СОҢҒЫ САПАРЫ ЕДІ

5

0

Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, аймақтағы ең ірі шаралардың бірі – Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайы еді. Бұл 1992 жылы 2 қазанда өткізілді.  Ол кезде Түркияда аккредитацияға тіркелген Қазақ журналисі ретінде мен Стамбулдағы қазақтармен бірге келіп, жиынға қатыстым. Алматыға келген алғаш сапарда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың үйіне барып сәлем бердік. Келген қонақтардың ішінде Құранды алғаш қазақ тіліне аударған Халифа Алтай, Қытайда Чан Кай Ши армиясының полковнигі Дәлелхан Жаналтай, қазақ диаспорасы өкілдігінің төрағасы Мұхамед Қылыш, атақты таеквондошы Мұстафа Өзтүрік, Стамбулдағы ғалым Әбдіоқап Қара, Шүкіролла қажы, Мансұр Тәйжі, Тоқтаубай Топлы, Фазыл Топлы, Шахмансұр Деңізлі, т.б. алыстағы ағайындар болды. Димаш Ахметұлы емін-еркін сөйлесті. Дастархан жайды. Сол кезде тағы телекамераны алып, сұхбаттар жүргіздім. Түркияның газеттеріне фото-суреттер бердім. Бір аптадан соң Д.Қонаев Түркияға арнайы сапармен келді.
Дінмұхамед Қонаев 1992 жылдың 11 қазанында Түркияда Стамбул қаласында болды. Ол кезде шетелде аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисі – Қазақ телевизиясы мен радиосының Түркиядағы арнайы тілшісі, сондай-ақ Стамбулдағы қазақ бас консулы, дипломат қызметіне кірістім. Сондағы жергілікті қазақ диаспорасы өкілдігімен кездесуін өткізуге себепкер болып, ұйымдастыруына тікелей атсалыстым.
Сол ағайындармен кездесуде Димаш аға: «Енді тәуелсіз ел болдық, әрине, Алла тағаланың қолдауымен атажұртқа – Қазақстанға, елге қайтыңдар. Бір шаңырақтың астында бірге боламыз, сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды болмақ», – деп тебірене сөйлеген еді.
Мына сурет Стамбулдағы Қазақ диаспорасының үйінде Димаш ағаның қазақ ағайындармен кездесу сәтін бейнелейді.
Ержан УӘЙІС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Тележурналист, дипломат.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз