен мына бір мысалды естен шығармайық. Ұлтым деп өткен ұлы тұлға «Бір жылдың ішінде бір-ақ жаз болады. Ағаш-шөптер, гүл-жапырақтар бір-ақ рет жасарады. Осы секілді, адамның басына жастық екі келмейді. Жастық біздің өміріміздің жазы. Жаздан кейін қалай күз келеді. Сол секілді жастықтан соң кәрілік жетеді. Шаруасына жинақы кісілер жаз күні қыстың азық-түлігін даярлап қояды. Адам да жасында өнер-білім, жақсы мінездерді бойына жинауға тиіс. Мұнсыз ол қартайған шағында рахат тіршілік ете алмайды» деген екен.
«Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол»,  – дейді Абай атамыз. Шын мәнінде, дін қағидалары – адамның рухани дамуы мен қалыптасуының негізі. Сондықтан да, жастардың иманды болуы, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата білуі болашақтарын бағамдауда маңызы өте зор.
Халқымыздағы «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөздің мәні терең. Себебі, қолына мүмкіндік тиген кісі Құдайдан қорықпаса, қолындағы құзыретті жеке басының мүддесі мен құлқыны үшін пайдаланып, зұлымдық пен қиянаттың, күнә мен обалдың неше түріне барары сөзсіз. Бірақ, ешқашан ұмытпауымыз керек. Әділетті Иеміз қиянат пен зұлымдықты екі дүниеде де жазасыз қалдырмайды. Сондықтан арам жолмен, қиянатпен жеткен жетістік ешқашан ұзақ, берекелі болмақ емес.
Әрбір иманды жас ата-анасының қадірін, олардың алдындағы міндеттерін білуі тиіс. Алла тағала өзінің разылығын ата-ананың разылығына, ашуын ата-ананың ашуына байланыстырып қойды. Бұл жайлы пайғамбарымыз: «Алла тағаланың разылығы – ата-ананың  ризашылығында, Алла тағаланың ашуы ата-ананың наразылығында», – деп ескертеді.
Бүгінгі күні ата-анасынан достарын, басқа да жора-жолдастарын артық көріп, солар үшін ата-анасын ренжітіп, көз жасына қалып жататын жандар кездеседі. Бірақ ұмытпауымыз керек, ата-анасын жарылқап, оның жүзін жадырата алмаған, оларға опа бермеген жан ешкімге опа беріп қарық қылмайды. Себебі, ата-ананың біз үшін көрген бейнеттерін санамағанда, ананың әр баласын дүниеге әкелу үшін қаншама қиыншылықтан өтетіндігін бағамдауымыз керек. Осыны ескеру үшін Алла тағала Құранда бізге былай дейді:  «Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді. Ананың жатырда баланы көтеруі мен емшектен шығуы отыз айға жалғасты». 
Ендеше, елге жасалатын ізгілікті істер ата-ананы қадірлеуден басталады. 
Алла тағала ата-ананы қадірлегенге береке дарытқан. Болашағының шуақты да бақытты болуын қалаған әрбір жас осыны ұмытпауы керек. 
Иманды жас білімді болады. Адам баласы тек білім арқылы дінін үйренеді, дүниені таниды, табиғаттың құпия сырларын ашады, ғылымды дамытады, болашағын болжап, келешекке бағыт белгілейді.Сондықтан, әрбір иманды жас имани міндеттерін үйренумен қатар өз мамандығын жақсы меңгеріп, халқымызға, елімізге пайда келтіруге тиіс. Жастық шақ – нағыз білім алатын кез. Дініміз білімге, ғылымға және оқуға ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымызға келген тұңғыш уахи, бұйрық «оқы!» деп басталды. Ғылым мен ғалымды дәріптеп, білім алуға шақыратын аят-хадистер өте көп.
Иманды жас уақыттың қадірін біледі. Себебі, Жаратушының адам баласына берген баға жетпес, қайтып оралмас құндылықтарының бірі – уақыт. Уақыт біздерге тегін дүниедей көрінгендіктен бағаламай жататын кезіміз көп. Уақытты босқа өлтіру, пайдасыз істермен айналысу қолыңдағы алтынды босқа шашқаннан да зияндырақ. Себебі, уақытты сатып ала алмайсың. Бірақ уақыт болса, барлық нәрсеге қол жеткізуге мүмкіндік табылады. Уақыттың қадірін білмеу дегеніміз – бүгінгі істі ертеңге қалдыру. Бұл – үлкен қателік. 
Жастарға артылар жүк жеңіл емес. Алланың берген тәуелсіз елін сақтап, жарқын болашақты өз қолдарымен жасау міндеті тұр. Бүгін барлық мүмкіншілікті пайдалана отырып еңбек ету ғана оларды мақсатқа жеткізе алады. Бұл – елдің үміті, бабаларымыздың аманаты.  
Батырбек УБАЕВ,
дінтанушы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз