САДЫҚБЕК САЛҒАН СОҚПАҚ

44

0

Сыр өңіріндегі білімнің қарашаңырағы, ғылым мен озық технологиялар орталығы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті екенін бәріміз білеміз.
Қазіргі кездегі 70-80 жасты еңсергендер осы оқу орнының бір кездегі жас түлектері еді. Сол түлектердің қатарындағы Садықбек Хангелдин – Сыр өңіріне ғана емес, күллі елімізге белгілі есімдердің бірі.
Садықбек 1938 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1961 жылы Қызылорда педагогикалық институтын, 1969 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
1959 жылдан Қызылорда облыстық радиосының дикторы, 1962 жылдан Қызылорда облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, идеология жөніндегі хатшысы, Қызылорда қалалық комсомол комитетінің 1-хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің насихат және мәдени-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі болды.
1974 жылдан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде қызмет етті.   1979 жылдан Қазақ КСР халықтық бақылау комитетінің ғылым-білім және мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1991 жылдан Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті кадр басқармасының бастығы, Алматы облыстық және қалалық радиосының бас редакторы, 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік қаржы бақылау комитеті кадр басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
Осының өзінен-ақ, бір азаматтың арқасындағы нар көтерер жүктің салмағы сезіледі. Мемлекет қызметтерін атқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық өсіп-өрлеуіне сіңірген еңбегі өз алдына, Садықбек ең біріншіден халыққа табиғи талантымен, ақындық бейнесімен танылған тұлға. Оның әр жылдары жарық көрген «Шапақты шақ», «Уақыт сазы», «Сенім» аталатын жыр жинақтары оқырманның қолдан да, жүректен де өткізген бағалы дүниелер болды.
Садықбектің балалық шағы базарсыз, ойынсыз өткен балалық. Өзінің мына бір естелігіне көз салып көрейік: «…Дәметкен апай бірінші сабаққа келді де «Жетім қалдық қой, оқушылар» – деп жылап жіберді. Біз де қосыла жыладық. «Енді қалай күн көрмекпіз. Қараңғылық орнайды немесе қалың қол жау келіп шауып кете ме?» – деп ойладық.  Күн өтті, апта өтті, бұрынғыдай мектепке келеміз, жаңа соғыс басталмады. Есімде қалған бір жайт, үйге келіп, Байнияз әкеме «Сталин өліп қалыпты» деп жыладым. «Әлдеқашан өлу керек еді» деп әкем қойып қалды. Күн көсемге мұндай сөз айтылар деп кім ойлаған? Сөйтсем, әкемнің он жыл жер ауып келгені сол «күн көсемнің» арқасы екен ғой…»
Осы естеліктің өзі Садықбектің қандай ауыр заманның зарын тартқанын көрсетіп тұр. Бірақ, ол жасынан өлең-сөзге зерек, зейінді болып өскен.
Мен оны студент кезімнен білемін. Екеуміз бір факультеттің түлегіміз, бірақ ол менен жоғары курста оқыды. Сәкең институтта кәсіподақ комитетіне мүше болып, ғылыми жұмыспен айналысатын студенттерге басшылық жасады. Студент тұрмысының шешіле бермейтін түйткілді мәселелері жөнінде «Педагог» газетіне әзіл өлеңдер жазып тұратын.
Сол кезде облыстық радио дикторлық жұмысқа конкурс жариялаған еді. Мен сол конкурсқа қатысып, жеңіп шыққанмын. Сөйтіп, сабақ арасында радио хабарларында сөйлеп тұрамын. Баспасөз құралдары қатарында радионың беделі өте жоғары болатын. Қала да, дала да радионы үзбей тыңдайтын бір заман еді. Аз уақыттың ішінде менің даусым да, аты-жөнім де күллі аймаққа белгілі болып қалды. Садықбек те хабардар болыпты, бір күні ол менің қалайша радио дикторы болып жүргенімді сұрады. Сұрауында әрі таңданыс, әрі ризашылық білініп тұрды. Мен соны сезе қойып: «Диктор болғыңыз келсе, бағыңызды сынап көруге болады» дедім. Шынында радиоға ер дауысты диктор керек еді. Менің осы сөзім себеп болып, Сәкең радиоға келіп, сыннан өтіп, диктор болды.
Садықбек өзінің 2006 жылы жарық көрген «Құбыла» деп аталатын естелік кітабында осы оқиға жөнінде суреттей жазыпты.
Сәкең облыстық радиода қызмет етіп жүріп, сырбойылық шығармашыл жастардың жұмысына көп көңіл аударды. Сол кездегі Асқар Тоқмағанбетов басқаратын Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінің жұмысын жандандыруға да жан-жақты атсалысты. Бүгінгі аты алты Алашқа белгілі ақын-жазушылар А.Мекебаев, О.Сәрсенбаев, А.Сопыбеков, Ә.Рахымбекұлы, М.Әміреев, М.Сарикова, Н.Лушникова, Д.Досжанов, Ө.Күмісбаев, Ө.Жаппарханов – Асекеңнің армиясы секілді айтқан жерден табылып, апта сайын жазғандарын өзара талқыласып жататын. Садықбек солардың басы-қасында жүрді.
1962 жылы облыстық комсомол комитетіне қызметке шақырылған Садықбек Қызылорда қаласында стадион салу ісіне, Ғ.Мұратбаевқа ескерткіш орнату бастамасына белсенділік танытты. Ол қашан көрсең де қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын.
Жиырма жылға жуық уақытын жастар өмірімен байланыстырған Сәкең Қазақстан ОК қарамағына барған соң да елдік, халықтық тұрғыдағы мәселелерге ой салды. Қайраткерлік қасиеті, кісілік келбеті айқындала түсті. Ол ойлары Сәкеңнің жүрекжарды жырларынан анық байқалады.
Сырда жүріп, нұрындай шығар күннің,
Ықыласын елімнің тұмар қылдым.
Алатау боп кеудемде жүр бейнесі,
Ұлы көштей шұбалған шұбар құмның, – осы төрт аяғын тең басқан төрт қатардың өзінде-ақ Сәкеңнің туған жерге деген перзенттік борышын сезінуі, сүйіспеншілігі менмұндалап тұр.
Айта берсек, кеудемізді сағынышымыз сыздатып шыдас берместей екен. Шүкір, оттың басында балаларының алтын діңгегі болып Алтын замандасымыз отыр.
Еңселі ел болам десең, ағайын,
Сыйға бөлеп жүрсін десең, маңайың.
Қазақшалап тақпақ айтып ауылың,
Қазақшалап сайрап тұрсын сарайың, – деп Садықбек ақынның өлеңге салған соқпағында халықтың өлмес мұрасы, өшпес мирасы боларлық байлық жатқанын бүгінгі ұрпақ естен шығармауы тиіс.

Жұмакүл ҚҰДИЯРОВА,
Халық ағарту ісінің озық қызметкері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз