«СОПЫ ӘЗИЗ ПІР»

172

0

тарихи шындық және көркемдік шешім

Қазақ
тарихындағы ХVII-XVIII ғасырлар – халықтың алуан түрлі қиын-қыстау жағдайларын
басынан өткізген кезеңі. Қазақ хандығы мемлекетін көрнекті тұлғалардың басқаруы
кезіндегі материалдық және рухани мәдениет салалары бойынша нығаюы, қуаттануы
да жүзеге асырылды. Ежелгі Тұран, Алаш жұртының атамекендерін, ата қоныстарын
тұтастандыра Қазақ хандығы мемлекетінің туының астында біріктіре нығайту,
өркендету – өте күрделі саяси-әкімшілік басқару ісі. Бұл кезеңде, яғни
XVII-XVIII ғасырлардағы Қа­зақ хандығының
сақталып қа­луы халықтың қайраткер тұлға­лары би-шешендердің, ислам діні
абыздарының, халық батырларының қызметі арқылы жүзеге асты. Тәуке хан (
1680-1718) басқарған кезеңі Қазақ
хандығы мемлекеттілігінің нығаюында халық қалаулылары болған тұлғаларды
мемлекеттік істерге тартуы – ұлттық мемлекеттіліктің әуелгі нығаю іргетасының
беріктігін қалыптастырды. Қазақ тарихының қазіргі жаңашыл зерттеулері де осы
кезең шындығын ғылыми дәйектейді: «Тәуке ханның өзіне дейінгілерден айырмашылығы – хандықтағы ерекше әлеуметтік
топты құрайтын, дала ақсүйектерінің өкілі билердің көмегімен өзінің үстемдігін
нығайтуға тырысты. Дәстүрлі қазақ қоғамында билерге ерекше маңыз берілді.
Билердің шаруашылық, әдетті құқық, әскери және идеологиялық міндеттерді
атқаруда ерекше рөлі болды. Алайда, олар Шыңғыс ұрпақтарына жатпайтын еді.
Төңірегіне беделді билерді топтастырған Тәуке «Билер кеңесінің» қолдауына
сүйене отырып, хан билігіне ашық түрде қарсы шығушы Шыңғыс ұрпақтарына қарсы күрес
жүргізді. Билер кеңесі халықтың айтуынша Тәуке ханға дейін, аңызға айналған
Майқы би заманында-ақ белгілі болған. Билер мәжілісі ерекше жағдайларда, аса
маңызды мәселелерді шешуге ғана шақырылған. Билер кеңесінің қызметін ретке
келтіруде Тәуке бірқатар шаралар қабылдады. Ол билер съезінің өтетін жері мен
уақытын белгіледі. Ханның маңызды билік жүйесі болып табылатын «Билер кеңесі»
әрдайым Тәуке ханның белгілі бір ордасында: Түркістан қаласы жанындағы
Битөбеде, Сайрам қаласының маңындағы Мартөбеде және Сырдария облысының Ангрен
қаласына жақын жердегі Күлтөбеде өткізілген.

…Тәуке хан билігінің бір бөлігін
беру жолымен ықпалды билерді мемлекеттік істерге тартуға бағытталған саясат
ұстанды. Ол қазақтың үш жүзінің ең беделді билерінің қатысуымен «Билер кеңесін»
сәтті ұйымдастырып отырды. Ұлы Жүзде Төле бидің, Орта Жүзде Қазыбек бидің, Кіші
Жүзде Әйтеке бидің беделі ерекше болды. Олардың даналығы мен кемеңгерлігі ойрат
жаулап алушыларына қарсы қазақ халқының күшін біріктіруге, сондай-ақ хандықты
ауыр сындардан алып өтуге бағытталды» (Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге
дейін). Бес томдық. 2-том.-Алматы: Атамұра, 2010.-640б.; 435-б.).

Қазақ тарихының осы кезеңіне арналған
талай тарихи туындылар бар. Қазақ поэзиясындағы та­ри­хи өлең-жырлардан, дас­тан­дардан
бастап, проза­лық туын­ды­лардың (әңгіме, повесть, ро­ман) жазылғандығы мәлім.
Сонымен бір­ге, тарихи-мәдени танымдық, ғылы­­ми-зерттеу, оқу-әдістемелік
еңбектерде (мақалаларда, моногра­фияларда, оқулық­тар­да, оқу құралдарында) де
осы кезеңнің оқиғалары, тарихи тұлғалары туралы үздіксіз жазылуда. Бұл орайда,
Қазақ та­рихының XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы
кезеңіндегі тарихи кезеңге және ондағы көрнекті қайраткерлерге арналған жазушы
Бегімбай Ұзақбаевтың «Сопы Әзиз пір» тарихи романын да айтамыз. Тарихи
деректерге негізделе отырып, Қазақ тари­хындағы күрделі оқиғалар орын ал­ған
кезең шындығын шығармашылық көр­кем­дік шешіммен қамтыған эпикалық шы­ғарманың
қазіргі уақыттағы «Тарих тол­қынындағы халық» атауымен жаңаша қарастырылып
жатқан мемлекеттік бағ­дар­лама аясындағы өзіндік маңызы айқындалады.

Тарихи шығарманың идеялық-компо­зициялық
желісінде мынадай бөліктер саралана байқалады: біріншісі – XVIII ға­сырдағы
Қазақ хандығын басқару жүйе­сіндегі «Билер кеңесі» ықпалының қай­раткер би-шешендердің (Төле би
Әлібек­ұлы, Қазыбек би Келдібекұлы, Әйтеке би Бәйбекұлы), батырларының,
ақын-жырауларының (Қожаберген жырау Толыбайұлы, Жәдік батыр, Тасым батыр,
т.б.), – Ислам дінінің ағартушы-оқымыстылары (Әнет баба, имам Ахтан, Айтқожа,
Шортанбайқожа, Мүсірәлі, Күнқожа, Бекқожа, Абдулла қожа, Ер Сейтімбет,
Мағзаман, Соқыр абыз, Мәжі, Майлы, Болпыш, т.б.) – шығарманың
сюжеттік-композициялық желісінде авторлық баяндаулар, кейіпкерлердің диалогтары
арқылы танылады.

Тарихи шығарманың құры­лы­сындағы
бірнеше сюжет­тік бө­ліктердің идеялық-ком­пози­ция­­лық бірлікті құрауымен
ерек­ше­ленеді: біріншісі – Қазақ хандығы­ның Бас ханын және хандықтың Бас пі­рін
сайлау; екіншісі – Қазақ хандығына басқыншылық жорығын жасаған жоңғар қал­мақтарына
қарсы күрескен Отан соғы­сының сипаты. Осы арада қазіргі жаңа энциклопедиялық
анық­тамалықтардағы тың дерекна­ма­лық-тарихнамалық пікір­лер­ді дәйек­темелік
негіз етеміз: «Мүсірәлі Жәдікұлы, Әжіқожа Мүсірәлі сопы әзиз (17ғ.-дың екінші
жартысы – 18ғ.-дың басы) – Үш Жүздің пірі, діни қайраткер, әулие. Керейт руынан
шыққан діндар, сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары
Керейтқожа аталып кеткен. 1680 ж. Күлтөбеде Тәукені хан сайлағаннан кейін қазақ
билері Мүсірәліні Үш Жүзге ортақ Пір етіп
жариялайды. Есіміне Сопы Әзиз атағы қосылады. Мүсірәлі қазақ халқының
әдет-жосындарының жиын­тығы «Жеті жарғыны» әзір­леуге қатысты» деген деректер
кездеседі. Мүсірәлінің 6 баласының бірі Қосымқожа да, оның ұлы Әбужәлел де пір
болған» (Сыр Елі Қызылорда облысы: Энциклопедия/ Бас редактор
Б.Ғ.Аяған.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС, 2005.-544б.; 382-б.).

Тарихи шығарманың түр­тұл­ғалық бас
кейіпкері Мүсірәлі сопы Әзиздің Әйтеке бидің таңдау-қалауымен Үргеніштегі
мешіт-медресенің бас имамы Ахтанның мың шәкірттерінің арасынан танылып («Бұл
баланың басында шырақ үзілмей жанып тұрды. Екі иығында екі жолбарыс тұр екен»)
елге ертіп келуі, жас шәкірттің елге келісімен халық арасында
ағартушылық-ақылшылық қызмет жасағаны, мешіттер салдырып, Ислам дінінің
ағартушылық ықпалын кеңінен насихаттағаны баяндал­ған. Тарихи деректе
айтылғандай Қазақ хандығының Бас Пірі болып сайланады.

Шығарма сюже­ті­нің шиеленісті сә­тін­дегі
Бас Пірді сай­лау сынағына ар­нал­ған эпизодтағы іс-әрекеттерде кейіп­кер­лердің
диалогтары да шығарма шешімінің логикалық үйлесімін байқатады. Үш Жүздің Пірін
сайлау сынағы Хан Кеңесінің жиынындағы Сасық бидің айтуымен жарияланады. «Жат
адам елге келсе», әуелі төрт тіреуіңді айт!»-дейді. – «Пірің кім, биің кім,
батырың кім, мырзаң кім?!» деп сұраса, кідіріп, жалтақтайтынымыз шын. Хандар,
ұлыстар, жүздер – Пір ұстаған. Пір – тек мал-жанның, табиғаттың ғажайып сыншысы
ғана емес, болашақты болжап айта алатын, аузы дуалы сәуегей. Қолында Құраны,
бойында иманы бар, аузы да, пиғылы да таза жан. Хан жанында отыратын Үш Жүздің
Пірі керек» (Аталған кітап, 47-бет). Тарихи деректі эпикалық шығарманың осы
сюжеттік шиеленісті эпизодындағы сайысқа Ұлы Жүзден – Айқожа, Ер Сейтімбет,
Орта Жүзден Мағзаман, Шортанбайқожа, Кіші Жүзден – Мүсірәлі, Қарақалпақтан
Күнқожа, қырғыздан Бекқожа, өзбектен Абдулла қожа қатысады. Осы сайыстағы
алғашқы үш сынақта (біріншісі – буаз қашардың ішіндегі бұзаудың құйрығының ұшы
ақ екендігін білуі; екіншісі – жанып тұрған оттың ішіне отырып, еш жерінің отқа
шалдықпай аман шыққаны; үшіншісі – өлген адамдармен тілдесу рәсімінде де жеті
өлікпен сөйлесе алғандығы) үздік шыққан ол бірден нағыз әулие екендігін
дәлелдейді.

Хан кеңесінің сұрақ-сыны бөлімінде де
Мүсірәлінің Жаратушы Алла құдіреті сыйлаған даналығы, тапқыштығы дәлелденеді.
Сұрақ-сынақты Әнет баба жүргізеді. Қойылған сұрақтар да, Мүсірәлінің қайтарған
жауаптары да халық жадында сақталған ақиқат пен аңыз тұтастығымен берілгенін
оқимыз.

Бірінші сұрақ: – Адам баласы байлық
пен әділдіктің рахатына кенелуге қашан жетеді? Мүсірәлінің жауабы: – Мәңгі рахат
өмірге Хақ Тағала деңгейіне оралғанда жетеді. Ол – мәңгілік тыныштыққа кенелу.
Екінші сұрақ: – «Құдай» деген сөз қай халықтың тілінен алынған? Мүсірәлінің
жауабы : – «Құдай» деген парсының «Кула» деген сөзінен шыққан. Үшінші сұрақ: –
Мәңгілік бұзылмайтын, әлсіремейтін күш бар ма? Мүсірәлінің жауабы: – Бар. Ол –
Құдайдың құдіреті. Оның жолы құдіреті, еш уақытта өзгермейді. Әл­сі­ремейді де,
бұзылмайды да. Төртінші сұрақ: – Қожаберген жы­рау­дың омы­рауынан алған,
орамалына түйіл­ген бір уыс топырақтың қай жерден екенін табу. Мүсірәлінің
жауабы: «Нұр-Ата әулие-қабірінің басындағы ағып тұрған мөлдір бұлақтың балшығы»
(Аталған кітап, 52-б.).

Тарихнамалық-дерекнамалық си­па­ты
мен халық аңыздары, ауызша әңгімелер тұтастығымен жазылған осы туындыдағы
маңызды мәселе – Мүсірәлі Сопы Әзиз Жәдікұлының Қазақ хандығы мемлекеттілігін
сақ­тау, нығайту жолындағы елдік, ерлік, азаматтық-отаншылдық рух­та­ғы
қайраткерлік – абыздың қызме­тінің қамтылуы.
Қазақ хандығының Бас Ордасында Әз-Тәукенің діни-кеңесшісі Үш Жүздің
билерінің, батырларының, көрнекті халық өкіл­дерінің, бүкіл халықтың Бас Пірі
қызметі шығарма желісінде дәйектеле көрсетілген. Шығармада Мүсірәлінің
кескін-келбеті («Ұзын бойлы, ат жақты, аққұбаша, қырма мұрт, сүп-сүйкімді шоқша
сақалы қонып үйлесіп, одан сайын шырайландырып ашып көрсетеді»),
қоғамдық-әлеуметтік ортадағы қай­рат­керлік-ақылмандық мінез-құлық ерекшелігі
көркемдік сипаты­мен ерек­шеленеді. Әсіресе, жоңғар қал­мақ­тарының қонтайшысы
Қал­дан Церен мен Қазақ хандығы арасындағы келісім, өзара татулық іс-шаралары
да осы кезде жүзеге асырылады. Әсіресе, қалмақтың Шұғылай тармағынан тарайтын
Қалдан Цереннің ең кенже қызы Мариямның Мүсірәлі Сопы Әзизге ұзатылғаны,
ұрпақтары араласатын қазақ-қалмақ тұқымдастығының елеулі өнегесі ретінде
түсіндірілген.

Қожаберген жырау Толыбай­ұлы – Қазақ
хандығын Жоңғар басқын­шы­лары қырғынға, босқыншылыққа ұшыратқан кезеңін
халқымызбен бір­ге көрген батыр
жырау. Қаламгер Бегімбай
Ұзақбаевтың «Сопы Әзиз Пір» романында да Жоңғар қал­мақ­тарының қырғынына қарсы
халық күресін ұйымдастырғандар қатарында жыраудың болғаны, сол қанды қырғынды,
қасіретті кезең шындығын өзінің туындысында жырлағанын Қазақ тарихына ар­налған
қазіргі заманғы тарихтану да атап көрсетеді:

Сөз арқауындағы тарихи шы­ғар­мада
автор Қожабергеннің мұсыл­манша оқымыстылығын, батыр­лы­ғын, саясаткерлігін,
ақындығын, жыршылығын, серілігін айта келе, оның ататек-әулет жүйесін де оқыр­ман
назарына ұсынған: «Әкесі Толыбай – Жалаңтөс баһадүрдің ту­ған жиені, Жамал
қарындасынан туған. Әйелі Айша – он екі ата Бай­ұлының әрі батыры, әрі биі есен­темір
рулы Қобыланның қы­зы. Жасы келіп қалса да, білім-түй­­сі­гінің мықтылығымен
хан ордасындағының бар қағазын реттеп отырған осы кісі. Талайларға ақылман
болғанын да жасырмайды. Үш жүздің атақты билері де алдын орап кете алмайды»
(Б.Ұзақбаев. Сопы Әзиз Пір… 105-б.).

Шығармада 82 жас өмір сүр­ген
Мүсірәлі Сопы Әзиздің Әз-Тәу­ке хан дүниеден өткеннен кейін де Ислам
ағартушылығы жұмыстарын үзбей жүргізгені баяндалған. Шығармадағы кезекті
сюжеттің желілерде Мүсірәлінің Ислам дінінің ағартушылық-танымдық мұраларын,
оның ішінде – (Рабғузидың «Қиссасул әнбия» сынды іргелі мұраларды, Баба түкті
Шашты Әзиз әулие пірін насихаттағаны айтылған. Сөз арқауындағы Қазақ хандығы
мемлекетінің тұңғыш Ата Заңы Әз-Тәукенің «Жеті жарғысын» жасауға да
атсалысқанын оқимыз.

Тарихи деректер шындығы мен халықтық
аңыз мифологиялық сипаттар тұтастығымен жазылған шығарманың тәлім-тәрбиелік,
эстети­калық әсері анық. Қаламгер Ұ.Бегімбаевтың Мүсірәлі Сопы Әзиз ұрпақтары
туралы деректері – шежірелік-анықтамалық құнды­лығымен маңызды: «Сопы Әзиз
пірдің бәйбішісінен Сүгірәлі, Дербісәлі, Маханбет деген ұлдар мен Бөпе, Айша,
Сұлкен деген қыздар, ортаншы әйелінен Сауранбай, Дос, тоқалы қалмақ қызы –
Мариямнан Сарықыз бен Қосым туған» (Аталған кітап, 213-бет).

Қаламгер эпикалық тарихи туындыда­ғы
тарихи деректі оқиғалар, тұлғалар өмір
сүрген дәуірдегі географиялық-топо­ними­калық атауларды да, кейіпкерлердің
диалогтарын да авторлық баяндауларын да уақытына сәйкестендіре жазған. Көрнекті
тарихи тұлғалармен бірге, аймақтарына, ауылдарына танымал ататек-әулет
жүйесіндегі адам­дарды да сюжеттік бөліктерге үйлесімді түрде қатыстырған.
Әсіресе, би-шешендердің толға­ныс­ты
сөздерінің афоризмдік фра­зеологиялық бейнелі мағыналы өрі­лімдерін де, кейде
халық дана­лығының үлгілері мақалдар мен мәтелдерді де орынды пайдаланған.

Тұтастай алғанда, жазушы Бегімбай
Ұзақбаевтың «Сопы Әзиз Пір» тарихи романы – қазақ халқының белгілі бір тарихи
кезеңінің келбетін, ондағы ұрпақтар жадында жағымды боп орын алған тұлғалар
тағылымын танытуға арналған игі талпы­ныстың жемісі.

Қорыта айтқанда, тарих тол­қы­нындағы
өзіндік болмы­сын сақтай Тәуелсіздік жағалауына жеткен хал­қымыздың ардақта­ған,
аңызға ай­нал­дырған тұлғаларымызды ұлық­тау жолы игі істерімізбен жалғаса
бергей.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

Абай атындағы Қазақ
ұлттық педагогикалық университетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының
меңгерушісі, филология ғылымдарының
докторы, профессор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз