САДЫҚ

198

0

Ғалымдардың пікірінше, соңғы үш ғасырда қазақ даласында жат жұрттықтардың отарлық езгісіне қар­сы 300-ден астам ірілі-ұсақты кө­теріліс орын алыпты. Аталған ке­зеңде ұлт-азаттық туын көтерген хал­қымыздың және оның көшбасшы пер­зенттерінің тағдыры талайлы бол­­ғаны баршаға аян. Бұл орайда та­сада қалып қойған немесе ерен еңбектері әлі жете зерттелмеген саң­лақ­тарымыз баршылық. Ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері Садық Кенесарыұлы (1837-1910 жж.) осы қатардағы отандасымыз.

Ұлт-азаттық қозғалысының ал­тын діңгегі іспетті Кенесары Қа­сым­ұлы көтерілісі басып-жан­шылғаннан кейін қазақтың соңғы ханының ар­тында қалған әулетінің ба­сына сындарлы күндер туады. Мұ­ның бір мысалы ретінде Кене­сары отбасының атамекеннен алыс Қоқан хандығы жерінде тұрақ­таға­нын айтсақ та жет­кілікті. Қоқан хан­дығында жүрген жылдары Са­дық (кейде Сыздық, Сы­­дық)ұлт азаттығының қасиетті бай­рағын қайта көтеру мұратын өмір­­лік ұстанымы тұтқан тұлға боп қалыптасты. Өзінің қандай жағ­дай­да жүргенін ерте түсінген Са­дық жат жұрттықтар арасындағы қайшылықтарды азаттық мүддесіне барынша пайдалануды ойлайды.

Дәстүрлі соғыс өнеріне, әкесінің ұрыс жүргізудегі амал-айласына қа­­нық, отарлаушылардың әскери әдіс-тәсілімен де таныс зерделі жігіт мансабы жоғары әскери лауа­зым­дарды жиырма үш жасынан бағын­дыра бастайды. Қоқан ханы Мәллебек 1860 жылы оған пансатбасы (бес жүз әскербасы) атағын берсе, Мұхаммед Сұлтан – Сейітхан 1864 жылы бүкіл Теріскейдің (қазіргі Созақ ауданының жері) әкімдігіне бекітеді. Ал, Бұхар әмірі Абдул Мұзаффар 1868 жылы маусым айында Қызылқұмдағы қа­зақ­тар (негізінен Шөмекейлер) мен хандықтың Солтүстік-батыс бөлі­гіндегі барлық көшпенділерге бас­шы етіп тағайындайды. 1869 жыл­дың аяқ кезінде Хиуа ханы Мұ­хамед Рахимнің әмірі бойынша Әму­дарияның Шығысынан Боқантауға дейінгі аралықтағы және Мыңбұлақ, Дәуқарадағы қазақтар мен басқа да халықтар Садыққа бағынады. Сұл­танның осы өңірлердегі өзін барынша қолдаған қазақ ауылдарынан әскери қо­рын адам ресурстары, ат-көлік, азық-түлік, жабдық-сайманмен әр­дай­ым толықтырып отырғаны тарихи ақиқат.

Садықтың азаттық эпопеясының негізгі кезеңдеріне келсек.1860 жы­лы 21 қазанда құрамында Садық, Тай­шық, Ахмет сұлтандардың жаса­ғы бар қоқан әскері Ұзынағаш түбiн­дегі Қастек бекінісі маңында Ресей әскерлерімен бетпе-бет соғы­сады. Үш күн бойы текетірес нәтиже­сінде жеңіліп, қашқан қоқан­дық­тар­ды түпкілікті құртуды көзде­ген ресейліктер соңдарынан қуа тү­­се­­ді. Міне, сол кезде Садық қа­зақтардан тұратын шағын атты қо­сынымен тұтқиылдан соққы бе­ріп, отарлаушылардың жоспарын жоқ­қа шығарады. Подполковник Г.А.Колпаковскийдің: «Сыздық төре мен Сұраншы, Байсейiт, Арыстан, Ақмолда батырлар қазақ-қырғыз қолын бастап шықты» деген мәліметі бұны растай түседі. Қоқан әскерінің сәтсіз соғыстарынан жігері жасыған Ахмет пен Тайшық 1861 жылы Перовскіде Ресей өкiметiне берілсе, Садықөз шешімін өзгертпейді. Ал, алдына қойған еңселі мақсатынан таймау, ел қамын жеке бас пай­да­сынан қашанда жоғары ұстау – да­рабоз тұлғаларға ғана тән қасиеттер.

Ресей дереккөздеріндегі Садық сұлтанға қатыстыматериалдардан оның ұлт мұратына жету үшін еткен еңбегі мен ерлік істеріне қаныға түсеміз. Осындай бір мәліметте 1862 жылғы 22 шілдеде Қоқан ханы Құдиярдың Садықты Торғайға жұмсағаны, тағы бірінде (1863 жылғы 27 наурыз) оның Атбасар округінде көшіп жүргені айтылады. 1864 жылғы 4 маусымда Сырдария желісінің бастығы, полковник Н.А.Веревкин жеке Орынбор корпусының қол­басшысы генерал-адъютант А.П.Бе­зак­қа Созақ қамалының бегі Са­дықтың Түркістанға көмекке ұм­тыл­мақ мақсатта Шолаққорған гар­низонымен бiрiккені туралы ақпар береді. Іле-шала (10 маусымда) орыс әскерлерінің қоршауын бұ­зып, Түркістан қаласына енген Садық жасақтары ерліктің тамаша үлгісін көрсетеді. Алайда, Жантай Өтепов деген біреудің 12 маусымда ресейліктерге қала қақпасын ашып беруі салдарынан Мырза Дәулет бастаған Түркістанды қорғаушылар жеңіліс табады. Кейіннен (1864 жы­лы 5 желтоқсанда) қоластында 500-дей адамы бар Садық Түркістан ма­ңында (Иқан ауылының тұсында) ресейліктермен тағы да бір айқасып, қос тақымдаған есаул Серов пен поручик Сукорконың оралдық казак­тарын көп шығынға ұшыратады. Бұл оқиғаның жаңғырығы заманында алысқа жетті.

1864 жылы шілде айының орта­сында Бадам өзенi жағасындағы Ақ­бұлақ шатқалында Әулиеатадан Шым­кентті алу үшін беттеген Ресей әс­керіне қосылмақ болып, Түркістан қаласынан шыққан капитан Мейердің құрамасын молда Әлімқұл бастаған қоқандықтар тосып алады. Ұрыста қолына әскердің туын ұстаған Са­дық қарша бораған оқтан бұқпай, қоқандықтарды бірнеше рет қарсы шабуылға көтереді.

Садық Шымкент қаласын ба­сып алуға ұмтылған генерал-май­ор М.Г.Черняевтің әскеріне Қа­тын­көпір тұсында тойтарыс беруді ұй­ымдастыру арқылы (1864 жылғы шілде айы) қолбасшылық таланты әб­ден шыңдалған сардар ретінде та­нылады. Шымкентті алғашқы ша­­буыл барысында ала алмай, кей­­ін шегінуге мәжбүр болған М.Г.Черняевтің бұл ойын1864 жылы 21қыркүйекте жүзеге асырғаны аян.

Генерал-майор Н.А.Веревкин 1864 жылы 1 тамызда Садық ту­ралы: «…бестамғалы руының биi Жақайдың айтуынша, сұлтандар Садық пен Арыстанбек 400 қолмен бестамғалы және қоңырат руларын тонау үшiн Арысқа келдi…» десе, он күннен кейін: «…сұлтан Садық Арыс өзенiнiң жағасындағы тауда тұр. Ол Шымкенттен келетiн қоқандықтардан көмек күтуде. … 6 та­мызда жүзбасы Ливкиннiң күтпеген жерден жасаған шабуылының нәтижесiнде «шәйкiлердiң» басшысы, қарақшы Өтеген тұтқындалып, 18 адамынан өлiдей айырылды…» деген мәлімет­тер келтіреді .

Генерал М.Г.Черняев бастаған орыс әскерiнен Ташкентті қорғау ба­рысында молда Әлімқұл қаза тап­қан соң (1865 жылғы 9 мамырда) қаланың беделді ақсақалдары орда­бұзар отызға әлі толмаған Садықты әскербасы сайлайды. Ол қырық күн бойы қаланы бермей, өзiнiң қол­басшылық талантын тағы да бір дә­лелдейді. Садық басқыншыларға бірлесе тойтарыс беру мақсатында Бұхар әмірі Абдул Мұзаффарға елші жібереді. Бұхар әмірінің Ташкентке жіберген өкіліне барлық билікті тап­сырған Садық 1865 жылы 17 мау­сымдаБұхар әмiрлiгiне кетедi. Бұндай шешім қабылдауына бақта­лас қоқандық ақсүйектердің қаскү­немдік әрекеттерінің ықпалы болмай қалған жоқ.

1866 жылы қаңтар айында Жы­зақ қамалына бет алған генерал М.Чер­няевтің әскерінен бұхарлықтар қашып кеткесін, Садықбекіністі қор­ғау ісін өз қолына алады. Тегеу­рін­ді тойтарыс алған ресейліктер 11 ақпанда кері шегініп, сәтсіздікке кі­нәлі М.Черняев дереу орнынан алынады.

Сырдария бойындағы Шардара қамалы маңындағы қазақтарды Ресей әскерінің тонап жатқаны жайлы хабар алған Садықтың оларға көмекке аттануы, 1866 жылғы сәуiр айының ішінде отарлаушыларға ойсырата соққы беруі, халықтың тоналған мал-мүлкін қайтартуы, оның елі мен жері үшін жасаған ерліктерінің бір парасы. Алдағы қыспақты күндерді ойлаған Садық мамыр айының бас кезінде Қызылқұмға аттанады. Ондағы негізгі мақсаты – жасақ құ­ра­мын толықтыру. Пірәлі би бас­таған Түбекбай батыр, Сәден батыр, Молдашер Жамұратұлы, Дос Дәулетбайұлы сынды елге сыйлы аза­маттар Қарашұбар, Боқантау, Там­ды, Ақбайтал мекендерінен жі­гіт­тер жинап, аталған үдеріске бел­сене араласады. Садықтың Үш­құдыққа қарайтын Құлқұдық ауыл­ында тұратын 74 жастағы Жұбан батырды да «азаттық жолындағы абыройлы істе бірге болайық» деп, қасына ерткені ел жадында. Са­дық өз жасақтарымен генерал Н.А.Кры­жановскийдің әскерінен Оратөбе мен Жызақты ұзақ қорғап тұра алмайды (1866 жылғы 23 қыркүйек-18 қазан аралығында), әйтсе де, 28 қазанға дей­ін бұл қалалар маңында соғыс қимылын жалғастыра береді.

1867 жылғы 3 мамырда Жаңа­да­рияның сол жағасына Бұхар жақ­тан Садық сұлтан және Пірәлі би бастаған 800 сарбаз келеді. Бұ­лар­ға қарсы №1 форттан есаул Г.Анчоковтің (Ончеков) рота­сы шығады. Қазалыдан 143 шақы­рым­дай жердегі Сарбұлақтың маңай­ында 7-9 мамырда екі жақтың қа­тысуымен үлкен шайқас өтеді. Үш күнге созылған ұрыста Садықтың жасағынан – 22, ал орыс әскерлерінен 60-тан астам адам қаза табады. Ресейліктердің 18-і ғана тірі қалғаны туралы да мәліметтер бар. Садық сұлтан мен Пірәлі би жағында Түбекбай батыр,Алмас Пірәліұлы, т.б. сарбаздар соғысады. Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының 1902 жылы қартайып, шау тартқанЖолайАлмасбиге:

…Садықтың «Сарбұлақта»

ұрысында,

Көрсеттің қандай(!!!)

қайрат-жүрегіңді.

Дұшпанды жөңкілтіпсің

қойдай қуып,

Ақырып айбатпенен түсің суып…

* * *

…Садықтан алған жүлде

арыстан ең,

Толтырған
домалатып

алдын басқа,

– деп айтқаны,
бұны дәлелдей тү­сетіні хақ.

Перовскіден
Қазалыға қосымша орыс әскері жіберілгеннен хабардар болған Садықтың Бұхар иелігіне
қайтып, Жызақтағы орыс әскерімен шайқасқа түсіп, оларды шегінуге мәж­бүрлегені
ұлтымыздың соғыс шежіресіне алтын әріптермен жазы­луға әбден лайықты.

Гришин деген
шенеуніктің Сыр­дария облысының әскери губер­наторына 1868 жылғы 10 сәуірде тү­сірген
мәлімдемесінде: «1868 жы­лы 1-сәуірде Сұлтан Садық Кене­сариннің
басшылығымен Бұхарадан Нұрата қамалына
1000 сарбаз келді. Осы жерде оған
Пірәлі бастаған билер өздеріне сұлтан болуға ұсыныс жасады» делінеді.

Самарқанд үшін шайқасқа Бұхар әскері
құрамында Садық жасақтары да қатысады, бірақ қаруы басым генерал К.П.Кауфман
әскері 1868 жылғы 1 мамырда қаланы алып, Қат­тақорғанға беттейді (30 мамырда).
Ал­­дынан шыққан бұхарлықтар зұл­­­мат күшке төтеп бере алмай, бет-бетіне
бытырай жөнеледі. Қаш­­қандарды өкшелей түсу қай ұрыс­тың да заңдылығы.
Табыстарын есе­лей түспек болып, қатары шұ­ба­­лып кеткен ресейліктерге Са­дық
өз жігіттерімен кенеттен бір бүйірден тиісіп, 70 солдатын өлті­реді.
Отарлаушылардың аман қал­ған­дары негізгі күштеріне қарай бас сауғалайды.
Бірақ, жеңіс қуа­нышы ұзаққа созылмай, 2 мау­сымда Зеребұлақ жотасында ойсы­рай
же­ңілуі салдарынан Абдул Мұ­заф­фар хан Ресей протекторатын қа­был­дайды.
Бұхарлықтар қол қойған бітімді сатқындық деп бағалаған Садық 16 тамызда
Кермене, Нұрата, Жызақты басып алады және бұл қа­лаларға бек етіп Түбекбай,
Темір­бай, Еспенбет батырларды тағайындайды.

Жызақ уезi
бастығының Сыр­да­рия облысының әскери губер­наторына 1868 жылы 9 қыркүйекте
жазған хатында Садық пен Назардың 500 кiсiлiк қолмен Нұрата тауының етегiнде орыс отрядын талқандағаны мәлiмделедi.
Ресейліктерден қолдау алған Бұхар әмірі Садыққа қарсы бес мың сарбаз бен сегіз
мың атты әскер жібереді. Жазалауға жіберілген бұл қосын Садықтың даңқынан қорқып, дереу оның
әскеріне қосылса да шынайы беріле қоймайғанын
уақыт көрсетті. Олардың 1868 жылғы 13 қыркүйекте Зеравшан өзені бойында Бұхар
әмірі әскерімен болған сұра­пыл шайқаста майдан алаңынан қашып кетуі
нәтижесінде Садық қолы жеңіліс табады.

Боқантауда үш ай
жатып, со­ғыс­та алған жарақаттарынан жазыл­ған Садық Хиуа ханына барады. Мұ­хамед Рахим хан Түркістан өлке­сі
халқының алдында айрықша бе­делге ие болған табанды күрес­керге Сырдарияның сол
жағалауын қоныстанған қазақтарға басшылық жасауды жүктейді. 1870 жылғы ақ­пан-наурыз
айларында азық-түлік қорын толықтыру мақсатында Садық сарбаздарымен
Жаңадарияның аяқ жағында орналасқан Ақшатеңіз кө­лі­нің маңындағы, Еркебай
шатқа­лындағы ауылдарды аралап, Дәуқара арқылы кері қайтады. Генерал-адъю­тант
К.П.Кауфманның аталған тұстағы мәліметтерінен Перовскі мен Қазалыдағы Ресей
әскерилерінің біраз дүрліккенін анық
байқаймыз.

1873 жылы
көктемде Ресей әске­рі жан-жақтан Хиуаны жаулауға ат­танған кезде Хиуа ханы
Садықтың 700 сарбазына түрікмендерден құрал­ған 500 адамдық жасақты қосып,
Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кау­ф­­манға қарсы қояды. Са­дықтың жасақтары
наурыз-сәуір айларында Ташкенттен шыққан бұл әскердің жолын торуылдауды жүзеге асырады. Адамқырылған деген жерде (6 мамырда) Садық
450 сарбазымен генерал-майор Н.Ф.Бардовскийдің ко­лоннасына соққы береді. Ресей­ліктердің
оғынан біраз адамы опат болған ол шегініп, Үшошақта 11 ма­мырда отарлаушылармен
кезекті рет қақтығысады.

Кавказдық (басшысы-полковник Н.П.Ломакин) және
орынборлық (қол­­басшысы генерал-лейтенант Н.А.Ве­ревкин) әскери құрамалармен
біріккен Кауфманның армиясы 29 мамырда
Үргеніш қаласын шайқассыз алады. Ханның жігерсіздігінен тү­ңілген Садық өз
күресін Қашқарға барып жалғастыруды көздейді. Ол Мерв–Герат–Балх–Бадахшан–Қаш­қар
бағытымен жүріп өтіп, 1874 жылы Шығыс Түркістан би­леу­шiсi Жақыпбекті
паналайды. Ондағы бейбіт тіршілігі небәрі екі жылға да жетпейді. Қашқарияға Цин
импе­риясының экспансиясы бас­­талған кезде Садық төре қолына ойланбай қару
алады. Өйткені, ірі державалар ұстанған отарлау сын­ды қанқұйлы саясатқа
жан-тәнімен қарсы қайсар тұлғаның басқаша қадамға баруы мүмкін емес-ті. Қытай шеріктерімен өткен көп шайқастың
бірінде Садық сол қолынан ауыр жарақат алса да сыр білдірмей, ұрысты шеріктердің беті қайтқанша басқара береді.
Бірақ, қанша қарсыласса да саны орасан зор, әскери әлеуеті одан да мықты
жатжұрттық басқыншының ақыры алмай қоймасына көзі жеткен Садық енді өзінің
барар жер, басар тауы қалмағанын да айқын бағамдайды. Жарақаты жанына батқан
есіл ер 1877 жылы күзде Ферғана облысындағы шекарадан өтіп, 1878 жылғы 10 ақпанда
Ош қаласына келеді. Жеті ай бойы алған емнен жарақаты жазыла салысымен,
Ташкентке жеткізілген оған (жасы 41-дегі кезі) патша үкiметiнің рақымшылық
пәрмені оқылады. Қолға түскен немесе өз еркімен берілген антына адал, сертіне
берік, қайсар батырларға дұшпан бол­са да құрмет көрсету, олардың ғажайып ерліктерінен сарбаздарын үлгі алуға үйрету дәстүрі қай кез­ден бар. Бұл –
бір. Екінші жақтан, қарсыласына кешірім беру арқылы отарлаушы ел басқа
көтерілісшілерге немесе қарсыластарға
өзінің беделін, тартымдылығын, мейірбандығын жар­на­малайды. Ал, бұл
түпкі мақ­сатқа шығынсыз жетудің ұтымды
тәсілдерінің бірі.

Садық төре
мекендеуге Сырдария облысының Шымкент уезіндегі Хан­­қорған маңын қош көреді. Баба­­лары тұрған осынау қасиетті
ме­кенде мәңгілік сапарға аттанады. Қо­лымыз жеткен материалдарды саралау біраз
нәрсенің басын аш­қан­дай. Ең бастысы, текті тұлға өмірінің соңғы сәтіне дейін
кейбір қан­дастарымыз сияқты вассалдық не­месе коллаборционизм дертіне ұрын­баған
сыңайлы. Садықтың өз ау­зынан жазып алынды делінген естеліктерде әлі тірі
бірде-бір қа­ру­­ласының есімі аталмайды, тек атаулы оқиғаларды баяндау ба­ры­­сында
көзі жоқ жақтастары ту­ра­лы аз-кем мағлұмат келтіріп ке­теді. Және айтпағымыз:
Соғыс қи­мылдары кезінде сарбаздарының өмі­рін сақтау мәселесін ерекше назарда
ұстағаны аңғарылады. Ал, адами ресурстарын сарқылмастай көрген Орта Азия
хандары мен қолбасшыларының ойына бұл тіпті де келмегенге ұқсайды. Отыз жылдан
астам ғұмырын тұрақты ресми бақылауда өткізген Садық әкімшілік рұқсатымен басқа
өңірлердегі жа­қын-жуықтарына барып-қай­туға мүм­кіндік алып отырады. Дерек­тер­ден Арқа жаққа, Шу бойына, Сыр өңі­ріне барғаны
көрінеді. Әсіресе, ат үстіндегі өмірінде елеулі із қал­дырған Қызылқұмға
сапарының жай-жапсары ұрпақтан ұрпаққа же­­тіп отыр. Таратып айтсақ, 1890-шы
жылдардың басында Садық тө­ре Қызылқұмға өзіне алты жыл серік болған, жасы
үлкен Түбекбай батырды (1930-1902 жж.)
іздеп ке­ле­ді. Жиырма күн қонақ болып, әскери даңқын шығарған жерлерді әбден
аралайды. Садықтың Қашқар қаласын қорғау кезінде оқ тиген сол қолының баланың
білегіндей болып қалғанын көрген Батыр, әлгі жарақат орнын, «періште сүйсе
жазылып кетер» деп ырымдап, өзінің баласы Шахизатқа (1891-1969жж.) сүйгізеді.
Түбекбай Садықтың алдына төрт түлік мал
салып, екі күндік жерге шығарып салады.

Садық
Кенесарыұлының өмірін және қайраткерлік жолын зерделеу келесідей қорытындылар
мен тұжы­рымдарды жасауға негіз болды:

– Ресей
отарлаушыларына қарсы он жылдан астам үздіксіз күресіп, әскери әлеуетіне елеулі шығын кел­тірген
ондай тұлға ұлт-азаттық қоз­ғалыс тарихында санаулы;

– Арнайы әскери
білімі болмаса да академия бітіріп,
басқыншылық жорықтарда шыңдалған патша гене­ралдарымен майдан алаңында тере­зесі
тең деңгейде шайқасып, соғыс өнеріне жетіктігін сан мәрте паш еткен ірі
қолбасшы;

– Отандық әскери академиялар мен институттар,
жоғары оқу орын­дары, колледждер мен мектептердегі білімді де білікті жастарды
тәрбиелеу және өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру ісінде Садық Кенесарыұлының ұлт-азаттық
қозғалысына қосқан үлесі, соғыс барысындағы әскери іс-қимыл тактикасы, жеке
каһармандығы ту­ра­лы қолда бар материалдарды пайда­лану қажеттігі әлдеқашан
пісіп-жетілген мәселе;

– Садық
Кенесарыұлының та­ри­хи және әскери мұрасы өз зерт­теушілері мен насихатшыларын
кү­­тіп жатыр. Ұлтымыздың дара тұл­ғасына қатысты тың деректер, жаңаша
пайымдауға зәру ғылыми айналымдағы
еңбектер көптеген жарияланымға, диссертациялар мен монографияларға негіз
болатыны айқын.

Қали ОМАРОВ,

ҚР
тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз